Талапбаева Гульнар Едиловна

э.ғ.к, қауымдастырылған профессор м.а

Құлжан Айсұлу Жанаманқызы

Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті

Экономика мамандығының магистранты

 

Құрылыс саласының материалдық ресурстарын оңтайлы пайдаланудың негізгі бағыттары

 

 

Құрылыс саласында материалдық ресурстар өндірістің негізгі факторларының бірі болып табылады. Олар шығарылатын өнімнің заттай құрамын қалыптастырады және ондіріс процесін қандай да бір дәрежеде қамтамасыз етеді. Ал шығарылған өнім қоғамның қажеттілігі мен тұтынысын қамтамасыз етеді. Сондықтан да қоғамның әл – ауқаты материалдық ресурстарды қалай пайдалануына, материалды тұтыну тұрғысынан өндіріс процесі қаншалықты тиімді әрекет етуіне байланысты. Құрылыс кәсіпорындарының экстенсивтіден интенсивті типіне ауысуы, кез келген мемлекеттің экономикасының алдына материалдық ресурстарды оңтайлы және тиімді пайдалану проблемасын қояды.

Құрылыста шикізат пен отын – энергетикалық ресурстарды оңтайлы пайдаланудың негізгі бағыттарына мыналар жатады:

- жылу және отын – энергетикалық баланстың құрылымын жақсарту;

- шикізатты өнеркәсіптік кәсіпорындарда тікелей пайдалану үшін оларды анағұрлым мұқият және сапалы даярлау, өңдеу;

- шикізат пен отынды сақтау мен тасымалдауды дұрыс ұйымдастыру, сапасын төмендетпеу және ысырапқа жол бермеу;

- шикізатты кешенді пайдалану;

- өндірісті химияландыру;

- өндіріс қалдығын пайдалану;

- шикізатты екінші рет пайдалану.

Минералды және органикалық шикізаттың әр түрін құрылыста пайдалану, сәйкес дайындықты талап етеді. Өнеркәсіптің әр саласында шикізатты бірінші рет өңдеудің бірнеше түрі қолданылады.

Шикізатты бірінші рет өңдеудің негізгі түрлеріне мыналар жатады:

- шикізатты байыту (қара және түсті металлургия рудалары, коксохимиялық өндірістегі көмір);

- шикізатты алдын ала тазарту мен стандарттау

Байыту дегеніміз - өнімнің болашақта техникалық мүмкін және өңдеуге немесе пайдалануға жарамдысын сараптайтын шикізатты алғашқы өңдеу түрі. Байыту мыналарға мүмкіндік береді:

- табиғи қазбадағы пайдалылық компонентінің құрамын арттыру;

- оның құрамындағы зиянды заттарды жою;

- минералдарды бір – бірінен айыру.

Шикізатты байыту нәтижесінде екі негізгі өнім алынады: концентрат және қалдық. Қазіргі уақытта қазылып алынатын түсті және сирек металдардың темір рудалардың үлкен бөлігі, барлық фосфориттер дерлік, асбестік және граниттік рудалардың 95 % - дан астамы және көмірдің 40 % - дан астамы байытуға жіберіледі.

Байытудың экономикалық маңыздылығы мынада:

- өнеркәсіптің шикізаттық базасы кеңейтіледі;

- дайын өнімге қажетті шикізатты келешектегі өңдеуі арзандайды;

- шикізатты қазып алған жерден, оны өңдеу орындарына тасымалдайтын транспорттық шығындар қысқарады;

- транспорт құралдарына деген қажеттілік төмендейді және оларды пайдалану тиімділігі артады.

Өнімнің материалды тұтыну тиімділігінің және материал сыйымдылығының деңгейінің серпіні оның сипатын анықтайтын көптеген факторлардың, қозғалыс күштерінің, қандай да бір процестің салдарынан қалыптасады.

Осыған байланысты бұларды сыртқы және ішкі факторлар, сондай – ақ оларды техникалық, технологиялық, экономикалық және ұйымдастырушылық сипаттағы факторлар деп бөлеміз.

Сыртқы факторларға мыналар жатады:

1. Ресурстық қорды мемлекеттік реттеу – мемлекеттік бағдарламалар, салық жүйесі, баға құрылымы саясаты, амортизациялық саясат, қаржы – несиелік саясат, стандарттау. Мемлекеттің ресурстық қор саясатын жүзеге асыруда маңызды ролді өндіріс пен салаларды техникалық дамыту, шағын және қалдықсыз технологияларды енгізу және т.б. бағдарламалар атқарады.

2. Нарық конъюнктурасы – материалдық ресурсқа деген ұсыныс пен баға (кәсіпорынның өндірістік бағдарламасын жасауда маңызды рол атқарады); кәсіпорын өнімінің сұранысы мен бағасы (шығарылатын өнімнің ассортиментін анықтайды); транспорттық – дайындау шығындарының деңгейін анықтау (жабдықтаушыларды таңдауға әсер етеді); бәсеке (ассортимент, сапа баға саясаты және тағы да басқа жағдайларда шешім қабылдауға әсер етеді) жатады.

3. Ғылыми – техникалық даму – жаңа материалдардың пайда болуымен (жаңа конструкциялық материалдар); жаңа технологиялармен (қалдықсыз, тұйық өндірістік цикл және т.б); жаңа техникамен (материалдарды пайдалану коэффициентінің артуымен); жаңа энергия көздерімен; жаңа біліммен сипатталады.

4. Жалпы экономикалық факторлар – жалпы кәсіпорын қызметінің, материалдық ресурстарды пайдалану процесінің стратегиясына әсер етеді. Бұл елдегі экономикалық жағдай; жалпы экономиканы мемлекеттік реттеу; халық шаруашылығының инфрақұрылымдық жағдайы және т.б.

5. Басқа да факторлар – экологиялық (қоршаған ортаны ластау, пайдалы қазбалар қорын жою); табиғи – климаттық (ғимарат пен құрылғылар құрылысы кезінде материалдық ресурстың шығынына ылғалдылықтың, температуралық режимінің әсері, жылу – энергетикалық ресурстардың шығыны; қоршағаг ортаның қолайсыздық жағдайынан қорғау қажеттілігі); саяси және т.б жатады.

Ішкі факторлар сыртқы факторлардың әсеріне байланысты қозғалады. Бірақта дәл осы ішкі факторлар кәсіпорынның материалдық ресурстарды пайдалану деңгейін анықтайды.

Техникалық факторлар жобалау кезеңінде пайда болады және олар өнімнің бір данасына келетін материалдық ресурстың жеке түрлерінің шығынын төмендетуге әсерін тигізеді, сондай – ақ бұйымның сапасы мен техникалық сипатын арттырады. Бұған жататындар:

- бұйымның абсолютті және үлес массасын төмендету, машинаның прогрессивті типін таңдау, өнімділіктің бірлік қуаттылығын арттыру, деталдың анағұрлым оңтайлы материалын таңдау, машинаның сенімділігімен ұзақ қызмет етуі және т.б;

- тұтынылатын материалдың сапасын арттыру;

- қымбат бағалы және тапшы материалдарды ауыстыру.

Технологиялық факторлар өнімді дайындау кезеңінде әрекет етеді, материалдардың ысыраптылығы мен қалдығын төмендетуге әсерін тигізеді,. Оған жататындар:

- жақсартылған техникалық сипаттағы жаңа жабдықтарды енгізу, әрекет етуші жабдықтарды модернизациялау мен реконструкциялау, қалдықтар мен шығындарды қысқарту;

- прогрессивті материалды үнемдейтін технологияны енгізу;

- жеңілдетілген технологиялық тәсілдерді енгізу;

- деталдарды өңдеу мен дайындау тәсілдерін жетілдіру;

- өндірісті механикаландыру мен автоматтандыру, компъютеризациялау деңгейін арттыру.

Көптеген ұйымдастырушылық және экономикалық факторлар материалдық ресурстарды тұтыну деңгейіне тікелей емес, конструктивті, инновациялық және технологиялық факторлар арқылы әсер етеді, яғни құрастыру немесе өнімді өндіру процесінде көрінуі мүмкін.

Ұйымдастыру факторлары материалдарды тұтыну тиімділігін арттыру мақсатында өндірісті ұйымдастыру мен құрылымын жетлідіруге бағытталған.

Оған жататындар:

- өндірісті ұйымдастыруды жетілдіру;

- материалдық ресурстар шығынын нормалау жүйесін жетілдіру;

- материалдық ресурсты пайдаланудың есептеу жүйесін жетілдіру;

- материалдық ресурспен қамтамасыз ету жүйесін жетілдіру;

- ақау болдырмау мақсатында өнім мен дайындау сапасын бақылауды жетілдіру;

- өнім шығарудағы құрылымдық қозғалыстар;

- персонал құрылымы, қозғалысы мен біліктілігі.

Экономикалық факторлар кәсіпорында материалдық ресурстарды пайдалануды оңтайландыру процесіне жағдайлар туғызады. Экономикалық факторларға мыналар жатады:

- жұмысшыларды экономикалық ынталандыру жүйесі;

- материалдық ресурстарды оңтайлы пайдаланбағаны үшін экономикалық жауапкершілік жүйесі;

- кәсіпорынның экономикалық жағдайы.

Қазіргі заманда материалдық ресурстарды үнемдеудің экономикалық мәні келесіде болып отыр:

- шикізат, материалдар мен отынның үлес шығынын төмендету өндіріске үлкен көлемде экономикалық пайда әкеледі. Ол ең алдымен, берілген материалдық ресурс көлемінен мейлінше көп дайын өнім өндіруге мүмкіндік береді, сол себепті өндіріс ауқымын ұлғайтуға мүмкіндік жасайды;

- материалдық ресурстарды үнемдеу өндіріске жаңа, неғұрлым үнемді материалдарды ендіруге, ұдайы дамыту үдерісіндегі жекелеген салалар арасында мейлінше тепе – теңдікті орнатуға, өнеркәсіп өндірісінің біршама кемелдеген салалық құрылымына қол жеткізуге жағдай жасайды;

- материалдық ресурстарды үнемдеуге деген ұмтылыс әр уақытта жаңа техниканы ендіру мен технологиялық үдерістерді жетілдіруге итермелейді;

- материалдық ресурстарды тұтынуда қол жеткізілген үнемдеу өндірістік қуатты барынша тиімді пайдалануға және қоғамдық еңбек өнімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Бұрынғы затқа айналған еңбектің мешікті шығынын төмендетудің өзі қоғамдық еңбек өнімділігінің өсімін көрсетеді. Бірақ үдеріс мұнымен шектелмейді – материалдық ресурстарды үнемдеу нақты еңбек шығынын үнемдеуге де септігін тигізеді; материалдарды тасымалдауға, оларды жөнелтуге, қабылдауға, сақтауға пайдаланылатын жұмыс күшінің салыстырмалы шығынын кеміте түседі;

- материалдық ресурстарды үнемдеу өнеркәсіптік өнімнің өзіндік құнын төмендетуге едәуір деңгейде әсер етеді. Қазірдің өзінде материалдық шығынның үлесіне өндірістің бүкіл шығынның төрттен үш бөлігі тиесілі, келешекте өндірістің техникалық деңгейінің өсуімен өнім өндіруге жұмсалатын еңбек үлесі артады, демек еңбек заттары мен еңбек құралдарын пайдалануды жақсарту өндірістің қоғамдық шығынын үнемдеудің басты бағыты болып табылмақ;

- материалдық ресурстарды үнемдеу өнімнің өзіндік құнының төмендеуіне айтарлықтай әсер ете отырып, кәсіпорынның қаржылық жағдайына да оң ықпалын тигізеді.

 

 

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі

 

1 Назарбаев Н.Ә. Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму. Қазақстан халқына Жолдауы, 2015 жыл.

2 Ұлт жоспары - Н.Назарбаевтың бес институционалдық реформасын жүзеге асырудың 100 қадамы, 20 мамыр 2015 жыл, Астана.

3 Фисун В.А. Экономика строительства: учеб. пособие/ В.А.Фисун. – М.: РГТУПС, 2009.