Аймақова
Алмагүл Рамазанқызы, Аязбаева Меруерт Серікқызы
Тараз
инновациялық-гуманитарлық университеті
БАСТАУЫШ СЫНЫП ОҚУШЫЛАРЫНДАҒЫ ДАРЫНДЫ БАЛАЛАРДЫҢ
АҚЫЛ-ОЙЛАРЫН ДАМЫТУДЫҢ ПСИХОЛОГИЯЛЫҚ ШАРТТАРЫ
Қазақстан Республикасының «Білім туралы»
заңына мемлекеттік саясат негізінде «Әр баланың жеке
қабілетіне қарай интеллектуалдық дамуы, жеке адамның
дарындылығын дамыту» сияқты өзекті мәселелер енгізіліп
отыр. Сондықтан соңғы кезде дарынды балалармен жұмыс
істеуге көп көңіл бөліне
бастады. Дарынды балаларды іздеу, оларды оқыту мен тәрбиелеу
қоғам үшін бүгін таңда ауадай қажет,
себебі дарынды адам басқаға қарағанда көп пайда
әкелетіндігі анық [1].
Бүгінгі күн
талабы-еліміздің интеллектуалдық, рухани потенциялы жоғары
дарынды балаларды анықтау, қолдау, оқыту процесін жүйелеу
болса, осы күрделі міндетті шешу үшін Республика Президенті
Н.Ә.Назарбаевтың «Дарынды балаларға арналған
мектептерді қолдау және дамыту туралы» нұсқауына
сәйкес үкіметтің 24 наурыз 1998 жылғы 256-шы
бұйрығымен республикалық ғылыми-тәжірибелік «Дарын»
орталығы құрылған еді. Облыс орталықтарында да,
аудандық білім беру бөлімінде, мектептерде де «Дарын»
орталықтары құрылып, бағдарлы жұмыс істей
бастады.
А.
Байтұрсынов өзінің «Мектеп деректері» еңбегінде былай
деп жазды: «... мұғалім қандай болса, мектеп һәм
сондай болмақшы. Яғни, мұғалім білімді болса, ол
мектептен балалар көбірек білім алып шықпақшы. Солай
болған соң, ең әуелі мектепке керегі - білімді,
педагогика, методикадан хабардар, жақсы оқыта білетін
мұғалім»[2].
Көрнекті ғалым, доктор В. Панов: «Дарындылық
оқушы үшін қабілеттілік қана емес, ол - сын. Дарынды
оқушы ұстаз үшін мәртебе әрі сын...», - деген [3].
Дарынды бала дегеніміз кім? Дарынды баламен жұмыс
жасау түрлері қандай? Баланы дамыту үшін қандай
факторлар әсер етеді? деген сияқты сұрақтар алдымен
туындайды. Педагог–психолог ғалым Н.Лейте «Дарындылық-баланың
өз құрдастарымен салыстырғанда бірдей жағдайда
білімді игеру деңгейінің жоғарылығы мен аса ерекше
байқалатын шығармашылық қабілетінің
байқауы», - десе, ал ғалым В.Крутецкий «Егер қабілеттіліктер
деген ұғымды жеке психикалық қасиеттер деп
түсінсек, онда дарындылық дегенді адамның ерекше
қабілеттерінің жиынтығының бірлігі» деп көрсетеді
[4].
Дарындылықтың санасы - зейінділік.
Дарындылық - сананың белгілі бір нысанаға бағытталып,
сол нәрсеге шоғырлануы. Дарындылық - қуат пен серпін
беретін сиқырлы күш. Дарындылық - даналығымен даралану.
Баланың
дарындылығы мынадай алты ерекшелік арқылы анықталады. Олар:
интеллектуалдылық, академиялық жетістік, шығармашылық
ойлау, ортамен байланыс жэне өз ортасына жетекшілік жасай білуі,
көркемөнерге қабілеттілігі, қимыл-қозғалысқа
бейімділігі [2].
Мұны дарынды бала қабілетінің әр
қыры деп те қабылдауға болады, әйтсе де, балаға
көп көңіл бөле білетін адамдар бұл аталған
ерекшеліктердің көп ретте бір-бірін толықтырып
тұратының байқайды.
Оқушының дарындылығының дамуы,
қабілетінің ашылуы көбінесе мұғалімнің кәсіби
біліктілігіне, және оның тұлғалық қасиетіне
байланысты.
Жаңашыл педагогтар оқушының жеке тұлғалық
абыройын барынша құрметтеуге, оның шығармашылық
қабілеттері мен бейімділіктерін, өздігімен ойлау қабілетін
дамытуға міндетті [5].
Қоғам
алға қарай дамыған сайын адамның өмірге деген
көзқарасы, білімге деген құштарлығы арта түсуде.
Толық оқып жетілген адам - ол өскен, гүлденген, жасыл
желекке бөленген, тұқымын шашқан ағаш секілді. Ал, біздің
негізгі максатымыз оқушы тұлғасын дұрыс зерттеп, табиғатын дамыту [6].
«Дарындылық-үлкен нышаннан туындайтын
қабілеттіліктің түрі. Дарындылық-адамның
сәби кезінен байқалатын дара психологиялық
құбылыс». Дарынды бала зейінді, зерек, жинақты келеді,
қиындығы мол жұмысты жан-тәнімен беріліп істейді,
мектепте ұстаздың сөзін қалт жібермейді, әдемі
жауап беруге әзір тұрады.
Нышан, қабілет, дарындылық ата-анадан
балаға қанмен берілетін белгілер. Белгілер қоршаған
ортаға, әлеуметтік жағдайға байланысты дамиды.
Дарындылықты жақсы дамытатын мүмкіндік туғызсақ,
дарындылық өз жемісін береді. Дарындылықты көре білу
ұстаздың міндеті. Алғашқы кезде болашақ музыкант,
суретші, математик, архитектор т.б. бірдей оқиды, тәрбиеленеді. Оны
ұстаз анықтайды (ойлау қабілеті, интеллектуалды
мүмкіндігі, физиологиялық жаратылысы т.б.).
Дарындылық аяқ астынан білінуі немесе
баланың өсе келуіне байланысты білінуі мүмкін. Оның
олай бөлінуі қанға немесе қоршаған ортаға
байланысты. Дарындылықты анықтау үшін баланы
әртүрлі үйірмелерге, сыныптан тыс жұмыстарға,
қоғамдық тапсырмаларға қатыстырып баланың
дарынын ашу керек [7].
Дарындылық әр жас кезеңінде
әртүрлі болып бөлінеді. Әсіресе сәби кезінде
дарындылықты жақсы айқындауға болады. Себебі бұл
кезеңде бала еш нәрседен қаймықпай, ұялмай бар
қасиетін көрсете алады, ұстаздың айтқан
ақылымен жүреді. Орташа оқитын оқушылардан да
дарындылықтың белгісін іздеп табуға болады. Бірақ
оған жағдай жасау керек, көп іздену керек. Кей жағдайда
орташа оқушыдан күтпеген дарындылықтың көзі
ашылуы мүмкін. Ол үшін оқушы ұстаздың
көмегімен өзін-өзі таба білуі, өзінің дарынын
дамыта білуі, яғни оны өзінің дарынын дамыта алатын субьект
ретінде қарағанымыз жөн. Дарындылықтың
көзін ашуға мектептен, сыныптан тыс ұйымдастырылған
үйірмелердің, үйдегі шеберхананың рөлі ерекшк.
Еңбектеніп, іздене берсе бала өзін-өзі табады.
Жеке зерттеушілердің пікірінше балалардың
дарындылығын анықтауға қаншалықты кешенді
түрде қарағанмен қателеспеу мүмкін емес.
Баланың дарындылығын анықтау оларды оқыту және
тәрбиелеу міндеттері арқылы жүзеге асырылуы қажет [8].
Педагог
ғалымдар Богоявленский Д.Н., Гальперин П.Я., Давыдов В.А., Жуйков С.Ф.,
Занков Л.В. т.б. бірқатар нақты эксперименттік зерттеулер жасап,
онда бастауыш сынып оқушысының оқуға деген зор
қабілеттерінің бар екендігін, балалардың дамуы жас
ерекшеліктеріне ғана тәуелді емес, сондай-ақ мектепте
жүргізілетін оқу-тәрбие жұмысының әдістері
мен мазмұнына байланысты екендігін көрсетіп берді. Мектепте
оқудың міндеті ақыл-ойды ғылым негіздері білімімен
байыту ғана емес, сондай-ақ балалардың жастайынан
ақыл-ойын дамытып, сол арқылы оларды, өсе келе өздері
бүкіл өмір бойына қажетті мағлұматтарды ала
білуге үйрету [9].
Қорыта келгенде, дарынды баламен
мұғалімнің өзара әрекет етуіндегі ұсынылатын
өте тиімді бір әдіс - дарынды баланың материалмен
өзіндік жұмыс істеуіне басты мән бере отырып, жеке-дара
сабақтар ұйымдастыру; дарынды баланың өзінің
білім дәрежесіне орай, бейімділігіне орай және психикалық
ерекшеліктерін ескере отырып сабақ жоспарын құрастыру,
қиын әрі шатасқан сұрақтар бойынша кеңес
беру тақырыптарын анықтау, белгілі бір уақыт аралығында
берілген білімнің нәтижесін тест тапсырмалары арқылы тексеріп
отыру, оның жан-дүниесіне үңіле білу.
ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ
1.
ҚР Білім туралы Заңы. Астана 2007.
2.
Выготский Л.С. Вооброжение и
творчество в детском возрасте. М- 1991
3.
Голубаева Э.Б. Способность и индивидуальность. М- 1993
4.
Гильбух Ю.З. Внимание: одаренные
дети. М- 1991
5.
Дүйсебек Ә. Дарынды тұлғалар тәрбиелейік.
/Қазақстан мектебі. 2004., №1. 35-37б./
6.
Жарықбаев Қ. Психология. Алматы- 1993. 254- 266 б.
7.
Жұмағалиев.С. Ұрпақ болашағы- бәрінен
қымбат. /Қазақстан мектебі. 2003. №3., 31-32б./
8.
Жумадиллаева О.А. Система поиска одаренных детей- диагностика. // Материалы
НПК «Проблемы образования в Казахстане: реальность и перспективы». – Алматы,
1993.
9.
Қасымжанова М. Асыл қазына тағылымы.
/Ұлағат., 1994. №1. 59-61б./