Психология/Общая психология

Доктор психологических наук,  профессор Акажанова А.Т.

Казахский национальный педагогический университет им. Абая

Республика Казахстан, г. Алматы

ЭМОЦИЯЛЫҚ КҮЙЛЕР МЕН СЕЗІМДЕРДІҢ  ПСИХОЛОГИЯЛЫҚ-ҚҰҚЫҚТЫҚ АСПЕКТІЛЕРІ

 

Ғылымның қазіргі заманауи  даму барысы, бір жағынан, ғылыми білімдердің жіктелуімен, екінші жағынан, білімдердің кіріктірілуі, яғни, бір саланың екінші біріне тоғысуымен сипатталады. Осы тұрғыдан алғанда, психология және құқық ғылымдарын бір-бірімен байланыстырушы буын болып саналатын заң психологиясы сияқты ғылымның жеке бөлініп шығуы да заңды құбылыс болып табылады.  «Заң психологиясы» психология ғылымының қолданбалы саласының бірі екені барлық психологтарға мәлім.

Қылмыстық істер бойынша шындықтың бетін ашу, сотта азаматтық-құқықтық дауларды шешу көбінесе адамдардың мінез-құлқымен, олардың қылықтарымен анықталатын әртүрлі эмоциялық құбылыстарға ұласады. Кейбір психикалық, эмоциялық күйлер, басынан кешірілген ауыр қайғы-қасірет, олардың денсаулығына моральдық және физикалық залал келтіреді. Кей жағдайларда осындай күйлер адамды агрессивті қылықтарға, оның ішінде, зорлық-зомбылық сипатындағы құқыққа қайшы әрекеттер жасауға түрткі болатын итермелеуші күш ретінде көрінеді.

Қылмыстық оқиғаға тап болған адамдар, оған өздерінің белгілі бір қатынастарын білдіреді, ал олардың көрінісі эмоция, сезім, көңіл-күй және басқа да психикалық жағдайлардан байқалады. Сыртқы дүниенің әсері мида жай ғана бейнеленіп қоймайды, ол адамды толғандырып, тебірентіп ерекше өзгерістерге алып келеді. Отандық ғалым Г.Г. Доспуловтың айтуынша, «Субъектінің мінез-құлқы жалғыз сыртқы әсердің себебі ғана емес, ол ішкі жағдайлардың қалпынада ерекше тәуелді» [1, 79].

Психиканың эмоциялық көріністерінің ең қарапайым түріне эмоциялар (латын тілінен аударғанда «шайқаңдату,толқыту») жатады. Бұл –  қоршаған ортада болып жатқан құбылыстарға адамның субъективті қатынасын білдіретін қысқа мерзімді мазасыздану сезімдердің психикалық бейнелену түрі. Олар субъект үшін қандай да бір маңызды қажеттіліктерді қанағаттандырумен, не болмаса қанағаттандырмаумен байланысты. Ашу, жек көру мен жиіркену сияқты эмоциялар агрессивті құқыққа қайшы мінез-құлықтың негізіне жататын дұшпандықтың эмоциялық кешенін құрайды. Эмоциялармен салыстырғанда сезімдер психиканың анағұрлым кең және жоғары деңгейдегі әлеуметтік, интеллектуалдық тұрғыда қаныққан көріністері болып табылады. Сезім – анағұрлым тұрақты, ұзаққа созылатын мазасыздану (патриотизм, махаббат, қайғы, адамгершілік, борыш) қалып.

Көп уақытқа созылған эмоциялармен сезімдерді бастан кешіру психиканың тұрақты, анағұрлым күрделі, іштей қарама-қайшылық тудыратын эмоциялық күйлерге ауысуына алып келеді. Эмоциялық күйлер –  ұзақ уақыт бойы психикалық процестерге реңк беретін, субъектінің бағыттылығы мен оның болып жатқан құбылыстарға, оқиғаларға, адамдарға қатынасын анықтайтын көңіл-күйді қалыптастырады. Белгісіз, қарама-қайшы сипаттағы жағдайлар орын алған кезде субъект оның дағдылы іс-әрекетін бұзатын, жоғары мазасыздықты  туғызатын екіжақты (амбивалентті) эмоциялық күйлермен, сезімдерді бұзуы  мүмкін. Мұндай психикалық күйді күдікті, ар-ұжданы алдында азап шегіп жүрген, істеген ісі үшін опық жеп жүрген адамдар басынан кешіреді. Сонымен қатар осы сәттерде оның жаза тарту алдындағы қорқынышы, жасалған қылмысқа қатысы бар екендігінің дәлелденбегеніне орай, жауапкершіліктен қашу үмітіне ұласады.

Эмоциялар қарапайым және күрделі болып екіге бөлінеді. Қарапайым эмоцияларға үрей, қорқу, қуаныш, көңіл-күй, қайғы және т.с. жатады, ал күрделі эмоциялар – жан күйзелісі (аффект), торығу, фрустрация, құмарлық т.б. жатады. Заң қызметкерлерінің  тергеу және сот барысында жиі ескеретін күйдің бірі – аффект (ҚР ҚК  101 - бап), «кенеттен пайда болған күшті жан толқынысы» ұғымымен қатар әдейі жасалған қылмыс, «аффект күйінде» жәбірленушінің денсаулығына ауыр немесе орташа залал келтірген қылмыс үшін қылмыстық жаза өтеуді қарастыратын құқықтық норма енгізілген [2, 46-47].  Жан күйзелісі – қысқа уақытқа созылатын, бұрқ етіп сыртқа шығатын  өте қауіпті қалып. Бұл мезетте адам не айтып, не қойғанын, не істегенін білмейді. Оның барлық әрекеті өзін ашуға жетелеген, ызаландырған нысанға бағытталады, олардың айғақтары толық және дәлелді емес.

Заңгерлердің кәсіби еңбегінде көңіл бөліп ескеретін эмоционалдық күйлердің  бірі – фрустрация. Бұл – адамның мінез-құлқында жан күйзелісінде көрініс табатын психикалық күй.  Адам өмірі көптеген шектеулер мен тыйымдардан тұрады, олар небір арман, тілектердің орындалуына кедергі жасайды. Кез келген адам мұндай ұзаққа созылған кедергілерге шыдай алмайды, шиеленіскен проблемаларды шешуге мұршасы жеткіліксіз болғандықтан, небір жағымсыз қылмыс жасауға бел буады (суицид – өз-өзіне қол жұмсау). Адамның алдына қойған маңызды мақсаттары мен мүдделері іске аспауы –  агрессиялық мінез-құлықтың пайда болуындағы негізгі себеп. Шабуылға (агрессияға ) қарама-қарсы келетін адамға тән – сабырлық («толеранттық») қасиетті қалыптастыру жөн. Шиеленіскен жағдаяттар фрустраттарды әрқилы эмоциялық әрекеттерге бағыттап, жағымсыз күйге түсіреді: агрессия, депрессия, қызбалық әрекеттер.

Стресс (торығу, түңілу) – ол дәрменсіздену, титықтану қалыпты білдіреді. Стресс – өте ауыр түрдегі психикалық қалып. Оның көрінісі қауіп-қатер төнгенде, материалдық жағдайдың төмендеуінде, жауапкершіліктің маңыздылығында, қатты тебіренгенде, қорыққанда көрініс береді. Мұндай жағдай адамның көңіл күйіне өзгерістер енгізіп олардың есту, көру, ойлау секілді психикалық процестерінің қызметі нашарлайды немесе мүлдем әрекетсіздікке алып келеді. Эмоционалды күйге қатысты жасалған қылмыстарға практик-психологтың психологиялық тұрғыдағы қорытындысы – негізгі қажет құжаттың бірі болып саналады. Сот-психологиялық сараптама эмоционалды жағдайларды анықтауға бағытталған. Мысалы, жабық мекеме қызметкерлерінің стресс жағдайға ұшырау төрт негізгі факторларға байланысты:

1. Ұйымдастырушылық фактор: бюрократизм, қызмет сатыларына  көтерілудің  ескірген  жүйесі т.с.с.

2. Жұмыстың мазмұнына қатысты: қауіп-қатерлік, тәуекелдік т.с.с.

3. Отбасылық және жекебастық факторлар: дау-дамай, ажырасу, ауырып-сырқау т.с.с.

4. Мамандықтың ерекшелігі:   қызметкерлерге деген жағымсыз қатынасты сезіну  және олардың көп жағдайдағы қызметке байланысты оқшаулануы [3, 598].

Үрей мен қорқу сезімдері – бір-бірімен байланысып жататын психикалық қалып. Жануарлардың қорқынышы – олардың қоршаған сыртқы ортадан  келетін зиянды, қауіпті әсерлерге қатысты қорғану жауаптары. Адамда мұндай сезім қорқыныш қауіпі бар мезетте ғана пайда болады. Қорқу белгілі бір жағдайларда үрейге асуы да, ауыспауы да мүмкін. Егер де үрей қауіпті әсер негізінде алдымен пайда болса, қорқу осы әсерден кейін ғана басталады. Не бір жағдайда орталық сезімдер де орын алады. Мысалы, өзін қорғауда белсенді түрдегі әрекет жасап, батылдық байқатып, шабуылдық әрекетке барудың нәтижесінде  жауапқа да тартылуы мүмкін. Аталмыш сезімдер адамның сыртқы пішінінен, бет-әлпетінен, қимыл-қозғалысынан, ым-ишарасынан айқын байқалады. Қатты қорыққан адамның жүрек соғысы өзгеріп, қан қысымы көтеріліп, суық тер басып не істеп, не қойғанын білмей қалады. Көңіл-күй – біршама бәсең, бірақ әжептәуір ұзақ уақытқа созылатын, адам мінез-құлқында көрініс беретін эмоциялық жағдай [2, 48].                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                   

Адамның күшті эмоциялық күйлерді бастан кешіретініне оның жүйке, эндокринді, жүрек-тамыр жүйелерінің қызметіндегі әртүрлі өзгерістер, бет-әлпет көрінісі, сөйлеуі, психомоторикасы дәлел болады. Көп жағдайда бұл ішкі мүшелердің қызметіне, жүрек жиырылуларының жиілігіне, қан қысымына, тыныс алу ырғағына, тер бөліну қарқындылығына, т.б. ықпал ететін вегетативті жүйке жүйесімен байланысты. Тергеушінің, прокурордың, қорғаушының әртүрлі қылмыстық, азаматтық процеске қатысушылармен тұлғааралық қатынастарын дамытудың нәтижелілігіне, олармен психологиялық байланыс, өзара түсіністік орнатуында эмоциялық күйлер үлкен рөл атқарады.

Қылмыскерлермен, қоғамдық тәртіпті бұзушылармен үнемі жағымсыз қарым-қатынас қызметкерлерде жай ғана байқаусыз қалмай, оның жеке тұлғасына әсерін тигізеді, ал кейбір жағдайларда тіптен кәсіби өзгерулерге әкеліп соғады. Тұлғаның кәсіби өзгерулерге ұшырауы дегеніміз – бұл іс-әрекет мақсатымен ерекше шарттардың ықпалынан туындаған тұлғаның психологиялық өзгеруінің жиынтығы. Мұндағы тұлғаның өзгеруі жағымсыз жағынан  байқалады,  кәсіби «күйіну белгісіне» айналады. Жұмыс барысында мамандар шаршайды, сондықтан бұларда қарым-қатынас кезінде тітіркенушілік туындауы мүмкін.

Тәжірибе көрсеткендей, заңгер қызметкерлерінің, соның ішінде ерекше атап өтетін құзырлы органдардағы, тергеушілер, жедел тергеу және жабық мекеме қызметкелері,  түрлі дағдарыстарға, жанжалдарға, кәсіби іс-әрекеттегі қателіктерге жиі ұшырауы мүмкін. Осындай кәсіби іс-әрекет нәтижесінде бір сарынды еңбекке қатысты адамдарда шаршау, қажу, кәсіби дағдарыс сияқты күйлер пайда болады. Бұл жағдай ағзаның физиологиялық шаршау кешені ретінде түсіндіріледі. Еңбек қажуы адамның қабілеттілігін төмендетеді және жұмыстың нәтижесіне әсерін тигізіп, әртүрлі себепсіз қақтығыстар тудырады. Мұндай қалып-күй еріксіз пайда болады және ол ағзаның қорғаныс функциясы ретінде реңк береді [4, 69].

 Психология ғылымында қажудың бірнеше түрлері ажыратылады. Физикалық қажу кезінде бұлшық еттің шыдамдылығы мен күші төмендейді, қозғалыстың дәлдігі нашарлайды; ақыл ой қажуы кезінде бақылампаздық пен ес нашарлайды. Ал эмоционалды-уәждемелік қажу кезінде эмоционалды тұрақсыздық пайда болады. Ұзақ уақытқа созылған қажу күйі – бұл шекаралық күй, ол тітіркендіргіштікпен ере жүреді, нәтижесінде жұмысқа деген қызығушылық төмендейді. Осы кезеңде  тұлғада жағымсыз өзгерістер: эпизодтық қақтығыс, тітіркендіргіштік, әлсіздік, эмоционалды орнықсыздық, тұрақсыздық, агрессивтілік, торығушылық сияқты тұрақты қасиеттер пайда болуы ықтимал. Осының алдын алып, болдырмау үшін еңбек пен демалыстың алмасу тәртібін қадағалау қажет. Бір сарынды өмір, осыған байланысты жағымсыз күйлер колония қызметкерлеріне тән.  Бұл күй сыртқы әлеммен байланыс шектеулі болғандықтан пайда болуы ықтимал. Бұл жағдайдың  нәтижесінде астения, яғни жүйке жүйесінің тозуы, тітіркендіргіштік, торығушылық, галлюцинация сияқты психикалық күйлер орын алады. Мұндай күйді жеңу үшін  психологиялық-педагогикалық  тұрғыда әртүрлі тәсілдер ұсынылады: қызметкерлерге жұмыс мақсатын түсінуге жағдай жасау, еңбектің мағыналық және мазмұндық жақтарына көңіл бөлу, аутогендік жаттығулар мен ойындар ұйымдастыру т.с.с.

Пенитенциарлық психологияға қатысты еңбектерде авторлар мекеме қызметкерлерінің  іс-әрекет негізінде пайда болатын бірнеше психикалық қысымның түрлерін көрсетеді:

1) Перцептивті (ақпаратты қабылдау жағдайында туатын қиыншылықтар);

2)  Интеллектуалды (дағдарыстық жағдайдан шыға алмау);

3) Эмоционалды (іс-әрекетті бұзатын эмоцияның пайда болуы);

4)  Уәждемелік (қауіп пен тәуекелдіктен бас тарту) [3, 4, 5, 6].

Адамның еңбегіндегі келесі жағымсыз фактор – кәсіби дағдарыс. Кәсіби дағдарыс жоғары кәсіби қызметкерде байқалады. Кәсіби дағдарыс кезінде кәсіби өзіндік бағалауының төмендеуі, қорғаныс уәждерінің күшеюі орын алады. Егерде адам дағдарыстармен күресе алмаса,  онда тұлғалық өзгеру пайда болу мүмкін. Тұлғада өзгеру көріністерінің бірі – кәсіби этикалық қателіктер. Еңбек іс-әрекетінің нәтижелі болуына, іс-әрекетінің сәтті орындалуына кәсіби қызығушылық маңызды роль атқарады.

Қазіргі төтенше жағдайларда (табиғи, экологиялық апаттар, соғыс әрекеттері, қарулы шабуылдар, лаңкестік әрекеттер кезінде, уландырушы заттар қолдану нәтижесінде және т.с.с. көптеген адамдардың өлім құшуы)  психиканың жарақаттан кейінгі бұзылыстары, оқиғаның әсерінен субъектінің бастан кешірген эмоциялық түңілуліктің жағымсыз психологиялық салдарлары ерекше маңызды мәнге ие болып отыр.

Ұзақ уақытқа созылған жағымсыз эмоциялық күйлер, дистреске, фрустрацияға,  аффект қалпына әкелуі мүмкін. Аталмыш психикалық күйлерді заңгерлер дұрыс ажырата біліп, қызмет барысында оларды ескергендері қажет.

 

Әдебиеттер

 

1. Доспулов Г.Г. Психология допроса в уголовном процессе. – Алматы, 1996.

2. Акажанова А.Т. Заң психологиясы: оқу құралы. – Алматы, 2016.

3. Дмитриев Ю.А., Казак Б.Б. Пенитенциарная психология. – Ростов н/Д, 2007.

4. Димитров А.В. Юридическая психология: Краткий курс. – М., 2006.

5. Васильев В.А. Юридическая психология. – Спб, 2000.

6. Сафронов В.П., Димитров А.В. Основы пенитенциарной психологии. – М., 2004.