Педагогика.  Современные  методы  педагогики

Мураталина  Айгуль  Тельмановна

бастауыш  сынып  мұғалімі

Сағакүрес орта  мектебі

                                                                        Алматы облысы, Ақсу  ауданы

 

Бастауыш  сыныпта  дамыта  оқыту  технологиясын қолданудың  маңыздылығы

      Қазіргі уақытта Қазақстанда білім берудің өзіндік ұлттық үлесі қалыптасуда. Бұл процесі білім программасының өзгеруімен қатар жүреді. Білім берудегі ескі мазмұнның орнына жаңасы келуде. Ол балаға өзін-өзі өзектелендіруге, өзін толытуға және өзін-өзі жүзеге асыруға ұмтылатын дамушы тұлға ретінде қалыптастыруға бағытталған.

      Оқытудың жаңа технологияларын қолдану арқылы сабақтың тиімділігін арттыру жолдарын іздестіру мақсатында жаңа технологияларды үйреніп, олардың сабаққа берер пайдасы және бастауыш  сынып оқушыларының  білімін  кеңейту, ой-өрісін жетілдіру, тілдерін дамыту, шығармашылықтарын арттыру, оқуға деген ынтасын жоғарлатудың оңтайлы жолдарын табу- ұстаздың  кәсіби  шеберлігіне  байланысты..

     Президентіміз Н.А. Назарбаев айтқандай, сапалы білім беру Қазақстанның индустрияландыруының және инновациялануының негізіне айналуы тиіс. Бұл мәселе жалпы білім беретін мектептерге байланысты айтылып тұрғандығы белгілі. Еліміздің болашағы орта мектептен толық қанды сапалы білім алған, оның бағдарламасын толық меңгерген баладан, яғни, оқушыдан шығары анық, өйткені, ертеңгі ел тізгінін ұстар азаматтар- бүгінгі мектеп оқушысы.

    Мектепте жұмыс атқаратын әрбір мұғалімнің алдына қазіргі таңда қойылатын талап өте үлкен болып отыр. Мұғалім өзінің инновациялық  іс -әрекетін қалыптастырып, оны меңгеріп, сол жаңа педагогикалық технологияларды оқу-тәрбие үрдісінде жүйелі пайдалану арқылы оқушылардың білім сапасын арттыруы қажет. Сонда ғана жаңа педагогикалық технологияларды меңгерген, өз тәжірибесінде қолданған  әрбір мұғалім өз сабағын нәтижелі даму жағынан көре алады.

    Мұғалім алғаш жаңа педагогикалық технологияларды: оқып үйренеді, екнішіден, меңгереді, үшіншіден, жаңа педагогикалық технологияларды тәжірибеде қолданады, төртіншіден, оны дамытып, нәтижесін тексереді.

     Жаңа педагогикалық  технологиялар педагогика ғылымының жаңа саласы. Инновациялық үрдістің негізі – жаңалықтарды қалыптастыру, қолдану, жүзеге асырудың тұтастық қызметі. Инновация білім деңгейінің көтерілуіне жағдай жасайды. Инновацияны «жаңалық», «жаңа әдіс», «өзгеріс», «әдістеме», «жаңашылдық», ал инновациялық үрдісті «жаңа әдістеме құралы» деп  атауға  болады.

  Бастауыш сынып оқушыларын оқытуда негізінен дамыта оқыту технологисы басшылыққа алынады. Себебі, қазіргі оқулықтар дамыта оқыту технологиясы  негізінде жазылған. Сондықтан әрбір бастауыш сынып мұғалімі «Дамыта оқыту» технологиясындағы сабақтың құрылымын, әдіснамалық негіздерін толық меңгеріп, өз іс-тәжірибесінде шығармашылықпен қолдана білу тиіс.

     Бастауыш  сынып оқушыларының танымдық қызығушылығын дамытудың негізгі факторы олардың білімі мен дағдыларының дәрежесі ғана емес, сонымен бірге, баланың маңызды психикалық қызметтерін, ақыл-ой жұмысының тәсілдері қалыптастыруға мүмкіндік беретін оқу процесін жолға қою керектігі саналады. Оқушының шығармашылық қабілеті де оның ойлау мен практикалық әрекеттері арқылы ғана дамиды. Ойлауға үйрететін сабақтарды дамыта оқыту сабақтары деп білеміз.

     Дамыта оқытуды ұйымдастыру, балаға ақыл-ой  әрекетін меңгеруге жағдай жасау деп қарастыру керек. Дамыта оқыту сабақтағы ерекше ахуал, мұғалім мен оқушы арасындағы ерекше қарым-қатынас. Мұғалім бұл жағдайда дайын білімді түсіндіріп қоюшы, бағалаушы емес, танымдық іс-әрекетті ұйымдастыратын ұжымдық істердің ұйытқысы. Тек осындай оқыту ғана баланың интеллектісінің   көзін ашып, шығармашылығын  дамытады.

Дамыта оқытудың ерекшеліктері:

—  - оқушыларды еріксіз және  қыстамай оқыту;

—  -оқушылардың білім алуға деген қызығушылықтарын дамыту үшін тақырыптарды жаңа бір қырынан қайталауды ұсынып отыру;

—  - білімнің базалық деңгейінің барлық оқушылар

      үшін   міндеттілігі;

—  - оқушыға өз деңгейін таңдауға ерік беру;

—  - оқушыларға берілетін білімнің саралануы;

—  - оқыту мен тәрбиенің бірлігі.

     Дамыта оқытуда баланың ізденушілік -ойлау әрекетін ұйымдастыру басты назарда  ұсталады. Ол үшін бала өзінің бұған дейінгі білетін амалдарының - тәсілдерінің жаңа мәселені шешуге жеткіліксіз екенін сезетіндей жағдайда түсуі керек. Содан барып оның білім алуға деген ынта-ықыласы артады, білім алуға әрекеттенеді. Сабақ мұндай жағдайда төмендегідей үш құрамдас бөліктерден тұратын болады.

1.  Оқу мақсаттарының қойылуы;

2.  Оны шешудің жолын бірлесе қарастыруы; 

3.  Шешімнің дұрыстығын дәлелдеу.

    Бұл - үшеуі дамыта оқытудың Д.Б. Эльконин -В.В. Давыдов жасаған жүйенің негігі компоненттері.

      Оқушы алдында  оқу мақсаттарын қоюда ешқандай дайын үлгі берілмейді. Мақсатты шешу, іштей талқылау, сосын жинақтау арқылы жүзеге асыралады. Мұғалім сабақ процесін ұйымдастырушы, бағыттаушы адам рөлінде шешім табылған кезде әркім оның дұрыстығын өзінше дәлелдей білуге үйретіледі. Әр оқушыға өз ойын, пікірін айтуға мүмкіндік  беріледі, жауаптар тындалады. Әрине, жауаптар барлық жағдайда дұрыс бола бермес. Дегенімен әр бала жасаған еңбегінің нәтижесімен бөлісіп, дәлелдеуге талпыныс жасайды, жеке тәжірибесін қорытындылауға үйренеді.

     Дамыта оқыту жүйесінде оқушылардың ойларын  жетілдірудің маңызы зор.

      Біріншіден- дамыта оқытуда  білім даяр күйінде берілмейді, оған оқушы өз оқу әрекеті арқылы қол жеткізеді. Сабақтың алғашқы ізденіс кезеңінде жаңа ақпарат жайлы не білетіндіктерін ортаға салып, мәселені өз беттерінше шешуге талпынады. Сөйтіп, олар осы мәселе туралы өз білімдерінің жеткіліксіз, таяз екенін сезіну арқылы сабаққа деген қызығушылықтары оянады, ішкі түрткілері пайда болады.

   Екіншіден- дамыта оқытуда оқушы жоғары қиындықтағы мәселелерді шеше отырып,, өзінің санасының саңылауларын ашады. Әр оқушының өзінің деңгейіне дамуына қол жеткізе алады. (Жақсы оқушы, жаман оқушы) ұғымның болмауы, балаларды танымдық әрекеттерге ұмтылдырады, құштарлығын  арттырады.

     Үшіншіден – оқушының жеке басын дамытатын басты құрал – ол өзінің әрекеті. Себепті дамыта  оқытудағы  оқыту әдістері оқушыны белсенді жұмыс жағдайына қоя отырып, мәселерді, қайшылықтарды шешу мақсатын қояды.

     Төртіншіден – дамыта оқыту жүесінің нәтижелі болуы оқушы мен мұғалімнің  арасындағы жаңаша қарым – қатынасы арқасында ғана өз жемісін береді. Сол себепті дәстүрлі жүйедегі әміршілдік стиль бұл жерде тиімсіз, оқушы – «орындаушы» объект емес. Ол өз пікірін ашық айта, ойын дәлелдей, дәйекткей алатын, сонымен қатар басқаның да ойын тыңдап, көз қарасын құрметтей білуге үйренген жаңа сападағы субъект.

    Дамыта оқыту технологиясының нәтижелері:

1. Түрлі әдістерді пайдалану сабақтың нақты мәнін терең ашуға көмектеседі;

2. Оқушылардың барлығын сабаққа қатыстыруға мүмкіндік туады;

3. Олардың әрқайсысының деңгейін анықтауға болады;

4. Оқушылардың көбін бағалауға мүмкіндік бар;

5. Оқушыларды ізденіске баулып, өз бетімен жұмыс істеуге үйретеді;

6. Оқушылардың қабілеттері, сөз саптау еркінігі, ұйымшылдығы, шығармашылық белсенділігі артады;

7. Жеке тұлғалық сипатын дамытуға, шығармашылығын шыңдауға, өзіне деген кәсіби сенімін қалыптастырады.

        Осылайша, дамыта оқыту бойынша сабақ кезеңдерінде оқушылар сабақтың мақсат, міндеттерін өздері анықтайды, проблеманы шешу жолдарын іздестіреді, жаңаны  өздері  табады, өзара  кеңеседі.

       Бұрын бастауыш мектеп мұғалімінің басты міндеті - баланы оқуға, сануға үйрету болса, қазір бастауыш мектеп – оқушының тұлға етіп қалыптастырудың алғашқы баспалдағы. Сондықтан жоғарыда аталған мүмкіндіктерді жүзеге асыру, тиімділігіне қарай пайдалану – мұғалімнен үлкен шеберлікті, ідненушілікті,  шығармашылықты  талап етеді