Талапбаева Гульнар Едиловна

э.ғ.к, қауымдастырылған профессор м.а

 

Сабанбаев Абылайхан Бексұлтанұлы

Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті

Мемлекеттік және жергілікті басқару мамандығының магистранты

 

Мемлекеттік басқаруда көшбасшылықты дамытудың шетелдік тәжірибесі

 

Жаңа жаһандану ғасырында биліктің бөлінуі және ақпараттық технологияның қарқынды дамуы кез келген елге тән негізгі үрдіс болып табылады. Қоғамдық және экономикалық жаһандану жаңа қабілетті талап етуде. Сол арқылы жаңа мүмкіндіктерді пайдалана отырып, халықаралық тәжірбиелер негізінде кейбір мәселелердің түйінін таба білу керек еді. Жоғарыда аталған мәселелерді заман талабына сай шешу үшін көшбасшылыққа да жаңа көзқарас пен  тәсілдер керек. Көптеген елдер өз күштерін мемлекеттік басқаруды жетілдіруге бағыттауда, осындай жолдардың бірі – шынайы өзгерістерді жасауға қабілетті көшбасшылықты дамыту. Тиімді көшбасшылық – мемлекеттік басқарудың ажырамас бөлігі, өйткені мемлекеттік қызметші ұйым мақсатына жетуге бағыттаушы көшбасшысына ғана сенім арта алады.

Жалпы мемлекеттік басқару жүйесінде көшбасшылықты дамыту жаңа, әрі сирек орын алатын жағдай емес. Ендеше бұл мәселе соншама неге қызу талқыланады? Бұлайша талқылаудың негізгі себебі адамзат алдында тұрған терең экономикалық және әлеуметтік мәселелермен, мемлекеттік қызмет сапасын арттырумен, басқару жүйесіне инновациялық және икемді тәсілдерді енгізумен, кадрлық құндылықтардың өзгеруімен, мемлекеттік аппараттағы ашықтықты қамтамасыз етумен байланыстырылады. Қазіргі басшылар сыртқы ортаның белгісіздігі және тұрақсыздығы жағдайында шешім қабылдауға мәжбүр. Сондықтан олардың басқарушылық және әкімшілік қабілеттері мен дағдыларына қойылар талап та күшейіп отыр [1, 7-б.].  

Мемлекеттік басқару тиімділігі департаменттердің, басқармалар мен бөлімдердің жұмысына тікелей жауапты басшылардың кәсіпқойлығы мен біліктілігіне қатысты анықталады. Өз қызметінде олар мемлекеттік бағдарламаларға жетекшілік ете отырып, түрлі бағыттағы мемлекеттік саясатты әзірлеуге қатысады. Мемлекеттің әкімшілік әлеуеті, яғни айтқанда, мақсаттар мен басымдықтарды дәл айқындау, оларға қол жеткізу саяси және әкімшілік элитаның сапалылығы мен басшылардың қызмет нәтижесіне тікелей байланысты екені белгілі. 1 - суретте сол әлеуетке жауап беретін негізгі факторлар келтірілген.

    Кез-келген міндеттер мен мәселелерді шешуге қабілетті басшылар аяқ астынан пайда болмайды. Керісінше, шетел тәжірибесі көрсеткендей, табысты мемлекеттік қызметшілер арнайы даярлықтан өтеді, тәжірибе жүзінде дағдыларын жетілдіре отырып, қажетті біліктілікке қол жеткізеді. Мемлекеттік басқаруды жетілдіру қажеттілігі оның тиімді түрі мен әдістерін дәлелдеуде мамандардың қызығушылығын арттырып отыр. Осы міндеттің шешілуіне шетелдік тәжірибені талдау белгілі бір көлемде рөл атқарады.

 

 

1сурет – Мемлекеттің әкімшілік әлеуеті

 

Ескерту – Автордың құрастыруы

 

Мемлекеттік басқару тиімділігін қамтамасыз етуді қолға алған Қазақстан Республикасы үшін шетелдің озық тәжірибесін, соның ішінде көшбасшылықтың дамуын зерделеудің маңызы зор. Диссертациялық жұмыстың бұл бөлімінің негізгі мақсаты – шетелдің мемлекеттік секторында көшбасшылықты дамытудың тәжірибесін талдай отырып, соның ішінен қазақстандық жағдайға ыңғайлы іс-шаралар желісін анықтау. Мемлекеттік басқарудың шетелдік тәжірибесін зерттеуде әлемнің дамыған елдерінің тәжірибесі анағұрлым қызығушылық туғызады. Сол елдерді салыстыру нысаны ретінде анықтау, сонымен қатар олардың атқарған істерін ой талқысына салу Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі жүйесін жаңғырту үрдісі кезінде маңызды болып табылады.

Жоғарыда айтып өткендей, көшбасшылықты дамыту мемлекеттік басқару саласы үшін жаңа емес. Ол мемлекеттік басқарумен қатар, бизнес саласындағы басқаруда да жиі талқыланып келеді. Қазіргі таңда көшбасшылықты дамыту мәселесіне көңіл бөлу бірқатар елдердің мемлекеттік басқару жүйесіндегі ортақ сипат болып отыр. Шетел тәжірибесі көрсеткендей, АҚШ, Германия, Жаңа Зеландия, Исландия, Норвегия және Ұлыбританияда бұл мәселеге ерекше көңіл бөлініп келеді. Ал, олардың көшбасшылықты дамытудағы себебі әртүрлі. Мысалы, ол Ұлыбританияда мемлекеттік қызметті реформалаудың басты алты бағытының бірі ретінде қабылданса, Жаңа Зеландия үкіметі халыққа сапалы қызмет көрсету жауапкершілігі ретінде белгілеген. Дегенмен, көшбасшылықты дамытудың таңдаулы бірыңғай моделі жоқ. Себебі әр елдің мемлекеттік басқару жүйесінің өзіне тән құндылықтары бар және олар бір-бірінен ерекшеленеді. Десе де, көшбасшылықты дамыту жөнінде қабылданған әртүрлі стратегиялар мен тәсілдерді әр ел өз бетімен жүргізгеніне қарамастан, зерттеу барысында ортақ үдерістердің бар екенін байқауға болады. Оларды басты үш бөлікке бөліп қарастыра аламыз:

1. Көшбасшылық стратегиясын жан-жақты дамыту. Шетел тәжірибесін талдау жұмыстары көрсеткендей, көшбасшылықты дамытудың жүйелік стратегиясын әзірлеген бірнеше ел бар. Мысалы, Ұлыбритания үкіметі мемлекеттік басқару жүйесін реформалау кезінде көшбасшылықты дамыту моделін әзірледі. Норвегия үкіметі де мемлекеттік басқару саласындағы өзгерістерге байланысты, көшбасшылық туралы өзінің стратегиялық жоспарын қайта жаңғыртты. Қазіргі уақытта Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына (бұдан әрі – ЭЫДҰ) мүше елдердің көшбасшылықты дамыту стратегиясы кең ауқымда таралуда. Бұл ұйымға мүше елдерде болашақ көшбасшыларды анықтау,  олардың біліктілігін арттыру жұмыстары кәсіби даярлық және дамыту орталықтарында өтсе, ал дамушы елдер «нарықтық модель» бойынша  көшбасшылардың біліктілігін арттыруды қолға алып отыр.

2. Көшбасшылықты дамытатын жаңа ұйымдар құру. АҚШ пен Швеция елдерінде үкімет мемлекеттік сектордағы болашақ көшбасшыларды даярлау мақсатында, жаңа ұйымдар құрған болатын. Мысалы, Швецияда құрылған Сапа мен даму жөніндегі Ұлттық кеңестің басты міндеті әлеуетті көшбасшыларды анықтау болып табылады.

Қазіргі таңда Жоғары мемлекеттік қызметшілер қызметі құрылып, көптеген елдер оған мүшелікке тіркелуде. Соның арқасында түрлі деңгейдегі іріктеу немесе білімін жетілдіру жұмыстары орталықтандырылу арқылы жүргізілуде. ЭЫДҰ-на кіретін 34 елдің 22-сінде (АҚШ, Бельгия, Греция, Жапония, Италия, Канада, Португалия, Түркия, Ұлыбритания, Финляндия, Франция, Чехия және т.б.) көшбасшыларды даярлайтын арнайы қызмет бар. Мұндай қызметтің құрылуының басты себебі – басқару мәдениетін қалыптастыру, жоғары лауазымдық басшылар буынын даярлау. 2010 жылғы шілдеде Австралияның мемлекеттік қызмет комиссиясы жанынан Көшбасшылықтың стратегиялық орталығы құрылды. Орталықтың негізгі қызметі тиімді басқару және көшбасшылықтың дамуын нығайту әдістерін жетілдіру болып табылады. Елдегі мемлекеттік қызмет реформасына жауапты мамандардың айтуынша, алдағы уақытта Стратегиялық орталық басты дағдыларды дамытуға қатысты өзінің қызмет аясын кеңейтіп отырмақ.

3. Басқару кадрларын көшбасшылыққа оқыту. Көптеген елдер көшбасшылықты дамыту үрдісін басшыларды оқыту бағдарламаларын кеңейту себебінен жүзеге асырып отыр. Финляндия көшбасшылықты дамыту бағдарламасын жаңа үлгідегі басқаруды өткен тәжірибеге сыни баға бере отырып жетілдіруде. Нидерландыда Жоғары мемлекеттік қызмет көшбасшыларға деген қажеттілікті қанағаттандыру мақсатында кеңейтіліп, құрамына барлық жоғары басшылық енгізілді [2, 35-б.].     

Кез келген мемлекет нақты қандай көшбасшы даярлау қажеттігін анықтау мақсатында, оның біліктілік бейінін бекітуі тиіс. Бұл идеяның негізі болашақ көшбасшылардың өзгелерден жауапкершілік, қабілеттілік жағынан ерекшелігі болуы керектігін талап етеді. Келешекте басқару ісінде қандай болмасын қиындықтармен кездессе де дұрыс шешім қабылдай білетін, қиындықтардан шыға алатын біліктілігі жоғары көшбасшы даярлау – жауапты, әрі күрделі міндет. Осы бағыттағы басты қадам барлық басшылар ие болуы тиіс біліктіліктерді анықтау екені белгілі. Біздің пайымымызша, біліктілік кешенді сипат санатына жатады. Ол – білім мен дағды ғана емес, сонымен бірге белгілі бір құндылықтар мен тәсілдерді сақтау, лауазымдық міндеттерін атқару кезіндегі басшылардың қызметкерлермен жеке қарым-қатынасы және дербес қасиеттері. Басшылардың көшбасшылық біліктілігін анықтайтын құжаттар көптеген дамыған елдерде қабылданған. Мысалы, Бельгия, Германия, Ирландия, Италия, Нидерланды, Польша, Ұлыбритания, Франция, Эстония және Скандинавия елдері секілді Еуро Одаққа (бұдан әрі – ЕО) мүше елдерді айтуға болады. Австралия, АҚШ пен Канада да осы тәсілге жүгінген. Бір елдерде біліктілік негізінде басқару тәжірибесі болса, Малайзия секілді даму жолына түсіп келе жатқан мемлекеттер оны енді ғана қолданып жатыр. Дегенмен, олардағы басты ортақ жағдай, ең алдымен, біліктілік (competencies) негізінде басқаруды пайдалану. Осы тәсіл шеңберінде іріктеу де, басқару да, қызмет тиімділігін бағалау да, оқыту мен дамыту да әкімшілік лауазымды иеленген, мемлекеттік қызметті бүгін де болашақта да басқара алатын жоғарғы деңгей басшылармен, яғни көшбасшылармен қамтамасыз етуге бағытталған [3, 76-б.].     

 

 

 

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі

 

 

1                       Атаманчук Г.В. Управление: сущность, ценность, эффективность: учебное пособие для вузов. – М.: Академический проект; Культура, 2006. – 544 с.

2                        Лидеры об управлении. Разговор начистоту / под ред. Мередит, Эшби, Стивена Майла. – М.: «Олимп-Бизнес», 2006. – 320 с.

3                        Адаир Д. Психология лидерства / пер. с англ. М. Котельниковой. - М.: Эксмо, 2005. – 320 с.