АДАМДАРМЕН МАНИПУЛЯЦИЯЛАУ ҚЫЛМЫСТАРЫН АЛДЫН АЛУДАҒЫ САЛЫҚ САЯСАТЫНДАҒЫ  ЖАҢА МҮМКІНДІКТЕР

 

з.ғ.к. Бижан Н., Қаныбеков Ә., з.ғ.к. Бекимбетов Т.Б.

 

Халықаралық гуманитарлық-техникалық университет

 

        Арыстандай айбарымен айналасындағылардың мысын басып, зәре-құтын қашыратын бір кездері көзіне жас алмайтын, қатал, ақ пен қараның    ара - жігін айқын ажырататын, әділетсіздік атауына салтанат құрғызбайтын, адамдардың құнды қасиеттерін қорғайтын азаматтарды тәрбиелеуде ерекше орын алатын заңнамаларды шығарушы қоғамды армандамайтын мемлекет жоқ шығар.  

         Тәрбиенің бірден-бір тәсілі – жаза. Жаза, әрине мәжбүрлеу шарасы. Жаза, ауыр және ерекше ауыр қылмыстар жасағаны үшін айыпты, қылмыстық қудалаудан жасырынып жүрген адамдарға, қылмысты қайталап жасаған жағдайда және де адамдармен манипуляциялау қылмыстары үшін қатайта түсу сөзсіз қажет. Осы жерде XVIII ғасырда Чезаре Беккарианың: «жазаның күштілігі оның қатыгездігінде емес, керісінше одан ешкімнің құтылып кетпейтіндігінде» - деген пікірін ескеру орынды болар. Сондықтан біздің көзқарасымызша, соттар өздері жаза тағайындау барысында жеңіл және орта дәрежедегі қылмыстарды қарау барысында барынша ізгілік қағидаларын бетке ұстай отырып жазаны тағайындаулары қажет. Соның ішінде жалпы пайдақорлықпен жасалған қылмыстарға қатысты жасаған әрекетінің қоғамдық қауіптілігі аз болғанда, соттардың қылмыстарды жасаған адамдарға байланысты бас бостандығынан айыру жазасынан гөрі айыппұл жазасын тағайындаған, бір жағынан сол жасаған адамның өзіне де үлкен өмірлік сабақ болып, екіншіден мемлекет үшін тиімділігі орасан зор болар еді, яғни мемлекеттің жазасын өтеуші тұлғаға қатысты киіммен, тамақпен, медициналық, білім беру, мамандыққа баулы және т.б. қажетті қамтамсыз ету шараларынан босатылуы.  

Жаза мемлекеттік мәжбүрлеу шарасы ретінде қылмыспен күресуде қажетті құқықтық құрал болып табылады. Оның тиімділігі қазіргі уақытта жүргізіліп жатқан тәжірибелік материалдарды теориялық өңдеуден және олардың қолдануын ескеруінен байқалады. Жазаның орындалу мәліметтерін білмей, белгілі бір топтағы өзіне тән ерекшеліктерін және типтік шектерінің иесі болатын сотталған адамдарға жазаның шынайы әсерін ескермей оның тиімділігін жетілдіру мүмкін емес[2].

         Бұл ғылыми деректер еліміздің нормативтік базасымен де реттелініп отыр. «Қазақстан Республикасының 2010 жылдан 2020 жылға дейінгі кезеңге арналған құқықтық саясат тұжырымдамасы туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2009 жылғы 28 тамыздағы N 858 Жарлығында: «....Сонымен қатар ауыр және аса ауыр қылмыстар жасауға кінәлі, қылмыстық қуғындаудан жасырынып жүрген адамдарға қатысты, сондай-ақ қылмыстар кәнігілігі кезінде қатал қылмыстық саясатты алдағы уақытта да жүргізу қажет»-деп көрсетілген [3].

Адамдармен манипуляциялаудағы заңсыз іс-әрекеттерін қылмыс қатарына жатқызумен қатар, оларға қылмыстық жауапкершілік тағайындау – заман талабы. Ал, қасақана, ауыр, аса ауыр қылмыстарына, пайда табу мақсаттарында адамның тәуелділігін, мүгедектігін, кәмелетке толмаған баланы жауапкершілікке тартылмайтындығын пайдалана отырып, олармен манипуляциялау – аса ауыр қылымыстар қатарына жатады. Бұл заңсыз іс-әрекеттерді кез-келген адам қарсылықпен қабылдайтыны, адамгершілікке, имандылыққа  жатпайтын қаситтерге жатқызатыны айдан анық.    

         Аталған заңсыз әрекеттерді барлық қоғамдық қарым-қатынастарда, оның ішінде салық саясатында да бой алдырмауымыз керек.

ҚР құқықтық саясат тұжырымдамасына сай кейбір құқықбұзушылықтардың жекелеген түрлеріне қылмыстық сипат беру мақсатында, келісім шарт бойынша аса ірі мөлшердегі соммадағы қаржы операциясында кассалық аппарат машинкасында чек қолданбағаны үшін іс-әрекеттеріне қылмыстық жауапкершілікті белгілеу қажет. Заңсыз іс-әрекеттерінен туындаған залалдар ірі мөлшерде, яғни 2000 айлық есептік көрсеткішті құрағанда жауапкершілік тағайындау. Ал, 2-бөліміне  аса ірі мөлшер соммасын 5000 айлық есептік көрсеткіш ретінде белгілеу.

ҚР Жоғарғы соты Пленумының №6 Қаулысының 7-ші және 14-пунктеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу  қажет.

Сонымен қатар, салық саясатындағы қылмыстылықтың, құқықбұзушылықтың алдын алуда, халықтың салықтық мәдениетін көтеру мақсатында мектептерде «Салық тарихы» пәндерін енгізу керек және де халыққа құрылыстан жүргізіп тапқан табысы туралы да жалпылай декларация тапсыруды міндеттеу қажет. Себебі, ҚР «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» заңының 9-бабына сай тұлғалар бұл міндеттемеден босатылған[4].  

Республикамыздың Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына «Қазақстан өз дамуындағы жаңа серпіліс жасау қарсаңында» атты Жолдауында Қазақстанның әлемдік бәсекеге барынша қабілетті мемлекеттер қатарына қадам басуы жолындағы негізгі жеті басымдықтарды ұсынған. Кеден және салық саясатына байланысты: «Салық және кеден саясатын реформалау күллі экономикалық жаңару саясатының маңызды құралы болуы керек. Экономикамыздың жаңа салаларын әртараптандыру мен дамытуды ынталандыру, бұл салаларға шетел капиталы мен сол ілімді тарту мақсатында икемді салық және бюджет саясатын пайдалану маңызды. Қатаң бюджет және салық тәртібі сақталуға тиіс». Бұл қатаң тәртіпті сақтауда қазіргі кездегі Қазақстанның қылмыстық саясатының алар орны ерекше. Ол, бір жағынан ауыр және аса ауыр қылмыстары мен ұйымдасқан қылмыстылық үшін қатал қылмыстық жауаптылық көздеумен, ал екінші жағынан, тұлғаларға жазалауды соншалық талап етпейтін жеңіл шараларды қолданумен сипатталады.

 

ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ:

        1. ҚР Конституциясы. – Алматы: «ЮРИСТ», 2013– 12б.   

        2. Дулатбеков Н.О. Қылмыстық жаза тағайындау теория практика

мәселелері: Монография. – Астана, 2002. 117-бет.

3. «Қазақстан Республикасының 2010 жылдан 2020 жылға дейінгі кезеңге арналған құқықтық саясат тұжырымдамасы туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2009 жылғы 28 тамыздағы N 858 Жарлығы

         4. ҚР «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» заңы. – Алматы: «Жеті жарғы», 2012 – 16б.