ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНДА
ТҰТЫНУ НЕСИЕСІН ДАМЫТУДЫҢ
КЕЙБІР МӘСЕЛЕЛЕРІ
Шомшекова
Б.К., Адылов А.
І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университеті,Талдыкорган қаласы bshomshekovay@maіl.ru
Қазақстан Республикасы тәуелсіздік
алған жылдары халықтың сапалы өмір
сүру ортасы мен әлеуметтік-экономикалық дамудың ұлттық
үлгісін қалыптастыруға бет алуда. Оны жүзеге
асыру макроэкономикалық
деңгейдегі тұрақтылықты қамтамасыз етіп, бәсекеге
қабілетті 30 мемлекеттер қатарынан көрінуге мүмкіндік құрмақ .
Сондықтан «Жоғары
табыс, мықты денсаулық, қолайлы тұрғын-үй,
белсенді еңбек – бәсекеге қабілетті адам бейнесі. Мен
әр қазақстандықты осылай көргім келеді» деген
болатын ҚР Президенті
Н.Ә. Назарбаев өзінің
бағдарламалық мақаласында[1].
Осыдан алдағы уақытта қоғамның басты
құндылығы болып саналатын адамның әл-ауқаты мен тұрмыс
деңгейін арттыруға бағытталған ауқымды іс-шаралардың ішінде банктердің тұтыну несиесін
дамытудың орны ерекше болмақ.
Жалпы тұтыну несиесі-қарыз алушылардың
кез-келген қажеттіліктеріне беріліп, тұтынушылардың тауарларды
сатып алуына қолдау көрсету.
Нарықтық
экономикалы елдерде тұтыну несиесі халыққа қызмет
көрсетудің қолайлы әрі пайдалы формасы ретінде экономикада үлкен рөл атқарады, сондықтан да
ол мемлекет тарапынан белсенді түрде реттеледі. Бұл реттеу несие
беру мен оны пайдаланудың
деңгейінде жүзеге асырылады. Әрі осы реттеу
несиеленетін операцияға өзіндік қаражатпен бастапқы
қатысуы, несие мерзімі, пайыз мөлшерлемесі арқылы
түпкілікті тұтынушының несиеленуін мақұлдауда
немесе несиелеу режимін қатайтуда
көрінеді. Әртүрлі
елдерде жеке қарыз алушыларды
несиелеуге байланысы әрқилы заңдар қолданылады, алайда,
олардың бәріне ортақ бір нұсқама біріктіред.
Ол халықтың өмір сүру ортасын арттыруға қажетті тұтыну несиесіне қол жеткізу.
Банктік ортада несиелеудің осы түрін
бөлшек бизнеске жатқызады. ТМД
елдерінің жетекші
қаржыгерлерінің пікірінше, тұтыну несиесін беру біртіндеп банк бизнесіндегі тартымды
қызметтерінің біріне айналуда.
ҚР
Статистика агенттігінің деректерінен 2017 ж. тамыз айының қорытындысы
бойынша, ҚР екінші деңгейлі банктердің несиелік қоржыны
бір айда 3,0% ұлғайып, 2,8 трлн теңгеге жетіп, бір жылда бұл көрсеткіш 12,1%
ұлғайған.
Екінші
деңгейлі банктердің жалпы несиелік портфелінің ішіндегі
тұтыну несиелерінің үлесі бір жылда 19,7%-дан 21,5%-ға
көтерілген.
Елдің 16
өңірінде де тұтыну несиелерінің көлемін
артуда. Несие алу қарқыны
бойынша көш басына астаналықтар ие болып, бір жылда Астанадағы тұтыну
несиесінің өсімі 16,8% болып (33 млрд тнг көбейіп, 229,8 млрд
теңгеге жетті), жалпы Республикадағы көрсеткіштегі
үлесі 7,9%-дан 8,2%-ға артқан.
Екінші орын Алматы
қаласының халқына тиесілі болып, жылдық
өсімі 1045,0 млрд теңгеге артып, ал Республика бойынша үлесі 40,6%-дан
37,3%-ға азайған.
Үшінші
орынға енген Қарағанды
облысы тұрғындарының бір жылда алған несиелерінің
көлемін 30,1 млрд теңгеге өсіп (20,4%), 177,1 млрд
теңгеге жеткен, олардың Республикалық көрсеткіштегі
үлесі 5,9%-дан 6,3%-ға көбейген[2].
Келтірілген мәліметтерден халықтың несие алу қабілеті мен
тұрмыстарының жақсаруна ықпал еткен басты факторлардың
бірі- банктік қызметтердің
сұранысқа икемделуіне байланысты, тұтыну несиесінің динамикалы
түрде артуына әкелген.
Қазір
елімізде тұтыну несиесі
адам өмірінің барлық
саласына ене бастады: баспана, үй, тұрмыстық техника, білім, демалыс, емделу және т.б. Сонымен бірге
тұтыну несиесін қамтамасыз
етуге қойылатын талаптар да соңғы 5 жыл ішінде түбегейлі
өзгеруде.
Банктер арасында бəсекелестіктің өсуі, олардың филиалдық желілерінің
кеңейтуі, несиелік лимиті бар карталарды шығаруы, кепілсіз
экспресс-несиелер мен жалақыға несие беру жəне көптеген басқа да жеңілдікпен несиелеу туралы жарнама
және т.б. Қазақстанда нағыз тұтыну қоғамы қалыптасуына ықпал етуде.
Тұтыну несиесі бөлшек
саудамен тығыз байланысты: біріншіден, тауар айналымы
өскен сайын, несие көлемі де көбейеді, себебі
тауарға деген сұраныс несиеге деген
сұранысты тудырады. Екіншіден, төлем қабілеттілігі бар
халықтың сұранысын тудырады. Несиенің бұл
түрі қымбат және ұзақ мерзімге тұтынатын
тауарларды мысалы: автокөліктерді, жиhаздарды, тұрмыстық техника
және т.б. сатып алуға қолданылады. Сондықтан еліміздегі тауар бағасы
жоғары болған сайын, несиенің осы түріне сұраныс
көбейе түсуде.
Осыдан тұтынушылық
несие көлемінің артуы
халықтың тұрмыс жағдайына және
кәсіпкерлердің тауарларын өткізуге үлкен ықпал
жасап, жеке тұлғалар үшін ұзақ мерзімде
қолданатын тауарларды несиеге сатып алуға, оның соманын біртіндеп,
өсіммен өтеуге мүмкіндік береді.
Ресми мәліметтер
Қазақстан халықының 65 пайызы банктерден несие алуға бейім екендігін растап отыр. 2016 жылы елімізде 2 миллионға
жуық адамға екінші деңгейлі банктер мен микрокредиттік
ұйымдар 3 триллион теңге көлемінде несие берген. Бұл
несиелердің басым бөлігі кепілзатсыз алынған
тұтынушылық несиелер. Мысалы, өткен жылдың 11 айында
халыққа берілген несиелердің 16 пайызы ипотекалық, ал
14 пайызы кепілдендірілген тұтынушылық несиелер болған.
Еліміздің тұрғындары
Еуропа елдеріне қарағанда ипотекалық несиеге 4-5 есе
көп өсім төлейді, ал Еуроодақ елдерінде жылдық өсім 3,5 пайыздан
басталады. Мәселен,
испандықтар ипотекалық несиені 4,25-4,5 пайыз жылдық өсіммен алады. Ал Қазақстанда ипотекалық несиенің пайыздық мөлшерлемесі орташа 14-15 пайыздан жоғары
болғанына қарамастан, оған сұраныстың артып
отырғаны байқалады [3].
Сонымен
бірге статистикалық деректерден Қазақстандағы
экономикалық белсенді халықтың 12 пайызының несие
тарихы күмәнді, яғни 90 күннен асып кеткен несиелік қарызы
барлар. Олардың басты себебі несие алушылардың табыс
көздерінің аздығынан және банктік несие
үстемесінің тым жоғары болуынан туындаған.
Дәлел ретінде кез келген отандық
коммерциялық банктің несиелеу
қызметтерінің пайыздық динамикасын зерттеу барысында банктердің несие үстемесі
10 пайыздан артық екені белгілі болды. Мәселен, «Халық банкі»
АҚ несие беру бағдарламаларының ең төменгі
пайыздық мөлшерлемесі 15 пайыздан басталады. Ал «Еуразиялық
банк» АҚ несие үстемесі 10-12 пайыздың көлемінде. Пайыздық
мөлшерлемесі жоғары саналатын «Каспий банк» АҚ тұтынушыларының
қатары жыл сайын өсіп отыр. Еліміздегі екінші деңгейлі банктер және өзге де несие беретін
ұйымдардың пайыздық
мөлшерлемесі орташа есеппен 20 пайыздан асып түседі.
Бүгінде
елімізде 35 банк және оның өңірлердегі
бөлімшелері мен жылдам несие беретін ұйымдардың да несие беруге құқылы
екенін ескерсек, онда еліміздегі банктердің пайыздық мөлшерлемелерінің жоғары болуы күмәнді және
үмітсіз несиелер көлемінің артуының басты себебі болып отырғаны
айқын.
Берілген
талдаулардан халықтың қолжетімді, үстеме пайызы
төмен несие алып, тірлік бастап, жұмысын жандандырып,
тұрмысын түзетуге ұмтылысы бар. Бірақ, мемлекет қарапайым халықтың осындай
ұмтылыстарына мүмкіндіктер құра алмай отыр. Қазақстанның банк
жүйесі ТМД елдеріне қарағанда дамығанына
қарамастан, елдегі берілген несие көлемі мен
тұтынушылардың жалақысы арасындағы ара салмақ
сәйкес болмай тұрғанын жоққа шығаруға
болмайды.
Осының
салдарынан жыл сайын қайтару мерзімі өткен несиелердің
үлесі банктердің несие
қоржындарының 80 пайыздан астамын құрап, проблемалық
несиелер сомасын 4,5 триллион теңгеге жетіп отырғанын ескерсек, шамадан тыс қайтарымсыз несие
қаржылық дағдарысқа әкелу қаупін
күшейтеді.
Кейбір мәліметтерден банктен алынған
барлық несиенің 30 пайызы қайтарылмай,
оның ішінде жеке
тұлғалармен өндіріс орындарына есепсіз берілген несие салдарынан банктер қарызға
батып, еліміздегі банктік жүйені қайтақұрылымдау
мәселесін тудырып отырғаны құпия емес.
ҚР қайтарымсыз
несиелермен жұмыс істейтін арнайы « Проблемалық несиелер
қоры» құрылған болатын. Қордың негізгі
міндетіне коммерциялық банктердің балансындағы
өндірістік активтермен қамтамасыз етілген проблемалық
несиелерді сатып алу кіреді. Ол банктердің проблемалық несиелерден
тазаруына мүмкіндіктер берген. Бірақ, банктер өздерінің
проблемалық активтерін қорға сатуға
құлықсыз. Оның бір себебі – банктерде жылжымайтын
мүліктердің кепілдікте тұруы. Бұл мүліктер банк
қызметкерлері пікірі бойынша, өз құнын жоймайды деп
есептелінеді. Осыдан Ұлттық
банктің екінші деңгейлі банктердің мерзімі
өтіп кеткен заемдарын төмендету үшін енгізген шараларының
нәтижесінде проблемалық активтер көлемі небәрі 740
миллиард теңгеге төмендеген[4].
Еліміздегі
соңғы девальвациядан кейін
қаржы институттарының несиелеу саясаты мен шарт-талаптарын өзгеруі
және несие алушының несие тарихын қатаң саралануының
енгізілуі, жоғарыда аталған мәселелерді
толық шешуге қауқарсыз болып отыр.
Банктердің
негізгі табыс көзі – несие болғандықтан халыққа
несиені ұсыну үшін түрлі жеңілдіктер, бонустар,
төменгі пайыздар туралы түрлі жарнамаларды көптеп
жариялайтынын ескерсек, мұқтаждық пен мәжбүрлік
адамдарды несие алуға итермелейтіні анық.
Нарықтағы бағаның құбылмалы
болуы жалақы, зейнетақы, жәрдемақының мардымсыз
өсуі және қазақстандағы тұтынушылар табысының төмендігінен банктен алған қарыздарын қайтара
алмау мәселесі жалғасуда. Сондықтан Қазақстан қайтарымсыз
несиелер саны бойынша әлем елдері арасынан бірінші орынға ие
болып, халықтың банктерге қайтармай
отырған қарызы 4,5 триллион теңгеден асып кеткен.
Қазіргі уақытта ұлттық
экономикадағы орын алып отырған дайын тауарлар өндіру
көрсеткіші өте төмен және шет мемлекеттерден тауарды
әкеліп, үстіне еселеп
баға қойып және оны тұтыну несиесі ретінде беруі, халықтың тұрмыс
деңгейінің артуына кері әсерін тигізуде.
Осы жағдайларда екінші деңгейлі банктердің несие
беру талабының төмендігінен тұтыну несиесінің көлемі артып, халықтың
табыс деңгейінен екі жарым есеге дейін асып кетуі салдарынан, 2 трлннан
астам тұтыну несиесі қайтарымы жағынан қауіп тудырып
отыр. Осыған байланысты тұтыну несиесіне мемлекеттік деңгейде
шектеу енгізу орынды болмақ деген ойдамыз.
Сонымен бірге елдегі банктікі депозит
жүйесін жетілдіру керек. Оның
салымшылар үшін тиімсіз жақтары
көп, бастысы депозиттік салымдарға пайыздық
өсімнің төмен болуы, халықтың
банкке ақшаны сақтауға қызығушылығын тудырмайды. Мысалы, 50 000 теңгені
депозитке салу, жылына 5000 теңге өсім әкеледі, әрине ол
қоғамдағы орын алып отырған инфляциядан құнсыздануға ұшырайтынын
ескерсек, банктердің тартылған ресурстарын көбейтуде
қиындықтар әкеледі.. Бұл отандық банктердің
несие нарығындағы жағдайларын ушықтыра түседі.
Ал дамыған елдердің
тәжірибесінде қарапайым халық төмен пайыздық тұтыну несиемен және депозиттік
салымдар негізінде өмір
сүруге, мемлекет тарапынан толып
жатқан қолдауларға әдеттенген.
Ал біздегі банктер керісінше, несиенің пайызын
инфляция көрсеткішіне теңестіріп, тұтыну несиесінің
өзін 20 пайыздан жоғары үстемемен ұсынуы, бүкіл
банктік жүйенің осал тұстарын көрсетіп, оны жетілдіруді
талап етеді.
Біздің
ойымызша, тұтыну несиесімен қамтамасыз етуді мемлекеттің
қолға алуы орынды болмақ. Арнайы банк құрып
пайызы төмен 4 - 5 пайыздық несиелер берсе, біріншіден
халықтың жағдайы жақсарады, екіншіден тауар
өтімділігінің жоғарлауына өріс беретіні анық.
Бүгінгі күні несие нарығы,
оның ішінде тұтыну несиесі қандай талаптар қоймасын,
банктердің лайықты несиелік саясатын жетілдіру арқылы адамдардың өмір сүру ортасының
жақсаруына, олардың əл-ауқатының өсуіне, тұтас алғанда елдің әлеуметтік-экономикалық
жəне мəдени өсуіне əкелетіні сөзсіз.
Әдебиеттер
1. Назарбаев
Н.Ә. «Қазақстанның үшінші жаңғыруы:
жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты
2017жылғы ҚР Президентінің
Қазақстан халқына Жолдауы // Экономика,2017.
2.www. stat. kz.