Асетова Ж.Б., Бейсембаева А.М., Медиева С.Х., Шаяхметова М.Н., Айдарбекова К.А.

Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті

Болашақ мұғалімдерге инновациялық білім беру – заман талабы

ХХІ ғасырда қоғам мен мемлекет дамуының ең басты тетігі – білім. Қазақстанның білім беру саласындағы жүйелі өзгерістер әлемдік деңгейдегі болып жатқан жаңашыл бастамалармен үндесіп отыр. Әлемнің жетекші елдерінің көпшілігі білім беру жүйесін, білім берудің мақсатын, мазмұны мен технологияларын оның нәтижесіне қарап бағалайтын болды. Білім берудің қазіргі негізгі мақсаты білім алып, білік пен дағды, іскерлікке қол жеткізу ғана емес, солардың негізінде дербес, әлеуметтік және кәсіби біліктілікке – ақпаратты өзі іздеп табу, талдау және ұтымды пайдалану, жылдам қарқынмен өзгеріп жатқан дүниеде лайықты өмір сүру.

Қазіргі кезеңде әрбір оқытушының алдына қойып отырған басты міндеттерінің бірі –оқытудың әдіс – тәсілдерін үнемі жетілдіріп отыру және жаңа технологияны меңгеру. Ал білім беру жүйесінің алдындағы жаңа міндеттердің бірі инновациялық оқыту технологияларын пайдаланып білім сапасын арттыру  және жұмыс істеу болып табылады. [1, 3 – 5 б.]

Болашақ мұғалімнің инновациялық іс – әрекетке даярлығы – студенттің инновациялық технологияны меңгеруі және болашақта өз  іс – тәжірибесінде пайдалана алуына қажетті жаңа білім, білік, дағдыны игеруі.

Болашақ мұғалімдерге инновациялық білім берудің міндеті – оларды ізденімпаз жаңашыл ұстаз етіп даярлау, күнделікті білімі мен біліктілігін көтеру, өз ісіне шығармашылықпен қарау, меңгерген инновациялық технологияны болашақта өз мектебі мен сыныбының ерекшеліктерін ескере отырып, түрлендіре алу, шағын өзгерістер енгізе білу, өз ісіне сыни көзқараспен қарау, жеткен жетістіктері мен жіберген кемшіліктеріне педагогикалық сараптама жасай алу, өзінің авторлық технологиясын өмірге әкелу, оны әдіснамалық тұрғыдан негіздеу, ұдайы жетілдіріп отыру. Сондықтан болашақ мұғалімдерді жоғары оқу орны қабырғасында жүргенде – ақ инновациялық технологиялар негізімен қаруландыру, инновациялық білім беру бүгінгі күнгі өзекті мәселесі болып отыр.

Қазіргі инновациялық технологиялардың жиі қолданылатыны – ақпараттық технологиялар. Оларды пайдалану барысында көбінесе компьютерді қолданып, сабақты түрлендіріп, студенттердің пәнге деген қызығушылықтарын дамытады. Осындай сабақтар өткізгенде, оқыту процесін дараландырады және студенттердің ойының дербестігі мен белсенділігін арттырады. [1, 3 - 5 б.]

Ақпараттық –коммуникациялық технология электрондық есептеуіш техникасымен жұмыс істеуге, оқу барысында компьютерді пайдалануға, модельдеуге, электрондық оқулықтарды, интерактивті құралдарды қолдануға, интернетте жұмыс істеуге, компьютерлік оқыту бағдарламаларына негізделеді. Ақпараттық әдістемелік материалдар коммуникациялық байланыс құралдарын пайдалану арқылы білім беруді жетілдіруді көздейді.  Ақпараттық технологияның негізгі мақсаты – қолданушы керекті мәліметті өздігінен іздеп табуға талпындыру, яғни іздемпаздыққа үйрету. Сондықтан, бүгінгі компьютерлендірілген ғасырда есептеу техникасының өте жылдам дамып, оны ғылымның кез-келген салаларына қолданып, одан нақтылы нәтижелер алуымызға байланысты ғылым мен білімді одан әрі терең меңгеруде ақпарттық технологияларды қолданғанымыз аса маңызды.

Интерактивті тақта –бұл компьютердің қосымша құрылғыларының бірі және де дәріс берушіге немесе баяндамашыға екі түрлі құралдарды біріктіретін: ақпараттық кескіні мен қарапайым маркер тақтасын біріктіретін құрал. Бағдарламалық – техникалық кешеннің құрамына кіретін интерактивті тақтаны қызықты және динамикалық түрде мультимедиялық құралдар көмегімен студенттің қызығушылықтарын тудыратындай оқуға мүмкіндік беретін визулды қор депте атауға болады. Сабақты түсіндіру барысында тақта алдында тұрып, бір мезетте мәтіндік, аудио, бейне құжаттарды DVD, CD-ROM және Интернет ресурстарын қолдана алады. CD-ROM,Web – түйін мазмұнын қарастыру, ақпарт сақтау, белгі жасау тышқанды ауыстыратын арнайы қалам арқылы жазулар жазу және т.б әрекеттерді жеңіл орындай алады. Компьютерлік техниканы, интернет, компьютерлік желі, электрондық және телекоммуникациялық құралдарды, электронды оқулықтарды оқу үрдісіне тиімді пайлдалану арқылы білім сапасын көтеру.

Электрондық оқулық - бұл ақпаратты жүйенi ұсынушы кiтап, әдiстемелiк және бағдарламалық құрал-жабдықтарды нақты тәртiппен оқыту болып табылады. Оқу процесiн негiзгi факторлармен қарқындандыру электрондық оқулықтың көмегiмен жасалады: жоғары мақсаттық бағыттау; мотивацияны күшейту; оқу мазмұнының ақпаратты көлемiн жоғарылату; оқу-танымдық қызметiн үйренудiң белсенділігі; оқу қызметiнiң қарқындылығын жоғарылату.

Уақыт алға жылжыған сайын адамзаттың қажеттілігі тек материалдық тұрғыдан ғана емес, рухани жағынан да үнемі өсіп, өркендеуді талап етері сөзсіз. Отандық ғылым беру саласы аталған талап тілекті жүзеге асыратын негізгі күш. Осындай қажеттіліктердің бел ортасында тұрған мәселенің бірі - білім берудің жаңа да тиімді әдістемесінің ғылыми теориялық негізін дамыту. Ақпараттық – коммуникативтік технологиялардың келешек ұрпақтың жан-жақты, іскер әрі талантты, шығармашылығы мол, еркін дамуына жол ашатын психологиялық жағдай жасау үшінде тигізер пайдасы аса мол.

Пайдаланылған әдебиеттер:

1.                  К.Ж. Бұзаубақова. Білім берудегі инновациялық технологиялар. Тараз. 2014ж. - - 3 – 5 б.

2.                  Ж.Садуова «Инновациялқ технологияларды білім беруде қолдану».// Білім. Алматы, № 5, 2006ж.  -37 б.

3.                  Нағымжанова Қ. Инновациялық технологияның құрылымы. – А.:Өркен, 2007. – 15 б.

4.                  Көшімбетова С. Инновациялық технологияны білім сапасын көтеруде пайдалану мүмкіндіктері. – А.: Білім, 2008. – 10 – 12 б.

5.                  Н.Амирғалина. «Білім берудің инновациялық технологияларының бірі- тірек конспектілері». // Білім. Алматы, № 4, 2009ж. -  22 б.