Сейсембай Гүлмира Амангелдіқызы, аға оқытушы
Міркемел Айнұр Мұратқызы, қазақ тілі мен
әдебиеті
мамандығының 3 курс студенті
Қостанай
мемлекеттік педагогикалық институты, Қостанай,
Қазақстан
Абай
«толық адам» ілімі -
«Мәңгілік ел» жастарын тәрбиелеу құралы
Абай
халқымыздың ұлы ұстазы, тәлімгер педагогі.
Оның өлеңдері мен қара сөздерінің ең
басты объектісі - адам, басты мақсаты -
адам тәрбиесі. Ғалым Мекемтас Мырзахметовтің
зерттеуінше, адам болғанда да
«өзі үшін оттаған хайуанның» бірі емес, адамдар
үшін еңбек ететін, «ақыл, қайрат, нұрлы
жүректі тең ұстайтын» жан – жақты жетілген адам. Абайша
айтқанда, «толық адам». Ал
«толық адам», «жетілген
адам» дегендердің мағынасы – терең философиялық ұғымдар.
Адамды адамгершілік тұрғысынан, кісілік тұрғысынан
жетілдіруді көздейтін үлкен даналық ойлармен ұштасып
жатқан күрделі мәселе. Абайдың мұраты – адамды
адамгершілік, кісілік жағынан жетілдіру арқылы қоғамды
жетілдіру, қазақ қоғамын ілгері дамыған мәдениетті
елдер қатарына қосу. «Атымды адам
қойған соң, қайтіп надан болайын» деп, адам атына
терең мән беріп, жоғары талап қойған Абай
өз шығармаларында адамның жаратылысы мен өсіп-жетілуін,
адам болу жолы мен адамдықтан шығатын жаман істерді атап
көрсетеді [1, 6 бет].
М.Әуезовтің: "Ол
адамгершілікті, моральдық философияны барлық жайдан жоғары
қойды" деген ойы ақын танымын, көзқарасын
терең танудан туған. Ғалым Мақсат Әліпхановтің
пікірінше, Абай үшін ақындық мұрат емес - оның
ақындығы - адамгершілік танымының құралы
ғана. Ол белгілі бір адамгершілік қасиеттерді іш тартып қана
қоймай, сонымен бірге адамгершіліктің, адам болудың,
кісіліктің өзі тапқан қалыбын, жүйесі мен жолын
жасайды. Адамтану мен адамгершіліктің мәніне, сырына
үңіле түседі [2, 258-259 бет].
Ақын
мұрасын зерттеп-зерделеуге және танытуға мол үлес
қосып жүрген белгілі ғалым Мекемтас Мырзахметов
«Абайтанудың бүгінгі міндеттері» атты мақаласында «Келер ұрпақтың Абай
мұрасын мейлінше терең танып білуде, меңгеруде
Қазақстан ғалымдарының алдына қойылар ең
жауапты, ең құрметті әрі қат-қабат
қиындығы қосарлана жүретін шешуші мәселе – Абай
негізін қалаған әрі Абайдың жұмбағына айналған
«толық адам» ілімі туралы мәселені меңгеруде жатыр деген [1,
6 бет].
Шынымен де, Абай
«толық адам» ілімі – жастарға тәлім-тәрбие
берудің басты құралы. Оның ақыл, жүрек,
имандылық мәселелерін қозғаған
өлеңдері мен қара сөздері тәрбиелік мәнге
ие. Қазіргі кездегі басты
мәселелердің бірі – жастарға білім беру. Білімді алу
үшін адам баласының ақылы болу керек. Осы ақыл
мәселесі Абайда кеңінен қозғалған. «Абай тілінің сөзідігіне»
сүйенер болсақ, «ақыл» сөзі Абайдың
мұраларында 199
рет кездеседі екен. Адамның ойлау, қабілеті, сана сезім.
Сенбе жұртқа, тұрса да қанша мақтап, Әуре
етеді ішіне құлақ сақтап, Өзіңе сен,
өзіңді алып шығар, Еңбегің мен ақылың екі жақтан (І,
213) [3, 33 бет].
Абай өзінің
сегізінші қара сөзінде, он бесінші қара сөзінде, он
жетінші қара сөзінде, он тоғызыншы қара сөзінде,
қырық үшінші қара сөзінде, «Әуелде бір суық
мұз ақыл зерек», «Ғылым таппай мақтанба», «Малға
достың мұңы жоқ, малдан басқа» деген
өлеңдерінде ақыл тақырыбын қозғаған.
Он бесінші қара сөзін талдасақ. Қара сөздің
тақырыбы: ақылды кісі мен ақылсыз
кісінің айырмашылығы, есер кісі туралы. Ғұлама қозғаған, жеткізбек болған
негізгі идеясы: «Есер кісі
өмірден орнын дұрыс таппай, не болса сол, бір баянсыз,
бағасыз нәрсеге қызығып, құмар болып,
өмірінің қызықты, қымбатты шағын ит
қорлықпен өткізіп алады», «жастығы тозбастай, буыны
босамастай» болып жүргенде өмір өтіп кетеді, қайта
ойланып толғанғанды уақыт көтермейді», «екінші
талапқа қайрат қылуға жарамай қалады» [4, 338
бет]. Туындыда негізгі ой мына жолдар арқылы берілген:«Егер де есер
кісілердің қатарында болғың келсе, күнінде бір
мәртебе, болмаса жұмасында бір, ең болмаса айында бір
өзіңнен өзің есеп ал» [5, 294 бет]. Қара
сөздің тәрбиелілігі зор.
Тәрбиелілігі: Егер есті кісі болғың келсе,
өткенге ой жібер, «күнінде бір мәртебе, болмаса
жұмасында бір, ең болмаса айында бір өзіңнен
өзің есеп ал», «Өмірді қалай өткіздің екен»,
не білімге, не ахиретке, не дүниеге жарамды, күніңде
өзің өкінбестей қылықпен өткізіпсің
деп ой жүгіртіп отыр деген ақыл –кеңес айтады. [5, 338 бет].
Адам өзін-өзі тәрбиелей білуі керек.
«Толық адам» бейнесін көрсететін,
дәлірек жеткізетін басты өлеңдерінің бірі –
«Әуелде бір суық мұз ақыл зерек»
өлеңі. Абайдың 1898
жылы жазған өлеңдерінің бірі. Әрқайсысы 4
тармақты 3 шумақтан тұрады. Өлең
ағылшын, қарақалпақ, қырғыз, орыс,
өзбек, тәжік, түрікмен тілдеріне аударылған [4, 134
бет]. Тақырыбы: Ақыл, қайрат, жүрек бірлігі. Идеясы: «Ақыл, қайрат,
жүректі бірдей ұстаған» адам ғана «толық адам»
бола алады. «Біреуінің күні жоқ, біреуінсіз, ғылым сол
үшеуінің жөнін білмек»Бұл жерде жүрек
–қағылез, сергек сезімде, ал қайрат –байсалды
сабырлылық пен табанды төзімділікті тудыратын қасиет. Тәрбиелілігі: Қазіргі кезде
біреу жүрекке бағынса, біреуі ақылға бағынса,
біреуі қайраттың жетегінде кетеді. Ақыл, қайрат,
жүрек бірлігі ғана адамды «толық» етеді. Ақын бұл
өлеңінде ақылды
бәрінен бұрын қойған. Бірақ адам тек
ақылға сүйенер болса, ол адамгершіліктің
жоғарғы сатысына көтере алмайды.
Әуелде бір суық мұз – ақыл зерек,
Жылытқан тұла бойды ыстық жүрек.
Тоқтаулылық, қалыпты шыдамдылық –
Бұл қайраттан шығады, білсең
керек.
Ақылды
ыстық жүрек жылытады, қайрат шыдамдылыққа
үйретеді. Бірақ бұл үшеуі үш жаққа
кетсе, адам қалыптаса алмайды, себебі үшеуін бірдей ұстау
керек, тек сонда «толық» боласың:
Ақыл, қайрат, жүректі бірдей
ұста,
Сонда толық боласың елден бөлек.
Жеке – жеке біреуі жарытпайды,
Жол да жоқ жарыместе «жақсы» демек.
Тек
біреуіне ғана көңіл бөлген адам - «жарыместі» адам. Сол себепті, нұрлы ақыл, жылы жүрек,
ыстық қайратты бірге ұстау керек, олардың
біреуінің біреуінсіз күні жоқ:
Ақыл да, ашу да жоқ, күлкі де
жоқ,
Тулап, қайнап, бір жүрек қылады
әлек.
Біреуінің күні жоқ біреуінсіз,
Ғылым сол үшеуінің жөнін
білмек.
Яғни,
бұл үшеуін ғылым байланыстырады.
«Жүрек»
культі де – Абай шығармаларының негізгі арқауы.
Абайдағы жүректің культі жайлы ұғымға
М.Әуезов 1943 жылы абайтанудан оқыған лекциясында арнайы
тоқтала отырып, Абайдың «17-сөзі. Адамның адамгершілігі неден құралады
дегенде: қайрат, ақыл жүрек үшеуін айтып,
ғылымға жүгіндірді.Абай жүрекке бірінші орын береді.
Бірінші жүректің сезгіштігі. Мұның өзі
көрегендік. Олай болса ақыл байқағанды жүрек
сезеді. Абай өлеңінде де, қара сөзінде шабыттың
адамы, сондықтан жүрек сезімі күшті»-деп, 1891 жылдан кейін
жазыла бастаған қарасөздерінде жүрекке зор мән
бергеніне өзі де ерекше назар аударып отырған жағдайын
көреміз. [6, 103 бет]
Абай басқа қара
сөздерінде де жүректің маңыздылығын сөз
еткен. Абай он төртінші сөзінде «тірі
адамның жүректен аяулы жері бар ма? Біздің
қазақтың жүректі кісі дегені – батыр кісі дегені. Онан
басқа жүректің қасиеттерін анықтап біле алмайды.
Рақымдылық, мейірмандылық, әр түрлі істе адам
баласын өз бауырым деп, өзіне ойлағандай оларға да
болса игі еді демек, бұлар – жүрек ісі. Асықтық та –
жүректің ісі. Тіл жүректің айтқанын көнсе,
жалған шықпайды» деген [5, 293 бет]. Ойшылдың бұл
қара сөзіндегі идеясы «Жүректі
болу үшін, «ақылдының сөзін ұғып
аларлық жүректе жігер, қайрат, байлаулылық» керек. «Тіл
жүректің айтқанына көнсе, жалған шықпайды»
дегенде. Абай бұл қара
сөзінде қазақтың «жүректісін» сөз еткен.
Бірақ қазақта «жүректі кісі» бар ма? Ойшылдың
пікірінше, ««Қазақ та адам баласы ғой, көбі
ақылсыздығынан азбайды, ақылдының сөзін
ұғып аларлық жүректе жігер, қайрат,
байлаулылықтың жоқтығынан азады» [5, 293 бет].
Яғни, «жүректе жігер қайрат, байлаулылық болса», адам
«толық» болады.
Абайдың бұл ойлары оның өлеңдерінен де
көрініс тапқан. Олар: «Әуелде бір суық мұз
ақыл зерек», «Жүректе қайрат болмаса», «Жүрегім нені
сезесің», «Жүректе көп қазына бар, бәрі
қызық,», «Малда да бар жан мен тән», «Жүрегім нені
сезесің?», «Жүрегім, ойбай соқпа енді», «Алла деген сөз
жеңіл», «Жүрек-теңіз, қызықтың бәрі
асыл тас», «Жүрегім менің қырық жамау» және т.б.
Бүгінгі
қоғамдағы маңызды мәселелердің бірі –
адамгершілік құндылықтарды сақтау. Абай
еңбектерінде көтерілген
адамгершілік мәселесі, жан-жақты толысқан, рухани
кемелденген, имандылық қасиеттерді бойына сіңірген, «жылы
жүрек, нұрлы ақыл, ыстық қайратқа» ие
тұлға немесе ақын сөзімен айтқанда «толық
адам» қалыптастыру мәселесі қазіргі ұлттық
сипатымызды сақтау қажеттілігі туындап отырған
жаһандану заманында аса маңызды екені сөзсіз.
Пайдаланылған әдебиеттер:
1. Мырзахметұлы М.
Абайтанудың бүгінгі міндеттері. // «Абай» , №4, 2005
2. Абай және қазіргі заман: зерттеулер
жинағы. – Алматы: Ғылым,
1994.
3. Абай тілі
сөздігі [Мәтін]
/ құраст. ред. басқарған А.Ысқақов. -
Алматы: «Өнер», 2011
4. Абай. Энциклопедия. Р.Н. Нұрғалиев,
З.Ахметов, Л.М.Әуезова,
Б.Г.Ерзакович Алматы:
«Қазақ энциклопедиясының» бас редакциясы,
«Атамұра» баспасы, 1995
5. Абай.
«Қалың елім қазағым: шығармалары», Алматы,
«Жалын» баспасы, 1995.
6. М.Мырзахметов
«Абай және Шығыс», Алматы, «Қазақстан», 1994.