Альмаганбетова Л.Е.

ҚМҚМ № 42 «Тілек» балабақшасы

Мектеп жасына дейінгі баланы еңбекке баулуда салт-дәстүрдің алатын орны

 

Өскелең ұрпақты еңбекке баулуды болашағына меңзеп жүру бүгінгі күннің бірден-бір қажетті, кезек күттірмес мәселесі екендігін байқатады. Қазіргі кезеңде біздің елімізде еңбек тек ересек адамдардың ғана меншігіне тиіп, балаларды тәрбиелеудегі маңызы төмендеп кеткені белгілі. Бұл баланың санасында еңбекке деген немқұрайлық көзқарас тудырып, еңбекке икемсіздігін байқатуда. Дегенмен, мектепке дейінгі бала еңбектене алама деген сұрақ кез-келген ата-ананы, тәрбиешіні мазалайды. Мұның себебі бүгінгі таңда мектепке дейінгі балаларды еңбекке баулудың өзекті мәселелері баспа беттерінде өте сирек кездесетіндігінен де болар. Бірақ аталған тенденция тек зерттелуді қажет етумен қатар, дер кезінде мән бермеу баланың жеке тұлға ретінде дамуына қауіп төндіреді.

Жас ұрпақтың бойына еңбек ету дағдысын, өмірге дұрыс көзқарасын қалыптастырып, дамытуда еңбек тәрбиесі шешуші факторлардың бірі болып саналады. Еңбек тәрбиесі баланың қоршаған дүние мен нақты заттарды танып, білуінің бірден-бір сенімді құралы. Демек, еңбек тәрбиесі балалар өмірінің  алғашқы жылдарынан-ақ ойын әрекеті үстінде басталып, кейін еңбек әрекетінде жалғасын табады. Балалардың жас ерекшеліктеріне қарай жүргізілген қарапайым еңбек түрлері, олардың алғашқы білім-түсініктерімен қатар интеллектуалдық деңгейлерінің негізін қалауға көмектеседі.

Еңбек үстінде балалар белсенділік, тапқырлық, қайсарлық, нәтижеге жетуге ынталылық көрсетеді, олардың бойында шама-шарқына қарай ересектерге қолқабыс тигізу ниеті калыптасады.

Елімізде болып жатқан әлеуметтік-экономикалық, рухани өзгерістер мектепке дейінгі ұйымнан бастап, оның ішінде ұлттық тәлім-тәрбие беру саласында өзіндік ықпал жасауы заңды құбылыс.

Мектеп жасына дейінгі балалардың пайдалы еңбекке қызығушылығын ояту, белгілі бір еңбек тәртібін тәрбиелеу, еңбекті өздігімен жасауға, орындауға, бағалауға үйрету басты міндеттердің бірі болып отыр. 5-6 жастағы баланың белгілі бір уақыт аралығында еңбек етуге әдеттенуі жай ғана еңбекке үйрету емес, алғашқы еңбек процесіне құштарлық, еңбек етуге әзірлік деп қараған дұрыс.

Еңбектің қандайы болмасын адамның белгілі қуат, күш-жігерін жұмсауды талап етеді. 5-6 жаста баланың ағзасы үнемі даму үстінде болып, бұлшық еті мен жүйке жүйесі толық жетілмегендіктен тез шаршауға бейім тұрады. Шамасынан тыс еңбек тапсырмасын беруде бала бар күшін салып ұмтылса да орындай алмайды. Сондықтан ересек топ балаларын тұрмыс-салт дәстүр негізінде еңбекке баулуда еңбек әрекетін қалыптастырудың психологиялық заңдылықтарына, даму мүмкіндіктеріне сүйену басты міндеттердің бірі болып саналады.

Қызығулар балалардың кішкентай кездерінде ерекше байқалатындығы тәжірибеде дәлелденген. Ғалымдардың айтуына қарағанда, қызығудың нәтижесінде мектеп жасына дейінгі кезде техника саласына әуес болған бала, мектеп қабырғасында физика, қол еңбегі сияқты пәндерге ықылай қойып, мектеп бітіргеннен кейін де сол салада нәтижелі еңбек етіп, өз қабілеттерін жақсы көрсете алады. Демек, баланың қызыға білуінің де маңызы зор, қызығуы «тұрақты» қасиетке айналған бала ғана іс-әрекеттен жақсы нәтиже шығара алады. Қызығуы тұрақтанбаған адам қызметтің қай саласында болмасын пәрменді еңбек ете алмайды. Қызығу пәрменді, белсенді болуы үшін бала тікелей әрекетпен айналысуы керек. Қызығу қажеттіліктен туындайды, ал қажеттілік дегеніміз — өмір сүрудің, тіршілік етудің арқауы болмақ. Біз зерттеу нысанамызға байланысты мектепке жасына дейінгі балаларды еңбекке баулу міндеттеріне:

— еңбекті жақсы көруін, ересек еңбегіне құрметпен қарауға тәрбиелеу;

— қарапайым еңбек білім, дағдалары мен біліктерін қалыптастыру;

— еңбек етуге қажеттілігін дамыту;

— ұлттық тұрмыс салт-дәстүр негізінде болашақ еңбекке даярлау жатады.

Соңғы міндетті шешу үшін, оның мазмұнын жүзеге асыру жолдарын анықтау қажет. Балаларды қазақтың тұрмыс салт-дәстүрі негізінде еңбекке баулуда парасатты мінез-құлық пен адамгершілік, еңбексүйгіштік қасиеттерді тәрбиелеп, қалыптастырудың мүмкіндігі зор.

Жоғарыда айтылғандай мектеп жасына дейінгі балалардың психологиялық-педагогикалық ерекшеліктерін басшылыққа ала отырып, ересек топ балаларын еңбекке баулудың өлшемдерін белгіледік. Олар киіз үй және оның жабдықтарын білуі, төрт түлік малға сүйіспеншілігін қалыптастыру, әшекей (зергерлік) бұйымдарды жасай білу дағдысының болуы, ұлттық тағам туралы түсінігі, ұлттық киімді құрастыра білу дағдысының қалыптасуы.

Ә.Диваев қазақ балалары күнделікті тұрмыс салттарында көріп, ұстап жүрген төрт-түлік малды өздері қолдарымен саз балшықтан жасайтынын (ат, түйе, қой, т.б), ол ойыншықтар мен қуыршықтардың, европалық фабрикада жасалған ойыншықтарға қарағанда баланың қиялдау қабілетін әлдеқайда дамытатынын айтады.

Өткен тарихымыздың терең қойнауына ой сәулесін түсірсек, ұрпақ тәрбиесі үшін маңызы зор – халқымыздың этнопсихология, этнопедагогика ғылымдарына рухани азық болған, ғасырлардан қалған асыл мұралары бар. Оны филологтар, тарихшылар, этнографтар, өнер зерттеушілері, психолог және педагог ғалымдар жан-жақты талдап өз зерттеулерінің мақсат-міндеттеріне орай ғылыми зерделеуден өткізуде. Ой елегінен өткен ғылыми тәжірибе нәтижелері ұрпақ тәрбиесіне игілікті үлес қосып келеді.

Әр халықтың бала тәрбиесі жөніндегі атам заманнан бергі жиып-терген мол тәжірибесі, ғасырлардан қалған асыл қазыналары бар. Соның бірі біз сөз еткелі отырған ата-бабаларымыздың сарқылмас өнеге мен ізгі қасиеттерге балаған мұралары – салт-дәстүрлер. Ал салт-дәстүрлер дегеніміз не? Оған ғалымдар қалай анықтама береді?

Қайсы бір ұлттық құндылықтар туралы алсақ та салт-дәстүрлер жүйесінен аттап кету мүмкін емес. Дәстүр әр түрлі бағытта ұлттық-демографиялық, философиялық, әлеуметтік-педагогикалық және психологиялық құбылыс ретінде ғылым талаптарына сай барлық зерттеу салаларында қолданылады.

С. Қалиев, М. Оразев, М. Смайлованың «Қазақ халқының салт-дәстүрлері» атты оқу-құралдарына қазақтың салт-дәстүрін нақты үш топқа:

а) бала тәрбиесіне байланысты салт-дәстүрлер;

ә) әлеуметтік мәдени салт-дәстүрлер;

б) тұрмыс-салт дәстүрлер деп бөледі.

Қазақтың тұрмыстық салт-дәстүрлерінің болашақ ұрпақты еңбекке баулудағы үлкен тәрбие мектебі екенін насихаттау, ғылыми тұрғыда мәнін ашып жүйелеп зерттеуді қажет етеді. Сонымен, киіз үй жиһазы, төрт түлік малы, киім-кешек, қолөнер түрлері еңбек әрекетінің нәтижесінде, бір-бірінен ажырамай күнделікті тұрмыстық болмысты құрағанымызға көзіміз жете түседі. Тұрмыс-салт дәстүрлерінің жалпы тәрбиелілік мүмкіндіктері педагогикалық әдебиеттер мен тәрбие құралдарына әр қырынан айтылып келгенімен мектеп жасына дейінгі балаларды еңбек баулудағы орны әлі жеткіліксіз.

Қорыта айтқанда, тұрмыс-салт дәстүрінің аясын қамтитын кәсіпке, еңбекке үйретудің тәлімгерлік қағидаларын өз жұмысымыздың негізі етіп алдық. Тұрмыс салт-дәстүрдің мектеп жасына дейінгі балаларды еңбекке баулуда тәрбиелілік, білім беру, дамытушылық мүмкіндіктері жоғары деп санаймыз.

 

Пайдаланған әдебиеттер:

1. Әмірова Ә. «Дәстүрлі тәрбие» Әдістемелік құрал.-Алматы:Арда, 2006-72 бет.