Аташева Д.О. – э.ғ.к., доцент, Молдашева А.Б. - э.ғ.к., доцент

М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті, Қазақстан

ҰЛТТЫҚ ТУРИЗМДІ ДАМЫТУДА КЛАСТЕРЛЕУДІҢ МАҢЫЗЫ

 

Қазақстан экономикасының орнықты дамуы, елдің индустриялық-инновациялық дамуы жөніндегі іс-шаралар кешенін іске асыру шетелдік капиталды белсенді түрде тартуға ықпал етеді. Сондықтан да туристік индустрияны дамытуға шетелдік және ішкі инвестицияларды тарту, орталық және өңірлік билік деңгейлерінің іс-қимылын нақты үйлестіруді қамтамасыз ету мақсатында жоғары деңгейлі туристік менеджмент қалыптастыру, жеке бастамалардың дамуына жәрдем ету, саланың ақпараттық кеңістігін құру, қазақстандық турөнімнің сыртқы және ішкі нарыққа жылжуының тиімді жүйесін әзірлеу, инвестициялау және салық салу мәселелері бойынша нормативтік құқықтық актілер қабылдау үшін барлық алғышарттар бар. Бұл әзірлену үстіндегі өңірлік шебер-жоспарлар шеңберінде іске асыру жоспарланып отырған туризмнің кластерлік дамуының негізгі бағыттары.

Туризм әлемнің көптеген елдерінде экономиканың ең табысты салаларының бірі, алайда Қазақстанның зор табиғи әлеуетінің болуына қарамастан бұл тенденция біздің еліміз үшін әлі шынайы емес. Дамыған инфрақұрылым, қазіргі заманғы қонақ-үй кешендері, халықаралық стандартты аэропорттар болмай біз үлкен туристік ағымдарды, сәйкесінше табыстарды да күте алмаймыз [1].

Негізгі проблема дамыған инфрақұрылымның, атап айтқанда, халықаралық стандарттарға сәйкес келетін қызмет көрсету саласының жетіспеушілігі болып табылады. Туристік ынтаның көптеген объектілері жеткілікті дәрежеде дамымаған. Проблемалардың бірі негізінен нашар халдегі жолдарға байланысты объектілерге жету қиындығы болып табылады.

Мамандардың ойынша туризмнің дамуына неғұрлым әсер ететін қонақ- үй бизнесі, көлік, туристік агенттіктер, сонымен броньдау мен резервтеудің глобальді компьютерлік жүйелері үлкен маңызға ие. Сондықтан осы обьектілерге ерекше көңіл бөліп, олардың қызмет сапасын жоғарлату мен қызмет көрсету аясын кеңейтуді жүзеге асыру керек. Туризм инфрақұрылымының жеткіліксіз дамуын, сондай-ақ қаржылық қаражаттың шектеулілігін ескере отырып, мынадай өңірлерде үш, екі жұлдызды санаттағы қонақ үйлер желісі мен туркластар құрылысына бағытталған өңірлік деңгейдегі “Еурокемпинг” жобасын іске асыру шеңберінде мейманханалар, қонақ үйлер мен мотелдер, сондай-ақ кемпингтер желісін салудың бірінші кезектегі құрылысының басымдықтарын айқындау қажет.

Сонымен қатар Жібек жолының Қазақстан аумағындағы бөлігінің туристік инфрақұрылымын дамыту, Түркістан қаласында тартымды туристік орталық құру, сауықтыру туризмін ұйымдастыру бойынша халықаралық жобаларды іске асыру, Каспий бассейніндегі елдерге халықаралық теңіз саяхатын ұйымдастыру сынды кешенді жұмыстарды іске асыруды да жоспарлауда.

Бөліп айтар болсақ, құқықтық-нормативтік базаны жетілдіру және визалық және әкімшілік-төрелік процедураларды оңайлатумен байланысты мәселелерді шешу маңызды. Бұл мәселе өз кезегінде мемлекеттік бағдарламаны іске асыруға барлық мүдделі тараптардың қатысуын, мемлекеттік және жеке секторлардың серіктесе қызмет етуін талап етеді. Сондықтан туристік индустрия нысандарын дамытуда барлық мүдделі министрліктер мен жергілікті атқарушы органдар қызметінің жұмылдырылғаны бұл күнде аса маңызды болып отыр.

Туризм сферасында бұл мәселені шешу үшін түрлі елдер азаматтары визаларды тек өкілеттіліктерде ғана емес, сонымен аэропорттарда да алу мүмкіндігі жөнінде ұсысынтар қарастырылуда. Азаматтары жеңілдетілген визалық және тіркеу режимдері құқығына ие елдер тізімін үлкейту қажет. Сонымен бірге туристік кластер шеңберінде қызмет ететін қатысушыларға салық төлеуде жеңілдіктер, тіркелу процедураларының күрделі еместігі де шешу жолдарының бірі бола алар еді. Мұндай жалпы мәселелерді жекелеген компаниялар шеше алмайды. Сондықтан олар мақсатты бағытталаған мемлекеттік саясат тарапынан бақылануы тиіс.

Қаржылық ресурстар мәселесі, бұл мәселе кластердегі барлық «экспериментті» кәсіпорындар қақтығысуымен шартталады. Салаға мол инвестиция тарту сынды стратегиялық маңызды міндет, сонымен инвестициялар тарту мен Қазақстанның инвестициялық тартымдылығын арттыруда мемлекеттік қолдаудың мықты болуын талап етеді.

Туризмнің экономиканың басым салаларының бірі болып жариялану салдарынан осы салаға салынатын инвестициялар «Инвестициялар туралы» Заң әрекетіне ұшырайды. Бұл оларға салынатын салықтардың және кедендік алымдарды төмендетеді [2]. Отандық туристік кәсіпорындарды оларға артықшылықтар мен жеңілдіктерді ұсыну жолымен несиелендіру мен инвестициялауға да ерекше көңіл бөлген жөн.

Туристің қауіпсіздігі мемлекеттің саясатына, туроператорлар мен турагенттердің турларды ұйымдастыру кезінде қабылдайтын шараларына тікелей байланысты. Террорлық актілердің, індет пен техногендік сипаттағы жағымсыз зардаптардың өсіп отырған жағдайында қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселесі өткір қойылып отыр.

Туристердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін мыналар қажет:

-   туристік кадрларды арнайы даярлауды және туристерге қызмет көрсету жөніндегі туроператорлар мен турагенттердің қызметінде қауіпсіздік техникасы жөніндегі нормалардың, ережелердің сақталуын бақылауды жүзеге асыру мәселесін пысықтау;

-   туристік ортаны қорғау және күзету;

-   қорғану және қауіпсіздік мәселелері бойынша халықты және туристерді ақпараттандыруды қамтамасыз ету;

-   ұйымдасқан қылмысқа, лаңкестікке және адам саудасына, әйелдер мен балаларды жұмыспен және жыныстық қатынаспен қанауға қарсы күрес жүргізу;

-   Қазақстанға туристік және өзге де көші-қон ағындарының кіріп кету, оның ішінде туристің атын жамылған экстремистердің «ыстық нүктелерге» өтіп кету мүмкіндігінің алдын-алу үшін бақылауды күшейту.

Жоғарыда айтылғандай, Қазақстанның басымдығы ұсынылатын туристік қызметтердің түрінде болып табылады (экологиялық туризм, мәдени-тарихи туризм және т.б.). Бұл түрлерінің әрқайсысы өзіне тән ерекшеліктеріне байланысты бірқатар мәселелерге ие.

Сонымен қатар елімізде қалыптасып жатқан кластерлік жүйеге шекарасы неғұрлым кең халықаралық кластер сияқты жобаны енгізуге болады. Мысалы, туристер алдымен Самарқанд, Бұқара қалаларын көріп, одан кейін қыста шаңғы тебуге Қазақстанға немесе суға түсуге Ыстық көлге келе алар еді.

Осылайша, туризм индустриясы мен туризм кластерін дамытудағы негізгі ұлттық бағыттар мыналар:

-  жаңа ораластыру және демалу объектілерін салу, көлік пен тасымалдау кешенінің қызметін кеңейту, т.б. арқылы инфрақұрылымды дамыту;

-  әкімшілік кедергілерді қарапайымдау, оның ішінде визаларды тіркеу процедурасы мен бақылау жүйесінің күрделелілігін әлсірету, «туристік өнімнің» арзандауына жағдай жасау, турфирмалар үшін салық ставкасын төмендету;

-  қазақстандық туристік ұсыныс пен сұраныс жайлы ақпараттық базаны жеке сектормен ынтымақтастық жасау арқылы кеңейту;

-  шетел туристері үшін жеке қауіпсіздік пен беріктілікті қамтамасыз етуде мемлекеттік кепілдікті ұсыну шараларын ұйымдастыру;

-  туристік объектілер құрылысын қаржыландыру.

 

Әдебиет:

1.       Байкожа Ж. Об индустрии туристического бизнеса // CentralAsiaMonitor.- 2009 – 13 января (№2) – С. 6.

2.       Тенденции развития туризма, презентация Министерства Туризма и спорта Республики Казахстан по данным информационного сайта www.world-tourism.org.