Ищанов А.У., Әбілқасым А.Б., Оралова А.Б.
Халықаралық гуманитарлық-техникалық
университеті
ХАЛЫҚАРАЛЫҚ САУДА САЯСАТЫНЫҢ НЕГІЗГІ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ
Халықаралық экономикалық
қатынастардың дәстүрлі және ең кең дамыған нысанына сыртқы сауда жатады. Дүние
жүзіндегі елдердің барлығы үшін сыртқы
сауданың рөлі ерекше маңызды.
Американ
ғалымы Дж.Сакстың пікірінше «қандай бір ел болмасын
оның экономикалық жетістігі сыртқы саудаға байланысты.
Дүниежүзілік экономикадан оқшауланып, ешқандай ел дені
сау, жөні түзу экономика жасай алған жоқ».
ХХ ғасырдың екінші жартысынан бастап
халықаралық сауда жоғары қарқынмен жедел дами
бастады.
Соңғы онжылдықтарда сыртқы
сауда динамикасының әркелкілігі біліне бастады. Бұл
дүниежүзілік рынокқа белсенді қатысушы елдердің
өзара сауда-экономикалық қатынастарына әсер тигізді.
Егер 1950 жылы АҚШ-тың үлесіне
дүниежүзілік экспорттық 3/1 тиген болса, 90 жылдары ол тек
қана 8/1 тең болды, Батыс Еуропа халықаралық
сауданың орталығына айналды. 80-жылдары халықаралық
сауда-саттықта Жапония едәуір жетістіктерге жетті. Бұл
жылдары машина мен жабдықтарды экспорттауда Жапония дүние
жүзінде бірінші орынға шықты. Сол кезеңде өз
тауарларының бәсекелестік мүмкіндіктері бойынша Жапонияға
Азияның «жаңа индустриалды елдері» - Сингапур, Гонконг және
Тайвань жақындады.
Бәсекеге қабілеттіліктің
дүниежүзілік классификациясы төрт жүзге жуық
критерийлерден тұрады. Олардың негізгілеріне жан басына
шаққандағы табыс, инфляцияның деңгейі және
сыртқы сауда балансы жатады. Классификацияда, аталғандардан
басқа қазба байлықтар, инфрақұрылым, байланыс
құрал-жабдықтары, т.б. факторлар ескеріледі.
ХХI ғасырдың алғашқы
жылдарында бәсекеге ең қабілетті елдер санатында АҚШ
пен Азиялық мемлекеттер танылып отыр. Мамандардың болжауы бойынша
2030 жылы бәсекеге ең қабілетті үш мемлекеттің
қатарында АҚШ, Жапония, Қытай болмақ. Бұлардан
соң Алмания, Сингапур, Оңтүстік Корея, Индия, Тайвань,
Малайзия және Швейцария мемлекеттерінің мүмкіндіктері мол.
Дамушы елдердің өз экспортын
диверсификациялауға (шаруашылық қызметіне жаңа
өріс табуға) ұмтылыстары өнеркәсібі дамыған
елдер тарапынан қандай нысанда болмасын, қарсылыққа
кездесуде. Дегенмен, кейбір дамушы елдер өз экспорттарының
құрылымын өзгерту ісінде айтарлықтай жетістіктерге
жетті. Олардың экспорттарында дайын өнімнің,
өнеркәсіп бұйымдарының, соның ішінде машиналар
мен жабдықтардың үлесі артты.
Зерттеулер көрсеткендей, осы шараларды іске
қосудың уақытша параметрлері бойынша, барлық
мемлекеттер бір-бірінен өзгешеленеді. Мысалы, бірқатар мемлекеттер
өз реформаларын импорттық саясатты басқарудың
қатаң курсынан; ал кейбіреулері оны толық
ырықтандырудан бастайды.
Мысалы, Оңтүстік Корея, Бразилия
және басқа елдер алғашқы кездері тек қана
экспорттық өндіріске арналған импорттық тауарларды
шеттен әкелуге жағдайлар (бірқатар жеңілдіктер) жасады,
ал экспорттық өндіріске қатысы жоқ тауарлардың
импорты шектелді немесе оларға тыйым салынды.
Осыған ұқсас әдістемені
Тайвань қолданды. Ол жерде импортты алмастыру саясаты жүргізілді.
Тым аса дифференцияланған әдіс-айлалар Малайзия тәжірибесінде
көрініс тапты, ондағы шектеулер белгілі бір өнімнің
экспортына, өндірістік фирманың немесе жалпы саланың
сандық параметрлеріне байланысты белгіленді.
Сонымен бірге, сауда саясатының тиімділігі
үшін импортты алмастыруды жүзеге асыру жолын таңдау өте
маңызды.
Осылайша, көптеген елдер экспортты
өңдеу дәрежесін арттыру ісін менсінбеді де, дамудың
экстенсивті жолдарын таңдады (Аргентина), бұған
қарағанда Бразилия өз тауарларын терең өңдеуді
арттыру жолы бойынша жүргізіп отырды.
Әлемдік нарықтың динамикалық,
өзгермелі конъюнктурасы жағдайында аргентиналық
нұсқа экономика дамуының тежегіші болды, ал Бразилияда даму
локомотивті болып саналады, өйткені ол алғашында халық
шаруашылығының өндірістік кешенінің интенсивті емес,
экстенсивті әдіспен дамуын көздеген еді.
Осы айтылғандардан мынадай қорытынды
шығады: яғни сауда саясаты бірінші немесе екінші әдісті
жүзеге асыру жағдайында да, әр алуан экономикалық
салдарды қамтамасыз етеді. Бірақ мынаны атап өту керек,
реформалардың басталған мерзіміне байланысты, экономиканың
дамуы үшін бөгеттердің ашылуы, халықаралық
экономикалық ұйымдарға кіруі, аймақтық
принциптерді күшейту жағдайларында елдер үшін
экономикалық реттеу құралдарын таңдау әр алуан,
кейде шектеулі болады.
Мысалы, қазіргі кезде барлық
постсоциалистік мемлекеттер сыртқы сауда ұйымына кіру жолында
кедендік және басқа келісімдер шеңберінде
қабылданған міндеттемелердің қиындығымен
кездеседі.
Әр түрлі елдердің сыртқы
экономикалық саясатын зерттеу нәтижесінде мыналар
анықталған, яғни дамушы әлем, әлемдік
шаруашылық байланыстардың біртұтас кешенінің
күрделі әлеміне – ұлттық экономикалардың тиімді
түрде кіруі сияқты оңтайлы нұсқаны пайдалану
жолымен жүруі тиіс.
Осы кезде дамыған елдердің
халықаралық экономикалық ұйымдары тарапынан болатын
протекционистік режимдер өзіне қатысты қарама-қайшы
күштерді сезінуі мүмкін. Өйткені, кез келген дамушы мемлекет
маңызды тұтқалардың (рычагтардың) қысымын
басынан өткереді, ал оған жауапты шаралар ретінде оларды маневрлеу
үшін жеткілікті варианттарды қолданады.
Әлемдік шаруашылық байланыстар
интеграциясының тұжырымдамасын алға қою өзара
қарым-қатынастар векторының ақырындап өзгеруін
қамтамасыз етеді.
Импорттық саясатты жүзеге асыру кезінде
төмендегідей әдістеме қолданылады: тауарлар
өндірісіндегі ұлттық мүмкіндікті талдау; оның
ұлттық экономика құрылымындағы, экспорттық
позициядағы орнын анықтау; әлемдік нарық тенденцияларын
талдау.
Төлем балансының тең болмауы,
әкспорт тиімділігінің төмендеуі жағдайларында
протекционистік режимді қамтамасыз ететін құралдардың
кең арсеналы қолданылады.
Белгілі бір нақты мақсат пен
қорғау дәрежесіне
қол жеткізген кезде протекционистік режимнің бұл
құралдары басқа шаралармен және реттегіштермен ауыстырылады.
Мұндай мысал Латын Америкасында, Шығыс
Азияда кең танымал. Экономикалық дамуды көтеру
қажеттілігін сезіну экономиканың болашақ секторларын
дамытудың ұзақ мерзімдік бағдарламасын
қабылдауға мемлекетті бағыттады.
Құрылымдық қайта
құрудың қажеттілігі бірқатар салалардың
өзгеруін қамтамасыз етті, бұл салаларда мемелекет тарапынан
протекционистік қорғау жүргізілді.
Бірақ мұндай реттегіштерді қолдану
саналы шектеулерде жүруі тиіс. Көптеген мемлекеттер барлық
тауарлар импортының ырықтандырылуын қамтамасыз еткен
жоқ, ол тек қана басым салалардың дұрыс дамуы
үшін стратегиялық маңызды тауарлар импортының ырықтандырылуын қамтамасыз етті.
Сонымен қатар, мынаны атап өту керек,
яғни сауда саясатында қолданылатын шаралар мен реттегіштер
синхронды түрде инвестициялық, кедендік, валюталық және
басқа да саясаттардың реттегіштерін іске қосуы тиіс.
Атап айтқанда, кедендік саясаттың
болашағы зор, бірақ өз дамуында белгілі бір күшті
жинақталмаған салаларға ғана бағыттауы
мүмкін. Өйткені, елдің экспорттық табысының
құрамдас бөлігі болып табылатын салалар, еркін сауда режимі
салдарынан жедел түрде күйреуге бейім болып келеді. Инвестициялық
саясаттың құралдары «даму локомотиві» болып қызмет ете
алатын салалардың дамуына бағытталуы мүмкін.
ПАЙДАЛАНҒАН
ӘДИБИЕТТЕР ТІЗІМІ:
1.
Байгісиев М. Халықаралық экономикалық қатынастар.
Алматы, 1998
2.
Баймағамбетова Л.Қ.,Қамшыбаев Р.А.
Халықаралық маркетинг. Алматы, 2008ж.
3.
Доғалова Г.Н. Халықаралық экономика: Оқу
құралы:Алматы,2000