Мекадилова С.К.
ЖММ "Болашақ" Академиясы, Қазақстан
Білім беру
саласындағы психологиялық қызметтің ерекшеліктері
Білім беру жүйесіндегі психологиялық
қызмет тұтас білім беру жүйесінің маңызды
компонентерінің бірі. Психологиялық қызметтің тууы -
ғылым мен практиканың өзара әрекетімен шарттасқан
психологиялық қызметтің бала туралы тұтас ғылым
мен осы дамуды қазіргі білім беру мекемелері жағдайында
жүзеге асыру практикасын өзінің бойында біріктіретін
қызмет.
Психологиялық қызметтің
басты мақсаты - даму мен оқу-тәрбиелеу процесін
психологиялық қамтамасыз ету, яғни білім беру процесіне
қатысушылардың денсаулығын қорғау
мақсатында, оқыту мен тәрбиелеу процесін ұйымдастыру
және жүргізу.
Мектептегі психологиялық қызметтің негізгі
мақсаты - мектеп оқушыларының жеке тұлға
ретіндегі қалыптасуына, олардың шығармашылық
мүмкіндіктерінің ашылуына, қабілеттері мен
бейімділіктерінің дамуына көмектесу; олардың
психологиялық ерекшеліктерін терең зерттеу; оқушылардың
психикалық дамуындағы ауытқушылықты, кешеуілдеуді
болдырмаудың жолдарын іздестіру; мұғалімдер ұжымында
психологиялық ахуалды қалыптастыру; ата-аналар үшін
психологиялық сауаттандыру, білім беру сабақтарын
ұйымдастыру.
Психологиялық қызметтің
міндеттері:
1. Білім беру жүйесінің
барлық субьектілеріне қажетті психологиялық көмек беру
(мұғалімдер, ата-аналар, оқушылар).
2. Баланың жас ерекшелігіне байланысты,
әрбір даму сатысында тұлғалық, интеллектуалдық
және кәсіби дамуын қамтамасыз ету.
3. Интеллектуалдық және
тұлғалық дамудағы ауытқушылықтардың
алдын алу және түзету.
4. Оқушылар мен
мұғалімдердің шығармашылық мүмкіндіктерін
анықтау.
Балалармен жұмыс істеудегі психологтың
міндеттері:
•Баланы әлеуметтендіру, яғни білім беру
мекемесі мен өз тобына, сыныбына, жаңа ережеге және қарым-қатынасқа
бейімдеу;
• Жас кезеңіндегі баланың психикалық
дамуын қалыпты ету;
• Бала дамуындағы өзіне ғана тән
ерекшелігін, әрекетінің және
қарым-қатынасының жеке стилін қалыптастыру;
• Баланың өзін-өзі жетілдіруіне
және тұлғалық өсуіне ықпал ету;
• Баланың эмоциялық және ерік
сипаттарын тұрақтандыру;
• Баланың танымдық қабілетін,
қарым-қатынасын және қайтымды байланысын белсенді ету;
• Балалармен топтағы тұлғаралық
қатынасын оңтайландыру;
• Балалардағы психологиялық ауытқулар
мен бұзылулардың алдын алу.
Психологиялық қызмет төрт құрамдас
бөліктен тұрады:
- ғылыми
- қолданбалы
- практикалық
- ұйымдастырушылық
Бұл аспектілердің әрқайсысы
орындаушыдан арнайы кәсіби даярлықты талап ететін міндеттерді
шешуден тұрады.
Ғылыми
аспект - әдіснама және практикалық
психология мәселелері бойынша ғылыми зерттеуді жүргізуді
көздейді. Мұндағы міндеттін бірі: психодиагностикалық,
психокорекциялық, психопрофилактикалық немесе психологиялық алдын
алу және дамытушы бағдарламаға психологиялық білімді
қазіргі білім берудің нақты жағдайында кәсіптік
қолдануға ғылыми негіз беру және оларды жасау болып
табылады. Демек, білім берудің тәжірибелік психологиясы туралы
теориялық және әдістемелік мәселелері бойынша
ғылыми зерттеу жұмыстарын жүргізуді білдіреді. Білім берудің
тәжірибелік психологиясы психикалық дамудың жас ерекшеліктік
заңдылықтарының индивидуалды түрде көрінуін,
оқушы жасындағы балалардың психологиялық
денсаулығының негізі болатын жеке адамдық және
индивидуалдық даму шарттарын қарастырады. Бұл жерде міндет
ретінде, психодиагностикалық және дамытушылық
бағдарламалардың операционалдық түрде
құрылуы мен ғылыми түрде негізделуі, сонымен
қатар психологиялық білімдерді, қазіргі білім беру
жүйесінің нақтылы жағдайларында,
құралдарды, тәсілдерді, әдістерді кәсіби түрде
қолдануды айтуға болады. Бұл зерттеу жұмыстарының
академиялықтан айырмашылығы, онда тек қандай да бір
психологиялық механизмдер мен заңдылықтарды анықтап
қана қоймай, нақты бір баланың жеке адам болып
қалыптасу жүйесіндегі механизмдер мен заңдылықтардың
дамуының психологиялық шарттарын көрсетеді.
Қолданбалы
аспект – білім беру қызметкерінің
психологиялық білімді қолдануын көздейді. Бұл
бағыттың негізгі өкілдері: тәрбиешілер, педагогтар,
әдіскерлер. Олар өздері дербес немесе психологпен біріге отырып, жаңа
психологиялық мәліметтерді оқу бағдарламасын, жоспарын,
оқулықтарын, дидактикалық және әдістемелік
материалдарды жасауда, оқу және тәрбие бағдарламасын
құруда қолданылады.
Практикалық
аспект - мұны мектепке дейінгі ұйым, мектеп,
білім беру мекемелерінің психологтары қамтамасыз етеді.
Олардың міндеті: балалармен, топпен, сыныппен жұмыс, белгілі бір
нақты міндетті шешуде тәрбиешімен, ата-анамен,
мұғаліммен жұмыс жүргізу, жаңа әдістер
құру емес, керісінше, ғылыми түрде бекітілген
әдістер мен тәсілдерді кәсіби түрде дұрыс
қолданып өңдей білу.
Ұйымдастыру аспектісі - бұл білім
берудегі психологиялық қызметтің құрылымын жасау.
Практикалық психологтардың білімін жетілдіру және
олардың кәсіби әрекетін қадағалау. Бұл
бөліктер иерархиялық байланыста бола отырып мынадай топтардан
тұруы мүмкін: тәжірибелік психологтар, психологиялық
қызметтің ғылыми-әдістемелік бөлімі
(орталықтар, кабинеттер), республикалық немесе федералдық
білім беру министрлігіндегі психологиялық қызмет бөлімдері.
Тек түбегейлі түрде ұйымдастырылған бөлім
қызметкерлері ғана, білім беру жүйесіне білікті
психологиялық қызмет көрсете алады, балаларға,
ата-аналарға, мұғалімдер мен білім беру орындарына
нақтылы түрде көмек көрсете біледі.
Оқушының қабілеттілік
деңгейін, зеректігін, зейінінің қасиетін анықтау
нәтижесінде психолог қолына оқушының мүмкіндігі
туралы құнды деректер береді; білім берудің бала танымына
лайық жолдарын сұрыптап, оқушылардың белсенділігін
арттыруға жағдай жасайды, педагогикалық ұжымдағы
өзара қарым – қатынас типтерін:
- мұғалім – оқушы
- оқушы –оқушы
- оқушы – басшы
- басшы – мұғалім
реттейді; топтағы психологиялық ахуалды
реттеп бірқалыпты жағдайда ұстап отыруға
мүмкіндік жасайды.
1. Алдамұратов.
Қызықты психология. - Алматы: Қазақ университетi,
1992. - 112 бет.
2. Көмекбаева Л.К. Білім беру
ұйымдарындағы психологиялық қызметті ұйымдастыру.
- А, 2003 ж.
3.
Битянова М.Р. Организация психологической работы в школе. - М.: Генезис, 2000.
- 298 с.
4. Рогов
Е.И. Настольная книга практического психолога. - М.: Владос, 2000