Педагогические  науки/Социальная педагогика

Сандыбаева Гульнара Макеновна

Ы.Сүлейменов атындағы №37 орта мектебі, Қазақстан

ЖАС ҰРПАҚТЫ ТӘРБИЕЛЕУДЕ ОТБАСЫНЫҢ РОЛІ

Отбасы - адамзат баласының түп қазығы, алтын ұясы. Бала тәрбиесiнде отбасының алатын орны ерекше. Оны қоғамдық тәрбиенiң қандай саласы болса да алмастыра алмайды. Отбасының негiзгi қызметі баланы өмiрге келтiру ғана емес, оның бойына көне заманнан келе жатқан ұлттық тәрбиенің  тағылымдары мен аға ұрпақтың тәжiрибесiн сiңiру, қоғамға пайдалы жеке тұлға етiп тәрбиелеу болып табылады. Ата-ананың өз борышын мүлтiксiз орындауы – үлкен тәрбие мектебi. Осылайша, адамға тән рухани-адамгершілік сапа-қасиеттерді қалыптастырып, дамытудың негізі ең алдымен отбасында қаланады. Ал, отбасындағы тәрбие бесік жырынан бастау алады. Осыған орай ұлы жазушы М. Әуезов «Ұлт болам десең, бесігіңді түзе» деп айтып кеткендей, отбасындағы тәрбиенің бесік жырынан нәр алуының маңызы айрықша. Ата-ана баласына ертегі, аңыз, әңгіме, жыр-дастандарды айту арқылы, оның ойлау, қиялдау, тыңдай білушілік пен армандау қабілетін ұштайды[1].

«Қоршаған әлеммен байланыстыратын бар жақсылық - ол менің отбасым»,-деп ұлы Абай айтқандай «Әр бала дүниеге келген сәтінен бастап ес біліп, ер жеткенге дейін ата-анасынан үлгі алады. Олардан жақсы мен жаманды, мейірімділік пен қатыгездік түсінігін үйренеді. Ал бала сабаққа барғаннан бастап мектеп тәрбиеші болады. Кейбір үлкендер мектепке сеніп, үйде бала тәрбиесіне немқұрайлы қарайды. Бұл дұрыс емес. ҚР-ның «Білім туралы» Заңында: «Ата-аналар - алғашқы педагогтар» деп жазылған. Сол үшін біздің ата-аналар мен білім беру мекемелері тығыз қарым-қатынаста болуы керек. Мектептерде екі жақтың бірігуімен балалар тәрбиесіне бағытталған шаралар көптеп ұйымдастырылғаны жөн. Сонда ғана түрлі бағыттағы психологиялық тренингтер, педагогикалық кеңестер мен басқа да бірлескен жұмыстар арқылы жеткіншектер арасындағы мәселелерді оңай шешуге болады.

Жалпы, бала тәрбиесі туралы сөз еткенде, бар жауапкершілік алдымен ата-анаға жүктелетіні шындық. Иә, ата-ана - бала тәрбиесіндегі негізгі тұлға. Сондықтан да, ата-аналар баланың аяқ алысына, мінез-құлқына, жан дүниесіне терең үңіліп, отбасындағы тыныштық пен мейірімділікті сақтаулары керек. Алайда бала тәрбиесі үшін мектеп пен мұғалімнің де атқарар рөлі зор. Баланы ақылды, есті етіп тәрбиелеу - отбасы мен мектептің бірлесіп істеген жұмыстарына тікелей байланысты десек, артық айтқандық болмас.

«Қазақстан – 2030» бағдарламасында: «Әкелер мен аналардың, аталар мен әжелердің өз балалары мен немерелеріне сонау алыс болашақта, олар біздің жасымызға жеткен кезде қандай күйде көргіміз келеді…» деліні, ұрпақ тағдыры айтылады.

Мемлекетіміз бен Үкіметіміз өскелең ұрпақты тәрбиелеу мен оқыту мәселесіне шексіз қамқорлық жасап келеді. Тәрбие жұмысын жүргізу — қиын да күрделі іс. «Балаға берілетін бірінші тәрбие ата-анасын, туған-туысын, жолдасын сыйлаудан басталады. Себебі, ата-анасын сыйламаған бала жолдасына да, қоғамға да пайда келтіре алмайды» деген қазақтың белгілі ағартушы педагогы Ыбырай Алтынсариннің ата-ананың бала тәрбиесіндегі атқаратын рөлін айрықша атап көрсеткен бұл сөзі бүгінде өз мән-маңызын әлі күнге дейін  жойған жоқ.

Бала тәрбиесінің алғашқы алтын қазығы – туған ұясы, өз отының басындағы тәрбиесі, тілі. Қазақтың: «Баланың бас ұстазы – ата-ана», «Балапан ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» – дегендей, есі кіріп, тілі шыға бастасымен-ақ баланы байсалды, ұғымпаз, тілалғыш етіп баулыған жөн.

Ата-ана тәрбие беруде ата-бабамыздың салт-санасы, әдет-ғұрпында жүргізілген үлгі-өнегесінің мәнісі зор. Отбасы тәрбиесінде әкенің де, ананың да орны бөлек. Әке мен ана баланы бірге тәрбиелейді.

Жас ұрпақ өкілдеріне отбасында тәрбие беруде ғасырлар бойы ұрпақтан ұрпаққа беріліп келе жатқан ұлттық тәлім-тәрбиенің, халықтық педагогиканың маңызы орасан. Халықтық педагогиканың негізінде ұлттық сана-сезімді, ар-ожданды, ұлтжандылықты, отансүйгіштікті, қоғамдағы ережелер мен ұстанымдарды, ұлттық рухты ұрпақ жадына тоқыту әрекеті жүзеге асырылады. Осыған орай белгілі педагог-ғалым К. Оразбекова «Иман және инабат» еңбегінде: «Халық педагогикасының негізгі көздер мақсаты - бай тарихи тәжірибеге сүйене отырып, келер ұрпақты еңбекке, өнер-білім машықтарын меңгеруге, отбасы, ауыл-аймақтың, елдің ар-намысын қорғауға тағы басқа ізгі қасиеттерге баулу, яғни, адамның белсенді бет-бағдарын қалыптастыру» [3], - деген тұжырым жасайды. Сонымен, халықтық педагогиканың тәлім-тәрбиелік негізі ретінде - ата-ананы, үлкенді құрметтеу, кішіге қамқор болу, жағдайы төмен адамдарға қайыр қылу, әдептілік, парасаттылық, адалдық, шыншылдық, тектілік сияқты және т.б. қасиеттер кең байтақ өлкемізде ғасырлар бойы буыннан буынға жалғасын табуда.

Қазіргі таңда ғасырлар қойнауында жатқан ұлттық тәрбиені, адамгершілік асыл қасиеттерді қалыптастыру маңызды міндеттердің біріне айналып отыр. Осы ретте ұлттық мәдениет пен әдебиеттің, тілдің, халықтық педагогиканың тағдыры мен болашағы мектептегі жас буынның тәлім-тәрбиесіне байланысты екені анық. Сондықтан, әр мектеп балаға сапалы білім берумен қатар ұлттық бағыттағы саналы тәрбие беруге де назар аударуы тиіс. Әл-Фараби өз заманында «Балаға білім бергеннен бұрын тәрбие беру керек. Тәрбиесі жоқ білімі бар адам қасіретке ұшырайды» деген екен. Ғұламаның бұл қанатты сөздері білімнің негізі тәрбиеде жатқандығын тағы бір мәрте айшықтап отыр. Бүгінгі күні ұрпақ тәрбиесі үшін мектеп, ата-ана және қоғамның алар орны зор.

Осы орайда отбасы мен мектептің жас ұрпақ алдындағы жауапкершілігі ортақ екенін атап өткен орынды. Себебі, білім мен тәрбиені бір-бірінен бөліп қарауға болмайды.

Менің ойымша, алдымен қазіргі қазақстандық жас өскіннің өткенімізді, терең тарихымызды, ұлттық құндылықтарымызды біліп өсуіне жағдай жасау керек. Сонда ғана қазақтың нағыз көргенді, ибалы, патриот ұл-қыздары өсіп шығады.

Ата-бабаларымыздың, небір даналарымыздың ақыл-өсиеттері, ежелден келе жатқан салт-санасы мен әдет-ғұрпындағы дәстүрлі тарих тағылымдарын өмірге үйлесімді пайдалану – бүгінгі ұл мен қызға берілетін тәлімді жетілдірудің тиімді жолы. Сол үшін жас ұрпақ бойына инабаттылықты, мейірімділікті, бір-бірін сыйлау, құрметтеу сынды адамдық асыл қасиеттерді дарытуға көпшілік болып атсалысу - ортақ міндет. Ең бастысы, тәрбиесіз білім, білімсіз тәрбиенің берілмейтінін ұғынған жөн

Тәрбиенің негізгі мақсаты - дені сау, ұлттық сана-сезімі оянған, рухани ойлау дәрежесі биік, мәдениетті, парасатты, патриот жастарды тәрбиелеу десек, баланың әр кезеңдегі ерекшеліктеріне мән беріп, салауатты өмірге бет бұруына ықпал жасау керек. Жас ұрпаққа мектеп, ата-ана және әлеуметтік ортаның өзара сабақтаса отырып, мақсатты түрде рухани-адамгершілік тәрбие беруді ұйымдастыруының маңызы зор. Себебі ұлы ақын Абай Құнанбайұлы тұжырымдағандай: «адамның адамшылығы – ақыл, ғылым, жақсы ата, жақсы ана, жақсы құрбы, жақсы ұстаздан болады».

Бала сонымен қатар отбасында дау-жанжалдың қалай туындайтынын және оны шешу жолдарын, бағынуды немесе қарсы тұруды, өзара келісімге келуде адамгершілік қасиеттерді ұстануды және т.б. әрекеттерді басынан өткізеді. Осылайша рухани-адамгершілік құндылықтар мен ұстанымдар жайлы отбасында қалыптасқан көзқарас пен көңіл-күй көп жағдайда баланың есінде өмір бойына сақталынады. Сонымен бірге, өсе келе оның мінез-құлқында көрініс тауып, өмірлік ұстанатын бағытына айналады. Бұған қазақ халқының ауыз әдебиетіндегі «Отан от басынан басталады», «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» және т.б. нақылдар дәлел [2].

Бүгінгі таңда оқу-тәрбие үдерісінің басты мақсаты - ақылды да әдепті, жан-жақты жетілген, адамгершілігі мол жас ұрпақ өкілдерін тәрбиелеу болып табылады.

Пайдаланған әдебиеттер тізімі:

                    1.                    Миркенова Г. Отбасы тәрбиесінің маңызы.Алматы  – 2005

                    2.                    Жарықбаев Қ., Қалиев С. Қазақтың тәлім-тәрбиесі. -Алматы, 1995.

                    3.                    Оразбекова К.А. Ұлттық психология мен халық тәрбиесі болашақтың бастауы хақында. – А.: Дәуір, 2000.