Жанасова Гульзат

№8 Төле би атындағы мектеп гимназиясы, Тараз қаласы, Қазақстан

 

ТАРИХ САБАҒЫНДА ОҚУШЫЛАРДЫҢ БЕЛСЕНДІЛІГІ МЕН ІЗДЕНУ ЫНТАСЫН АРТТЫРУ ЖОЛДАРЫ

 

ХХІ ғасырдың табалдырығын аттаған еліміз әлемнің дамыған елдерінің қауымдастығына кіруге бет алды. Сондықтан еліміздің туын биікке көтерер білімді, білікті, адамгершілігі жоғары ұрпақ тәрбиелеу біздің алдымыздағы ең басты міндет. Бүгінгі тарихты оқытудағы басты мақсат-дүниежүзілік дамудағы адамзаттың орны ерекше екендігін, ол жасаған бүкіл әлемдік құндылықтарды білетін, оларды Қазақстанның дамуы үшін пайдалануға ынталы, жан-жақты жетілген, өзінің тарихи тамырларын, қоғамдағы орнын түсінетін белсенді азаматтарды қалыптастыру[1].

Осындай міндеттерді жүзеге асыру да, тарихшы мұғалімдердің атқаратын рөлі ерекше. Мұғалімнің дидактикалық қабілеті оның өткізетін сабағы мен оқыту үрдісінде тиімді әдіс-тәсілдерді біліктілікпен қолданылуынан көрінеді.

  Тарих дегеніміз оқиғалардың,  есімдердің, құжаттардың құр күнтізбесі емес, тарих халықтардың қуанышы мен қайғысының, жарқын өмірге ұмтылған талпынысының, мәңгі, жасампаздығының жарқын бейнесі[2]. Тарих пәні сонымен қатар адамзат дамуының барлық сатысындағы әлемдік тарихты да қамтитыны белгілі. Ал, осындай өте үлкен тарихи кезеңіндегі сан қилы оқиғаларды тек қана айту, немесе мұғалімнің жетектеуімен оқушы санасында ұзақ уақытқа қалдыра алмайсың. Немесе, қазіргідей мектептен тыс уақытта да оқушының қолы жетер ақпараттық технологияның дамыған заманында оқушылардың пәнге деген қызығушылығын арттыру үшін, ұстаз да өз пәнін жетік білетін, жаңа технологияны меңгерген, кез-келген жайттардан шығар жолды оңай таба білетін, құзіреттілігі жан-жақты дамыған болуы қажет. Тарихты бүгінгі заманның талабына сай оқытудағы басты талап – дүние жүзілік дамудағы адамзаттың орны, ол жасаған әлемдік құндылықтардан хабардар, жан – жақты жетілген, өз тарихының өткеніне көз жүгіртетін, қоғамның даму үрдісіне өзінше баға бере алатын, белсенді ұлтжанды, патриот азаматты қалыптастыру. Тарих пәнін оқыту, ұлттық идеолгиямен сусындаған азаматтар тәрбиелеу, ашық қоғам орнатуға ат салысатын патриот болуға ықпал ету үшін қаншама шығармашылық ізденіс қажет. Әрбір ұстаз алдында өз Отанын шексіз сүйетін, білімді, іскер, адамгершілігі мол, мәдениеті жан – жақты жетілген тұлғаны дайындау міндеті тұр. Сабақ түрі жаңа заман талаптарына сай өзгеріп, жаңарып отырса, оқушыларға әсері мен ықпалы ерекше болады.  Жаңа технологиялардың мақсаты мен тиімділігі:

- шығармашылықпен жұмыс істей алатын жеке тұлға қалыптастыру;

- демократиялық білім беру;

- білім берудің ұлттық үлгісін қалыптастыру;

- білім сапасын көтеру;

- өзін бағалай білу және өзгелердің ой – пікірімен санасуға, құрметтеуге басқаны баулу;

- әр оқушы өз мүмкіндігінше дамиды;

- жауапкершілігі, қызығушылығы артады

- пікір айтуға, жаңаша ойлауға жағдай туғызады.

Қазіргі мектептерде тарих пәнін оқытудың негізгі мәселелерінің бірі оқушылардың білімді өз бетінше игеруі болып табылады. Соған сәйкес мұғалімнің басты міндеті – білімнің жаңа мазмұнынан туындайтын сабақтың маңызды ерекшеліктерін анықтап, сабақтың үлгісін құру және сабақты жетілдірудің жолдарын тауып, оның сапасын арттыру. Ол үшін оқушылардың әрбіреуі тарихи оқиғаларға ғылыми тұрғыдан баға беріп, олардың сабақтастық байланысын түсінуіне жағдай жасау қажет. Соңғы жылдары заман талабына сай оқытудың жаңа әдіс – тәсілдері іздестіріліп, бағдарламалап оқыту, дамыта оқыту сияқты оқытудың жаңа технологиялары кеңінен тарауда. Сабақты оқушыны ынталандыратындай қызықты әрі сапалы өткізу үшін, ең алдымен тақырыпқа сай оның ұйымдастырылу нысанын дұрыс таңдап алу қажет. Тарих сабағында оқушылардың ізденісін арттыру мақсатында педагогикалық әдебиеттерде білім берудің төмендегідей технологиялары ұсынылады: дамыта оқыту, модульдік дамыта оқыту, перспективтік оқыту, проблемалық оқыту және тағы басқалар. «Сыни тұрғыдан ойлау» жобасының стратегияларын пайдалану жаңа оқу материалындағы оқиға мен құбылыстарды оқушылардың өздерінің байқап, талдауларына жағдай жасайды. Демек, білім даяр күйінде берілмей, оқушылардың өздерінің ой еңбегін қажет ететін тапсырмаларды орындауы арқылы қол жеткізуге болады. Сонымен қатар, оқушылардың ізденушілігі мен дербес ойлауын дамыту, сабаққа деген ынтасын арттыру мақсатында тарих сабақтарын түрлендіріп өткізу керек. Озық технологияларды сабақта қолайлы әрі оқу үрдісін тиімді пайдалану үшін көптеген әдістерді, олардың мүмкіндіктерін білу, меңгеру қажет. Оның өзіне тән ерекшеліктер бар:

-әр сыныптағы білім деңгейі бір – біріне ұқсамағандықтан, бірдей әдістерді қолдану дұрыс нәтиже бермейді;

-сыныптағы әр оқушының қабілетін жеке дара зерттеп, айқындау керек;

-әр мұғалім негізгі әдіс – тәсілдерді, өз пәнін жетік білуі қажет;

-сабақ жоспарын сынып деңгейіне сай жоспарлауы;

-осы сабаққа ең қажетті әдіс – тәсілдерді тиімді пайдалану керек.

Белсенділік дегеніміз – оқушының оқуға, білімге деген ынта-ықыласының, құштарлығының ерекше көрінісі. Мысалы: мұғалімнің баяндап тұрған материалын түсіну үшін, оқушының оны зейін қойып тыңдауы, алған білімін кеңейтіп толықтыру үшін, өздігінен кітап оқуы, тәжірибе жасау, жазу, сияқты жұмыстар істеуі керек. Өйткені өтілген материалды саналы қайталауда, жаңадан білім алуда, оның жолдары мен дағдыларына үйренуде белсенділіксіз мүмкін емес[3].

Оқытудың жаңа технологияларын қолдану арқылы оқушыларды ғылыми жұмыстарға баулып, өз ойын еркін жеткізе білетін салауатты тұлғаны қалыптастыру жолындағы шығармашылықтың мәні өте зор. Ал шығармашылық дегеніміздің өзі ізденімпаздықтан туады. Баланың өзіне деген сенімін туғызу, өзінен шығармашылық қасиет, қабілет іздете білу – мұғалімнің алдында тұрған күрделі мәселелердің бірі болып есептеледі.

 

 

Әдебиет:

1.     Б. Әбдіғұлова «Білім берудегі жаңа үрдістер» // «Қазақ тарихы» журналы, №5, 2005 ж.

2.     Қазақстан тарихы – әдістемелік журнал. Алматы 2006-2010ж.

3.     М. Валиева «Білім беру технологиялары және оларды оқу – тәрбие үрдісіне енгізу жолдары» /Әдістемелік нұсқау/.