Педагогика

МЕКТЕПТЕ КӨРКЕМ ШЫҒАРМАНЫ ОҚЫТУ ЖОЛДАРЫН МЕҢГЕРУ

 

Сейтмұратова Қалипа

№168 Қожакент орта мектебінің мұғалімі,

Жаңақорған ауданы, Қызылорда облысы, Қазақстан Республикасы

 

Еліміздің өз тәуелділігіне қол жеткізіп, саяси-әлеуметтік және экономикалық дамудың жаңа кезеңіне қадам басқан уақытта терең білім, сауатты ұрпақ тәрбиелеу - негізгі міндеттердің бірі.

Қазіргі уақыттағы жаһандану жағдайында ұлттық бірегейлікті, тұтастықты сақтау, ұлттық сананың сарқылмауы, тіл мен ділдің баянды болуы үшін мектеп қабырғасында елжандылық тәрбие идеяларының санасына дарытуда әдебиеттің алатын орны ерекше.

Көркем шығарманы оқыту – оқушының сөз қадірін түсінерлік ойлау әрекетін дамыту, рухани дүниесін байыту, эстетикалық талғамын жетілдіру, адамгершілік қасиетін қалыптастыру» - деген болатын әдебиет зерттеуші-ғалым, белгілі жазушы, ұлағатты ұстаз Қ. Жұмалиев. Оқушы әдебиет сабағында көркем шығарманы қабылдау керек.

Қабылдау дегеніміз – оқушының өзінің жан қалауымен, жүрек сезімімен, рухани әрекетімен жүзеге асатын дүние. Қандай жақсы көркем шығарма болмасын оқушы қабылдау үшін әрекет жасамаса, автордың жай күйзелісін, шалқар шабытын бойынан өткізіп, көркем суретті көз алдына елестетіп, келтіре алмайды. Оқушыдағы осы сезімді ояту – мұғалімнің қолында, яғни, оқушыға әдеби білім беру, әдеби, эстетикалық, адамгершілік қасиеттерін дамыту үшін мұғалім әдебиетті оқыту барысында әдіс-тәсілдерді орнымен қолдану қажет.

Әдебиет сабағындағы ең басты жұмыстардың біріне оқушылардың көркем шығарманы қабылдауы, одан әсер алуы, көркем туындыны бүкіл бітім-болмысымен түсіне білулері жатады. Яғни мұғалім осы мақсатпен ізденуі керек, осы мақсатта оны жүзеге асырудың ең тиімді деген әдіс-тәсілдерін сұрыптай отырып пайдалануы керек. Оқушының көркем шығарманы қабылдау белсенділігін, әсерлі сезімін дамытудың жолдарын қарастыруы керек.

«Көркем шығарманы талдамас бұрын оны дауыстап оқып, дауыстап жеткізу керек. Сонда ғана шығарма балаға барынша әсер етеді» - дейді М.А. Рыбникова.

Оқушыларға әдебиеттің құдіретін, оның адам баласы жаратылғаннан бері бірге жасасып келе жатқандығын, мәңгілік жаңарып, жасарып отыратын үрдіс екенін айтып, түсіндіре отырып, сол әдебиетті жасаушылар, ақын-жазушылар туралы, олардың көркем шығармалары жайында айту. Көркем шығарма - әдебиеттің құндылығын мыналар арқылы іске асыруға болады:

- көркем шығарманы оқуға деген қызығушылығын, ынтазарлығын ояту, жоғары эстетикалық талғам мен қажеттілікті қалыптастыру;

- сөз өнерінің ерекшеліктерін түсініп, тануға, ой көзімен зерделеуге негіз болатын білім, білік, икем-дағдылар қалыптастыру;

- ойын сауатты ауызша (жазбаша) айта да, жаза да білу, байланыстырып сөйлеудегі тіл мәдениетін қалыптастыру және дамыту, өзіндік ой-пікірін дәйекті, жүйелі айта білуге баулу.

Оқушы тілін дамыту негізінде оқырмандық біліктілікті қалыптастыруда оқушылардың тілдік қатынасын коммуникативтік түрде дамыту. Ой, ойлану, ойлату барлық пәндерге де керек. Ойсыз өмір сүру мүмкін емес. Бірақ бұл жердегі ерекше бір еске алатын мәселе - өзіндік пікір қалыптастыру.

Көркем туындыны оқытудың ең бастысы, сол көркем туынды туралы оқушы пікірі, ойына ерекше көңіл бөлген жөн. Бұл пәннің басқа пәндерді оқытудан өзгешілігі де, күрделігі де осында.

Мектепте әдебиетті оқытудың мән-маңызы көркем туындыны оқыту, талдау, оқырмандық пікір қалыптастырумен ашылмақ. Көркем туындыны оқу бар да, талдау бар. Талдау оқусыз жүзеге аспайды. Оқу баланың өз еңбегімен жүзеге асса, талдау мұғалім және оның ұйымдастыруы, жобалауы, тиімді жағын ойластыруы арқылы жүзеге асады.

Көркем мәтінді оқушы қалай оқып, қабылдайды, қандай ой туады, өз көзқарасын қалай жеткізеді – бұл оқушы мен мұғалімнің бірлескен еңбегінің жемісі болмақ. Қазіргі әдістемеде талдау жасаудың мынадай түрлері: образ бойынша, тақырыптық, тұтас, автор  ізімен ұсынылып жүр.

Көркем туындыны оқытып, сауатты талдауға қол жеткізу үшін автордың мақсат-мұратын, ойын білдіретін әрбір деталь, көркемдік тәсілді дәл танып, жазушы шеберлігін оқушыға дұрыс таныта білу керек. 

Оқушының танымдық-шығармашылық қабілетін, ойлау белсенділігін дамытатын, өз жоба-жорамалын ұсыну, салыстыру негізінде дұрыс шешім табуға жетелейтін әдістің бірі – проблемалық талдау. Ол көркем туынды негізіндегі проблеманы дәл танып, ізденіске, әдеби айтыс-тартысқа жетелейтін сұрақтар әзірлеуді қажет етеді. Сұрақ авторлық идея, проблема, кейіпкер іс-әрекеті т.б. негізінде туындайды.

Қорыта айтқанда, оқушылардың рухани дүниесін байытуда олардың бойына эстетикалық, көркемдік, сезімдік, интеллектуалдық, адамгершілік, азаматтық тәрбие берумен қатар, оқырмандық тұрақты ынта-ықыласты, биік талғамды қалыптастыру, әдеби мұраны және онда бейнеленген құбылысты эстетикалық қабылдауына қажетті білім және біліктілікпен қаруландыру, логикалық ойын, ауызекі және жазбаша тіл мәдениетін қалыптастыру болып табылады.

Әдебиеттер:

1. Көшімбаев  А. «Қазақ әдебиетін оқыту әдістемесі», «Мектеп» баспасы    Алматы – 1969 ж.

2. Ақшолақов Т.Қ. Шығарманың көркем айшықтарын таныту. Алматы,

1994ж.

3. Бітібаева Қ. Қазіргі кезең әдебиетін тереңдетіп оқыту. Семей, 2007ж.