Ғ.Қ Хасенов

Алғашқы әскери дайындық және дене шынықтыру пәнінің мұғалімі.

Көктал жалпы орта білім беретін мектебі. Жаңарқа ауданы Қарағанды облысы

 

МЕКТЕПТЕ ПАТРИОТТЫҚ ТӘРБИЕ БЕРУДЕГІ АЛҒАШҚЫ ӘСКЕРИ ДАЙЫНДЫҚ ПӘНІНІҢ ОРЫН

 

Мақалада  мектепте оқушыларға патриоттық тәрбие беру үдерісіндегі алғашқы әскери дайындық пәнінің орны мен рөлі мәселесі қарастырылады. Патриотизм ұғымын сараптаумен қатар, жастардың бойында  ұлтжандылық, отансүйгіштік сезімдерді қалыптастыру қажеттілігі айқындалынады. Сонымен қатар, патриоттық тәрбие берудің кешенді, жүйелі үдеріс екені талқыланады.

Түйін сөздер: отансүйгіштік, патриотизм, халық, ел, оқушы, мектеп, оқу үдерісі, тәрбие, алғашқы әскери дайындық.

 

В статье рассматривается место и роль предмета начальная военная подгатовка  в процессе патриотического воспитания учеников  в школе. Наряду с изучением понятия патриотизм,  обосновывает необходимость формирования у молодежи патриотизма, чувства любви к Родине.   Вместе с тем, патриотическое воспитание рассматривается как комплексный, системный процесс.

Ключевые слова: любовь к Родине, патриотизм, народ, страна, ученик, учебный процесс, воспитание, начальная военная подготовка.

 

In article the place and a role of a subject initial military preparation in the course of patriotic education of pupils at school is considered. Along with studying of concept patriotism, proves need of formation at youth of patriotism, feeling of love for the country. At the same time, patriotic education is considered as complex, system process.

Keywords: love for the country, patriotism, people, country, pupil, educational process, education, initial military preparation.

 

ХХІ ғасырдың жаһандану үдерісі бүкіл әлем халықтарын бір-біріне жақындатып, мемлекет аралық байланыстарды күшейтіп, өркениеттердің өзара ықпалын одан ары жандандыра түсуде. Жер бетіндегі барлық ұлттар  өзара жақындасып, олардың мәдениеті, ділі, діні өзгеріске ұшырауда. Сондықтан жоғары технологиялы өндіріс кең қанат жайған, ақпарат басты құндылыққа айналған қазіргі заманғы қоғамда ұлттық сипаттағы тамыры тереңге жайылған құндылықтарымызды сақтай отырып, заман ағымына лайықты өз ана тілін білетін, басқа тілді құрметтейтін, тарихи зердесі жоғары, ұлттық салт-дәстүрден нәр алған, әлемдік ғылыми-техникалық прогресс көшіне ілесе алатын ұрпақты тәрбиелеу өте маңызды қажеттілікке айналып отыр.

Бүгінгі таңда еліміздің әрбір ұлтжанды азаматын ойландырмай қоймайтын, халқымыздың болашақта рухани тазаруы мен дамуы қалай болады, ұлттық тіліміз бен ділімізді, дінімізді, мәдениетімізді қалай сақтап қаламыз, өз есебімізді өзгеге бермей, өркениеттілікке қалай жетеміз деген сұрақтар өзекті мәселеге ретінде күн тәртібінде тұр. Осы мәселелерді шешудің бір жолы - ұлттығымызды, тәуелсіздігімізді жан-тәнімен қорғайтын және оған жасалып жатқан әр түрлі шетпиғылдарға тегеурінді тойтарыс бере алатын ойы орнықты, сөзі салмақты, парасатты азаматтарды тәрбиелеу.

Бүгінгі таңда ХХІ ғасыр табалдырығын еркін аттаған азат ұрпаққа тәлім-тәрбие мен білім беруді жетілдірудің басым бағыттарын айқындап, ұлттық сананы қалыптастыру көкейкесті мәселелердің бірі болып отырғаны анық. Сондықтан келешек ұрпақты ұлтжандылық, отансүйгіштік тұрғыдан тәрбиелеу қажет. Жас ұрпаққа ұлтжандылық тәрбие берудің негізгі бағдарлы идеялары еліміздің Президенті Н.Ә.Назарбаевтың ««Қазақстан – 2050» Стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты халыққа жолдауында көрініс тапқан: «Өз бойымызда және балаларымыздың бойында жаңа қазақстандық патриотизмді тәрбиелеуіміз керек. Бұл ең алдымен елге және оның игіліктеріне деген мақтаныш сезімін ұялатады. Бірақ бүгінде қалыптасқан мемлекеттің жаңа даму кезеңінде бұл түсініктің өзі жеткіліксіз. Біз бұл мәселеге прагматикалық тұрғыдан қарауымыз керек. Осындай тәсіл ғана патриотизмді және оны тәрбиелеу мәселесіне прагматикалық және шынайы көзқарасты оятады. 2050 жылға қарай біз Қазақстанның кез келген азаматы ертеңгі күнге, болашаққа өте сенімді болатындай саяси жүйе құруымыз керек. Біздің балаларымыз бен немерелеріміз сырт елден гөрі Отанында өмір сүргенді артық көретіндей, өйткені өз жерінде өзін жақсы сезінетіндей болуға тиіс. Біздің еліміздің әрбір азаматы өзін өз жерінің қожасы ретінде сезінуге тиіс»[1]. Сондықтан  жас ұрпақты өз халқының тарихын, тегін, салт-дәстүрін, тілін, білімін меңгерген мәдениетті, адами қасиеті мол, шығармашыл тұлға етіп тәрбиелеу – өмір талабы, қоғам қажеттілігі.

Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңы жас ұрпаққа жан-жақты білім мен тәрбие берудің мемлекеттік саясатының негізгі ұстанымдарын айқындап берді: Қазақстанның барлық азаматтарының білім алуға тең құқылы, әрбір азаматтың интеллектуалдық дамуына, психо-физиологиялық ерекшеліктеріне қарай, білімнің барлық деңгейіне кең жол ашылды. Әрбір азаматтың білім алуға құқылығын негізге ала отырып, бойына ұлттық құндылық қасиеттерін қалыптастырып, тәрбиелеуде дидактикалық шарттар, яғни оқыту, тәрбиелеу, дамыту, қалыптастыру үдерісін жан-жақты қамту қажеттілігі туындайды.

Жас ұрпаққа сапалы біліммен бірге саналы тәрбие беру қай кезде де өзектілігін жоғалтқан емес. Қазір де солай. Арғы ата-бабаларымыз жас өренді елін, жерін сүюге үндеп, ұлттық салт-дәстүрмен сусындатуды мұрат тұтқан. Жаңа ғасырлардың белесінде өзінің 25 жылдық тарихына табан тіреген Қазақ елінің патриоттардың мекеніне айналуы өзгеге үлгі, өзімізге медеу. Мемлекет тарапынан отансүйгіштікті дамыту, сапалы білімге жол бастау бағытында келелі шаралар атқарылып, көлемді бағдарламалар жасалып жатқаны сондықтан болар.

Ұлтжандылық, отансүйгіштік, патриотизм сезімдері әркімнің бойында  әр кезеңде оянып, кейін кәмелетке келгенде біржола буыны қатып, тәжірибемен, уақытпен, біліммен, қоршаған ортаның ықпалымен, балабақша, отбасы, мектеп, жоғарғы оқу орындары, бұқаралық ақпарат құралдары, қоғамдық ұйымдар мен қозғалыстар әсерімен қалыптасады.  Оларды қалыптастыратын басты орта – отбасы мен мектеп. Өйткені өскелең ұрпақтың өмірінің басым бөлігі осы өзара тығыз байланысты екі ортада өтеді.

Мектеп қабырғасында жас буынның бойында ұлтжандылық, отансүйгіштік, патриотизм сезімдерін қалыптастыру, оларды Отанға, Қазақстанға, өз халқына деген мақтаныш сезімі тұрғысында тәрбиелеу кешенді үдеріс болып табылады.  Жалпы білім беру бағдарламасындағы барлық пәндер осы үдерістің дамуына өз үлесін қосады. Патриоттық сезімнің объектісі мен қайнар көзі - Отан десек, оның мазмұны: туған жер, табиғат, оның байлықтары, тарихы, халқы, оның тілі, салт-дәстүрі мен мәдениеті. Мектептегі білім беру үдерісі ауқымында осыларды жан жақты қарастыратын пәндердің барлығы арнайы тәрбиелік жұмыстармен ұштаса отырып, оқушы тұлғасын ұлтжандылық тұрғысында қалыптастыруға ұмтылады.

Бастауыш сынаптардан бастап оқушы Отан, туған жер, ұлт, халық, ерлік, егемендік, тәуелсіздік, патриот  ұғымдарын жете түсіне бастайды. Өз Отанының, ұлтының тарихы туралы алғашқы мәліметтер жиынтығымен танысады.

Тарихты оқып-үйрену оқушылардың бойында жалпы адамзаттың қалыптасуы мен дамуы, қоғам, мемлекет, тәуелсіздік жолындағы күрес және т.б. туралы жүйелі білім қалыптастырып,  адамзат тарихындағы халықтар мен жеке тұлғалардың орны мен рөлін түсінуге мүмкіндік береді.  Тарихи білімді игеру ұлтжандылық, отансүйгіштік, патриоттық сезімдермен бірлесе, сабақтаса жүзеге асады.

Жас буынның өз елінің ұлтжанды азаматы, патриоты болып қалыптасуына әдебиеттің де қосар үлесі зор. Өз ұлтының, әлемдік мәдениеттің озық үлгілерімен танысу оқушының рухани құндылықтарды өз бойына сіңіруіне,  әдеби шығармалардың жағымды кейіпкерлерінің іс-әрекеті негізіде тәлім-тәртіптік образ қалыптастыруына, өткен мен бүгіннің арасын байланыстырып, өз Отаны, өз халқы туралы мақтаныш сезіміне кенелуіне мүмкіндік береді.

Дегенмен, мектепте оқылатын барлық пәндердің арасында патриоттық тәрбие беруде алғашқы әскери дайындық пәнінің міндеті айрықша.  Алғашқы әскери дайындық пәні бұрынғы Кеңестер Одағында жастарды әскери  қызметке дайындаудың құрамдас бөлігі ретінде барлық жалпы білім беретін мекемелерде оқытылған болатын. Алайда Кеңестер Одағы тараған соң,  бұл пәнді мектеп бағдарламаларынан алып тастау – жастарға әскери патриоттық тәрбие беру, оларды әскер қатарында қызмет етуге дайындау ісіне едәуір зиянын тигізіп, жалпы білім беру деңгейіне де әсер етті. Тіпті Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінің жеке құрамының моральдық - адамгершілік сипатында да көрініс тапты. Сондықтан Қазақстан Республикасының Үкіметінің 1996 жылғы 1 қарашадағы №1340 «Алғашқы әскери дайындық туралы» қаулысы бойынша «Алғашқы әскери дайындық» пәні жалпы орта білім беретін мектептер мен бастапқы және орта кәсіптік білім беретін ұйымдарда 1996 - 1997 оқу жылынан бастап қайта енгізілді.

«Алғашқы әскери дайындық» пәні оқу бағдарламасының негізгі мақсаты – саптық, тактикалық, атыс, медициналық дайындық, топография, азаматтық қорғаныс бойынша оқушылардың білімдерін қалыптастыру, Отансүйгіштікке, ұлтжандылыққа тәрбиелеу, алған білімдерін практика жүзінде көрсетуге ықпал жасау. Жас жеткіншектерді болашақта ҚР Қарулы Күштерінің қатарында болуға тәрбиелеу, ең алдымен, олардың бойында Қазақстанның  азаматы деген мақтаныш сезімін қалыптастыруды, Отан қорғау қажеттілігін жете түсіндіруді, мектеп түлегі, Отанның  болашақ қорғаушысы қандай болуы керек деген сұраққа жауап беруді қажет етеді. Міне осы міндеттерді орындау алғашқы әскери дайындық пәнінің ауқымында жүзеге асады.

Мектеп ұжымы оқушыларға әскери-патриоттық тәрбие беру үдерісінің басты міндеттерін жақсы білуі тиіс. Олардың қатарында мыналарды атап өтуге болады:

1.                      Балалар мен жастарды әскери-патриоттық және азаматтық тәрбиелеу саласындағы мемлекеттік саясаттың жүзеге асуына үлес қосу.

2.                      Өскелең ұрпақтың бойында патриоттық, Отанға деген сүйіспеншілік  сезімдерін қалыптастыру, оларды еліне қызмет  ету, оны қолына қару алып қорғау рухында тәрбиелеу.

3.                      Өз елі мен туған өлкесінің тарихын зерттеу.

4.                      Отан қорғаушыларды мәңгі еске ақтауға байланысты іс-шаралар дайындау және өткізу.

5.                      Қарулы күштердің үздік дәстүрлерімен таныстыру.

6.                      Оқушылардың денсаулығын дамыту, салауатты өмір салтын қалыптастыру.

7.                      Оқушыларды әскери қызметке дайындау.

Осындай мәндеттерді жүзеге асыру мақсатында мектепте әскери-патриоттық тәрбие берудің жылдық жоспары жасалады.  Жалпы жоспар құруға  тек алғашқы әскери дайындық пәніннің мұғалімі ғана емес, басқа да пән мұғалімдері, әсіресе дене шынықтыру, тарих, география, сынып жетекшілері, мектеп әкімшілігі  жұмыла қатысып,  мектеп ұжымы оны бірлесе жүзеге асыруға тырысады.

Әскери-патриоттық тәрбие, ең алдымен, оқу үдерісінде іске асырылады. Алғашқы әскери дайындық пәні бойынша өтетін сабақтарда оқушылар Отан қорғауға бағытталған әскери қызметтің қыр-сырымен танысады,  өздерінің бойында болашақта Қарулы күштердің қатарында болуға қажетті сапаларды дамытады. Оқу бағдарламасына сәйкес оқушылар әскери қызметтің нақты салалары бойынша білім алумен қатар, Қазақстанның Қарулы Күштерінің тарихымен танысып, олардың бейбіт өмірді қорғаудағы ерліктерін мақтан етеді.

Патриоттық тәрбие өз халқының салт-дәстүрлерін, тарихын білумен  қатар,  сол елде тұратын басқа ұлттарға құрметпен қарумен, олардың да тарихын, ұлттық бейне-болмыс білумен тікелей байланысты. Көпұлтты мемлекетте ұлттар достығы, ұлтаралық келісімнің орын алуы мектеп қабырғасынан бастап оқушылардың бойында барлық ұлттардың теңдігі туралы түсінік қалыптастыруды қажет етеді. Ондай түсінік патриотттық тәрбие ауқымында қалыптасады. 

Оқушыларға патриоттық тәрбие беру – оқушылардың бойында жоғары патриоттық сана, өз Отанына деген  мақтаныш сезімін, Қазақстан Республикасының азаматы ретінде болашақта өзінің азаматтық парызы және конституциялық міндетін, яғни олардың Отан мүддесін қорғауға дайын болуын қалыптасыруға бағытталған жүйелі, мақсатты іс-әрекет. Ең бастысы, жастар мектеп қабырғасында жүріп өз бойларында өзіне деген сенімді, өзінің білетініне, қолынан келетініне деген сенімді, өзіндік ар-намыстарын қалыптастырады. Сонымен қатар, оларға өмірдің мәнін айқындауда көмек көрсету, заңды, ұжымдық өмір нормаларын құрметтеуге тәрбиелеу, әлеуметтік және азаматтық жауапкершілігін дамыту да  мектепте  жүзеге асады. Адам бойындағы мұндай қасиеттер, сапалар өз Отанының әл- ауқаты мен оның іргесінің берік болуына, қорғаныс қабілетін арттыруға қамқорлық танытудан көрінеді.  Сондықтан мұндай қасиеттер, сапалар болашақ Отан қорғаушысына ғана емес, жалпы кез келген адам үшін қажетті болып табылады.

Бүгінгі таңда әлемде, өз қоғамымызда болып жатқан өзгерістер мемлекет аумағының бүтіндігін сақтау, халықтың тыныштығын алатын лаңкестерге қарсы ұйымшылдықпен күрес, халықтың бейбір өміріне қауіп төндіретін кез келген сыртқы және ішкі күштерге қарсы тұрудың маңызды екенін көрсетіп отыр.  Бұл жастарды ұлтжандылық, отансүйгіштік, патриоттық рухта тәрбиелеудің де маңызын арттыруда. Өйткені патриотизм дегеніміз тек қана Отанға деген сүйіспеншілік емес,  ол жеке адамның аман-саулығының қоғамдық–мемлекеттік қауіпсіздікке тікелей байланысты екенін сезіну, ал мемлекетті нығайту дегеніміз-жеке адамды күшейту екенін мойындау, яғни патриотизм мемлекет деген ұғымның жеке адаммен, оның өткенімен, бүгінгі күнімен және болашағымен байланысты болуын білдіреді.

 Қазіргі уақытта оқушыларға білім беру, оларды тәрбиелеу және дамыту міндеттері барған сайын күрделеніп бара жатыр. Осыған байланысты мектеп ұжымының басты міндеті – орта мектепті бітіретін оқушының өмірге белсене араласуына, ғылымның шапшаң дамуына ілесіп, ашылған жаңалықтарды өздігінше оқып меңгеруіне, өмірде өз орындарын табуына жағдай жасау. Көрнекті педагог В. Сухомлинский «Егер балаға қуаныш пен бақыт бере білсек, ол бала солай бола алады»[2], – дейді. Демек, шәкіртке жан-жақты терең білім беріп, оның жүрегіне адамгершіліктің асыл қасиеттерін үздіксіз ұялата білсек, ертеңгі азамат болатын жеке тұлғаның өзіндік көзқарасының қалыптасуына, айналасымен санасуына ықпал етері сөзсіз.

 

Әдебиеттер

1 Назарбаев Н.Ә. «Қазақстан-2050» стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» //  Алматы ақшамы. – №151-152 (4713). -2012. -15 желтоқсан.

2 Джонисова Г.Қ.Бастауыш сынып оқушыларының ұлттық құндылық бағдарын қалыптастыруда шағын мәтіндерді пайдалану //Этнопедагогика. Республиканский научно – методический журнал. - 2008 №4 – 49 б.