Педагогические  науки”

П.ғ.к. Бельгибаева Г.К.

магистрант Жумкина Д.Б.

студент Орынбасарова Ж.

Қазахстан, Академик Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті

Мектеп жасына дейінгі балаларды ұлттық ойындар арқылы патриотизмге тәрбиелеу

Қазіргі заман талабына сай, ХХІ ғасыр білімділер ғасыры болғандықтан бүгінгі таңда заманымызға сай зерделі, ой - өрісі жоғары, жан – жақты дамыған ұрпақ қалыптастыру мемлекетіміздің алға қойған аса маңызды міндеті болып тұр. Тәрбие мен білімнің алғашқы дәні – мектепке дейінгі тәрбие ұйымында беріледі. Бала денсаулығының мықты болып, қозғалыс, дене құрылысының дұрыс жетілуі мектепке дейінгі кезеңде қалыптасады. Еліміздің Президенті Нұрсұлтан Назарбаев: "Қазақстанның отаншылдық сезімін тәрбиелеу білім берудің мектепке дейінгі жүйесінен жоғарғы оқу орындарына дейінгі орталықтарда барлық ұйымдарда көкейкесті болып табылады. Балаларды Отанды , туған жерді, өзінің халқын сүюге тәрбиелеу-мұғалімнің аса маңызды, аса жауапты да қадірменді парызы" - деген еді. Әр дәуірдің тарихи кезеңдерінде Отансүйгіштікке тәрбиелеудің өзіндік мүдделері болады. Ол ең алдымен, "ұлтжандылық", отансүйгіштік", " патриотизм", ұғымдары сол заманның ақиқаты  -  наным - сенімінен туындайды. Еліміз егемендік  алғаннан бері жас ұрпақ тәрбиесінің темірқазығы-қазақстандық патриотизм болды.

"Қазақстандық патриотизм" ұғымы біздің тәуелсіздігімізбен қоса туған жаңа сөз болып, еліміздегі саяси-әлеуметтік ахуалдың ерекшелігін көрсетеді. Елімізде жүзден аса ұлттар мен ұлыстардың өкілі өмір сүруде. Қазақстан олардың көпшілігінің туған отаны және бұдан былай да мәңгі тұрақтап қалар мекені болмақ. Сондықтан олардың әрқайсысы Қазақстанды ата-жұртым деп танып, оның тәуелсіздігін қорғауға және материалдық байлығын арттыруға еңбек етуі тиіс. Сол себепті қазақстандық патриотизм ұғымы күнделікті өмірде жиі қолданылып, кеңінен қалыптасып келеді.  

Ұлттық ойындар – қазақ халқының ерте заманнан қалыптасқан дәстүрлі ойын - сауықтардың бір түрі. Оның бастауы алғашқы қауымдық қоғамда шыққан. Ұлттық ойындар негізінде әр халық түрлі – түрлі жаттығулар жасау жолымен дене шынықтыру ісінің негізін салды. Бертін келе шынайы спорт ойындарының шығуына түрткі болды. Оның адам денсаулығына жақсартуда пайдалы аса күшті екені қилы. Ұлттық ойындар – ата – бабаларымыздан бізге арналған байлығы, асыл қазынасы деп түсінуге болады. Сондықтан, үйренудің күнделікті тұрмысқа пайдаланудың заманымызға сай ұрпақ тәрбиелеуге пайдасы орасан зор. Ойын баланың алдынан өмірдің есігін ашатын іс-әрекет. В.А. Сухомлинскийдің сөзімен айтқанда: «Ойынсыз ақыл – ойдың қаншалықты дамуы да жоқ және болуы да мүмкін емес. Ойын дүниеге қарай ашылған үлкен жарық терезе іспетті, ол арқылы баланың рухани сезімі жастық шақ өмірімен ұштастырып, өзін қоршаған, дүние туралы түсінік алады». Ойын дегеніміз – ұшқын, білімге құмарлық пен еліктеудің маздай жасаған оты. Міне, ойын дегеніміз - тынысын кең алысқа меңзейтін, ойдан-ойға жетелейтін, адамға қиялмен қанат беретін осындай ғажап нәрсе ақыл-ой жетекшісі, денсаулық кепілі, өмір тынысы. Ұлттық ойындардың мектеп жасына дейінгі балаларға лайықтары «Көкпар», «Орамал алу», «Тақия жасыру», «Алтын қақпа», «Ақ серек-Көк серек», «Айгөлек», «Ақ сандық – Көк сандық», «Ақ сүйек» баланың көзін жұмғызып алаңдағы ағаш ішіне сүйекті лақтырып жіберіп, іздеу т.б. ойындар ойнату арқылы баланы тапқырлыққа, жылдамдыққа, шапшаңдыққа, икемділікке, батылдылыққа үйрету іске асырылады. Яғни, таңертеңгі қабылдау кезінен кешке баланың үйге қайтуына дейінгі уақыт аралығындағы күн тәртібіне сәйкес дене тәрбиесі күні бойғы тәрбие түрлерімен біртұтас сабақтас жүргізіледі. Сондықтан да, бағдарлама бойынша арнайы өтілетін тақырыптық тәрбие сәттерінің арасында әуелі дене сергіту, жұмыс соңында ырғақты қимыл –қозғалыс ойындарын өткізу көзделеді. Ең бастысы ата-бабадан қалған өнер мен өнеге, үлгілерінің лайықтыларын баланың сана сезіміне құйып көзіне көрсете отырып, ойын арқылы бойына сіңіріп, оларды әдептілікке, мейірімділікке ізеттілікке, туысқандық пен бауырмалдыққа, үлкенге - құрмет, кішіге - қамқорлыққа баулып адамды қажеттерді ұғындыру, қалыптастыру. Бір ғажабы ойындар балалардың жан сұлулығында, тән сұлулығында жан-жақты жетілдіруге бағытталған. Өзгені былай қойғанда жан-жануарлар қалай дыбыстайды, қалай іс-әрекеттер жасайды, оларды тілімізде қалай айтады дейтін танымдық, тілдің маңызы зор мәселелерді «Қалай айтуды білесің?» ойынның өзі балалардың құлағына құйып береді. Ойынды ойнау барысында балалардың жас ерекшілігі ескеріледі. Әр түрлі ойынның өтілу барысында, оның ережесін сақтап, яғни 3 кезеңнен тұратынын ескеруіміз керек: біріншіден - ойынды өткізер алдындағы дайындық жұмыс; екіншіден - ойынның басталуы мен ойналу барысы;үшіншіден -  ойынның аяқталуы.

Дене тәрбиесі іс - әрекеті мазмұны негізінен қимылды, ұлттық ойындардан тұрады. Ойын кезінде жасалатын қимыл-қозғалыстар балалардың ептілік, шапшаңдық, күштілік, батылдық, төзімділік қабілеттерін дамытады. Денсаулығын нығайтып, ақыл – ойын өсіреді. Ойын барысында балалар бір-бірімен жақын араласып, тату, ұйымшыл болып өседі. Сонымен бірге ойын ойнау негізінде бала: көңілді болып жақсы демалады; денесі қимылдап, бойы сергиді, миы тынығады; ойынға қатысушылар бір-бірін тез түсінеді, ұйымшылдыққа үйренеді.

Ойынды ойнату мен үйретудің мақсаты: ұлттық ойындар дене шынықтыру іс-әрекетінде кең қолдана отырып, балалардың дене тәрбиесін дұрыс жолға қою, спорттық шеберліктерін, мүмкіндіктерін арттыру; патриотизмге тәрбиелеу, қазақ халқының ерлік-жауынгерлік тарихын ұрпаққа ерліктің өшпес үлгісін қалдырған хас батырлардың өмір өнегесімен таныстыру, өз жерін, өз елін қорғай алатын ел жанды, ұлттық намысы мол жігерлі бүлдіршіндерді тәрбиелеу; жас ұрпақты өздігінен білім деңгейін көтеруге үйретіп өзін-өзі тәрбиелеуге дағдыландыру.

Ойын – мектеп жасына дейінгі балалар іс-әрекеттерінің негізгі түрі. Ойын – баланың, бүкіл балалар коллективінің дамуында басты роль атқарады. Балаларға ұлттық ойындар арқылы халқымыздың тарихын, мәдениетін таныстыру қолға алынған. Жинақтағы ұлттық ойындардың тәрбиелік мәні зор. Мектепке дейінгі мекемеге әдістемелік құрал болып табылады. Мектеп жасына дейінгі балалардың қоғамдық құбылыстарды, қоғамдағы ересек адамдардың іс-әркетін өз түсінігінше әрекеті арқылы бейнелеуі ойын болып саналады. Ойынның шығу тарихына шолу жасауда көңіл аударатынымыз ол еңбекпен, өнермен, қоршаған ортамен тығыз байланыста дамыған, яғни ойынды өмірден ажыратып қарай алмаймыз. Балалар тек ойнап қана қоймайды, сонымен бірге ойлайды, аңғарады, көп нәрсені білуге, зерттеуге талпынады. Яғни, қазіргі заман ағымына қарай белсене қатысады. Ұлттық ойындарымыз балаларға тәрбиелік мәнімен, дене бітімінің әсем де сымбатты болып бітуге пайдасы зор. Бір-ақ мысал келтіріп кетейін: «Қуыр-қуыр, қуырмаш» ойыны балалардың саусақ маторикасын дамытуға, тіл байлығын жетілдіруге, көңілін көтеруге қолдануға болады. Балаларды қазақ халқының ұлттық ойындарымен, ойната отырып жан-жақты тәрбиелейміз.

«Бесік жырынан» бастап ұлт ойындарының барлығы халық тәрбиесінің көзі. Қай дәуірдің ұрпағына болмасын тіршілік жолына бағыт сілтеп, өмірге аттандырады. Халық жырлары ата-ананың балаға қойған бірінші сенімі, тілек-талабы. Мұның бәрі баланы ойната, көңілдендіре, бойларын сергіте жүріп айтылады да, өміріне рухани азық болатын өнегелі де ілтипатты сөздерді жас кезінен құлақтарына құя береді. Ал ойындар болса баланың осы айтылған өнеге-өсиет сөздерін күнделікті тіршілікте тәжірибе жүзінде іске асырудың құралы болды. Айталық, ойын үстінде осы айтылған өнеге-өсиет бастан аяқ қолданылады, осы негізде оның бойында адамдық қасиеттер қалыптаса бастайды. Демек, ойын әр түрлі әрекетке қозғалысқа, денешынықтыруға ғана төселдіріп қоймай, өмірдің рухани азығы – үлкеннің барлық қасиетін, яғни баланың жан-жүйесіне әсер ететін этикалық, эстетикалық тәрбиені қабылдауға қалыптастырады.

Қорытындылай келе, ұлт ойындарын жанұя тәрбиесінен бастап, балабақшада түрлі тәрбиелік шараларда қосымша материал ретінде пайдаланып келеміз.

Ұлттық мұраның бай қазынасының бірі – халықтың ұлттық ойындары көп салалы, көп қырлы құбылыс, ол тек ойындық сала емес, мәні жағынан да балабақша тәрбиеленушілерінің рухани өресі кең өсіп – жетілуіне, эстетикалық мәдениетін қалыптастыруға тәрбиелейтін негізгі құралдардың бірі. Халық жасаған мұралар сан алуан. Аға ұрпақ өз білгенін, өз көкейіне тоқығанын кейінгі буынға мирас етіп, іс-әрекет үстінде көзін қанықтыра беруден бастаған. Солардың бірі – ұлт ойындары халықтың сәби шағымен бүгінгі өскелең дәуірінің куәсі ретінде, адам баласының фантазиялық ой-жүйесінің заңды жалғасы ретінде оны үйретудің тәжірибеде пайдаланудың үлкен білімділік, тәрбиелік маңызы бар.

 

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі

1 Қазақстан Республикасының азаматтарына патриоттық тәрбие берудiң 2006-2008 жылдарға арналған мемлекеттiк бағдарламасы туралы. Қазақстан Республикасы Президентiнiң 2006 жылғы 10 қазандағы N 200 Жарлығы

2 А. Құсайынов. Білім және реформа.- Алматы, 2006

3 Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы. - //Егемен Қазақстан 2010, 14 желтоқсан.

4 Қазақстан Республикасының мемлекеттік жалпыға міндетті мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту стандарты. – Астана, 2010.