А.БАЙТҰРСЫНҰЛЫ
– ТІЛДІК ҚАТЫНАС
ТЕОРИЯСЫНЫҢ НЕГІЗІН
ҚАЛАУШЫ
Ильясова Н.А.,
ф.ғ.д.,
Абай атындағы ҚазҰПУдың доценті,
Үсен М.,
Абай атындағы ҚазҰПУдың 2-курс магистранты
Тілдік қатынас
теориясы адамға тән қабілеттің басты көрсеткіші
болып табылатын сөйлеу
қасиеті мен сөйлеген сөздің (сөйленім Б.Хасанұлы) (речь) қарым-қатынас жасауда атқаратын
қызметін, коммуниканттардың сөйлеу актісіндегі орнын, тілді
қолданудың тиімділігін, нормасын, сонымен қатар, ақпарат
беруде, қабылдауда психологиялық кедергіге ұшарамаудың,
ақпараттың адам эмоциясына ықпалын, оның экспрессивті
түрде, қалыпты түрде айтылуы мен қабылдануын т.б.
қарастырады. Аталған
мәселелерді саралайтын болсақ, қазақ тіл білімінде
тілдік қатынас теориясының бастау көзін
А.Байтұрсынұлының еңбектерін көруге болады.
Ғалым 1914 жылы шыққан еңбегінде-ақ:
«Біздің заманымыз жазу заманы: жазумен сөйлесу ауызбен
сөйлесуден артық дәрежеге жеткен заман. Алыстан ауызбен
сөйлесуге болмайды; жазумен дүниенің бір шетіндегі адам
екінші шетіндегі адаммен сөйлеседі. Сондықтан сөйлей білу
қандай керек болса, жаза білудің керектігі одан да артық.
Сөйлегенде сөздің жүйесін, қисынын келтіріп
сөйлеу қандай керек болса, жазғанда да сөздің
кестесін келтіріп жазу сондай керек», – дейді [1, Б. 141-142].
Ғалымның осы бір ғана тұжырмының өзінен
жалпы тілдік қарым-қатынас теориясының негізгі жүгін
көтеретін салмақты ғылыми ақпараттарды көруге болады.
Біріншіден, жазумен сөйлесу,
ауызбен сөйлесу дей келе, олардың өзіне тән
ерекшеліктері бар екенін меңзейді.
Қазіргі кезде
тілдік бірліктердің дыбысталуы, естілуі арқылы сыртқа
шығу процесін ауызша тілдік қатынас немесе тілдік
бірліктердің таңбалануы мен оны көру арқылы
қолданылуын жазбаша тілдік қатынас деп атап келеміз.
А.Байтұрсынұлының тұжырымына сүйенсек, жазумен
сөйлесу дегеніміз – сөйленімді (речь), яғни сөйлейтін
сөзімізді жазу арқылы жеткізудің дұрыс жолдарын
көрсету. Сөйлеген сөзіміз – ақпараттың
берілуі. Жазылған ақпарат
(ой) бірін-бірі көрмейтін, бірін-бірі білмейтін адамдардың
өзара қарым-қатынасқа түсу қажетін
өтей алуы тиіс.
Дұрыс
жазылған ақпарат қай кезде болмасын өз
оқырманының қажетін өтей алады. Олай дейтін себебіміз,
жазумен сөйлесуде автордан шыққан ақпараттың
қабылдаушыға (оқырман) жетуі белгілі бір уақыт
өлшемімен сараланбайды, араға минуттар, сағаттар, жылдар,
тіпті, ғасырлар салып жүзеге асырыла береді. Бұл
коммуниканттардың жүзбе-жүз отырып қатысым
әрекетіне түспейтіндігін көрсетеді. Сонымен қатар,
жазылған ақпарат оқырманның қажетін өтей
алғанда ғана жазбаша тілдік қарым-қатынас жүзеге
асырылады. Екіншіден, ауызбен сөйлесу бір-біріне жақын
тұрған адамдардың арасында жүзеге асатын тілдік
қарым-қатынас формасы. Ғалымның тілімен айтқанда,
алыстан ауызбен сөйлесуге болмайды. Ал жаққыннан ауызбен
сөйлесуге болады. Ғалым
ауызбен сөйлесуде сөздің жүйесін, қисынын
келтіріп сөйлеуді басты талап
ретінде атап көрсетеді. «Сөздің жүйесін, қисынын
келтіріп сөйлеу» дегеніне зер салсақ, ғалымның
сөйлеу категориясына ерекше мән беріп отырғанын
байқауға болады. С.Аманжоловтың «Біздіңше, сөйлеу синтаксистік категория емес.
Мағына жағынан бұл да сөзбен алмасып жатады.
Әдетте, біреу баяндама жасаса, біреу шығып сөйлесе оның
сөзі (сөйлеуі) қандай екен, қалай сөйлейді
екен деп сұрап жатамыз. Сонда біз
оның әрбір сөйлемін тексеріп жатқанымыз жоқ,
жалпы шешендігін, сөзшеңдігін, оның жұртқа
түсінікті не түсініксіздігін сөз қыламыз. Сөйлеу
синтаксиске кіргенде де осы түсініктілік я түсінбестігі
жағынан кіреді. Онда да біз әрбір сөйлемді, оның ішкі
қарым-қатынасын, байланысын жеке алып қараймыз. Сонымен
сөйлеу бір сөйлемді де, бір бүтін баяндаманы да,
біреудің шығып сөйлеген сөзін де ішіне алатын кең
ұғымды термин екенін білдік. Қазақ «сөйлеу» мен
«сөздің» мағынасын бірдей, теңдес түрде
ұғады. Ол сөйлей білмеді деген мен ол сөз білмеді
тең. Сөйлей білмеген кісіні
«аузынан сөзі, үстінен бөзі түсіп тұр дейді» [2,
14 б.] деген пікірін ескерсек, ғалымдарымыздың тұжырымы
бірін-бірі толықтырып тұрғанын көреміз.
А.Байтұрсынұлының «Сөздің жүйесін,
қисынын келтіріп сөйлеу» дегені сөйлемнің
құрамындағы сөздердің дұрыс байланысуы,
яғни синтаксистік категория емес, сөйлеушінің шаршы топ
алдында (жиналыста, дәрісте, тойда, т.б.) дұрыс сөйлеп,
тыңдаушының қабылдауына дұрыс ықпал жасай білуі
дегенді білдіреді. Ендеше, А.Байтұрсынұлы атап көрсеткен
жазумен сөйлесу, ауызбен сөйлесу ұғымы сөйленім
(речь) теориясына тән негізгі лингвистикалық категориялар деп
тануға болады. Жазумен сөйлесу категориясының
лингвистикалық сипатын ашатын факторлар – баяндаушы мен қабылдаушы
моделі, ал ауызбен сөйлесу категориясының мәнін ашатын
лингвистикалық факторлар – сөйлеуші мен тыңдаушы моделі.
Тілдік қатынасқа түсуші адамдарды
сөйлеуші-тыңдаушы, баяндаушы-қабылдаушы деп екі түрлі
модельде көрсетудің
өзіндік мәні бар. Сөйлеуші мен тыңдаушы моделі
олардың көзбе көз жүздесіп, өзара дидарласу
арқылы тілдік қатынасқа түскенін көрсетеді.
Сөйлеуші мен тыңдаушының арасындағы
қатысымаралық байланыстың аясы бір уақыт
шеңберінде болып, бір уақытты қамтитындықтан, тілдік
қарым-қатынас өзара пікір алысу, түсінісу, білмегенін сұрау, жауап беру сияқты
қатысымдық әрекеттер арқылы орындалады[3, 217 б.]. Мұны ауызба-ауыз
сөйлесу немесе ауызша формадағы сөйленімге тән
ерекшелік ретінде бағалауға болады.
Баяндаушы мен қабылдаушы моделінде
қатысымаралық байланыстың аясы анағұрлым
кең. Себебі баяндаушы мен қабылдаушы моделінің ерекшелігін
ақын-жазушылар мен оқырмандардың арасындағы тілдік
қарым-қатынас арқылы түсіндіруге болады. Оған ғалымның мына
тұжырымы негіз бола алады: «Әуезе айтатын сөзіне өзін
қатыстырмай, өзінен тысқары ғаламда болған істі
әңгіме қылады. Тысқары ғалам деудің
мәнісі – адамда екі ғалам болады; ішкі ғалам, тысқы
ғалам. Ақыл, көңіл, қиял сияқты
адамның рухына қараған жағы ішкі ғалам болады да,
онан басқалары – басқа адамдар, мақұлықтар,
нәрселер, бүтін дүние тысқы ғалам болады.
Әуезе тысқы ғалам турасындағы сөз. Ақын
әуезе түрінде сөйлегенде, уақиғаның ішінде
өзі болып, басынан кешірген адамша сөйлемейді. Тек сыртта
тұрып бақылап, уақиғаға көз салған
адамша, қатта біреуден естіген адамша айтады. Уақиғаны
бұлайша түрде айтып көрсету
тысқары түрде айту болады. Сондықтан әуезе
көркем сөздің тысқары түрі болады» – деген еді
[4, 407 б.] Бұдан мынадай нәтиже шығаруға болады:
сөйлеген сөз немесе сөйленімді (речь) тысқы ғалам
турасындағы сөйленім және ішкі ғалам турасындағы
сөйленім түрінде екіге жіктеу керек.
Тысқы
ғалам турасындағы сөйленімде коммуниканттар моделі – баяндаушы-қабылдаушы. Ішкі ғалам
турасындағы сөйленімде коммуниканттар моделі – сөйлеуші
және тыңдаушы. Бірінші модельде баяншы, ғалым атап кеткендей,
айтатын сөзіне өзін де, басқа, бөгде адамды да
қатыстырмай, адамнан тысқары ғаламда болған істі
әңгіме қылады. Екінші модельде сөйлеуші айтатын
сөзіне өзін қатыстырып, уақиғаның ішінде
өзі болып, оған басқа, бөгде адамдардың да
қатысы болған істі әңгіме қылады.
Мысалы: Сұр бұлт, түсі суық,
қаптайды аспан (А) дегенде бұл – тысқы ғалам
турасындағы сөйленім. Коммуникант айтатын сөзіне өзін
қатыстырмай табиғат болмысы туралы баяндап отыр. Мен көрдім ұзын
қайың құлағанын (А) дегенде бұл – ішкі
ғалам турасындағы сөйленім. Коммуникант айтқан
сөзіне өзін қатыстырып, уақиғаның ішінде
өзі болғанын білдіріп отыр. Бұдан мынадай қорытынды
жасауға болады: тысқы ғалам турасындағы
сөйленімде баяншының
белсенділігі басым. Ол өзін қоршаған ортадан танығанын,
көргенін, білгенін, санасына түйіп, ойына жазып оны тіл
арқылы жарыққа шығарады. Бұл – ғалым атап
кеткендей, адам санасының үш негізі, ақылға, қиялға, көңілге
негізделген [4, 343 б.] сөз өнері. Сондықтан баяншы
сөйлеген сөзін тіл арқылы жарыққа
шығарғанда, сол сәтте қабылдаушының болуын қажет
етпейді.
Ішкі ғалам турасындағы
сөйленімде сөйлеуші де, тыңдаушы да белсенді. Адам
уақиғаның ішінде өзі болса, айтқан сөзіне
өзін қатыстырса, онда өзі туралы ақпаратты өзіне
айтпайды, міндетті түрде тыңдаушысы болғанда соған
айтады. Мұнда сөйлеуші
баяншы сияқты сөйлейтін сөзіне ақылын қосып,
қиялын салып, оны көңілге тоқып айтатын сөзін
сараптап, саптап жатпайды, болған іс, уақиғаны машықты
түрде (спонтанды) айтады. Бірақ
қалай болған күнде де сөйленім
прагматикалық тұрғыдан алғанда дұрыс сөйлеп,
сауатты жазуға негізделуі тиіс. Бұл мәселе де
А.Байтұрсынұлының назарынан тыс қалмаған.
А.Байтұрсынұлы: «Айтушы ойын өзі үшін айтпайды,
өзге үшін айтады. Сондықтан ол ойын өзгелер
қиналмай түсінетін қылып айту керек. Оның үшін
айтушы сөйлейтін тілін жақсы қолдана білуі тиіс. Яғни
әр сөздің мағынасын жақсы біліп, дұрыстап
сөйлемді тізе білуі тиіс. Адам ана тілін жасынан естуінше
үлкендерден үйренеді. Сонан соң тіл танытқыш кітаптардан
таниды. Одан кейін үлгілі жазушылардың шығарған
сөздерін оқып, өзі іс жүзінше, я ауызша айтып, не жазып
қолданумен біледі. Біз
қазақ тіліндегі сөздің бәрін білгеніміз
қазақ тілін қолдана білу болып табылмайды. Тілді
қолдана білу деп айтатын ойға сәйкес келетін сөздерді
таңдап ала білуді және сол сөздерді сөйлем ішінде
орын-орнына дұрыстап қоя білуді айтамыз» деген еді [5, 349 б. ]
Ғалымның тұжырымына назар сала отырып, сөйленім
теориясының прагматикалық ерекшелігін көруге болады.
Сөйлеген сөзіміздің дұрыс айтылып, сауатты жазылуы тіл
құралдарын дұрыс қолдана білумен байланысты екенін айта
келіп, сөйленімді дамытудың механизмдерін атап көрсетті.
Олар: 1. Жас кезінде үлкендерден естіп үйрену арқылы дамиды;
2. Тіл танытқыш кітаптар немесе қазіргі қазақ тілі
оқулықтарын оқып
үйрену арқылы дамиды; 3. Үлгілі жазушылардың
шығарған сөздерін немесе қазіргі көркем
шығарма, ғылыми шығармаларды оқып үйрену
арқылы дамиды. Қазіргі таңда қазақ
жастарының сөйленімі тұрмыстық сана деңгейінде ғана
өрбіп бара жатқанын ескерсек, ғалым атап кеткен үш
механизмді қолдану бүгінгі күнгі қажеттілік.
А.Байтұрсынұлы
сөйленімнің (айтылған
немесе жазылған сөз, ой, ақпарат) психолингвистикалық
қырларын да назардан тыс қалдырмаған. Ғалымның
«Айтылған лебіз ашық мағыналы, түсінуге жеңіл,
көңілді күдіктендірмейтін болса, тіл анықтығы
дегеніміз сол болады. Лебіз ашық мағыналы болу үшін айтушы
айтатын нәрсені анық тануы керек. Адам анық танитын
нәрсесін ашық айтады да, көмескі танитын нәрсесін
көмескі күңгірт айтады. Сондықтан біреудің
айтқан сөзін анық түсінеміз де, біреудің
сөзін анық түсінбей жорамалдап жорып, ұйғарып
қана қоямыз» деген тұжырымы негізінде [6, 353 б. ] сөйлеген сөз
қабылдауға жеңіл болып, ақпарат алу барысында
қабылдаушы психологиялық кедергіге ұшарамауына қызмет
ететіндей болуы керектігін көрсетіп отыр.
А.Байтұрсынұлы
сөйлеген сөзіміз (сөйленім) адамның эмоциясына
әсер тудыратындай болуы керектігі жөнінде де тұжырым жасап,
оны тіл көрнекілігі тұрғысында түсіндіреді.
«Адамға дерекіз заттан гөрі деректі зат түсініктірек, жансыз заттың
күйінен жанды заттың күйі танысырақ. Сондықтан
адам сөйлегенде, сөзі толық түсінікті болу
үшін дерексіз заттарды деректі
затша, пернесіз заттарды пернелі затша қалыптайды. Жансыз затты жанды
заттай ғаламдайды. Ақ көңіл, шолақ ақыл, арам ой деу яки, күн
бүркіп тұр, найзағай ойнайды, су қайтты деу иә
болмаса, қазанның құлағы, ошақтың
бұты үйдің төбесі деу дерексіз заттарды деректі затша,
жансыз заттарды жанды затша, пернесіз заттарды пернелі затша қалыптау,
ғаламдау, пернелеуден шығып әдеттегі сөзге айналып
кеткен... Тіл көрнекі болуы үшін дерексіз нәрсе деректі
нәрседей, жансыз нәрсе жанды нәрседей суреттеліп,
адамның сана-саңылауына
келіп түсерлік дәрежеге жетуі керек» деген тұжырымынан
сөйлеген сөздің эмоциялық санаға ықпал
ететінін көруге болады.
Сонымен, тілдік
қатынас теориясының негізін салуда А.Байтұрсынұлы адамдардың
сөйлеген сөзін, айтқан ойын
лингвистикалық тұрғыдан саралап, коммуникативтік
аспектіде жан-жақты талдап көрсетті деуге негіз бар. Ғалымның
зерттеулері тілдік қатынас теориясының негізгі саласы болып
табылатын сөйленімге тән (речь) лингвистикалық
категориялардың мәні мен мазмұнын анықтауға
арқау болады.
А.Байтұрсынұлының
қазақ тілінің синтаксис саласына қатысты зерттеулері де
коммуникативтік аспектіде зерделенген. Сондықтан «қазақ тіл
білімінде қатысым синтаксисінің де негізін қалаған
ғұлама ғалым» деп бағалауға болады. А.Байтұрсынұлының 1925
жылы Қызылорда қаласында басылып шыққан «Тіл –
құрал» атты еңбегінде: «Сөйлем дегеніміз –
сөздердің басын құрастырып, біреу айтқан ой»
деген анықтама берілгені белгілі. Сонымен қатар, «ауыздан
шыққан сөздің бәрі сөйлем бола бермейді,
айтушының ойын тыңдаушы ұғарлық даражада
түсінікті болып айтылған сөздер ғана сөйлем
болады» [1, 263-264 б] деген тұжырымға зер салсақ, сөйлемді
пікір алысу, қарым-қатынас жасауға арналған тіл
құралы ретінде бағаланғанын көреміз. Ғалым
бастауыш пен баяндауыштың жақ категориясына қарай
жұмсалу қызметін де коммуникативтік аспектіде қарастырады.
«Бастауыш бір жақты болса, баяндауыш онымен айтылған түрде
ымыраласады. Бастауыш әр жақты болса, мәселен, бастауыш біреу
емес, бірнеше болса жана әрқайсысы әр жақты болса онда
баяндауыш басым жағымен ымыраласады. Бізге мәлім бірінші жақ
айтушы, екінші жақ тыңдаушы, үшінші жақ бөгделік
болатыны. Бірінші, екінші, үшінші жақ қатар келгенде, айтушы сөзді өзіне орайлай
сөйлегендіктен (ерекше көрсеткен біз), бірінші жақ,
екінші, үшінші жақтан басым болады. Сондықтан айтушы мен
тыңдаушы екеуінің бірдей амалын, жайын, болмысын көрсететін
баяндауыш о да бірінші жақпен айтылады. Мысалы:1) Мен, сен – екеуіміз
барамыз. 2) Мен, сен, Омар – үшеуіміз кетеміз. Бірінші мысалда мен, сен
екеуі де бастауыш. Екеуі екі жақ. Мен – бірінші жақ. Сен – екінші
жақ.Бұл екеуінің бірдей амалын көрсетіп
тұрған ортақ баяндауыш «барамыз» бірінші жақпен
ғана айтылып тұр. Екінші мысалда –
мен, сен, Омар үшеуі де бастауыш. Үшеуі үш жақ.
Мен – бірінші жақ. Сен – екінші
жақ. Ол – үшінші жақ. Бұл үшеуінің бірдей
амалын көрсетіп тұрған ортақ баяндауыш «кетеміз» бірінші
жақпен ғана айтылып тұр» [1,
274 б]. Бұдан сөйлемдегі
жақ категориясының қызметінен сөйлеуші мен
тыңдаушының кім екенін анықтауға болатынын білуге
болады. Жоғарыда берілген сөйлемде айтушы – бірінші жақта
тұрған бастауыш, егер осы сөйлемді
Сен, Омар – екеуің барасыңдар түрінде екінші жақпен
айтатын болсақ, бастауыш тыңдаушы болады да, айтушы басқа
адам болады. Омар, Жамал екеуі барады
түрінде үшінші жақта айтатын болсақ, бастауыш
сөйлеу актісіне түспей, тек сөйлемдегі айтылатын ойдың
иесі ретінде жұмсалғанын көреміз. Мұнда сөйлеу
актісіне түсіп тұрған коммуниканттар – бөгде адамдар.
Олар сөйлеу актісіне қатысы жоқ үшінші жақта
тұрған адамдар туралы пікіралысып, өзара тілдік
қарым-қатнасқа түсушілер.
Сонымен,
ғұлама ғалым А.Байтұрсынұлынан мұра болып
қалған ғылыми тұжырымдардың тіпті, әрбір
харпінде қазақ тіл білімінің дамуына арқау
боларлық көптеген идеялар бар деп қорытындылауға
болады. Оны зерделеп, саралап, талдап, ғалымның иеясын әрі
қарай дамыту – бүгінгі жастардың міндеті деп білеміз.
Әдебиеттер:
1.Байтұрсынов А.Тіл
тағылымы. – Алматы: Ана тілі, 1992. − 448 б.
2.Аманжолов С. Қазақ
әдеби тілі синтаксисінің қысқаша курсы:
оқулық. – Алматы: Санат,
1994. – 320 б.
3.Ильясова Н.А. Қазіргі
қазақ тіліндегі қатысымдық бірліктер: когнитивтік
аспектісі. Фил. Ғыл. Докт. Диссрт. Алматы, 2010.-280 б.
4.Байтұрсынов А. Сөйлеу
әуезділігі // Ақ жол.
Өлеңдер мен тәржімалар, публ. мақалалар және
әдеби зерттеу. – Алматы, 1991. - 460 б.
5.Байтұрсынов А. Тіл қисыны
// Ақ жол. Өлеңдер мен тәржімалар, публ.
мақалалар және әдеби зерттеу. – Алматы, 1991. - 460 б.
6.Байтұрсынов А. Тіл
(лұғат) анықтығы // Ақ жол. Өлеңдер
мен тәржімалар, публ. мақалалар және әдеби зерттеу. –
Алматы, 1991. - 460 б.
В статье
рассматривается выводы А.Байтурсынулы по коммуникативной лингвистики. В том
числе особо анализируется вклад в теорию речи и коммуникативный аспект синтаксиса.