Магистрант, Омаров А.Б.
Е.А. Бөкетов атындағы
Қарағанды мемлекеттік университеті, Қазақстан
Мұстафа Шоқай және
Түркістан ұлтазаттық қозғалысы
Қазақ халқының, жалпы түркі
халықтарының бостандығы мен тәуелсіздігі үшін
күрескен саяси қайраткер Мұстафа Шоқайдың
өмір жолы бүгінгі таңда бірқатар тарихшылардың
зерттеу жұмыстарына арқау болып отыр. М.Шоқайдың
есімімен тығыз байланысты Түркістан ұлтазаттық
қозғалысын шартты түрде төрт кезеңге бөліп
қарастыруға болады. Бірінші кезең - Түркістанда
патшалық билік құлағаннан кейінгі
қалыптасқан жаңа әскери-саяси жағдаймен
байланысты, бұл Түркістанға өзінің отарлық
билігін орнату үшін билікті алуға үмтылған
көптеген күштердің қозғалысына әкелді.
Бұл күштердің Түркістан өлкесінің
жергілікті тұрғындарының мүдделерін мүлде
ескермеу халықтың наразылығын туғызып, ол
ұлтазаттық қозғалысқа ұласты, бұл
кеңестік тарихнамада «басмашылдық» деп қарастырылды.
Қарастырылып отырған 1917 жылғы Ақпан
төңкерісінің кезінде ортаазиялық халықтарда
тәуелсізік алу мүмкіндігі пайда болғанымен, ол қолдан
шығарылып қалды. Оның себептеріне жауап іздесек,
М.Шоқайдың еңбектерінде қазақ
халқының патша өкіметінің тақтан
құлатылуын зор қуанышпен, үлкен сеніммен қарсы
алғанын еске алады. Алайда бұл сенімнің
ақталмағанын айта келіп, оған кінәлі ретінде
патшалық тәртіпті айыптайды. Патшалық отарлау саясаты
дәл Түркістандағыдай еш жерде қатыгез болмаған.
Осының салдарынан және ауыз біршілікті сақтау жолында
күрескен, әбден әлсіреген халықтың бұл
мүмкіндікті пайдалануға шамасы келмеді деп жазады [1, 107 б.].
Екінші кезең -
Түркістанда большевиктер партиясы диктатурасының орнауымен
қатар келеді. Бұл билік жергілікті халықтың қанын
төгумен орнап, екі ұлттық автономияны ( Қоқан жәнеАлаш
Орда автономиялары) құлатумен бекінді. Халық наразылығы
одан әрі күшейіп, енді күрес жолы екі бағытта
жүреді. Біріншісі- Түркістанның жерінде қалған
«Алаш» партиясы өкілдері басында тұрған күрескерлердің
бағыты. Олардың большевиктерге қарсы Азамат соғысы
жылдарында ақтардың жағында соғысып, соғыс
біткенде Кеңес үкіметін еріксіз мойындағандары белгілі.
Олардың осы 20 жылдардағы жүргізген
қоғамдық-саяси қызметі кейіннен 1937-1938
жылдардағы кеңес үкіметінің жүргізген
қуғын-сүргіні кезінде өздеріне жала болып жабылып,
өмірлерінің қиылуымен аяқталды. М.Шоқай 1917 жылы
Қазан төңкерісі кезінде азаттық ала алмаған
тұста ұлт күрескерлерінің, жалпы халықтың
алдында тұрған кедергілерді: 1. ұлтазаттық
қозғалыстың жауларының күштілігі; 2.
халықтың артта қалушылығы және ұйымдастыру
тәжірибелерінің болмауынан деп көрсетеді. Ал аз ғана
уақыт өмір сүрген Қоқан автономиясының
Түркістан халықтарының азаттық қозғалысында
алатын орны туралы жазған 1937 жылғы мақаласында М.
Шоқай оны қозғалыстың белгілі бір кезінде өтуге
тиіс болған бір қадам ретінде түсіндіреді, ерекшелігі-
«Түркістанның ұлттық бірлігінің нағыз
формасын көрсете алғандығында» деп пайымдайды [2, 8 б.].
Сонымен қатар ол уақытта Түркістан ішкі, психологиялық
жағынан да Ресейден бөлініп, дербес, тәуелсіздік жолына
түсуге даяр болмады.
Басқа бағыт
үшінші кезеңмен сәйкес келеді. Бұл Мұстафа
Шоқайдың эмиграцияда жүрген кезіндегі
қоғамдық-саяси күресімен тығыз байланысты,
М.Шоқай эмиграцияда жүргенінде Түркістан
ұлтазаттық қозғалысын әлем
қауымдастығы мойындау үшін, оның стратегиясы мен
тактикасын жасауда, кеңестердің ұлттық саясатын бар
жағынан әшкерелеуде өзінің бірнеше европалық
және түрік тілдерін білетін білімін, журналист-талдаушы, саясаткер,
заңгер ретінде барлық дарынын қолдана білді. Сондықтан
да болар кеңес үкіметі оны қауіпті жау ретінде бағалап,
оның қызметін қатаң бақылауға алды.
Төртінші кезең -
бұл тоталитарлық жүйеге қарсылықтың,
әрі ұлтазаттық қозғалыстың бір түрі
ретінде Германияның жерінде қалыптасқан Түркістан легионымен
тығыз байланысты. Неміс жеріндегі концлагерлердегі түркістандық
тұтқындарға ауыр жағдайда жүргендіктен, тірі
қалу үшін кеңес үкіметіне қарсы
қолданылатын жақын аралықта құрылатын
легионға кіруден басқа жол қалмады. Олар М.
Шоқайдың ұлтжанды идеяларымен рухтанды, содан нәр алды.
Түркістан легионына қатысты М. Шоқайдың пікіріне
келсек, ол легионды кеңес үкіметіне қарсы
шайқастарға қолдануға қарсы болды. Бұл
жерде оның ойлағаны, әрине,
түркістандықтардың жаппай қырылуынан қауіптенгені
еді. Ол тек Түркістан шекарасына жақындағанда ғана
қолданатын ұлтазаттық армия құруды ұсынды.
Алайда М.Шоқайдың қазасынан кейін құрылған
Түркістан легионының құрамында болған
тұтқындардың басым бөлігінің одан арғы
өмірі кеңес үкіметі тарапынан қуғындалумен
өтті.
Қорытындылай келе, М.
Шоқайдың пікірінше, Түркістандық мемлекеттер
одағын құру-саяси мәселе болып табылады. Оны
жүзеге асыру көп жағдайға байланысты. Егер түркі
әлемінің бірігуін геосаяси тұрғыдан
қарастырсақ, бұл идеяның жүзеге асыру
қиындығын оп-оңай көруге болады.Бұл одақты
құруға тек Түркістанның геосаяси жағдай
қолайлы, себебі онда кең географиялық және
экономикалық территорияда көпсанды түрік халықтары
тұрады. Басқа аудандар бұл жағынан кемшіліктерге ие.
Мысалы, Әзірбайжан Кавказ халықтарымен тезірек одақтасуы
керек, географиялық орналасуы мен басқа жағдайлардың
салдарынан әзірбайжандар кавказдықтармен тығыз байланысты.
Басқа жағынан түрлі бірлестіктерге кіретін түркі
халықтары саяси коньюнктурамен шартталған, бір-бірін рухани
тұрғыда қолдаулары керек [3, 6 б.]. М.Шоқай
Түркістан өңірін мекендеген түркі тектес
халықтардың рухани, мәдени, тарихи, ең алдымен саяси
бірлестігінен кеңес үкіметінен азаттық алатын тәуелсіз
Түркістанның болашағын көрген. Оның бұл
ойлары бүгінгі таңда Қазақстанның сыртқы
саясат мәселесінде де маңызын жойған жоқ.
Әдебиеттер:
1.
Шоқай М. Таңдамалы. -Алматы: Қайнар,1999. - Т.-2. -284 б.
2. Шокай М. Обязанности интеллигенции святы.//Да-диалог.–Авразия. -2005.-
№17.- С. 6-8.
3.
Оралтай Х.М. Шоқай және оның шет елдердегі ізбасарлары.//Қазақ тарихы.-1997.-№2.-Б. 4-6.