Ерниязова Жанат Нурахметовна

э.ғ.к, қауымдастырылған профессор м.а

 

Мырзаханов Кеңесхан Зейнуллаұлы

Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті

Экономика мамандығының магистранты

 

Жастар кәсіпкерлігін дамытудағы шетел тәжірибесі

 

Шағын және орта бизнесті дамыту ол – кез келген ел экономикасының негізі. Дамыған елдердің тәжірибелері көрсетіп отырғандай, шағын және орта бизнесті қалыптастыру мен дамыту экономиканы нығайту үшін қолайлы алғышарттар жасайды. Атап айтқанда, салалық және өңірлік монополизм жойылады, нарықта тауарлар мен қызметтер көбейеді, жаңа жұмыс орындары ашылады, ғылыми-техникалық прогрестің жетістіктері өмірге енгізіледі, қоғам тұрақтылығының кепілі болып табылатын орта тап қалыптасады. Нәтижесінде шағын және орта бизнес жүздеген мың адамдар үшін тартымды сипатқа ие болып, нарық экономикасының қажетті элементіне айналады.

Сондықтан шағын және орта биз­несті дамытуда, инновациялық және әлеуметтік-экономикалық жобалар мен бағдарламаларды жүзеге асыруда жас кәсіпкерлердің мүмкіндігі мол. Себебеі жастар – қай кезде де, қай қоғамда да аса белсенді буын. Халқымыз «ақыл жаста, асыл таста» деп жастардың бойындағы бұлқынған қуатты күшті саңлақ санамен саралай білген және оның адамгершілік тұрғыда өсіп өркендеуіне баса мән берген. Бүгінгі тәуелсіз елімізде жастардың жасампаздық рухы тіпті тасқындай түсуде. Ел экономикасының қарыштап дамып келе жатқанын ескерсек, өркендеу мен еңбек өнімділігін арттыруда жастар кәсіпкерлігін, оның ішінде инновациялық бағытты дамыту айрықша мәнге ие.

Осылайша, бүгінгі күні жастар кәсіпкерлігі Қазақстандағы шағын бизнес дамуының басым бағыттарының бірі болып табылады. Жастарды кәсіпкерлік қызметпен айналысуға ынталандырушы жағымды жағдай жасау жалпы мемлекеттік және өңірлік деңгейдегі түрлі бағдарламаларда қарастырылуда.

Қазақстанның көптеген өңірлерінде жастардың өзекті білім мен дағдыларды меңгеруіне, ақпарат алмасуына, өз идеяларын дайындауына, сарапшылар консультацияларын алуға мүмкіндік беретін алаңдардың дамымағандығын атай кету керек. Нәтижесінде инновациялық идеялар не өмірге келіп үлгермейді, не болмаса жоғары оқу орындары мен ғылыми зертханалар қабырғасынан алысқа кетпей, нарыққа шықпай қалады.

Елімізде жас мемлекет, ел тұрғындарының 27% -дан астамын 14 пен 29 жас аралығындағы жастар - 4,6 миллион, оның ішінде Қызылорда облысында 2014 жылы – 191797 адам яғни, жалпы халықтың 25,9 пайызы-  бұл деген үлкен әлеует, шағын және орта бизнесті дамытуға зор мүмкіндіктердің бар екендігін көрсетеді.

Статистика агенттігінің деректері бойынша 2014 жылдың 1 қаңтарындағы тіркелген 1 536 мың шағын кәсіпкерлік субъектілерінің белсенді жұмыс істейтіні — 631 мың (яғни - 54,5 % құрайды). Белсенді субъектілер қатарына кірмейтіндердің біршамасы нақ осы жас кәсіпкерлер.

Еңбекке жарамды халықтың ішінде 2014 жылығы жұмыссыз жастардың саны 132,7 мың адамды, жұмыссыздық деңгейі 5,4 % - ды құрады.

Халықаралық тәжірибе дамыған мемлекеттердің біразында жастар кәсіпкерлігін жүйелік қолдаудың бар екендігін көрсетеді. Өзіміздің қол­даныстағы тәжірибеден бөлек, осы са­ланы басым бағыт ретінде ұстанған шет мемлекеттердің жастармен жұ­мыс істеу жөніндегі өзіндік әдіс-тәсілде­­рін бізге де енгізіп көруге болады. Мәсе­­лен, ондай елдерде алдымен бизнес үдері­сін­де жас азаматтардың құқығын қорғау­ды көздейді. Олардың кәсіби дамуы­на көмектесіп, жастар жобасына қолдау танытады және оларға мол мүмкіндік­тер туғызу сынды мәселелерге алды­мен көңіл бөлінеді. Сонымен қатар әртүр­лі инновациялық қадамдар, тәжірибе мен ғылымның заманауи жетістігі кеңі­нен пайдаланылады.

Австрияның Федералдық экономикалық палатасы жанында Автрияның жас экономикасы (АЖЭ) атты арнайы ұйым қызмет етеді. Ұйым 36 000 адам жұмыс істейдін 9 аймақтық филиалдардан, сонымен қатар 100 муниципалдық (аудандық) және жобалық топтардан құрылған. АЖЭ мүшелік ерікті түрде жүргізіледі. АЖЭ мүшелерін бизнес саласындағы қызықты іс-шаралар мен кездесулер туралы хабарландырады, жас кәсіпкерлікті қадағалау үшін маңызды саяси-экономикалық тақырыптарда сауалнама жүргізеді, әлемдегі өзекті инновациялар жайлы арнайы инновациялық хабарлама таратады. АЖЭ аясында өз бизнесін ашу үшін жасалатын әрекеттер туралы заңды немесе тәжірибелік кеңес беретін жаңа кәсіпкерлерге арналған консалтингтік орталық жұмыс істейді. Ұйым ғаламторда бизнес-портал (Businessportal) жүргізеді. АЖЭ қаржыландыру негізінде Австрия экономикасының федералдық палатасынан беріледі.

Германияда федералдық деңгейдегі ірі жас кәсіпкерлер бірлестігі болып Wirtschaftsjunioren Deutschland (WJD) табылады. Ол 40 жасқа дейінгі жас кәсіпкерлер мен басқарушы қызметкерлерді біріктіреді. WJD құрамында 10 мыңнан аса белсенді мүшелері бар. WJD алдында қойылған мақсат – кәсіпкердің қоғамдағы жоғары мәртебесін қолдау, әлеуметтік жауапкершілігі бар экономиканың дамуына жәрдемдесу, әлемде германдық кәсіпкерліктің бәсекелестігін жоғарылату.

Тағы бір жас кәсіпкерлер бірлестігі – Отбасылық кәсіпорындардың жас меншіктенушілер одағы - Die Jungen Unternehmer (BJU Verband für junge Familien- und Eigentümerunternehmer). Одақ 1950 жылы құрылған, қазіргі таңда Германия экономикасы салаларының бар түрінен 40 жасқа дейін шамамен 1500 мүшесі бар. Кем дегенде 10 қызметкері бар, жылдық айналымы 1 млн. евродан асатын кәсіпорындардың иелері одақтың мүшесі бола алады. Сонымен қатар алдағы 5 жыл ішінде дамудың қажетті сатысына жету мүмкіншілігі бар екенін дәлелдеген жаңа кәсіпкер де одақ мүшесі бола алады.

Канададағы жас кәсіпкерлік қоры ( ЖКҚ ) – федералдық деңгейдегі ұйым болып табылады. Оның басты міндеттер жас канадалық кәсіпкерлерге жеке кәсіпорындар мен ұйымдар құруда барынша қолдау мен көмек көрсету.

Қызығушылық танытушы жас кәсіпкерлерге ЖКҚ бірқатар кешенді бағдарламалар ұсынады және олар өтініш берушілерге тегін ұсынылады. Мемлекеттік қолдау федералдық деңгейдегі екі министрлікпен жүзеге асырылады – Канаданың Шағын кәсіпкерлік пен туризм министрлігі, Канаданың Өнеркәсіп министрлігі. Жастар кәсіпкерлігіне байланысты бірқатар сұрақтарды шешуде Жастар министрлігі белгілі роль атқарады.

Бірінші деңгей – федералдық. Канадада жастар кәсіпкерлігін қолдау мен дамытуда негізгі жүктеме бүкіл ел аумағында аймақтық бөлімшелерінің тармақты жүйесі бар ЖКҚ-ға артылады.

Екінші деңгей – шет аймақтық. ЖКҚ аймақтық бөлімдерімен бірге шет аймақтардың көбінде бизнес саласында жергілікті нарықтың ерекшеліктерін, халықтың ұлттық құрамын, қалыптасқан дәстүрлерді есепке ала отырып жастарды қолдауға бағытталған басқа да коммерциялық емес ұйымдар жұмыс істейді.

Үшінші деңгей – университеттік. Іс жүзінде кез келген университетте жас кәсіпкерлердің тәуелсіз қауымдастығы (немесе клубы) бар, оның қызметі ішкі жарғымен және жұмыс тәртібімен реттеледі. Бірқатар университеттерде кәсіби факултеттермен қатар, жоғарға оқу орнына кейін берілетін білім беретін бизнес-мектептер бар. Осындай бизнес-мектептерді бітіргенне кейін түлектер өз ісін жүргізу туралы барлық қажетті және практикалық қабілеттерге ие болады, оларда нақты жасалған және сараптамадан өткен бизнес-жоспар мен телімгерлерінің кеңестері болады, бұлардың бәрі мемлекеттік қаржылық қолдау алуға өтінім беру кезінде қойылатын талаптардың бірі.

ЖКҚ қызметі Канаданың өнеркәсіп министрлігінен, Онтарио шет аймағының үкіметінен, канадалық 5 ірі банктерден – CIBC, Montreal Bank, RBC, Scotiabank, TD Canada Trust, 6 компаниядан – Bombardie, EnCana, Canam Group, Shaw, Axor, Clearwater, 3 қордан – Alberta Lottery Fund, RBC Foundation, The Jonh Dobson Foundation қаржыландырады. Тағы 13 ұйым ЖКҚ кейбір бағдарламаларын тұрақты түрде қолдайды. Жастар кәсіпкерлік қорының көмегімен 17 500 аса жаңа жұмы орындары құрылып, 400 аса жас кәсіпкерлер жобаларына инвестициялар салынды.

Статистикаға сәйкес, бүкіл әлемдегі 18 бен 30 жас аралығындағы шамамен 300 млн жас адамның не тұрақты жұмыс орны жоқ, не мүлдем жұмыссыз болып табылады. Олардың арасындағы шамамен 20 % өз ісін бастау үшін озат қабілетке ие және, түрлі себептермен, тек қана 5 % осындай шешім қабылдай алады (Global Entrepreneurship Monitor Consortium 2013).

Жалпы жастар кәсіпкерлігін мем­лекеттік қолдаудың әртүрлі аспекті­лері бірнеше нормативтік-құқықтық құжаттармен реттеледі. «Қазақстан Республикасындағы Мемлекеттік жас­тар саясаты туралы» заңында жас­тар саясатындағы негізгі міндеттер мен қағидаттар тізбектелген. Алайда мұнда кәсіпкерлік тақырыбы мүл­дем қозғалмайды. Сол кездің өзінде жас­тарды кәсіпкерлік қызметке тарту – бас­ты бағыттардың бірі ретінде айтылса да, мәселенің мәнісі терең қарасты­рылмаған. Осы орайда, алдымен заң­наманы жетілдіру керек.

Жастар кәсіпкерлігін кәсіпкерліктің ерекше сараланымы ретінде бөліп көрсетуге себеп – ол кәсіпкерліктің басқа түрлеріне қарағанда өзіне ғана тән белгілерге, күшті және әлсіз жақтарға ие.

 Жастар кәсіпкерлігінің күшті және әлсіз жақтары

Жастар кәсіпкерлігінің күшті жақтары:

- Жоғары инновациялық белсенділік, ойлаудың инновациялылығы;

- Жинақылықтың жоғары деңгейі, ұстанымдарының икемділігі, жаңа нарықтарды игеру бойынша әрекет жасаудың жылдамдығы;

- Өзінің кәсіпкерлік білімдері мен дағдыларын өндіріс пен нарықтағы өзгергіш талаптарға сәйкес жүйелік жаңарту мүмкіншіліктерінің жоғары деңгейі;

- Жас адамдардың кәсіпкерлік қызметті, әсіресе оның бастапқы сатысында, алып жүретін жоғары еңбек және жүйке жүктемелеріне төзуге әлеуетті қабілеті;

- Жастардың тәуекелге бейімделгіштігі.

Жастар кәсіпкерлігінің әлсіз жақтары:

- Болмашы әлеуметтік тәжірибе;

- Іскерлік абыройдың жоқтығы;

- Экономикалық заңдар мен механизмдерді қолданудың әлсіз тәжірибелік дағдылары;

- Бастапқы капиталды қалыптастыру проблемасы;

- Бизнес саласындағы және билік-басқару құрылымдарындағы жеке байланыстардың жеткіліксіздігі;

- Бюрократиялық құрылымдар ықпалынан қорғалмағандық;

- «Көлеңкелі» кәсіпкерлікке қызығудың аса белсенділігі және криминалдық құрылымдар ықпалынан қорғалмағандық.

 

 

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі

 

 

1 "Қазақстан 2050: болашаққа жол" Қазақстан Республикасы мемлекеттік жастар саясатының 2020 жылға дейінгі тұжырымдамасы// Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 27 ақпандағы № 191 қаулысы.

2 Ганин A.M. Управление развитием молодежного инновационного предпринимательства в регионах Российской Федерации: Автореф. дис. канд. экон. Наук: 08.00.05. Москва, 2005.

3 Голубев С.В. Государственное регулирование социально-предпринимательской деятельности молодежи в Республике Марий Эл: Автореф. дис. канд. соц. Наук: 22.00.08.- Йошкар-Ола, 2005.