Мырзағалиева Күлзада,
Филология
ғылымдарының кандидаты, доцент;
Міркемел Айнұр,
Қостанай
мемлекеттік педагогикалық институты филология факультетінің 3 курс
студенті
Ыбырайтанушылар
(1879- 1914 жылдар арасында)
Қазан
төңкерісіне дейін Ы.Алтынсариннің өмірі мен
қызметі жайында алғаш қалам тербеген Асылқожа
Құрманбаев еді.
А.Құрманбаев
1858 жылы бұрынғы Қостанай уезінде Торғай бойында туып
өскен. Алғаш ауыл молдасынан сауат ашқан ол кейін
мұғалімдер семинариясын бітіреді. Ы.Алтынсариннің
жолдамасымен Красноуфинскідегі
реалдық училищенің шаруа
бөлімін тәмандаған Асылқожаны Николаевск (Қазіргі
Қостанай) училищесіне оқытушы етіп жібереді. Алайда ол Омбы
губернаторының тілмашы болып орналасады. Кейін бұл жұмысты да
тастап «Дала уалаятының» газетіне қызметке тұрып, оның
қазақша жағын басқарады.
Ол Ы.Алтынсарин жайында
осы «Дала уалаятының» газетінде: «Қазақтың тілі
соншалық мол, ләкін қазақтың тілімен қандай
кітап болса да жазуға болады, «қазақша тілдің
қазірден жетекші екенін Алтынсарин бірақ ауыз сөзбен айтып
қойған жоқ еді» деп, одан әрі Ы. Алтынсариннің
«Түлкі мен қарға», «Жаз» және тағы басқа
өзге өлеңдерінің басқа тіл араластырылмай, таза
қазақша жазылғанын көрсетеді. Автор өкінішін де
жасырмай, таза қазақ тілінде басқа ұлт тілдерін
араластырмай таза жазуды ешкім талап етіп отырмағанын айтады. Мақаласын «Қазақтың
халқын һәм тілін жақсы көріп ұмтылған
адамдар марқұм Алтынсариннің көрсеткен жолымен
жүрсе жарайды» деп түйіндейді [1].
Ұлы ұстаздың қызметі мен өмірі,
үлгілі істері, шығармашылығы, ұстаздық жолы,
өмірдегі ұстанымы Н.И.Ильминскидің «Ы.Алтынсарин жайындағы
естеліктерінде» жақсы көрініс тапты. Автор естелігінде Ыбыраймен
қалай танысқанын, оның оқып білім алуына атасы атақты
Балғожа бидің тікелей себепкер болғанын, Ыбырай
Балғожаның немересі болғандықтан ғана емес,
өзінің жеке басының қасиеттерімен, сондай-ақ
дарындылығымен көзге
түсіп, маңайына жаққанын айтады. Бір сөзбен
қысқаша айтқанда, естелікте Ыбырайдың саналы өмірі,
қызметі, шығармашылығы, тұрмыс-тіршілігі, отбасы,
түгел көрініс береді.
Шығармада: «Мен оның тек басты қасиеттерін
ғана атап өттім, бірақ осылардың өзінен-ақ,
оның бүкіл жан-дүниесі, көз-қарасы, әсіресе,
өз халқын ағарту ісіне деген қызу талпынысы, оның
мұғалімдерге деген ықылас-ілтипаты көрінеді» [2],- деп
аяқталады. Осы бірер сөздің өзінен-ақ Ыбырай
Алтынсариннің қандай адам болғанын аңғару
қиын емес.
1889 жылдың 28 сентябрінде жазылған Ф.Д.
Соколовтың, дәл осы уақытта жазылған А.
Мазохиннің Ыбырай Алтынсарин туралы естеліктерінде де ұлы
ұстаздың тындырымды ісі мен шығармашылығы, өмірде
қандай адам болғандығы егжей- тегжейлі баян етіледі.
Отаншы
Әлжановтың «Қазақтарға пайдалы кітаптар» атты
мақала-рецензиясында да
Алтынсариннің аты аталып, «Қазақ хрестоматиясы» жайында
әңгіме болады [3].
О.Әлжанов – 1873 жылы 12 тамызында
Семей облысының Зайсан уезінде
Нарын болысына қарасты № 6 ауылда
(қазіргі Ақсуат ауданында) дүниеге келген. Зайсан қаласындағы ер
балаларға арналған бастауыш орыс-қазақ училищесін,
1890 жылы Омбы қалалық мұғалімдер семинариясын
бітірген. Ірі қоғам қайраткері қоғамдағы
аса маңызды мәселелерге қалам тартқан көрнекті
публицист.
Рақымжан Дүйсебаев
«Қазақтың нанғыштары» деп аталатын мақаласында
қазақтың ырымшылдығын, не болса соған сенетін
мысалдар келтіре отырып дәлелдей, қазақтарды одан
сақтандырады.
1875 жылы Ыбырай Алтынсарин куә
болған бір оқиғаны айтады. Онда бір әйелді тірідей көміп
тастаса, ол тірі екен. Ыбырайдың өзі өлді деген әйелді
қайтадан қазып алса, әйел тірі болып шығады [4].
Р.Дүйсенбаев – Қарқаралы
уезінің қазағы. Аудармашы, араб, татар, орыс тілін
жақсы білген. «Дала уалаятының» газетінде қызмет істеген жылдарында ол талантты журналист, публицист
болып қалыптасқан. Қазақ баспасөзінің тарихында
өзіндік үні, қолтаңбасы бар. Ол газет бетінде
халқымыздың әдебиеті мен мәдениеті жайында
әңгіме қозғап, әсіресе ана тіліміздің
өркендеуіне ат салысқан тұлғалардың бірі.
«Дала уалаятының газетінде» 1889
жылғы 31 санында «Оренбургский листок» газетінен аударыла басталған
«Минақиб Ибраһим Алтынсарин» деген қазанама да
Ыбырайтанудың негізі деуге болады. Өйткені мұнда да ұлы
ұстаздың өмірі мен шығармашылығы, өмірде қандай
адам болғандығы баяндалады.
Көшпелі Қазақбайұлы
«Қазақ билерінің жұмыстарды тексеретұғыны
турасынан» атты мақаласында қазақ жұрты
арасындағы билік айту ісінің жетімсіз жақтары сөз
етіледі. Билікті Алтынсариннің адал, әділ жүргізгені,
халқына жан аямай қызмет етіп, үнемі пайда келтіруді
ойлағаны алайда Ыбырайды да күндеп, атына кір келтіруді
ойлаған жандардың болғаны әңгімеленеді. Автор
Ыбырайды жоғары бағалап, Ыбырай о дүниелік болған
соң сол қазақ
ағайындарының
«Алтынсариннің ақ жүзін бекерден- бекер
қараламаққа жақұт қылғанымыз
жарамағандық екен»,- деп өкініп жүргенін айтады [5].
К.Қазақбайұлы
– Асылқожа Құрманбаевтың бүркеншек аты екенін
екеуінің жазған шығармаларын салыстыру арқылы
дәлелдеген болатын [6] Әдебиеттанушы ғалым Шәмшиябану
Сәтбаева сол кездегі орыс тілінде шығып тұрған
басылымдарда да Ы.Алтынсариннің еңбектері жылы
қабылданғанын Мәскеудегі Шығыс тілдерінің
Лазаревтік институтының «Шығыстану бойынша еңбектер»
журналының 1900 жылғы екінші санында ұлы
ағартушының «Жаз» өлеңі қазақ тілінде И.
Лаптевтің орысша түсіндірмелік аудармасымен бірге жарық
көріп, жоғары бағаланғанын айтады.
А.Н. Самойлович
түркі халықтарының әдебиеттеріне шолу жасаған
еңбегінде қазақ әдебиеті туралы да жазып, Ы.Алтынсарин
атын да құрметпен атап өткені белгілі,- деп жазады
Ш.Сәтбаева. - Өткен ғасырдың 90 жылдары негізі
қалана бастаған Ыбырайтану кеңестік дәуірде
тиянақты жалғасқаны, көптеген мақалалар мен
зерттеулер жарияланғаны аян. [2, 284].
Жоғарыда
сөз болған мақалалар Ыбырайтану негізі 1894- 1890 жылдары
қалана бастағанын айғақтайды. Алда Ұлы
ағартушының 175 жылдығы келе жатыр. Ұлы
тұлға мұраларын зерттеу толастамауға тиіс.
Пайдаланылған әдебиеттер:
1. «Дала уалаятының газеті» 1894,
10 шілде.
2. Ыбырай Алтынсарин тағылымы:
Әдеби-сын мақалалар мен зерттеулер; Құраст. М.
Жармұхамедов. Алматы: Жазушы, 1991. 357 б.
3. «Дала уалаяты» 1894, № 39.
4. «Дала уалаятының газеті»,
1896, № 2.
5. «Дала уалаятының газеті»,
1894, № 46
6. Оспанов С. Ұлы ұстаз
ұлағаты. Қостанай: Центрум ЖШС, 2014. 263-264 б.б.