Л.П.Ақтанова

 

Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы

Мпмлекеттік басқару академиясы, Қазақстан

 

МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТШІЛЕРДІҢ ТІЛДІК ҚҰЗЫРЕТТІЛІГІ

 

         Бүкіл дүниежүзілік білім беру кеңістігіне кіру мақсатында қазіргі кезде елімізде білімнің жаңа жүйесі құрылуда. Бұл үрдіс педагогика теориясы мен оқу-тәрбие жұмысында өзгерістер енгізумен бірге, елімізде болып жатқан түрлі бағыттағы білім беру қызметіне жаңаша қарауды, тыңдаушылардың  шығармашылық қабілетін дамытуды, іс-әрекетті жаңаша ұйымдастыруды талап етеді.

         Сондықтан оқытудың дәстүрлі жүйесінде білікті мамандар даярлайтын жалпы оқу орындарының қазіргі мақсаты – әлемдік білім кеңістігіне ене отырып бәсекеге қабілетті тұлға дайындау. Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңында «Білім беру жүйесінің басты міндеті – ұлттық және жалпы адамзаттық құндылықтар, ғылым мен практика жетістіктері негізінде жеке адамды қалыптастыруға, дамытуға және кәсіпік шыңдауға бағытталған сапалы білім үшін қажетті жағдайлар жасау; жеке адамның шығармашылық, рухани және күш-қуат мүмкіндіктерін дамыту, адамгершілік пен салауатты өмір салтының берік негіздерін қалыптастыру, даралықты дамыту үшін жағдай жасау арқылы ой-өрісін байыту» деп атап көрсетілген.

         Осы аталған міндеттерді жүзеге асыру үшін оқытудың жаңа технологияларын енгізу және оны тиімді пайдалану керек. Аталған жолдар арқылы оқытушыға білім сапасын арттыру, оның мазмұнын байыту, оқу үрдісін жетілдіру және жан-жақты дамыған, рухани дүниесі бай шығармашыл тұлға қалыптастыру мәселесін қойып отыр.

         Ал бүгінгі заманның талабына сай оқытудағы басты мақсат – жан-жақты жетілген, өз тарихының өткеніне көз жүгіртетін, қоғамның даму үрдісіне өзінше баға бере алатын ұлтжанды, патриот азаматын қалыптастыру.

         Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Қазақстан-2050» Стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауында «Білім және кәсіби машық – заманауи білім беру жүйесінің, кадр даярлау мен қайта даярлаудың негізгі бағдары. Бәсекеге қабілетті дамыған мемлекет болу үшін біз сауаттылығы жоғары елге айналуымыз керек. Барлық жеткіншек ұрпақтың функционалдық сауаттылығына да зор көңіл бөлу қажет», – деп атап көрсетті. Сондықтан білім берудің мазмұнын жетілдіре отырып, үздіксіз білім беру арқылы оларды кәсіби тұрғыдан жан-жақты жетілдіру мәселесі бүгінде күн тәртібіне қойылып отырғанын көріп отырмыз. Бүгінгі күні «құзыреттілік» ұғымы оқыту үдерісінде білімді қолданудың негізгі нәтижесі ретінде қарастырылуда.

         «Құзыреттілік» ұғымы бүгінгі күні оқыту үрдісінде білімді қолданудың ақырғы нәтижесі ретінде қарастырылуда. Оқыту үрдісінде «құзыреттілік» ұғымы тыңдаушылардың білімі мен тәжірибесін, дағдылары мен біліктерін белгілі бір мәселені шешуде қолдануы болып табылады.

         «Құзыреттілік» терминін ХХ ғасырдың ортасында американдық ғалым Н.Хомский енгізген болатын, бастапқыда ол ана тілінде нақты тілдік қызметті орындау үшін қажет қабілеттіктер деген түсінік берді.

         Құзыреттілік – тыңдаушылардың іс-әрекетін  меңгеруден көрінетін білім нәтижесі. Білім мазмұнын жаңалау – негізгі мақсат болып табылады. Басты мақсаттың бірі – білім игеру кезінде күтілетін нәтижеге қол жеткізу. Негізгі бағыт оқытушы жеке тұлғаға ауысады, яғни, жеке тұлға бұрын білімді қабылдаушы рөлін атқарса, ал жаңа талап бойынша өздігінен білім алушы, үйренуші ретінде танылады. Сондықтан жеке тұлғаның бейнесін бүгінгі заман талабына сай дайындауымыз керек.

         Бүгінде білім беру стратегиясын «құзыретті білім беру» деп те атап жүр. Құзыреттілік жеке тұлғаның танымы мен тәжірибесіне қатысты нәрсе. Тыңдаушылардың кәсіби құзыреттілік мәселелері туралы пікірлер отандық және шетелдік ғалымдар, педагогтар, психологтар еңбектерінде көрініс табуда. Оқыту үрдісіндегі құзыреттіліктерге ғалымдар әртүрлі анықтамалар берген.

   Айталық, ғалым С.М.Вешниякованың «Кәсіптік білім беру» сөздігінде: «Құзыреттілік (латын сөзі) competenens – қабілетті, қатысты деген мағынада. Белгілі бір саланың тұлғаларының білімінің, білігінің, тәжірибесінің сәйкестігінің мөлшері» деген анықтама берілген болса, А.В.Баранниковтің айтуынша: «Құзыреттілік дегеніміз өз бетінше іске асырылатын қабілеттілік, ол тыңдаушының алған білімдеріне, өмірдегі тәжірибелеріне, құндылықтарына негізделеді». Ал ғалым Дж. Равен «құзыреттілік» терминіне жеке тұлғаның көп қасиеттерін топтайтын ұғым деген анықтама береді. Ғалымдардың пікірлерін басшылыққа ала отырып, біз «құзыреттілік» ұғымына – тыңдаушылардың жеке тұлғалық психологиялық ерекшеліктеріне байланысты меңгерген білімдерін, дағдылары мен біліктерін, танымдық және тәжірибелік іскерлігін өмірде дұрыс қолдануы деген анықтама бере аламыз.

  Құзыреттілік – бұл алынған білімдер мен біліктерді іс-жүзінде, күнделікті өмірде қандай да бір практикалық және теориялық мәселелерді шешуге қолдана алу қабілеттілігін айтады. Сонымен, оқытудағы құзыреттілік тәсіл білім беру нәтижесі ретіндегі оқыту сапасын қамтамасыз етеді, ал ол өз кезегінде кешенді әдіс-тәсілдерді жүзеге асыруды, оқыту сапасын бағалаудың біртұтас жүйесін құруды талап етеді. Демек «құзырет» және «құзыреттілік» ұғымдарын педагогикалық үдеріске енгізу білім берудің мазмұны мен әдістерін өзгертуді, іс-әрекет түрлерін нақтылауды талап етеді.

      Аталған «құзыреттілік», «құзыр» ұғымдарының қолданыстағы білім, білік, дағдыдан айырмасы бар. Айталық, білімнен айырмасы – қызмет жөніндегі ақпараттық сипатта емес, өнімді қызмет формасы түрінде байқалады дағдыдан айырмасы – оқыған материалды топтастыра, құбылыстарды, заңдылықтарды шығармашылықпен пайдалана отырып өзгерте алатын саналы қызмет біліктіліктен айырмасы – бірнеше пән дағдыларын кіріктіру, жалпы қызмет негіздерін сезіну.

Қоғам талабына қарай оқытушының білім берудегі міндеті нәтижеге бағытталған іс-әрекетті құзыреттілік тұрғыдан жүзеге асыру. Қазіргі уақытта оқытушымен бірге тыңдаушылардың алдына қойылатын талаптар да өсуде. Талап тыңдаушылардың бойында түйінді құзыреттіліктерді қалыптастыру болып табылады.

Құзыреттілік тәсіл бірінші орынға:

Ø    нақты құбылыстарды танып білу мен түсіндіруде;

Ø    қазіргі заманғы техника мен технологияны игеруде;

Ø    практикалық өмірде мамандық таңдау кезінде өзінің кәсіби білім алуға

дайындығын бағалауда;

Ø    еңбек нарығын бағдарлау қажет болғанда өмірден өз орнын анықтауға

өмір салтын, кикілжіңдерді шешу тәсілдерін таңдауға байланысты мәселелерді шешу қажет болғанда туындайтын өмірлік мәні бар мәселелерді шешу біліктілігін шығарады.

Құзыреттілік ең алдымен тыңдаушылардың ақпараттық сауаттылығы мен кез-келген мәселені дұрыс шеше білу қасиетінен көрініс табады. Сыртқы ортадан ақпарат алу, оны өңдеу тыңдаушы мінезін қалыптастырудың қайнар көзі болып табылады. Ақпараттарды өз бетімен алуға, талдауға, қайта өңдеуге үйрету ақпаратық құзыреттілікті қалыптастыруға негіз болады. Мұнда тыңдаушылардың өз бетімен жұмысына көп мән беріледі.    

Тыңдаушылар өз беттерінше жаңа ақпараттық технологиялардың көмегімен ғаламтордан, түсіндірме сөздіктерден, түрлі тарихи ақпараттар алып, сабақ барысында пайдаланады. Бұл құзыреттілік тыңдаушылардың оқу пәндеріндегі және білім аймақтарындағы, сонымен бірге қоршаған дүниедегі ақпараттармен жұмыс істей білу дағдыларын қамтамасыз етсе, ал оқытушының мақсаты – тыңдаушыларға білімді өздігінен игеру амалдары мен тәсілдерін үйретіп, оның өзіндік дүниетанымын қалыптастыруына жағдай жасау, кеңестер және бағыт-бағдар беру.

Негізгі құзыреттіліктер түріндегі күтілетін нәтижелер:

Ø    тыңдаушылардың өз бетінше талдауға;

Ø    өз қызметіне мақсат қоюға;

Ø    жоспарлауға, жинақтауға;

Ø    қорытындылауға, салыстыра дәлелдеуге;

Ø    өзін-өзі бағалауға;

Ø    өз әрекетінің әлсіз және күшті жақтарын көрсете білуге;

Ø    нені меңгергенін, нені меңгермегенін анықтауға.

Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңының 8-бабында «Білім беру жүйесінің басты міндеттерінің бірі – оқытудың жаңа технологияларын енгізу, білім беруді ақпараттандыру, халықаралық ғаламдық коммуникациялық желілерге шығу» деп атап көрсеткен. Сондықтан, қазіргі даму кезеңінде білім беру жүйесінің алдында оқыту үрдісінің технологияландыру мәселесін қойып отыр. 

Оқытушылар білім беру жүйесінде жаңа оқу технологияларын және интерактивті әдістерін қолдану арқылы тыңдаушының қазіргі заман талабына сай білім алуына мүмкіндік береді. Ол тыңдаушының ізденісі, жан-жақтылығы құзыреттілік арқылы айқындалады. Даналы қытайлықтар осыған орай бұны келесі мақалда ажыратқан: «мың ұстаздар – әр қайсысы мың әдістерімен» қолданылады, яғни мұғалім өзінің әдістемелік шеберлік қасиеттері негізінде өзіне лайықты педагогикалық технологиялық әдісін тандауға құқылы.

Құзыретті тыңдаушы даярлау мақсатында ғылыми міндеттерді шешудің тиімді жолы – модульдік технологияны қолдану негізінде тарих, қазақ тілі пәндерін проблемалық оқыту арқылы мемлекеттік қызметшілердің ой-өрісін, өз бетімен іздену, логикалық ойлау қабілетін, шығармашылық әрекеті мен икемділіктерін дамыту, білетіні және білмейтінінің арасындағы қайшылықтарды ашу әрі проблемалық міндеттерді шешу жолдарын жүзеге асыруға болады. Олай болса, модульдік технология арқылы тарих, қазақ тілі сабақтарын проблемалық оқытудағы басты міндет – тыңдаушылардың ойлау жүйесін өздерінің шығармашылық қабілеттері арқылы игерген білім қорын одан әрі тереңдету және түрлі проблемаларды шеше білетін білімді тыңдаушы тұлғасын қалыптастыру болып табылады. Тыңдаушыға нәтижеге бағытталған білім беруде күтілетін тұлға құзыретілігін төмендегіше сипаттауға болады. Олар:

Ø    өзінің даралығын сезініп, өзін-өзі дамыта білуі;

Ø    өзінің қызметін бағалай білуі;

Ø    негізгі мәселені шешудің ең тиімді жолдарын таба білуі;

Ø    өз алдына мақсат коя білуі және оны жүзеге асыра білуі;

Ø    өз әрекетінің нәтижелерін бағалай білуі;

Ø    өз бетінше алынған ақпаратты таңдай білуі;

Ø    түрлі өмірлік жағдайларында тиімді шешім қабылдай білуі.

Жаңа тұрпаттағы кәсіби мамандарды оқытуда нәтижеге бағытталған іс-әрекетті құзыреттілік тұрғыдан жүзеге асыру – негізгі міндет болса, құзырлылық – тыңдаушы іс-әрекетінің сапасынан көрінетін білім нәтижесі болып табылады.

Қазіргі заманғы білім берудің мақсаты мамандарды шығармашылыққа дайындау. Өйткені қоғамда «орындаушы» адамнан гөрі «шығармашыл» адамға деген сұраныстың көп екендігін қазіргі өмір дәлелдеп отыр.

Шығармашылық дегеніміздің өзі ізденімпаздықтан туады. Ұлы ақын Абай атамыздың мына дана сөзі ойға оралады: «Өзіңе сен, өзіңді алып шығар». Бұл жерде тыңдаушының өзіне деген сенімін туғызу, өзінен шығармашылық қабілетін іздете білу, өмірде өз орнын тапқыза білу қаншалықты қиын екенін түсіндіру. Шығармашылыққа баулу тыңдаушы  бойындағы талант көзін ашып, тілдік қорын байытып, ойлау, іздену сияқты психологиялық категорияларын қалыптастырып, оқушының дамуына өзіндік әсерін тигізеді.

Тыңдаушылардың шығармашылық қабілеттерін қалыптастыру жолдары:

Ø    шығармашылық тұрғыда оқушылардың өзіндік жұмыстарын

ұйымдастыру мен оқу міндеттерін анықтау арқылы;

Ø    пәнаралық бірлестіктерді қалыптастыру арқылы;

Ø    оқытуды жаңа педагогикалық жаңа технологияларға негіздеу арқылы;

Ø    концептуалды идеяға негізделген оқу процесінің инновациялық әдіс

тәсілдерін енгізу, тағы басқа арқылы іске асырылады.

Тыңдаушылардың шығармашылық қабілетін дамыту үшін бірнеше шарт орындалуы тиіс. Олар:

Ø    шығармашылық қабілетін дамытуды ерте бастан қолға алу;

Ø    жүйелі түрде шығармашылық әрекет жағдайда болу;

Ø    шығармашылық іс-әрекетке жағдай туғызу.

         Тыңдаушыларды шығармашылыққа баулу, өзіндік іс-әрекетін ұйымдастыру үшін төмендегідей түрлердерді қолдануға болады:

Ø    оқулық мәтінімен жұмыс;

Ø    арнайы бір тақырыпқа пікірталас тудыру;

Ø    қоғамдағы әр түрлі өзгерістерге байланысты пікір айту;

Ø    құжаттармен, иллюстрациялармен жұмыс;

Ø    тарихи оқиға, құбылыс, фактілерді таңдауға, ізденуге, дәлелдеуге

үйрету;

Ø    логикалық ойлауын дамытатын ойындармен берілген тапсырмаларды

шешкізу (анаграмма, сөзжұмбақ)

Ø    қайшылықты, проблеманы шешу;

Ø    тыңдаушының ой-пікір дербестігі мен еркіндігін барынша кеңейту;

Ø    қайталау сабақтарында, оқыған мәтіндері бойынша өз беттерінше тест 

тапсырмаларын құрастыру;

Ø    сабақта проблемалық жағдай жасау;

Ø    тың деректерден жаңа білімді ала білу, пайдалану, іздену;

Ø    реферат жазу;

         Осындай жұмыстарды үнемі жүргізу шығармашылыққа баулуға, тыңдаушы бойындағы талант көзін ашып, өз бетінше ізденуге зор әсерін тигізеді.

Қорытындылай келсек, тыңдаушы құзыреттілігін қалыптастыру үшін әр ұстаз өзіне тиімді әдіс-тәсіл мен технологияны қолдана алады. Тыңдаушылардың жеке тұлға ретінде дербес өзіндік әлеміне жеткізу арқылы өзін-өзі дамытуға, өз мүмкіндіктерін таныттырып, оны жүзеге асыруға  бағыттайтын әрбір оқытушы өз қызметін үлкен сеніммен атқарғаны жөн.

  

Әдебиеттер тізімі:

 

1. Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңы. Алматы – 2008.

2. Қазақстан Республикасының 2015 жылға дейінгі білім беруді дамыту тұжырымдамасы.

3. ҚР Президентінің «Қазақстан-2050» стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауы.

4. К.Құдайбергенова. Құзырлылық – тұлға дамуының сапалық критерийі. 2008.