Педагогические  науки/Социальная педагогика

Кенжебекова Ақмарал Аралбекқызы

№ 44 Ш.Смаханұлы атындағы орта мектебі, Қазақстан

ОҚУШЫЛАРДЫҢ БОЙЫНДА РУХАНИ-АДАМГЕРШІЛІК ҚҰНДЫЛЫҚТАРЫН ҚАЛЫПТАСТЫРУДЫҢ БАҒЫТТАРЫ

Болашақта ел тұтқасын ұстар азаматтардың өнегелі тәрбиесі – бүгінгі  күн тәртібінде тұрған  маңызды мәселелердің бірі. Олардың отансүйгіштік сезімін, білім мен біліктілігін, дағдысы мен шеберлігін, асқақ адамшылық және адамгершілік қадір-қасиеттерін, жаңа дүниетанымдық көзқарастарын, салауаттылық дағдыларын, ұнамды мінез-құлық нормаларын рухани-адамгершілік құндылықтар арқылы қалыптастыру- үлкен қажеттілік екендігі ел президенті Н.Ә. Назарбаевтың «Қазақстан-2030» жолдауында жан-жақты негізделген. [1,23б].

Қай  заманда болмасын, сол қоғамға сай азаматты тәрбиелеудің бірден-бір жолы адамның рухани байлығын арттыру болмақ. Қазіргі уақытта қала жастары ғана емес, берекелі ауыл мен ақ көңіл, жайдары, ойлары таза, рухани құндылығы мен адамгершілігі жоғары, тәрбиелі ауыл адамдары да өзгерген. Мысалы, адам айтса нанғысыз аурулардың көбеюі, адамгершілік қасиеттеріміздің жүдеу тартуы, кісі өлтіру, үй тонау, маскүнемдік пен нашақорлық, жезөкшелік сияқты жат қылықтармен қатар мейірімсіз, қатігез жастар ауылдан да орын алады. «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» деген сөз бар қазақта. Ендеше, жас ұрпақтың осындай күйге түспеуіне, олардың рухани бай, адамгершілігі мықты, бір-бірімен достық қарым-қатынаста өмір сүруіне жағдай жасау кезек күттірмейтін мәселе екені анық. Мұнда, әсіресе, оқушылар тәрбиесіне мектептегі дұрыс ұйымдастырылған тәрбие іс-шараларының ықпалы зор болары сөзсіз.

Рухани-адамгершілік құндылықтар мәні, тәрбиелік маңызы туралы қазақ ғұламалары, қоғам қайраткерлері мен ағартушы-педагогтар ой-пікірлері мен көзқарастары бар (Әл-Фараби, Ж.Баласағұн, Қожа-Ахмет-Иассауи, Абай Құнанбаев, Ш. Құнанбаев т.б).

Халқымыздың ұрпақ қамын ойлаған, жастарды жан-жақты адамгершілік пен өнер-білімге тәрбиелеудегі тәжірибесі ерекше. Оның негізгі ерекшелігі мен озық үлгілері, белгілі жүйелері халық шығармашылығында имандылық түрінде қалыптасқан. Мысалы,  имандылық ережелері қазақ ертегілерінде, мақалдар мен мәтелдерде, аңыз-әңгімелерде, дастандар мен жырларда, бесік жырлары мен айтыстарда, баталар мен термелерде бейнеленіп, үлгі етіліп берілген. Мұны тиімді пайдалану – халықтық педагогика міндеттерінің бірі.

Халықтық педагогика дегеніміз – тәрбие саласындағы халық шаруашылығында кездесетін көзқарастар, пайымдаушылар, өнеге арқылы көз жеткізулер, терең ойлар, іс-әрекеттер, ізденулер мен әдістердің жиынтығы және өзара байланыстылығы. Халық шаруашылығындағы тәрбие ісіне қызмет ететін, себепкер болатын, өмір тәжірибелері арқылы жинақталған озық ойлардың ролі ешқашан төмендемек емес. Жұртымыз қоғамның даму барысында жинақталған халқымыздаң ең асыл, тәлім-тәрбеилік мәні зор бүгінгі күнге жеткізіп, тәрбиелеу мен оқыту, үйрету мен баулу барысында кәдеге асырып келеді. Атадан қалған асыл пікірлер, шешендік сөздер, тәлім ойлар ұлан-байтақ Қазақстанның оңтүстігі мен солтүстігіне, шығысы мен батысы да ешқандай өзгеріссіз, бір ойда, бір мазмұнда, бір мәнде айтылады. Мысалы, «Үлкен адамдарға сәлем бер», «Ата-анаңды сыйла», «Нанды баспа», «Бидайда шашпа», «Тамақты жатып ішпе» деген сияқты ұлағатты сөздер барша қазаққа ерте заманнан-ақ қағида болып қалыптасқан.

Оқушыларды қазақтың ұлттықа сал-дәстүріне, өнері мен мәдениетіне үйрету арқылы ертеңгі күндерімізге нық басамыз, ұрпақ алдында ұялмайсыз, егемен ел, туған жер, өнегелі өмір үшін ынтамақтаса, бірлесе өткен еңбектеріміз мұратқа жеткізері сөзсіз.

Рухани адамгершілік құндылығы дамыған тұлға қалыптастыру бағыттарының мазмұнын сипаттайтын болсақ, ол негізгі алты бағытты  қамтиды:

1. Танымдық бағыт – таным мәдениеті, интеллект, білімнің біртұтастылығы, жеке тұлғаның дүниетанымы, ойлау мәдениеті, өзін-өзі жетілдіру, ой-өрісінің кеңдігі, шығармашылық іске бейімділігі, сындарды ойлай білу, білгірлік таныту, сананы жетілдіру, баға беру қабілеттерінен құрылады.

2. Ал ұлттық бағыттың мақсаты – рухани құндылықтар негізінде адамзаттылыққа тәрбиелей отырып, өзінің жеке басқа елдердің дәстүрі, тілін, мәдениетін, дінін құрметтеуге, ұлттық келісімге баулу.

3. Әлемдік бағыттың мақсаты – жалпы адамзаттық рухани құндылықтар негізінде жоғары адамзаттық сезімі бар, отанын қорғауға дайын тұратын басқа адамдардың құқықтарын құрмет тұтатын жеке тұлға қалыптастыру.

4. Салауатты өмір салты бағытының мақсаты – рухани құндылықтар негізінде жеке тұлғаның өз денсаулығын нығайтуға және ол үшін жауапкершілік сезімін арттыруға қоғам мен оның мүшелерінің денсаулықтарын дамытуға үлес қосуға тәрбиелеу.

5. Дүниетанымдық бағыт қоршаған ортаны ғылыми, діни танудан, қабылдаудан, түсінуден тұрады.

Қорыта айтсақ, әрбір еліміздің азаматы болашақта жастарымызға адамгершілік қасиеттер жайлы жеткілікті деңгейде мәліметтер берсе, сол қасиеттерді игеруге негіз қаласа, бойларындағы адамгершілік қасиеттерін болашақта дамыта түсуге баулыса, ертеңгі күні ел тұтқасын ұстаған бүгінгі жас буын да адамгершілік қасиеттерді келесі ұрпаққа динамикалық тұрғыда  жетілдіре түсулеріне оң ықпал етер еді деп сенуге болады.

ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ

1.Назарбаев Н.Ә. Қазақстан – 2030 «Барлық қазақстандықтардың өсіп-өркендеуі және әл-ауқатының артуы» атты Қазақстан халқына жолдауы. –Алматы, 1997 ж.

2.Каплиева А.Қ. Оқушыларға рухани-адамгершілік құндылықтар арқылы тәрбие беру мәселелері.// Білім берудегі менеджмент, -Алматы, 2002ж., №4, 126-128б.

3.Омарова Р.С., Нұрмұханова Г.Е. Оқушылардың шығармашылық дербестігін қалыптастырудың дидактикалық негіздері. –Ақтөбе, 2007ж.