Педагогические науки/5. Современные методы преподавания

Камалиева Г.С., Арыстанбекова Р.К.

КММ «Қарағанды облысының балаларға арналған психоневрологиялық медициналық-әлеуметтік мекемесі», Қарағанды, Қазақстан

Тірек-қимыл аппараты бұзылған балалардың графомоторлық дағдыларын қалыптастыру мен түзете-дамыту жұмыстарындағы ойынның маңызы

Қазіргі таңда бұл балалардың жалпы даму кемшіліктерін түзетумен қатар, оқуға қажетті сапаларды дамыту да өте маңызды. Себебі оқу дағдыларын меңгеру үшін осы оқуға қажетті сапалардың жетілуі керек. Бастауыш сыныптарда оқушыларда кездесетін қиындықтардың бірі – графомоторлық дағдылардың жетілмеуі.

Графомоторлық дағды – жазатын қолдың белгілі бір жаттыққан, үйреншікті қимыл-қозғалыстары.  Жақсы жетілген графомоторлық дағдылар әріптердің әсем, анық, түзу, түсінікті, әрі жылдам жазылуына мүмкіндік туғызады.

Жаттықпаған қолдар немесе жетілмеген графомоторлық дағдылар жазуда қиындықтар туғызады. Графомоторлық дағдылардың даму немесе қалыптасу үдерісі есту-көру-моторлық координация қызметіне тікелей байланысты.  

М.М. Безруких, О.Б. Иншакова, Р.Д. Тригер, О.С. Филипповалардың пікірінше, графомоторлық дағдылардың қалыптасуы өте ұзақ және күрделі үдеріс. Графомоторлық дағдылардың негізі бастауыш сыныптарда қалыптасуы қажет, керісінше жағдайда оқушының жаттығып қалған дағдыларын қайта түзету өте ауыр немесе тіпті мүмкін емес. Жалпы бұл дағдылардың қалыптасуы үшін ұзақ жаттығу керек екендігі мәлім. 

Ұсақ моториканы дамыту жұмыстары жеңіл қимылдарды орындаудан басталады. Балалар әр түрлі ірі заттарды, ойыншықтарды қолға алып, бір жерден екінші жерге жинайды, ірі заттарды қолдарына алып ұстауды алдымен екі қолмен, одан соң бір қолмен үйренеді. Өз беттерімен жасатады шариктерді бір бағытта айналдыру, заттарды бір қораптан екінші қорапқа салу, қораптарды ашып -жабу т.б. Келесі кезеңде ұсақтау заттармен жұмыс істей бастайды.

Саусақтардың қимылының дамуы үшін түрлі жаттығулар жасауға болады: кубиктерден құрастыру; жиналмалы ойыншықтарды құрастыру; қиылған суреттерді құрастыру; ұсақ нәрселерді жинау (мозайка, түймелер, моншақтар); пластилинмен жұмыс; әр түрлі суреттерді орналастыру, геометриялық фигураларды, түймелерді жинау; жіпті домалату, таяққа орау; әр түрлі көлемді түсті түймелерді тағу және шешу; геометриялық фигураларды сызуды, үстінен басып жүргізуді, қиюды, бояуды үйрену.

Графомоторлық дағдыларды дамытуда ойынның да маңызы ерекше екендігін көрсетуге болады. Қимыл-қозғалыс немесе саусақ ойындары да оқыту сипатында жүргізіледі. Ол басқа да қозғалысқа, әуенге негізделген ойындар қатарындағы ережемен ойналатын ойындар сияқты ересектер тарапынан құрылып, балаларға дайын күйінде ұсынылады. Балалар олардың мазмұнын, ережелерін меңгергеннен кейін ғана өз беттерінше ойнай бастайды.

Бұл ойындардың ережелері балаларға әрекеттің (ақыл-ой және физикалық) белгілі бір қағидаларын ұсынады, әрбір балаға және барлық ойыншыларға не істеу керек, не айту керек екендігін және ненің қажет еместігін, қалай әрекет жасау керектігін анықтап береді. Өз бетінше ойналатын ойындарда ғана балалар ересек адамның қатысуы мен көмегінсіз ойынның талаптары мен ережелеріне бағынуға үйренетіндігі маңызды болып табылады.

Саусақ ойынының тапсырмасы және ойын әрекеттері ойынның қызықты басталуына, баланың үйренуіне, ойнай отырып зор ынтамен, еріксіз білім алуына мүмкіндік береді.

Саусақ ойыны саусақтардың көмегімен қандай да болмасын ертегіні немесе өлең-тақпақ шумағын сахналау болып табылады. Бұл ойын арқылы баланың сөйлеуге деген талпынысы, қабілеті дамып, ынтасы артады және шығармашылық әрекетіне жол ашады. Саусақ ойынын ойнай отырып, балалар қоршаған ортадағы заттар мен құбылыстарды, жан-жануарларды, құстарды және ағаштарды бейнелей алады. Саусақтарының қозғалыс-қимылына қарап бала қуанады, шаттанады, сөзді айтуға тырысады және өлеңдегі үйренген сөз шумақтарын қайталап айта отырып, есінде сақтайтын болады.

Саусақ ойынын балабақшада және үй жағдайында әсерлі, көңілді түрде ұйымдастыруға болады. Алдымен балаларға саусақ ойыны түсіндіріледі, әр қимылы көрсетіледі. Мысалы: халық арасында кеңінен тарап жүрген «Қуырмаш» ойыны да саусақтардың нәзік қимылын жетілдіруге бағытталған.

Ойын барысында берілген тапсырмалардың түрлері оқушылардың графомоторлық дағдыларын ғана жетілдіріп қоймай, шығармашылыққа және логикалық ойлауды дамытуға септігін тигізеді. Саусақ ойындары саусақтардың ұсақ бұлшық еттерінің жетілуінеде маңызды роль атқарады, олар әр саусақтың біріне – бірі қатысты қимылдарын бақылауға, қолдың барлық еттеріне әсер етуіне, еттің шымырлығының жаттығуына және қозғалыстың бақылауға мүмкіндік береді. Бұл көру координациясы мен моторлық жалпы дағдыларды дамытады, сөйтіп болашақта жазу дағдысының дұрыс қалыптасуына ықпал жасайды.

Әдебиеттер:

      1. Левченко И. Ю., Приходько О. Г. Технологии обучения и воспитания детей с нарушениями опорно-двигательного аппарата. - М, 2001.- 300 с.

2. Буцыкина Т.П., Вартапетова Г.М. Развитие общей и мелкой моторики как основа формирования графомоторных навыков у младших школьников // Логопед.- 2005 - №3. С.40-41.

3. Развиваем руки – чтоб учиться и писать, и красиво рисовать. Ярославль: Академия развития. 2005.- 192 с.

4. Обучение детей нетрадиционной технике рисования// Семья и детский сад.-2002. - №4. С.40-43.

5. Роспись пальцем// Начальная школа.- 2008. №4. С. 47-49.