Педагогические  науки /5.Современные методы преподавания

п.ғ.к. Мынжасарова М.Ж.

п.ғ.к. Омарова С.А.

Абай атындағы ҚазҰПУ, Қазақстан

 

МАТЕМАТИКАНЫ ОҚЫТУДА ДИАЛОГТЫҚ ОҚЫТУ

ӘДІСІН ҚОЛДАНУ

Бүгінгі таңда қазақстандық білім беру жүйесі жаңа заман талабына сай жаңаруда. Қазіргі біліктілікті арттырудың жаңа жүйесі мұғалімнен іздену­ші­лік-зерттеушілік әрекетін ұйым­дастыруды шебер меңгеруді талап етеді.  

 «Математика  негіздері» пәні математикалық ұғымдар, заңдар, қасиеттер, фактілер, әрекет тәсілдері, логикалық амалдар мен ақыл-ой операцияларын қарастырады. «Математика негіздері» пәнінен жүргізілген «Математикалық статистика элементтері» тақырыбындағы дәріс сабақта студенттер статистикалық жинақ және оның түрлері туралы түсінік беру, математикалық статистиканың негізгі ұғымдарын түсіндіру және оларды таба алуға үйретуді және диалогтік әдісті қоддануды мақсат етіп алдым. Сабақты бастар алдында «Миға шабуыл» стратегиясын қолдандым. Себебі, студенттердің өтілетін тақырып туралы не білетіндерін, пікірлерін білгім келіп оларға «Математикалық статистика туралы не білемін?» деген сұрақ бердім. Бұл стратегия өз нәтижесін берді. Студенттерден мынадай: «Мәліметтерді өндеу», «Мәліметтерді графикалық түрде бейнелеу», «Гистограмма, диаграмма» деген жауаптар алдым.

Бұдан кейін студенттер 4 топқа біріктірілді. Топпен проблемалық жағдаятты шешу барысында «Джигсо» стратегиясын қолдандым. Студенттердің алдына төрт проблемалық жағдаят қойылды. Олар:

1.  Статистикалық объект, басты және  таңдамалық жинақтар,  таңдаманы іріктеп алудың әдістері.

2.  Таңдаманың эмпирикалық үлестірімі берілгендерді топтау,  жиіліктер және  салыстырмалы жиіліктер, жиіліктің және салыстырмалы жиіліктің полигоны, жиіліктің және салыстырмалы жиіліктің гистограммасы.

3.  Қалыптың сипаттамасы, басты және таңдамалық жинақтың белгілері мәндерінің арифметикалық ортасы, белгі мәндерінің медианасы және  модасы.

4.  Шашыраудың сипаттамасы, мен байланысты келесі ұғымдардың мән-мағынасын түсіндіріп беріңіз: вариация құлашы, дисперсия, стандарт ауытқу.

Студенттер проблемалық жағдаят шешу үшін алдымен өздеріне берілген тапсырманы оқулықтан оқып өз беттерімен игеруге тырысты /1/.  Содан кейін жұбымен әңгіме-дебат құрды.  Кейін топпен талдау жасады, яғни зерттеушілік әңгіме көрініс тапты.

Студенттерге арналған нұқсаулықта Барнс (1976) пен Мерсердің (2000) айтуынша, зерттеушілік әңгіме – мұғалімдердің оқушыларды әңгімеге тарту кезінде дамыту қажет болып табылатын әңгіменің түрі деп айтылған /2, 36б./. Зерттеушілік әңгіме барысында студенттер шағын топтарда жұмыс істеді, оларда ортақ проблема болды, бұл мәселе бойынша бірлескен түсінік қалыптастырды: идеялармен пікір алмасып, бір-бірінің идеяларын талқылады, баға берді; ұжымдық білім мен түсінікті қалыптастырды. Бұл стратегия өз нәтижесін берді.

Қорытынды ретінде әр топ өзінің постерлерін жасады. Топтардың постерлерін қорғау  кезінде «Күнбағыс» стратегиясын қолдандым. Бұл стратегия студенттерге бір-бірін  тыңдауға үйретеді. Барлық студенттер қорғаушы топқа назарларын аударып, оларды тыңдап, өздерінің сұрақтарын дайындап отырды. Әр топ постерлерін қорғау барысында басқа топтың мүшелері оларға ашық сұрақтарға қойып, оларға жауаптар алды. Мысалы: Салыстырмалы жиіліктің гистограммасы деген не және оны қалай тұрғызады? Таңдаманы іріктеп алудың қандай әдістері бар? Мода мен медиананы анықтаудағы ұқсастық пен айырмашылық неде? Студенттердің сұрақтарды дұрыс қоя білуінің нәтижесінде тақырыпты студенттердің түсінгендігі анғарылды.

Нәтижесінде студенттер математикалық статистиканың негізгі ұғымдары туралы түсініктер алды. Оның дәлелі кері байланыс тәсілі ретінде қолданған «Не білдім, не білемін, не білгім келеді?» стратегиясын қолданғанда алынған студенттердің жазбалары. «Полигон тұрғызуды білдім. Бұрыннан диаграмма, гистограмма туралы білетінмін. Математикалық статистиканың басқа да мәліметтерді өндеуге арналған тәсілдерін білгім келеді». Сондықтан студенттер бұл сабақта мәліметтерді өндеудің басқа тәсілдері: арифметикалық орта, мода, медиана, шашырау құлашы, дисперсияны табуды үйреніп кетті.

Диалогтік әдістің маңыздылығы өте зор екендігін сабағымда аңғардым. Студентке арналған нұсқаулықта «Александер (2004) оқытудағы әңгімелесу - қарым-қатынас жасаудың бірсарынды үдерісі емес, керісінше, идеялар екіжақты бағытта жүреді және осының негізінде оқушының білім алу үдерісі алға жылжиды» деп тұжырымдалған /2/. Аудиторияда қолданған диалогтық әдіс студенттердің өз пәнімде әңгіме құруына, басқаны тыңдай білуге, пікір алмасуына, ойын бүкпесіз ашық айтуына үлкен көмегін тигізді.

Студенттердің көбірек білетін басқа адамдармен, әрине, бұл рөлдерде топтағы студенттер мен оқытушылар болуы мүмкін, диалог жүргізу мүмкіндігі болған жағдайда, оқыту жеңіл болмақ. Диалог барысында студенттер (сонымен қатар олардың оқытушылар да) келісілген нәтижеге жету үшін күш-жігерін жұмсайтын және студентке арналған нұсқаулықта Мерсер (2000) сипаттағандай, білімді бірлесіп алуда немесе «пікір алмасу» барысында тең құқылы серіктестер болып табылады. Пікір алмасу студенттермен диалог құру арқылы іске асады, дегенмен оны студенттер бірлескен зерттеу барысында да анықтай алады. 

Диалогтік әңгімеде де оқытушы сұрақтары мен оларға берілген жауаптар, сонымен қатар студенттердің де сұрақтары маңызды. Оқытушы студенттердің жауабын олардың білім деңгейлерін тексеру үшін ғана емес, оларға өз ойларын анық жеткізуге, дамытуға және кеңейтуге мүмкіндік беру үшін де пайдаланады.

Сұрақ қою маңызды дағдылардың бірі болып табылады, себебі сұрақ дұрыс қойылған жағдайда сабақ берудің тиімді құралына айналады, студенттердің оқуына қолдау көрсетіп, оны жақсарта және кеңейте алады. Студенттердің тақырыпты түсінуіне қол жеткізу үшін оларға ашық сұрақтар қоюға тапсырма бердім және оларға сұрақтар қоюдың үлгісін ұсындым, сұрақтардың түрлерін оның мақсатына қарай өзгертіп, сұрақтарды студенттердің білім алу қабілеттеріне сәйкестендіріп құрдым.

Өткізген  сабақтарымда оқытушының дәріс сабақ барысында тек өзінің түсіндіруіне үйреніп қалған студенттердің өзі оқулықтан оқып, одан кейін жұбымен дебат-әңгіме құрып түсінгенін айту және пікірін тыңдау, содан кейін топпен зерттеушілік әңгіме құрып нәтижесінде постер жасау және қорғаудан сол күнгі тақырыпты  студенттердің барлығы түсіне алады ма деген сұрақ көп ойландырды. Себебі, келесі екінші практикалық сабақта осы үйренген теориялық материалды қолданып есептер шығара алуы қажет болды. Студенттердің басқаларға түсіндіре алуы және басқа студенттердің оларды мұқият тыңдап түсінбеген жерлерін сол сәтте сұрақ қою арқылы сұрап түсініп алғанын көргеннен кейін көңілім орныма түсті. Келесі практикалық сабақта есептерді формулаларды қолданып шығара алуы және оны басқаларға түсіндіре білгенінен диалогтік әдістің нәтиже бергенін байқадым.  

Жалпы сабақта диалогті пайдалану өте пайдалы, студенттердің сөйлеу мәдениетін, бір-бірімен тіл табыса білуін қалыптастырады. Cтуденттердің сөздік қорларын дамытып, оларды өз ойын анық  жеткізе білуге, мәнерлі, мағыналы  сөйлей білуге үйрету үшін сабақ үдерісінде диалогтық әдістің тиімділігін өз көзіммен байқадым. Сонымен қатар сабақтарымда диалогтік әдісті қолдану барысында келесі кедергілерге кездестім:

·  Ашық сұрақтар қою барысында қиындықтар кездесті;

·  Өзара ой бөлісуде бірінің ойын екіншісінің толық тыңдамауы;

·  Топпен талдауда барлық студенттердің пікірлерінің толық тыңдалмауы.

Осы кедергілерді жою үшін келесі жұмыстар жасалды:

·  Студенттерге ашық сұрақтар қоюдың үлгілерін ұсыну арқылы ашық сұрақтар құрастыруға үйрету;

·  Студенттердің бір-бірін тыңдауға үйрету үшін тиімді стратегияларды қолдану;

·  Топтық жұмыста барлық студенттердің пікірлерін тыңдау үшін тиімді стратегияларды қолдану нәтиже берді.

Қорыта келе, кез келген пәнді жүргізуде диалогтік әдісті тиімді қолдану өзінің нәтижесін береді деген тұжырымға келдім. Бұл әдіс сабақта студенттердің қызығушылығын арттырумен қатар, олардың білім деңгейінің өсуіне үлесін қосады, интерактивті қарым-қатынас пен топтағы әріптестерімен бірігіп жүргізілген жұмыстың студенттердің оқуына және танымдық дамуына әсер ететіндігіне көз жеткіздім.

 

Пайдаланылған әдебиеттер

1.  Оспанов Т.Қ. Математика негіздері: Оқулық. –Алматы: Абай атындағы ҚазҰПУ: «Ұлағат», 2012.-486 б.

2.  Студентке арналған нұсқаулық. Бірінші басылым. «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДБҰҰ, 2015. -183б.

 

Резюме

В данной статье рассматриваются разные методы преподавания по дисциплине «Основы математики» где применяются: критическое мышление, групповая работа. Так же рассмотрена эффективность использования диалоговое методы в обучении.