Филологические
науки
Жекеева К.О., ф.ғ.к.,
Орталық Азия университетінің доценті, Қазақстан
Мамырбекова А.А., Техника-экономикалық
қатынас жолдар колледжінің оқытушысы, Қазақстан
ШӘКӘРІМНІҢ
АУДАРМАЛАРЫНДАҒЫ ҰЛТТЫҚ БОЛМЫС
Адамгершілік,
адалдық, қанағат пен ынсап, ұждан жайында
жазылған “Асархидон - Лаэли” ертегісін тәржімалау барысында
Шәкәрім қажы жоғарыда айтып өткеніміздей,
басқа аудармаларға қарағанда
түпнұсқада берілген ойды төкпей-шашпай, тіпті дәл
аударғанға ұқсайды.
“Асархидон - Лаэли”
ертегісінің түпнұсқасы мен аудармасын салыстырар
болсақ, “Ассирийский царь” ертегісінің түпнұсқасы
былай басталады: “Ассирийский царь Асархидон завоевал царство царя Лаилиэ, разорил и сжег все города, жителей
всех перегнал в свою землю, воинов перебил,
самого же царя Лаилиэ посадил в клетку.
Лежа ночью на своей
постели, царь Асархадон думал о том, как
казнить Лаилиэ, когда вдруг услыхал подле себя шорох и, открыв глаза, увидал старца с длинной седой бородой
и кроткими глазами” дегенді, Шәкәрім нұсқасында: “Ескі
заманда Асурия патшасы Асархидон Лаэлидің елін шауып, қалаларын
өртеп, бастығы Лаэлидің өзін, тамам жақсы
кісілерін ұстап, батырларын өлтіріп, Лаэлиді абақтыға
жауып қойды. Асархидон қымбатты төсегінде жатып ертең
Лаэлиді қандай қиын азаппен өлтіруін ойлап жатыр еді, бір
дыбыс шыққан соң
көзін ашса, қасында бір бурыл сақалды, өткір
көзді, шалдау адам тұр
екен” деп аударған. Енді осы екі үзіндіні мұқият
салыстырар болсақ, қазақ ақынының жеткен
жетістіктерін, аудармашылық шеберлігін, өз отандастарына
түсінікті қарапайым тілде бергенін анық көруге болады.
Тек қазақ ақынының бұл жердегі қалт кеткен тұсы, кейіпкерлер
аттары мен жер атауының орыс
тіліндегі айтылуы мен жазылуын яғни фонетикалық
жағынан
өзгертіңкіреген. Мысалы, орыс тіліндегі “Ассирия”
қазақ тілінде “Асурия”, “Асархадон” - “Асархидон”, “Лаилиэ” -
“Лаэли”. Бұл аудармашының жіберген қателігі емес, қайта
өз жерлестерінің мүмкіндігіне лайықтап беруі деп
түсінген жөн. Сондай-ақ аудармашы
түпнұсқаның сөйлеміне сөйлем бере
аударғанын, тіпті тыныс белгілерінің өзіне аудару барысында
аса көңіл аударғанын байқауға болады.
Бұдан кейінгі
қарт пен Асархидон арасындағы диалогты да сол қалпында беруге
тырысқан, тек бұл тұста еркіндеу кетіп, өз жанынан
түпнұсқада жоқ бірер сөйлем қосуын, онсыз
да түсінікті деп сезініп, кейбір сөйлемдерді
қысқартуын, онда да өз оқырмандарының
жай-күйін ескергені деп білген дұрыс. Мәселен,
тпнұсқада Асархидон қартқа өзінің Лаэли
емес, патша екенін дәлелдеген тұсын: “Я вот лежу на мягком ложе,
вокруг меня покорные мне рабы и рабыни, и завтра я буду так же, как сегодня,
пировать с моими друзьями, а Лаилиэ, как птица, сидит в клетке и завтра будет с
высунутым языком сидеть на колу и корчиться де тех пор, пока издохнет и тело
его не будет разорвано псами” деген үзінді аудармасында: “Неге? Мен алтын
төсегімде жатырмын. Лаэли абақтыда. Ертең мен оны
қандай қинап өлтірген қызығыма қара!” деп –
бұл жерде Шәкәрім абақтыда отырған адамның
тор ішіндегі құстан еш айырмасы болмайтынын, жан қияр
алдындағы адамның жай-күйін тәптіштеп, түсіндіріп
жатуды артық санаған ба дейміз. Себебі, абақтыда
отырған адамның халінің жақсы болмайтыны кімге болса да
түсінікті. Осы жерде Шәкәрім түпнұсқа
формасына аздавп өзгеріс енгізіп, онда
берілген диалогті “патша”, “шал” деп, екі кейіпкер сөзінің
алма-кезек кезектесіп отырғанын анықтап берген. Бұдан кейінгі
эпизодтарды да қазақ
аудармашысы асқасн шеберлікпен аударуға тырысқанының
куәгері боламыз. Сөзімізді одан әрі дәлелді ету
үшін тағы да мысалдар келтірейік. Мысалы, қарттың
Асархидонның басын шылапшынға игізіп, оның үстінен су
құятын тұста да Шәкәрім айтылар ойды
нақты және дәл
бергенімен, аудармаға еш нұқсан келтірмейтін,
алдағы үзінділердегідей
азды-көпті ауытқушылыққа барған. Толстойда
Асархидонның Лаилиэ орнына түсіп, басына түскен
қиыншылықтар мен ауыр
азаптан әзер босап шыққанда әуелгі өз
қалпына келуін, басын көтеріп қарағанда қарт
қолындағы су құйылған ыдыстағы судың
бәрі құйылмағанын көретін тұсында да
аудармашы аздап еркіндікке барған. Бұл жерде орыс классигінің
өз оқырмандарына, қазақша айтқанда “біреуге ор
қазба, өзің түсесің” деген ғибратты бергісі
келгенін, соны қазақ
ақының дұрыс түсініп, өз оқырмандарына дер
кезінде беруге тырысқанын анық байқаймыз. Мысалы, өз
ертегісінің соңында Толстой: “Понял ли теперь, - продолжает старец,
- что Лаили это ты, и те воины, которых ты предал смерти – ты же. И не только
воины, но и те звери, которых ты убивал на охоте и пожирал на своих пирах, были
ты же. Ты думал, что жизнь только в тебе, но я сдернул с тебя покрывало обмана,
и ты увидал, что, делая зло другим, ты делал его себе. Жизнь одна во всем, и ты
проявляешь в себе только часть этой одной жизни. Жизнь мгновения и жизнь тысячи
лет, и жизнь твоя и жизнь всех видимых и невидимых существ мира равны. Жизнь
уничтожить и изменить нельзя, потому что она одна только и есть. Все остальное
нам только кажется. Сказав это, старец исчез” деп аяқтап,
өзінің туындысын
оқитын көпшілік қауымға, “өмірге бір-ақ рет
келеміз, аз уақыт ішінде ешкімге
қиянат істеме, өзгеге істеген жаманшылығың айналып,
өз басыңа келер” немесе “азғана ғұмырыңда
жақсы өмір сүр” деген сияқты үндеу тастайтындай.
Міне, осыны
дұрыс түсінген Шәкәрім түпнұсқаны
аударуда, өз жанынан ештеңе қоспай, қысқартып
тастамай сол қалпында аударуды мақсат тұтқан.
Түпнұсқаның соңы: “На другое утро царь Асархадон
велел отпустить Лаилиэ и всех пленных и
прекратил казни. На третий день он призвал сына своего Ашурбанипала и передал
ему царство, а сам сначала удалился в
пустыню, обдумывая то, что узнал. А потом он стал ходить в виде странника по городам и селам,
пропеведуя людям, что жизнь одна и что люди делают зло только себе, когда хотят
делать зло другим существам” деп аяқталса, қазақ
ақынының туындысы: “Асархидон түні бойы ойланып, ұйықтамай
теңертең Лаэлиді қалған жолдастарымен біржола босатып,
достасып, сый беріп қайтарды да,
Сарданипал деген баласына патшалығын беріп, өзі жаяу ел аралап
жүріп: “адам басқа біреуге, тіпті, барша жан иесіне қылған
жаманшылығы өз басына істегені болады екен, оны көзім
көрді деп зарлап, ешкімге
зұлымдық ете көрмеңдер” дейтұғын болды” деп
аяқталады. Әрине, бұл үзінді де дәлме-дәл,
тура бастапқы қалпында аударылған дегенді айтудан
аулақпыз, бірақ, қалай десек те, аудармада айтылар ой, ішкі
сыр сол қалпында берілген. Бұл тұста айта кететін бір жай, жоғарыда айтылған адам
есімдерінің фонетикалық өзгеріске ұшырауы, яғни
“Ашубанипал” - “Сарданипал” болып
өзгерген. Бұл да аудармашының өз туындысын
арнаған оқырмандарының жағдайын ойлауы.
Сонымен, екі
туындыны салыстыру барысында түйген, түйсінгеніміз, біріншіден,
аударма еркін аудармаға қарағанда дәл аудармаға
жуықтау; екіншіден, аудармашының азды-көпті еркіндікке баруы,
оның кемшілігі емес, қайта өз туындысын оқушыларының
ыңғайына бейімдеуі; үшіншіден, Шәкәрімнің
қарасөзбен жазылған шығарманы сол формада беруі.
Шәкәрім Құдайбердіұлының «Алты
топтамаға» енген Л.Н.Толстойдан жасаған екінші аудармасы –
“Үш сауал” ертегісі. Бұл ертегіні Шәкәрім қажы
алдыңғы “Асархидон Лаэли” ертегісіне қарағанда
анағұрлым еркін және қара сөзбен аударған.
Бұл
ертегінің де ұсынар идеясы алдыңғы ертегінің
идеясына ұқсас. Қойылған үш сауалға
әркімнің әртүрлі жауап беруі, соңында
өмірдің әрқилы уақытында адамның өз
іс-әрекетінің нәтижесінде, “Қай істі қандай
уақытта істеген жақсы?”, “Ең керекті кісі кім?”, “Ең
керекті іс не?” сауалдарына жауап табуы, аудармада: “Сондықтан ол кездегі
ең жақсы іс – жарасын байлаған болып, ең керекті кісі –
осы жаралы болды. Және ең керекті уақыт – уақыт! Неге
десең, бәріміздің де қолымыз бос, ерік өзімізде.
Қазір ең керектісі – осы дұшпаның болды. Неге
десең, мұның жазылар, жазылмасы әзір неғайбіл,
егер жазылса, бұлдағы біреуге жақсылық
қылғанды жанындай жақсы көрер еді. Ең керек іс –
қазір осыған қылған жақсылығың, неге
десең, адамның мойнындағы шын міндеті – біреуге жәрдем
ету еді” дей келіп, мына бір шумақ өлеңді өз жанынан
қосып, Шәкәрім аудармасын аяқтайды.
Адамшылық
іздесең, бұл жолға түс,
Алдау қылма біреуге
қиянат – күш!
Жетілсең де жемтік жеп,
ел зарлатпа,
Ар-ынсаптың
сүйгені – таза жұмыс!
“Үш сауалдың” түйіні ретінде
берілген осы бір шумақ қорытындыда Шәкәрім мен
Толстойдың ойларын жалғастырып жатқан рухани-эстетикалық желілердің
қай-қайсысы да жарқырап көрінбей ме.
Ал, “Алты топтамаға” енген “Криз патша”
ертегісін Шәкәрімнің өзі Толстойдан аудардым дегенімен,
алайда дәл осы аттас әңгімені орыс классигінің шығармалары арасынан кездестіре
алмадық.
Шәкәрім бұл туындысын
өлеңмен аударған. Тілі жатық, көркем. Бұл
аударма да алдыңғы туындылар сияқты адамға ең
қажетті байлық қара күш емес, әділдік пен
адалдық, ойлы ақыл екендігін соңында түсінген Криз
патшаның жай-күйі суреттеледі.
Аударма барысында өзінің
сұлулығы мен байлығына мас болған Криз патшаның
басында Салон сөзіне мән бермеуі, аяғында өз басына
күн туып, баласы оққа ұшып, парсы ханы Кир
шапқыншылығынан кейінгі мүшкіл хал үстінде Салон
сөздерінің мән-мазмұнын түсініп, оны қайта
шақыруы, осыдан барып, парсы ханының қолынан босатылуын
жырлай келіп, қазақ ақыны өз отандастарына мақтанудың
еш жақсылық бермейтінін ұқтырғандай болады.
Оның дәлелін мына өлең жолдарынан көруге болады:
“Өлі
түгіл тіріге мақтан теріс”,
Оны
түзу дегенді жақтамаймын.
Салонның
өзі өлсе де сөзі дұрыс,
Жастарды
соны ұғуға қақпалаймын.
Адамның
зор кеселі осы мақтан,
Бұл
құрғырдан ешкімді ақтамаймын!
“Алты топтама” жинағына енген “Ұждан”,
“Қолшатыр бұйрығы”, “Пан-Жи-Зан хан” аудармаларына
тоқталар болсақ, бұл аудармалардың үшеуі де
“Күншығыс жүз әңгімесінен” аударылған.
Бұл аудармалардың
түпнұсқасы қолымызға түспегендіктен, тек
аудармашының берер ғибраты мол туындыларына ғана тоқталмақшымыз.
Негізінен, аудармаларда қытай халқының өмірі мен
ондағы азулы, әділетсіз ұлықтар өмірі сөз
болады. Және аудармашы бұл жерде де өз жерлестерінің
ортасында осындай әпербақан, ұрда-жық, әлсіздерге
әлім-жеттік жасаушылардың бар екендігін ескере отырып, оны өз
оқырмандарына ұсынған ба дейміз.
“Алты топтама” жинағына енген
аудармаларының бәрі дерлік еркін баяндалған, өзіндік
ерекшеліктері бар туындылар екенін көруге болады.
Шәкәрімнің келесі аудармасы Американдық Гарриет Бичер
Стоудың “Хижина дяди Тома” немесе “Том ағайдың
балағаны” атты романының аудармасы. Бірақ бұл
аударманың бүгінгі күнге Шәкәрім жасаған
нұсқасы жетпеген.
Жасының жетпіс екіге қараған
шағында Шәкәрім қажы алаңсыз еңбекпен
шұғылданып, табиғат тыныштығы аясында өмір
сүруге бел байлап, Шыңғыс тауларының бөктерінде,
өмір тауқыметін өзімен бірге көрген серігі
Әупішпен елден жырақ кеткені көпшілікке белгілі. Осы
уақыттарда қасындағы серігі Әупішті бір кез Гарриет
Бичер Стоудың “Том ағайына” ұқсатып, оған
арнаған өлеңінде:
Серігім
жалғыз Әупіш, қасымдағы,
Ертеден
жолдасымның жасымдағы.
Таза
жүрек, ойыңда арамдық жоқ,
Қайғыны сен
ұғасың басымдағы, деп ақын өзінің
өміріндегі қиын-қыстау сәттеріндегі мұңын,
қайғысын Әупішпен бөліссе, келесі шумақтарда құлдық
дәуірде өмір сүрген, құл деген атқа
жегілген Том ағайдың өмірін көз алдына елестетіп,
құлдық өмірге деген наразылығын білдіріп,
Әупішті құл деуге қимайтынын, сол себепті оны босатып,
елге қайтарған тұстары жырланады:
Көзіме
елестейді құлдық дәуір,
Адамды
“құл” деген сөз маған ауыр.
Шын ойласам екеуін салыстырып,
Том
ағайдан Әупіштің несі тәуір?
Том
ағайды сатады базарға айдап,
Көнбесе,
басын алар, қылыш қайрап.
Еркін
байлап отырмын мен де Әупіштің,
Босаттым
оны елге осыны ойлап.
Осы жерде алыстағы американ жазушысы
Гарриет Бичер Стоудың бұл шығармасына
Шәкәрімнің көңіл аударуына, өзін
қоршаған ортадағы әділетсіздік, әлеуметтік
теңсіздік, өмір қайшылықтары, ойы таяз белсенділерге
деген наразылығы себеп болды ма дейміз.
Өмірінің соңына дейін осы
қайшылықтармен күрескен ақын отандастарын ерінбей
еңбек етуге, азат та бақытты өмір сүруге
шақыратынын осы өлеңінің соңғы жолдарында
нәрлі ойларымен былай өрнектейді:
Тату тұрса,
адамға дүние кең,
Еңбек
ет, жер жеткілік береді кен.
Адамның
адал ұлы болам десең,
Алдыменен
өзіңнің нәпсіңді жең.
Пайдаланылған әдебиеттер:
1.
Шәкәрім. Жолсыз жаза. Өлеңдер мен поэмалар. Алматы:
Жалын, 1988, - 256 б.
2.
Сатбаева Ш. Шакарим – истоки традиций. // Простор, 1991, № 11.
3. Мұхамедханов Қ. Ақын
Шәкәрім Құдайбердіұлы. // Семей таңы. 1988
3 тамыз.
4.
Сәтбаева Ш. Шәкәрім Құдайбердиев. –Алматы: “
Білім ” қоғамы, 1990. – 52 б.
5.
Күмісбаев Ө. Терең тамырлар. – Алматы: Ғылым, 1994. –
320 б.
6.
Қыраубаева А. Ғасырлар мұрасы. – Алматы: Мектеп, 1988. – 163
б.