Филологические науки
Рапишева Ж.Д., фил.ғыл.,канд., Е.А.Букетов
ат. Қарағанды мемлекеттік университетінің доценті
Смағұлова Н.А., Е.А.Букетов ат.
Қарағанды мемлекеттік университетінің магистранты
ҰЛТ ТІЛІНДЕ ТЕРМИН ҚАЛЫПТАСТЫРУҒА
ҮЛЕС ҚОСҚАН ОҚЫМЫСТЫЛАР
ХХ
ғасырдың басында «ұлт тілі» мәселесін қазақ
зиялылары теориялық тұрғыдан да, практикалық
тұрғыдан да түбегейлі шешкен болатын. Сондықтан
ұлттық ғылым тілінің
бастаулары Ахмет Байтұрсынұлынан басталады. Сол үлгіде
ұлттық ғылымның негізі жасалды. Оған
А.Байтұрсынұлының
рухани серіктері, сол кездегі қазақтың
оқыған, зиялы азаматтары атсалысты.
Олардың ішінде
Елдес Омаровты (геометрия, физика оқулықтарын жазған),
Жүсіпбек Аймауытовты (психология оқулығын жазған),
Халел Досмұхамедұлын (адамның тән тірлігі (анатомия),
жануарлар т.б. медицина оқулықтарын жазған), Қаныш
Сәтбаевты (алгебра оқулығын жазған), Міржақып Дулатов,
Кәрім Жәленов, Сұлтанбек Қожановтарды (арифметика
оқулығын жазған), Жұмахан Күдеринді
(өсімдіктану оқулығын жазған), Әлімхан Ермековты
(жоғары математиканың аналитикалық геометрия
оқулығын жазған) ерекше атап өтуге болады. Бұл
еңбектер А.Байтұрсынұлы жасаған ғылыми
терминология принциптеріне негізделіп жазылған. Ғылымның
әр саласы бойынша ұлттық ғылыми атаулар жасалып,
айналымға енгізілді, ғылыми жазу мәнері қалыптаса
бастады.
Р.Сыздықова
«Тіл тағылымы» деген Ахмет Байтұрсыновтың қазақ
тілі мен оқу-ағарту еңбектері жинақталып басылған
кітапқа жазған алғы сөзінде ғалымның қазақ
тілі грамматикасына қатысты категорияларға қазақша
термин ұсынғандығын, осы күнгі қолданылып
жүрген «зат есім, сын есім,
етістік, есімдік, одағай, үстеу, шылау, бастауыш» деген т.б.
сан алуан лингвистикалық терминдердің көбі
А.Байтұрсыновтікі екендігін тұңғыш атап көрсетеді
[1].
А.Байтұрсыновтың
қазақ терминологиясын қалыптастырудағы рөлін
ахметтануға ерекше ат салысып жүрген ғалым-терминолог
Ө.Айтбаев өзінің мақалалары мен «Қазақ сөзі»
деген еңбегінде жақсы көрсеткен: «А.Байтұрсынов
жасаған тіл білімі терминологиялық лексикасы мен әдебиеттану
ғылымының терминдері күні бүгінге дейін рухани
мұхтаждығымызды өтеп отыр. Бүгінгі үздіксіз
өрістеп отырған терминологиялық процесте бұл әлі
күнге теңдесі жоқ үлгі болып есептеледі». «Біздің
ендігі мақсатымыз» - дейді ғалым - «А.Байтұрсыновтың
көрсетіп кеткен үлгісін жаңа заман талабын ескере отырып,
саналы түрде тиімді пайдалану» [2, 69].
Басқа
түркі халықтарына қарағанда, қазақ тілінде
қоғамда пайда болып жатқан ұғымдарға атау
жасауда, қалыптастыруда қазақ зиялыларының
ұстанған принциптерінің негізі дұрыс екендігі
жөнінде А.Байтұрсыновтың еңбектерінен
байқауға болады. Сонымен, А.Байтұрсынов лингвистикалық
терминдерді жасауда негізгі екі принципті ұстанған: бірі – ана
тілдің бар мүмкіндігін барынша сарқа пайдалану, екіншісі –
өзге тілдерден, әсіресе орыс тілінен әдеби тілдің
дамуына керекті, жаңа ұғымды белгілеу үшін
қажетті атау сөздерді алудан қашпау. Ол «Айқап» журналы
мен «Қазақ» газеті беттерінде жарияланған
мақалаларында, «Оқу құралы», «Тіл-құралы»,
«Тіл жұмсар», «Баяншы» деген еңбектерінде тілімізде бұрыннан
бар сөздерді белгілі ғылыми ұғымды білдіретін атау
ретінде қолданады. Мәселен, әріп,
емле, дыбыс, ноқат, буын, әліппе, дәекші, дауысты дыбыс,
сөз, сөйлем, жұрнақ, қатаң
(ұяң) дыбыстар, зат есім, сын есім, сан есім, етістік, есімдік,
үстеу, есімше, демеу, жалғау, одағай, атау, ілік, барыс,
табыс, жатыс, шығыс, көмектес, рай, баяндауыш, бастауыш,
анықтауыш, пысықтауыш, толықтауыш сияқты
лингвистикалық терминдердің, айшық,
тармақ, шумақ, бунақ, буын секілді әдебиеттану
ғылымының, әдіс, әдісқой, жалпылау әдісі,
жалқылау әдісі, сауаттау әдісі сияқты
қазақ тілін оқыту әдістемесінің негізін
жасаған терминдер. А.Байтұрсыновтың термин жасауда
қазақ тілінің ішкі байлығын молынан
пайдаланғандығы бірден байқалады.
Сонымен
А.Байтұрсынов қазақ тіл білімі, әдебиеттану
сияқты жеке ғылым салаларының ғылыми
терминологиясының негізін қалаумен бірге, көптеген
әдістеме, тарих және этнографияға, жалпы мәдениетке қатысты терминдер жасаған
ғалым.
Қазақтың
зиялы қауым өкілдері оқулықтарды, оқу
құралдарын, ғылыми шығармаларды жалпы
халықтық әдеби тілде жазуға тырысты.
Ғылым-білімнің дамуымен байланысты, тілде жаңа
ұғымдар туып отырды. Оны белгілейтін жаңа сөз (неологизмдер) туады. Ғылымның
белгілі бір саласында пайда болған жаңа сөздердің
ұзақ не қысқа уақыт қолданылуы
ғылымның өмірде алатын орнына, практикалық мәніне
байланысты.
А.Байтұрсынұлы
– тек алғашқы оқулық авторы ғана емес,
ғылым тілінің, лингвистика мен
әдебиеттану терминологиясының қалыптасуына үлкен
үлес қосқан, осы істің басында тұрған
қазақтың озық ойлы ғалымы. Сондықтан да
термин жасау мен филология ғылымын қазақ тілінде
сөйлетуге қосқан үлесін толық көрсету
үшін оның еңбектері тілші ғалымдар тарапынан арнайы
қарастырылуда.
30-жылдары
тоталитарлық үкімет тарапынан жүргізілген саясат қазақ
халқын А.Байтұрсынов, Ә.Бөкейханов,
Х.Досмұхамедов, М.Жұмабаев, Ж.Аймауытов, Ж.Кудерин, т.б. аса
білікті ұлттық кадрларынан айырды. Ұлттық негізде
іргесі қалана бастаған ғылыми терминологияның
бағыт-бағдары өзгертілді. Бұл жөнінде
Ш.Құрманбайұлының: «Егер ондай өктемдікке жол
берілмей, термин жасаудағы Ахандар бастаған үрдіс
жалғасын тапқанда, орталықта да, жергілікті мамандар арасында
да «орыс тілімен терезесі тең бола алмайды» деген пікір қалыптаспаған
болар еді. …Қазақ тілі «қабылдаушы» пассив тілдер
қатарына қосылмас еді», - деген пікірі негізсіз емес [3, 36].
Өйткені А.Байтұрсынов тіл мен әдебиет терминдерін,
Х.Досмұхамедов зоология, медицина терминдерін, М.Жұмабаев
педагогика терминдерін Ж.Аймауытов психология терминдерін, Ж.Кудерин
өсімдіктану терминдерін ана тілінің негізінде
қалағандары белгілі болды.
ХХ
ғасыр басында ғылым-білім саласында еңбек еткен алаш
оқығандары терминологиялық қорды қазақ тілі
негізінде жасап, ұлттық ғылым тілін қалыптастыруды
мақсат етті. Олар қазақ балалары ана
тілінде білім алып, ғылымды өз тілінде игеруі қажет деп
санап, оған өте үлкен мән берді. Қазақ
білімпаздары аталған мақсаттарына сәйкес жұмыстар
атқарды. Оны ең алдымен, ғасыр басында (20-30-жылдары) Алаш
оқығандарының қаламынан туындаған
оқулықтар мен оқу құралдарынан анық
көруге болады.
Зерттеушілердің
айтуынша, А.Байтұрсынұлының «Тіл – құрал»,
«Әліппе», «Әдебиет танытқыш»; Е.Омарұлының
«Пішіндеме» Х.Досмұхамедұлының «Жануарлар», «Адамның
тән тірлігі», «Табиғаттану», Ж.Аймауытұлының
«Психология», Ж.Күдериннің «Өсімдіктану»,
М.Жұмабайұлының «Педагогика», М.Дулатұлының «Есеп
тану» сынды оқулықтары мен оқу
құралдарындағы терминдердің орта есеппен 90 пайызы
қазақ тілінің төл сөздері немесе солардың
негізінде жасалған жаңа атаулар болып келеді. Кірме атаулар 10-15
пайыздан аспайды. Олардың дені тіліміздің дыбыстық
ерекшеліктерін ескеріп, үндестік заңын сақтай отырып
өзгертіліп алынған. Осы деректің өзі Алаш
оқығандарының қазақ тіліндегі термин
шығармашылығына басымдық бергеніне дәлел бола алады
[4].
Сөз болып
отырған кезеңде жарық еңбектердің бірі –
қазақтан шыққан тұңғыш
биолог-ғалым Жұмақан
Күдериннің «Өсімдіктану» оқулығы. Бұл оқулық 1927 жылы
араб әрпімен Мәскеуде, 1930
жылы латын әрпімен Қызылорда қаласында басылған.
Қазақ
тілінде жазылған тұңғыш өсімдіктану оқулығы
екендігіне және жарық көргеніне 70 жылдан астам уақыт
өткендігіне қарамастан, бұл еңбектің
бүгінгі күннің дәрежесі жоғары биолог
ғалымдары тарапынан жоғары бағалануы ғасыр
басындағы зиялылардың кәсіби деңгейінің
қаншалықты жоғары
екендігін көрсетеді.
Ж.Күдериннің
1927 жылы жарық көрген «Өсімдіктану» кітабы
қазірдің өзінде маңызын жоғалтқан
жоқ. Ол әлі де болса қазақ арасында өсімдік
өмірі жөнінде ғылым-білімді таратудың құнды құралы болып
табылады.
«Өсімдіктану» оқулығында
300-ге жуық қазақ тілінде жасалған терминдер мен
көптеген қазақша өсімдік атаулары кездеседі. Мысалы: аналық, аталық,
тұқымдық, түйіршік, тостағанша, сабақша,
қалбырша, қабықша, қалташа, қайықша сияқты терминдер морфологиялық
тәсілмен, аналықтың мойны, аналықтың аузы,
ағаштың сүйегі, бұтақты тамыр жолы, ұялы
тозаң, тұқымқап, гүлжапырақ
тәрізді терминдер
аналитикалық тәсіл арқылы, ал буын, тарамыс, түйір, тұғыр, түк, тап,
тыс, тегеурін, желек, жік, шақ, шырын, сақина,
құндақ, өзек, сұрып, обы сынды терминдер жалпы қолданыстағы сөздердің
терминденуі арқылы жасалған [5].
Осы мысалдағы терминдерді
жасауда ғалым қазақ тілінің сөзжасам тәсілдерін
кеңінен пайдаланған. Бұл терминдердің көбі
қалыптасып, қазіргі
өсімдіктану терминдерінің қатарынан орын алған.
Термин
шығармашылығының сөз болып отырған тәсілін
пайдалану арқылы жасалған терминдерді ғасыр басындағы
оқулықтар мен оқу құралдарын жасаған
авторлардың бәрінің еңбегінен көреміз. Мысалы:
Сұлтанбек Қожанұлының 1924 жылы Ташкентте
басылған «Есептану құралында» дәреже (разряд), түбір (корень), сыр (свойство),
дүркін (период) сияқты
терминдер болса, Елдос
Омарұлының 1928 жылы Қызылордада басылған «Пішіндеме» (геометрия) оқулығында түйін (теорема), қар (катет), пішін (фигура), қия
(диагональ), өріс (радиус), өре (диаметр), саты (таблица)
тәрізді терминдер, ал 1923 жылы Ташкентте жарық көрген
Мағжан Жұмабаевтың «Педагогика оқулығында» абай, әсер, елес, әдет, ес, жон,
хиял, қайрат сияқты
терминдер кездеседі [6, 131]. Жалпы ұлттық ғылыми
терминологияны қалыптастыруда осы кезеңде жарық
көрген
оқулықтардың орны айрықша болғанын
айтқан жөн.
ХХ
ғасырдың 30-жылдары орын алған зорлық-зомбылықтың,
заңдылықты бұзудың кінәсіз құрбаны
болып жазықсыз жазаға ұшырап, кейін ақталған
қазақ интеллигенциясының қыруар қайраткерлері қатарындағы
ірі тұлғалардың бірі – аса көрнекті мемлекет,
қоғам және саясат қайраткері, ұлы ғалым
профессор Халел Досмұхамедұлы.
Х.Досмұхамедұлы
– медицина, зоология, биология, тарих, тіл, әдебиет және
басқа түрлі ғылым салаларына қатысты 20 шақты
кітап, 40-тан аса мақала жазған ғалым. Солардың
бәрін жиып-теріп, оның ғылыми-теориялық пайымдауларын,
практикалық ой-ізденістерін, қазақ тіл біліміне
қосқан үлесін зерттеп, анықтау – кейінгі
ұрпақтың парызы.
Қазақ
зиялыларының ішінде Ж.Аймауытовтың
шоқтығы биік екені сөзсіз. Зерттеуші Қ. Жарықбаев
«...Біртуар қазақ зиялыларының ішінде
тәлім-тәрбие, оқу-ағарту мәселелері саласында
сындарлы, терең мағыналы ғылыми еңбектерді
өндірте жазған адамның бірі – Жүсіпбек Аймауытов. 1924 жылы мектеп мұғалімдері
мен педагогикалық оқу орындарында оқитындарға арнап
«Тәрбиеге жетекші», 1926 жылы екі кітап бірі – «Психология», екіншісі –
«Жан жүйесі және өнер таңдау», 1929 жылы «Комплекспен
оқыту жолдары», мектеп оқушыларына арналған «Жаңа
ауыл», «Сауатсыздықты қалай жою керек?» кітаптарын шығарды »
дей келе, Ж.Аймауытов еңбектерінің айрықша айтуға
тұрарлық дүниесі – оның «Психология» еңбегі
дейді. Өйткені, «... бұл
бүткіл советтік түркі тектес халықтар тіліндегі сол кездегі
бірден-бір туынды» [7, 428].
Ж.Аймауытұлының
«Психология» еңбегіндегі терминдерді қолдануға ұсыну
арқылы ғылым тілінің
ұлттық сипатын ашатын
терминдерге қол жеткізуге болады. Және де бұл
еңбек қазақша ғылым тілін қалыптастыруда да
өзіндік орны бар, психология саласында ғылыми стильде
жазылған алғашқы оқу құралы болуымен
қатар, бүгінгі психолог мамандардың негізгі тірегі,
қайнар көзі деп есептейді мамандар.
Кез
келген ұлт тілінің ғылыми терминологиясы сол
ұлттың өз тілінің негізінде қалыптасады. Тек
шаруашылығы мен өмір салтына, жазу-сызу мен ғылымның
немесе ғылымның белгілі бір саласының дамуына және
әр түрлі экстралингвистикалық фактордың әсеріне
байланысты әр тілдің ғылыми терминологиясының
қалыптасуы мен даму тарихы да өзгеше болады. Ғылыми
терминологияның жасалуы арнаулы салалардың өз алдына жеке
ғылым ретінде қалыптаса бастауымен тікелей байланысты.
Қоғам
дамуының қазіргі жағдайында ұлттық төл
мәдениет – рухани қалыптасудың негізгі көзі екені
анықталған жайт. Сол сияқты рухани мәдениеттен
таралуға тиіс ғылым тілін «қазақыландыру» бағытының
да негізгі бастау көзі осы болмақ керек.
Әдебиеттер тізімі:
1
Сыздықова Р. Байтұрсынов А.
Тіл тағылымы. –Алматы, 1990.
2
Айтбаев Ө. Қазақ сөзі (Қазақ терминологиясының негіздері). –
Алматы: Рауан, 1997. – 240 б.
3
Құрманбайұлы Ш. Қазақ
лексикасының терминденуі. – Алматы: Ғылым, 1998. – 208 б.
4
Құрманбайұлы Ш. Алаш және
терминтану (ХХ ғасыр басындағы қазақ терминологиясы.
1910-1030 жылдар). – Алматы: Ел-шежіре, 2008. – 240 б.
5
Күдерин Ж. Өсімдіктану. – Алматы: Рауан,
1992.
6
Жұмабаев М. Педагогика. – Алматы: Ана тілі, 1992. –
160 б.
7
Жарықбаев Қ.
Ж.Аймауытов еңбектері. – Алматы, 1991.