Экономические науки/10. Экономика предприятия

 

Магистрант Нурланова Н.Н.

Кызылординский государственный университет имени Коркыт Ата,Казахстан

Кәсіпорындардың табиғатты қорғау қызметтерінің экономикалық тетігін жетілдіру (Қызылорда облысы мәліметтері негізінде)

 

Қазіргі таңда қоршаған ортаның экологиялық қауіпсіздігі өте өзекті мәселеге айналып отыр. Бұл кездейсоқ емес, адамзаттың өзі ластаған ортада өмір сүруіне қауіп төндіретіндей жағдайлардың жиі қайталануы кімді де болса алаңдатпай отырған жоқ. Сондықтан да адам өмірі мен денсаулығы – қоршаған ортаның бірден-бір көрсеткіші. Экологиялық қауіпсіздік туралы сөз еткенде, қоршаған ортаның жағдайы көз алдымызға елестейді. Қоршаған ортаның ластануы адам өміріне қауіп төндіреді. Ол табиғатты қорғаудағы міндетті талаптардың, ережелердің орындалмауынан туындайды. Нәтижесінде нақты экологиялық стандарттар мен нормативтердің сақталмауынан кінәлілер құқықтық жауапкершілікке тартылады.

Орын алған жағдайға байланысты қоршаған ортаны бақылау мен қалпына келтіруде экономикалық механизмдер жүзеге асырылады. Осы механизмді пайдалануда және экологиялық құқықтық нормаларды талап етуде нәтиже мен тиімділігін арттыру маңызды мәселе болып отыр. Табиғатты қорғаудың экономикалық  негізі құқықтық институт ретінде қарастырылуы тиіс. Өйткені шаруашылық нысандардың салық және тағы басқа төлемдерін экономикалық реттеу, табиғатты қорғауды қаржыландыру, қоршаған ортаны ластау және қауіпті заттар үшін төленетін төлемдерді реттеу секілді бірқатар құқықтық нормаларды қамтығандықтан, оны құқықтық институт деп айтуға толық негіз бар. Бұл туралы ресейлік ғалымдар В.Ф. Протасов, А.В. Молчановтар өз еңбектерінде кеңінен сөз еткен[1, 27-28].

Табиғатты қорғаудың экономикалық механизмінің міндеттеріне: табиғатты қорғау шараларын қаржыландыру және жоспарлау, қалдықтардың тарату және табиғатты ластайтын құралдар мен қалдықтарды тастау, табиғи ресурстарды пайдалануда лимиттер тағайындау, табиғатқа түрлі зиянды қалдықтар тастау және кері әсер ететін басқа да заттарды бөлуге байланысты, табиғи ресурстарды пайдалануға әр түрлі мөлшерде төлемдер жасаудың нормативтерін белгілеу кіреді. Сондай-ақ, кәсіпорындар, ұйымдар және жеке азаматтарға табиғатты қорғауда тиімді шараларды қарастыруда, дәстүрлі емес энергия түрлерін, ресурстарды сақтайтын технологияларды пайдалануда, аз мөлшердегі қалдықтар үшін жасалатын жеңілдіктер және несиелерді қарастыру, адам денсаулығы мен қоршаған ортаға жасалатын зиянды белгіленген тәртіппен енгізу де басты міндеттер қатарында. 

Көптеген жағдайларда табиғатты пайдалану құқығы ақылы негізде болып келеді. Бұл азаматтар мен заңды тұлғалар өз қызметтерін жүзеге асыруда табиғи ресурстарды, суды, орманды, жерді қажетіне жаратқаны үшін белгіленген ақыны төлеуі тиіс дегенді білдіреді. Ақы төлеу көрсетілген мерзімде немесе тұрақты түрде жылдық, айлық, тоқсандық ақы болып бөлінеді. Ақы төлеу принципі маңызды мәнге ие, өйткені қоршаған ортаны немесе табиғи ресурсты сақтауда оны пайдаланушылардың тиімді жағын ойластыра отырып табиғатты қорғауға деген қызғушылығын арттыру керек. Табиғатты пайдалануда ақы төлеудің екі түрі бар: табиғи ресурстар үшін төленетін ақы (жер, су, орман және өсімдіктер, жануарлар әлемі және т.б. табиғи ресурстар). Екіншісі, табиғатты ластағаны және оған зиян келтіргені үшін төленетін төлемдер. Ресейде табиғатты қорғау саласындағы экономикалық механизмдердің көрінісі экологиялық қорларды айтуға болады.

Экологиялық қорлар табиғатты қорғауды қаржыландырудың соншалықты аз мөлшерде екендігін көрсете отырып, тәжірибеде экономикалық жағынан белгілі мақсаттағы қызметін айқындай түседі.   Қоршаған ортаны қорғау мәселелерін шешуге БҰҰ (Біріккен Ұлттар Ұйымы) үлкен үлес қосып отыр[2, 23].

Табиғатты қорғау қызметіне БҰҰ-ның барлық басты органдары мен мамандандырылған мекемелері: Бас Ассамблея, Экономикалық және әлеуметтік кеңес (ЭКОСОС), Аймақтық экономикалық комиссиялар (мысалы, Еуропалық экономикалық комиссия), Халықаралық еңбек ұйымы (MOT), Білім беру, ғылым және мәдениет мәселелері жөніндегі Біріккен Ұлттар Ұйымы (ЮНЕСКО), Халықаралық реконструкция және даму банкі (МБРР), Атом энергетикасы жөніндегі халықаралық агенттік (МАГАТЭ), Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ВОЗ), Халықаралық теңіз ұйымы (ИМО), Дүниежүзілік метеорологиялық ұйым (ВМО) және т.б. қатысады. Негізгі бақылауды БҰҰ шеңберіндегі қоршаған ортаны қорғау мәселелері жөніндегі жаңа үкіметаралық орган — Қоршаған орта жөніндегі БҰҰ бағдарламасы, (ЮНЕП) жүзеге асырады. ЮНЕП — БҰҰ-ның негізгі көмекші органы болып табылады. Белгілі ғалым М.А.Ревозов өз еңбегінде: «1975 жылы өзінің қызметінің алғашкы кезінде ЮНЕП қоршаған ортаға байланысты мынадай бірінші кезектегі алты міндетті айқындады: елді мекендер және денсаулық сақтау; құрлықтың экологиялық жүйелері; қалалардың қоршаған ортасы; мұхиттар; қуат; дүлей апаттар», - деп атап көрсетеді[3, 54-55].

Қазақстанда қоршаған ортаны қорғау жөніндегі әр түрлі мемлекеттік және қоғамдық ұйымдар, сондай-ақ халықаралық үкіметтік емес экологиялық «Гринпис» ұйымы жұмыс істейді. Басты мемлекеттік орган Табиғат ресурстары мен қоршаған ортаны қорғау министрлігі болып табылады. Аралды құтқару жөніндегі комитет, «Табиғат» экологиялық одағы, «Невада-Семей», «Каспий табиғаты» (Атырау), «Көкті сақтау», Ауқымды экологиялық қор, «Жастар экология мен мәдениет үшін» азаматтық қозғалыстары, «Тау» орталығы (Алматы) және басқа да қоғамдық мемлекеттік емес экологиялық ұйымдардың белсенді қызметтерін атап өтуге болады.

Қазақстанда экологиялық заңдардың бұзылуы кең тараған. Қоршаған ортаны қорғауға байланысты мемлекет белгілеген ережелерді бұзу заң бойынша жауапкершілікке соқтырады. Өкінішке орай, елімізде экологиялық заңдарды бұзатын жағдайлар жиі кездеседі. Экологиялық құқық бұзушылық дегеніміз — жеке және заңды тұлғалардың (мекеме, ұйым, ұжым), мемлекеттің экологиялық құқықтары мен заңды мүдделеріне қол сұғатын, сонымен бірге қоршаған табиғи ортаға зиян келтірудің нақты қаупін тудыратын кінәлі, құқыққа қайшы келетін әрекет немесе әрекетсіздік түріндегі іс-қимыл.

Экологиялық қорлардың мақсаты – табиғат қорғауда кезек күттірмейтін міндеттерді шешу, қоршаған ортаны қалпына келтіру, табиғатқа келтірілген зиянды оған төленетін қаржының көмегімен жақсарту, сапасын арттыру. Экологиялық қорлар төменде көрсетілген қаржы есебінен жұмыс жасайды: табиғатты ластаушылар, қалдық тастаушылар, нормативтік және нормадан тыс төленетін қаржы, экологиялық құқық бұзушылар төлейтін айыппұл, заңсыз табиғатқа зиян келтірушілер: балық аулау, аң аулауға байланысты төленетін айыппұл, заңды және жеке тұлғалардың арнайы есепшотқа төлем жасауынан түсетін қаржы[4, 17].

Айыппұлдар мен экологиялық құқық бұзушылық заңға сәйкес қарастырылады. Жалпы айтқанда, экономикалық механизм табиғатты қорғау және табиғатты пайдалануды экономикалық қамтамасыз етуге бағытталған.

Табиғат қорғаудың экономикалық механизміне байланысты ресейлік, украин ғалымдары бірқатар еңбектер жазған. Солардың ішінде экология мен эконимканы байланыстыра отырып зерттеген М.Г.Игнатенконың еңбегінде: «табиғатты қорғаудың экономикалық механизмі – бұл нақты экономикалық заңдардың шеңберінде қоғамдық, топтық, жеке азаматтардың қызығушылықтарын біріктіретін экономикалық құрылымдардың, институттар, шаруашылықты дамытудың формалары мен әдістері», - деп анықтама бере келіп, оған қызметтің құқықтық негіздері, өндіріс құралдарына жеке меншіктік қатынас, экономиканың ұйымдастырушылық құрылымы, қоғамдық институттар құрылымы, экономикалық құралдарды жатқызады[5, 59].

Г.Тажекенованың магистрлік диссертациясында Қызылорда облысының мұнай-газ өндіруші кәсіпорындары бойынша экологиялық талаптардың бағалық кестесі ұсынылған және де әрбір мұнай-газ өндіруші кәсіпорын үшін аталған критерийлердің бағалауын жүргізілді. Сомалық нақты бағалық көрсеткіштері және олардың экологиялық нәтижелілік критерийлері бойынша мұнай-газ компанияларын сыныптарға саралау бойынша «ПККР» АҚ – жалпы балл-143. Экологиялық нәтижелілік критерийлері бойынша басшылық саясаты  «Жеткілікті» деп бағаланады. «ҚазГерМұнай» БК ЖШС - жалпы балл-218. Экологиялық нәтижелілік критерийлері бойынша басшылық саясаты «Қалыпты» деп бағаланады. «КАМ» БК ЖШС - жалпы балл 167.  Экологиялық нәтижелілік критерийлері бойынша басшылық саясаты «Жеткілікті» деп бағаланады. «Торғай Петролеум» АҚ - экологиялық нәтижелілік критерийлері бойынша басшылық саясаты «Қалыпты» деп бағаланады[6, 18].

 Ойымызды түйіндей келе, табиғатты тиімді пайдалануды жетілдіру мақсатында пайдаланылатын маңызды тетіктердің бірі – табиғат пайдалану төлемдері. Ынталандыру табиғат пайдалану  төлемдерінің ең негізгі қызметі болып табылатындығын айта кеткеніміз жөн.

Төлемдер табиғат пайдаланушылардың оны қорғауға, үнемдеп пайдалануға жауапкершілігін арттыратын бірден-бір экономикалық әдіс болып табылады. Ресурстарды ақысыз пайдалану ысырапшылдыққа әкеп соқтыратынын тәжірибе өте жақсы көрсетті. Табиғат пайдалануды қанша мөлшерлеп шектегенімен, төлемдер механизмі қолданылмаса аса нәтижелі болмайды.

Ынталандыру мақсатында кейде төлемдерден босату, азайту сияқты жеңілдіктер қолданылады. Мысалы, жанама, ілеспе өнімдерді, қалдықтарды, өнімділігі аз, қолайсыз орналасқан табиғат ресурстарын пайдаланушыларға жеңілдіктер беріледі: төлем алынбайды немесе азайтылады.

Ынталандырудың қаржы, несие, материалдық сыйлықтар, жеңілдіктер тетіктерін қолдану үшін табиғат қорғау экологиялық қорлары құрылады. Олар кәсіпорындарда, өндіріс салаларында, аймақта және республика бойынша ашылуы мүмкін. Экологиялық қорлардың қаржылары тек табиғат қорғау, табиғат ресурстарын тиімді пайдалану бағдарламаларына жұмсалуы тиіс деген ойдамыз.

Пайдаланылған әдебиеттер:

1.   Протасов, В.Ф. Экология и природопользование в России. - М.: Финансы и статистика, 2009. - 528с.

2.   Нестеров П.М. Экономика природопользования. М., 2009.

3.   Ревозов М.А. Экономика природопользования. М., 2008.

4.   Жибинова, К.В. Экономические основы экологии. - М., 2007. - 214с.

5.   Игнатенко МГ Экология и экономика природопользования: учеб пособие / МГ Игнатенко, ВО Малеев - К; Херсон: Айлант, 2002 - 287 с.

6.   Тажекенов Г. Қоршаған ортаны қорғаудың ұйымдастыру – экономикалық механизмін жетілдіру. Экономика ғылымдарының магистрі ғылыми дәрежесін алу үшін дайындалған магистрлік диссертация. Қызылорда, 2013. – 24б.