Сыздыкова Жанаркуль

№8 Төле би атындағы мектеп гимназиясы, Тараз қаласы, Қазақстан

 

ШЕТ ТІЛІ САБАҒЫНДА  ОЙЫН ТҮРЛЕРІН  МАҚСАТТЫ ТҮРДЕ ОҚУ ПРОЦЕСІНДЕ ПАЙДАЛАНУ ТӘСІЛДЕРІ   

 

Егеменді еліміздің өсіп келе жатқан ұрпағын ойлы да іскер, жігерлі де батыл, өзіне-өзі сенімді, интеллектуалдық деңгейі биік, дүниетанымы дұрыс қалыптасқан азамат етіп тәрбиелеуде мектептің алатын орны айрықша. Егер мұғалім ойын технологиясын жеткілікті деңгейде орындаса, яғни жақсы құрастырылып, тиімді әдістермен ұйымдастырылса, онда ойын практикалық тәрбиелік және дамытушылық жағынан негізгі оқыту тәсілі болып табылады [1].  Ойын әдісі арқылы оқыту оқушылардың пәнге деген қызығушылығын арттырып қана қоймай, өз ойын, пікірін, көзқарасын білдіруге, екінші бір адамның жауабын тыңдап, оны толықтыруға, жетістіктері мен кемшіліктерін айта білуге жаттығады. Оқу процесінде ойын-оқытудың әрі формасы, әрі әдісі де болып табылады, сол себепті ойын әрекеті мұғалім мен оқушының іс-әрекетінің бірлескен, өзара байланысты технологиясының дидактикалық категориясы ретінде де қарастырылады. «Ойын» сөзінің этимологиясын қарастырсақ, ол «ой» деген сөзге тікелей қатысты болып шығады, міне сол себепті де ойлану арқылы ойынның мақсатына жетуге болатындығын байқауға болады. Сондықтан, шет тілі сабағында ойын элементтерін қолданудың маңызы зор.

      Шетел тілі сабағында ойын технологиясын пайдалану арқылы оқушы құзыреттілігі дамиды. Құзыреттілік – оқу нәтижесінде өзгермелі жағдайда меңгерген білім, дағдыны тәжірибеде қолдана білу, проблеманы шешу, дайындық сапасының құрылымдық сипатын анықтайтын жаңа сапа. Жаңа білім жүйесіндегі басты назар аударылатын мәселелердің бірі әр оқушының құзыреттіліктер жиынтығы білім нәтижелері ретінде игеруіне бағдарланған. Тиімді қолданылған кез келген технология білім сапасын арттыратыны ақиқат[2]. Қазіргі кезде мұғалімнің алдында тұрған өзекті мәселе бұл жанжақты дамыған, көп тілді меңгерген шығармашылық тұлға қалыптастыру[3]. Сондықтан да бүгінгі өскелен уақыт талабына сай білім беруді одан әрі жетілдіру мәселесі толассыз, үздіксіз күн сайын өзгеріп тұрған әлеммен бірге жүрері анық. Ойындар оқушылардың танымын, ақыл–ой белсенділігін қалыптастырудың маңызды құралы бола отырып, олардың бағдарлама материалының негізгі тақырыптары бойынша  алған  білімдерін тереңдете түсуді, әрі пысықтауды  көздейді. Оқу процесінде қолданылатын ойындар оқушылардың сабақ үстіндегі жұмысын түрлендіре түседі, олардың пәнге қызығушылығын оятып, ынта–ықылас қоюына баулиды және оқушылардың зейінін, ойлау қабілеттерін дамытады.  Ойындар арнайы  мақсатты көздейді  және нақты міндеттерді шешеді. Ойынның мақсаты бағдарламада  анықталған білім, білік, дағдылар жайында түсінік беру, оларды қалыптастыру және тиянақтау  және  пысықтау немесе  тексеру сипатында болып  келеді. Ойынның міндеті  оқушының қызығушылығын оятып, белсенділігін  арттыру  мақсатында  іріктеліп  алынған нақты  мазмұнымен  анықталады. Ойын бұл оқушының мінез–құлқына өзі  басқарумен қатар топпен жұмыс жүргізе білу  әрекеті, ол оқушының бір-біріне көмектесу, тез ойлау қабілетін, алға ұмтылу ісін дамытады. Сондықтан бағдарлама бойынша бекітілген оқыту үрдісінде  ойын түрлерін сабақ үрдісінде үнемі  пайдаланып  отыру  керек.  Ойынның өзіне тән мотивтері болады. Мысалы: мазмұндық, рольдік ойындар оқушының зейінін, есін, ойлауын, қиялын қалыптастыруда  зор маңыз атқарады. Ойын әсері  арқылы оқушы өз қасиетін қалай қанағаттандыра алатындығын, қандай қабілеті бар екенін байқап көреді. Оқу үрдісінде кеңінен қолданылатын ойынның тағы бір түрі ол-дамытушы ойындар. Дамытушы ойындардың маңыздылығы оқушылардың ынта-ықыласын есепке ала отырып, оқуды қызықты етіп, білім, білік, дағдыны қалыптастыру. Дамытушы ойындарға қойылатын бірінші талап – оқушының танымдық әрекетін, қызығушылығын дамыту. Бұл талаптар төмендегідей сұраныстарға жауап береді: оқушыларға өзінің қабілетін көрсете білуге мүмкіндік беру;  баланы басқалармен жарыса білуге қалыптастыру;  білік пен дағдыны қалыптастыру үшін білімді өзі ізденуге қамтамасыз ету; оқушының ойын барысында жеткен жеңісі оның жаңа алған білім, білік, дағдыларымен сәйкес келетіндігі.

Оқушының тілін дамытуда сөздік ойындарын қолдану тиімдірек. Сондай ойындардың бірі – «Керекті сөзді тауып айт». Ойынның мақсаты - қажетті сөздерді дұрыс тауып айтуға жаттықтыру, оқушы зейінін қалыптастыру. Мұғалім сол сабаққа қатысты жалпылама сөзді атайды, оқушылар қажетті сөздерді атайды немесе жазады. Сондай-ақ оқушы зейінін қалыптастыруда «Who’s the faster?» ойынын өткізуге болады. Сабақ барысында оқушылардың қызығушылығын, зейінін, тілін дамыту үшін дидактикалық ойындар мен тапсырмалардан басқа  грамматикалық ойындардың орны ерекше. Грамматикалық ойындардың ерекшеліктері де бар. Бұл ойын әр түрлі жағдаяттар арқылы жүзеге асады. Ойын сабақтың әр бөлігінде, әр мақсатта жекеленіп, дараланып қолданылады. Жаңа тақырыпты түсіндіруде, өткенді қайталауда, пысықтау сабақтарында пайдаланылады. Мәтінді мазмұндауға үйрету, жоспар құруға, белгілі бір суретке тақырып қоя білуге, сол суретке қарап сөйлем құрауға, мұғалімнің көмегімен өздерінің ойларын, қызықты іс-әрекеттерін әңгімелеуге үйрету дидактикалық ойындарды ойнау барысында қалыптасады. Күнделікті бір сарынды, дәстүрлі сабақпен оқушыларды қызықтыра алмайсың, керісінше жалықтырып аламыз. Егер арасында ойын араласып келіп отырса, оқушылар сабақ мазмұнына аса назар аударып, тез қабылдап, ұғып алады. Сабақты қызықты, тартымды өткізу мұғалімнің білімділігіне, қабілетіне, дарындылығына, тапқырлығына байланысты және сабақтың әртүрлі әдіс-тәсілдерін орынды қолдана білуіне. Тиімді қолдана білген ойын арқылы: білім беру сапасы, оқушылардың сабаққа қызығушылығы артады, қиын грамматиканы оңай, әрі қызықты етіп түсіндіруге болады, оқушы белсенділігі артады, материалды меңгеруге түрткі болады.

    Қорыта айтқанда, оқушылардың болашақ өміріне қажетті дағдыларды қалыптастырудың бірден-бір құралы ойын екендігі туралы қағидалар сонау көне замандардан бастап, бүгінгі күнгі ойшылдардың да еңбектерінде дәйектелген. Ойындар оқушыны жан-жақты дамытып, білімді  толық игеруіне көмектеседі. Ойын арқылы бала қоғамдық тәжірибені меңгереді, сондықтан әр оқу процесінде қандай дидактикалық ойын қолдануға болатынын сабақтың мазмұнына, мақсатына, жас ерекшелігіне сәйкес таңдалуы керек екендігі назарға алынған. Яғни шет тілін меңгеру барысында ойын элементтерін қолдана отырып, құзіреттілік тапсырмалар арқылы оқушының өздігінен дамуға, жетілуге қабілетті тұлғаны қалыптастыру.

 

Әдебиет:

1.    Мектептегі шет тілі. Республикалық әдістемелікпедагогикалық журнал. №3(45), 2010.                                                           

2.    Рогова Г.В. Методика обучения английскому языку. – Москва, 1975.

3.    Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың  2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы. 2010ж.