ИНФОРМАТИКА ПӘНІН ОҚЫТУДА ОҚУШЫЛАРДЫҢ ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ ҚАБІЛЕТТЕРІН АРТТЫРУ

 

Шокалакова И. Б.

 

Тараз қаласы,  №38 орта мектебінің информатика пәнінің мұғалімі

 

Қазақстан Республикасы болашақта өсіп өркендеп, алдынға қатарлы өркениетті елдердің бірі болуы бүгінгі жастарды жоғары дәрежелі білімді, мәдениетті маман етіп тәрбиелеуге тікелей байланысты. Демек, оқу орындарына қойылатын негізгі талап жан-жақты білімді, кәсіби мамандығын жете игерген қабілетті, іскер маман дайындау. Бұндай маман дайындау қазіргі оқу жүйесіне көптеген өзгерістер енгізуді талап етеді.

Оқушының жеке тұлғасын, оның рухани әлемін, қабілеті мен ынтасын дамыту бүгінгі таңдағы негізгі мәселенің бірі. Оның себебі оқушылар өз бетімен ізденіп жұмыс істеуге, алған білімін тәжірибеде, өмірде өз бетінше пайдалануға үйренбеген. Сол үшін де оқушының өзіне сенім арттыру, шығармашылығын дамыту мақсатында мұғалімнің әр сабағы жаңалыққа толы, жан-жақты болуы керек.

Информатика сабақтарында сабақтың сапасын арттыру мақсатында озық педагогикалық технологияларды пайдалана отырып, оқушылардың қызығушылығын арттыру мұғалімнің басты міндеті.

Педагогикалық технологиялар-оқыту процесін жобалау, ұйымдастыру және өткізудің ойласырылған моделі. Бүгінгі таңда білім берудің даму бағыты мен технологияларын қамтитын көптеген педагогикалық технологиялардың элементтерін мұғалімдер өз тәжірибелерінде кеңінен қолдануда. Сабақты түрлендіру арқылы оқушының ойын дамыту, тақырыптық, іздемпаздық қасеттерге жетелеу оқушының инфоратикалық тіл байлығын жетілдіріп отырады. Сабақ мазмұнының теориялық, практикалық құндылығы жоғары болған сайын, оқушыларды оқыту мен тәрбиелеу өте тиімді жүргізіледі. Қазіргі заманғы компьютердің техникалық мүмкіндіктері, балалардың мектепке дейінгі жастан бастап, компьютерді ойын құралы ретінде  үлкен қызығушылықпен қарауы, олардың сапалы оқуы мен дамуына толық мүмкіндік береді.

Мұғалімнің әрбір сабағы оқушы сезіміне, ынта –ықыласына әсер етуі тиіс. Ол үшін сабақ құрылымы көптүрлі, оқыту әдістерімен, мұғалімнің дайындығы, ізденісі жоғары деңгейде болуы керек. Оқушыларға білім негізін меңгертудің әдіс-тәсілдері әр алуан. Оны таңдап алу мұғалімнің шеберлігіне байланысты. Оқушының пәнге деген қызығушылығын арттыру-мұғалімнің өз еңбегін ұтымды ұйымдастыра отырып, жаңа сабақ үлгілерімен оқушыларды шығармашылыққа ізденуін қалыптастыру, оқушыларға сұрақ қою, эксперименттік тапсырмаларды шештіру, ой талғау жасау, танымдық ойындар арқылы іске асады.

Сабақтарда жұптық, топтық, жеке оқушымен жұмыс түрлерін ұйымдастырып, ерекше қабілетті және үлгерімі төмен оқушыларға шығармашылық тапсырмалар, түрлі ойындар беру арқылы қызығушылығын арттыруға, өз пікірлерін дәлелдеп айтуға, сөйлеу мәдениетін қалыптастыруға, өз бетінше ізденіспен жұмыс жасауға жұмылдыруға болады. Сабақ барысында яғни,  сабақ беру үрдісінде мынадай факторларға сүйенуге болады.

1.Оқушыларды өз бетінше жұмыс істеуге үйрету.

2.Оқушылармен жекелей, жұппен, топпен жұмыстар жүргізу.

Оқушының өз бетімен жұмыс істеуін әр түрлі деңгейде ұйымдастыруға болады. Өз бетімен жүргізілетін жұмыс түрлері, оның қиындық дәрежесі оқушының оқу мүмкіншілігіне қарай әзірленеді. Оқушы шығармашылығын арттыруда топпен жұмыс түрлерін ұйымдастырудың тиімділігі зор. Мұнда нашар оқушы көлеңкеде қалмайды, берілген тапсырмаларды ақылдасын, бір-біріне түсіндіру арқылы дұрыс орындауға мүмкіндік туады. Мұғалімге тиімді жағы күнделікті сабақта барлық оқушы бағаланады. Ал тәрбиелік жағынан әділ, ұйымшыл болуға үйретеді, өз араларында беделге ие болады. Шығармашылық мақсаттағы жұмыс өте жоғары деңгейде жүргізіледі, бұл оқушылардың қызығушылығын арттырады. Оқушы шығармашылығын дамыту, ойлау қабілетін жетілдіру мұғалімнің әр сабағында назардан қалмауы тиіс. Мысалы 8 сыныпта «Кім жылдам, тапқыр және ақыл- ойға бай?» байқау сабағын өткіздім.

Сабақтың 1-кезеңінде «Программа» сөзінен ең ұзын мағыналы сөз құрастыруы керек. Бір әріп екі рет қолдануға болмайды. Егер бірнеше оқушы бірдей балл жинаса, оларға қосымша тапсырма беріледі. Ең көп балл жинаған оқушы келесі кезеңге өтеді.

2-ші кезеңде жеңімпаздар компьютерге енгізілген тест сұрақтарына жауап береді. Бұнда тестің дұрыс тізбек, дұрыс жауап таңдау, сәйкестендіру, сұрыптау сияқты бірнеше түрі қарастырылған.

3-кезеңде жеңімпаздар компьютерді пайдаланушы ретінде қаншалықты меңгергендігін тексеруге арналған тапсырмалардың  біреуін таңдап алып, билеттік жүйе бойынша жауап береді. Сонымен қатар сабақты түрлендіріп қызықта өткізуге көмектесетін, оқушылардың шығармашылық белсенділігін арттыратын ойын элементтерін пайдалануда өте тиімді.

Информатика сабағындағы ойындарға ребустар, сөзжұмбақтар құрастыру анаграммалармен жұмыс жасау өте тиімді. Ойын элементтері оқушылардың логикалық ойлау қабілеттерін арттырып, сөз байлығын кеңейтіп, елестету және қалыптан тыс кең көлемде ойлауын, сөздерді жадында сақтауға үйретеді. Мұндай сабақтарды ұйымдастырудың артықшылығы мен тиімділігі мынада:

1.Оқушының логикалық ойлау қабілеті артып сөздік қоры молаяды. Мысалы, «Көкпар ойыны» ойынның шарты: сұраққа бұрын, тез жауап беру. Дұрыс немесе толық болмаса келесі оқушының жауабымен толықтырылады.Ойынның тимділігі үй тапсырмасына тиянақты дайындалуға, есте сақтау қабілетін дамытады пәнге қызығушылығын арттырып және  жылдамдыққа дағдыландырады.  «Арқан тартысу» ойынының шарты оқушылар кезекпен сұаққа жауап береді. Жауап бермеген оқушы жазаланады, ондағы ойынның тиімділігі алдынғы өтілетін материалды қайталап отыруға қолайлы, оқушылардың есте сақтау, тез ойлау қабілеттерін дамытып, оларды ұжымдық жұмысқа дағдыландырады.

Сабақта жаңа технологиялардың элементтерін қолдану, сабақты әр  түрлі формада өткізуге мүмкіндік береді. Пәнді оқытудың тиімділігін арттыру ең алдымен, күнделікті оқу үрдісін жақсартудан, сабақтың сапасын арттырудан туындайды.

Мысалы, модульдік оқыту технологиясында оқушының психологиялық ерекшеліктерін ескеру алдыңғы орынға қойылады. Әрбір оқушыға жеке тұлға ретінде қарап даралау, мүмкіндігіне қарай деңгейлік тапсырмаларды өздеріне таңдату арқылы оқушының өз деңгейін өзі анықтауға-жұмыстың түрін қызықтыра түсуіне әсер ететіні анық. Модульдық жүйеде материалдарды оқып үйрету «жалпыдан жекеге» қағидасы негізінде жүргізіледі. Бұл технология:

-оқушы тұлғасының танымдық қабілеттерін дамытуға;

-танымдық процестердерді (жады, ойлау, зейін, елестету қабылдау) дамытуға;

-оқуға жағымды қызығушылығын қалыптастыруға;

-терминдік сөздік қорын дамытуға;

-ауызша, жазбаша тілін дамытудың негізі. Бұл технологияның тиімділігі тұлғаның қиындықтарға даяар болуы, оны жеңе білу, қарым-қатынас, ойын, танымдық, қауіпсіздік, сыйласу, шығармашылық, өзін-өзі өзектілендіру қажеттіліктерін қанағаттандыруға ықпал етеді.

Қазіргі таңда оқу процесінде жиі қолданылып жүрген СТО технологиясына сабақтатарда  мынадай мақсаттар қойылады:

-оқушыларды ойландыруға;

-өз ойларын ашық айтуға;

-пікір таластыруға (дебат);

-дұрыс сөйлей білуге.

СТО-сынау емес, шындалған ойлау. Бұл бағдарлама бірнеше стратегиялармен жұмыс жүргізуде жүзеге асырылады. Олар: «қызығушылықты ояту», («Ой қозғау, «ой шақыру», «миға шабуыл») стратегиясы-сабақ барысында оқушының есте сақтау және жадыларының қабілетін сұрыптап, байқау үшін арналған стратегия. Мысалы, өтілетін тақырыпқа байланысты мақал-мәтелдер, афоризмдер, өлең жолдары т.б. еске түсіру. Не болмаса, сұрақтар мен тапсырмалар дайындату, сөзжұмбақтар шешу.

«Топтастыру» стратегиясы, мұны «кластер», «жинақтау әдісі», т.б. атаулармен де атайды. Бұл стратегияны көбіне сабақта білімді жинақтау кезеңінде немесе екі ұқсас тапсырмалардың қасиеттерін анықтауда және де мұғалімнің әдістемелік тәжірибесіне қарай түрлендіріп қолдануға тиімді тәсілдердің бірі десек те болады.

«Нартәуекел» стратегиясы, бұл стратегия оқушыларға күрделі сұрақтар қою арқылы немесе терең мазмұнды тапсырмаларды шешуде оқушылардың шығармашылық қабілетін дамытып, түрлі формада жұмыс істей білуге баулиды. Сабақ барысында топтық ойындар көрсету, сұрақ-тапсырмалар құрастыру, тақырыпқа байланысты сурет салу т.б. тәсілдерді пайдаланып өткізіледі.

«Кубизм» стратегиясы, бұл стратегия шаршы яғни кубтың әр қырына түрлі тапсырмалар беріліп, сол тапсырмаларды орындауды міндеттейді. Мұнда кубтың әр қырына «түсіндіріңіз», «суреттеңіз», «зерттеңіз», «талдаңыз», «қолданыңыз», «салыстырыңыз» деген мән-мазмұнын ашып айтады, әрі жауаптардың қате немесе дұрысын қадағалап отырады. Қосымша түсініктемелер де беріліп отырады.

«Мағынаны тану» стратегиясы, бұл стратегия сабақты түсіндіруде, мәтінді оқуда, сабақ мазмұнын меңгеру кезеңі десек те болады.

«Көрнекілік» стратегиясы мұнда түрлі көрнекі құралдарды тақырыпқа сай қолдануды айтады. Олар: кеспе қағаздар, перфокарталар, семантикалық карталар, схемалар, кестелер, түрлі тест мәтіндері.

«Бағытталған оқу» стратегиясы, бұл стратегия арқылы оқушылардың арасында шығармашылық, ынтымақтастық кеңістігін туғызу мақсатында өздеріне ереже жасатуды, түрлі тапсырмаларды өздігінен орындауды талап етіледі.

Жалпы қазіргі жаңа технология әдістері яғни, сын тұрғысынан ойлауды дамыту технологиясы, деңгейлеп-саралап оқыту технологиясы, модульдік оқыту технологиясы, сатылай кешенді талдау технологиясы т.б технологиялардың әдіс-тәсілдерін қолдану арқылы сабақты қызықты тартымды етіп өткізуде көптеген мүмкіндіктер жасалуда.  Қорыта келгенде, жаңа технологияларды сабақта қолдану барысында мынадай нәтижеге қол жеткізуге болады:

-оқушылардың пәнге деген қызығушылықтары артады;

-өзара пікір алмасу қатынасы жүзеге асады;

-сөйлеу, логикалық ойлау қабілеті, танымдық процестері т.б. қасиеттері артады.

 

Пайдаланған әдебиеттер:

1.Қазақстан Республикасы «Білім» туралы заңы А;2007

2.Қазақстан мектебі, №6, 2012ж

3.Білім, Образование, №2, 2015