ОРАЛХАН БӨКЕЙ
«ҚҰМ МІНЕЗІ» ПОВЕСІНДЕГІ КЕЙІПКЕРЛЕРДІҢ
ҚАРАМА-ҚАРСЫЛЫҒЫ
Қазақстан
Республикасы
Ақмола
облысы
Көкшетау қаласы
А.Мырзахметов
атындағы Көкшетау университеті, шетел тілдері және аударма
ісі кафедрасының оқытушылары: Байсеитова А.Ж., Сагадиева А.Т.
s_aigerim_84@mail.ru
Оралхан
Бөкейдің қаламынан шыққан әр
шығарманың өзіндік сыры мен сымбаты, терең
философиялық ойлары мен қайталанбас әлемі бар. Жазушының ешкімге ұқсамайтын даралығы
мен талантын бірден тануға болады. Шығармаларын оқу барысында
оның айналасындағы құбылыстар мен заттарға
мүлдем басқаша көзқараспен
қарағандығын, әр сөзінде терең ой мен сыр
барын аңғаруымызға болады. Әлем мен адамның
жұмбағы мен тылсымына үңіліп, оларға жауап
іздейді.
Сол ерекше туындыларының бірі
«Құм мінезі» атты повесі. Бұл оқиға ел
бастаған батыр, сөз бастаған шешен жайлы емес, бұл
шөл далада тұратын қарапайым қойшы жайлы. Ол
атақ-даңққа иеленіп,
аты жер жарған адам емес, бірақ оның өз өмірі,
өз қуаныш-күйініші, ішкі жан-дүниесі бар. Өйткені
ол – адам.
Оралхан
Бөкей шығармаларындағы кейіпкерлердің көбі
қарапайым адамдар, ол осы
қарапайымдылық
арқылы өз заманының, сол замандағы адамдар бейнесін жасауға
тырысқан. «Ұлы драматург Б. Шоу «Әрбір талантты жазушы
ең әуелі өз замандастары туралы жазуы тиіс», – деген екен.
Оралхан Бөкей де қолына қалам
ұстағаннан-ақ, өз замандастарының
мұңы мен қуанышын шынайы суреттеуге тер төккен
қаламгер. Бұл ретте автордың өзі де «Әйтеуір, не
жазсам да өз заманымды, сол заманда табан ет, маңдай терін
жұмсап жүрген қарапайым еңбек адамдарын тілге тиек
етуге тырысамын» [1, 4], – деген болатын.
Оралхан
Бөкейдің повесі жайлы айтылған Шерхан Мұртазаның
мына бір сөзінен
артық
ештеңе айта алмаспыз. «...Оралханның көзімен
қарағанда мен бұл құмды өлкені
тұңғыш
көргендеймін. Құмға жан біткен. Құмға
мінез біткен. Құм момақан екен. Құм дүлей
екен. Құм әнші екен. Құм күйші екен.
Құмда да қуаныш, құмда да мұң болады
екен... құмның іші жақсылыққа да,
жамандыққа да, адалдыққа да, арамдыққа да
толы екен», [2, 36]. – дейді. Осы сөзбен-ақ Оралхан
Бөкейдің ұшқырлығы, дарындылығы мен шеберлігі
айтылғандай. Автор құмға жан бітіріп, оны
символдық бейнеге айналдырған.
«Құм
мінезі» повесіндегі кейіпкерлер бір-біріне ұқсамайтын,
дараланған, ерекшеленген бейнелер. Шығармадан байқайтынымыз
ісі адал, мінезі жуас, әрі еңбекқор Бархан мен
жастығына қарамастан айлакер, қу, әрі қатігез
Сейтқұл образдарының қарама-қайшылығы. Олар
– күн мен түн, ақ пен қара, жақсылық пен
жамандық сияқты екі түрлі адамдар. Екеуінің сыр
келбетінен бастап, мінез-құлқы, ішкі жан дүниесіне
дейін қарама-қайшы келеді.
Бұл
орайда Оралхан Бөкей өзінің кейіпкерлері жайында: «Мен
кейіпкердің тым майдалығына, не ол емес, не бұл емес –
жағымды, жағымсыз болып бөлінбейтін
дүбәралығына қарсымын. Қарсы болатын себебім,
монтанақтай жер бетінде ақ пен қара, жаман мен жақсы,
махаббат пен зұлымдық, мансап пен атақ, аштық пен
тоқтық, күн мен түн, тіпті екі система, екі
қоғам өмір сүріп тұрғанда, әдебиетте
ондай көзқарасы мен психологиясы, мінезі мен әрекеті
кереғар екі кейіпкер жасамаймыз деу динамикаға кереғар», –
деген болатын [1, 7]. «Құм мінезіндегі осындай кереғар
кейіпкелерге Бархан мен Сейтқұл образдары жатады. Көркем
шығарманы тереңірек ұғыну үшін біз осы екі
образды талқыға алмақшымыз. Олар бір-біріне ақ пен
қарадай қарама-қарсы екі кейіпкер. Олар екеуі де қойшы,
екеуі де шөл далада тұрады, айналысатын кәсіптері бір,
бірақ екеуінің күн мен түндей айырмашылықтары
бар.
Осы ретте
профессор Бердібай Шалабайдың пікіріне сүйеніп отырғанымызды
айта
кету керек.
«Көркем шығарманы талдау барысында эмоционалдығы
жағынан қарама-қарсы болатын негізгі басты бейнелер
анықталады. Олардың бір-біріне әсері, «күресі»
арқылы шығарманың динамикасы, эмоционалдық
«толымдылығы» жасалады. Олар кейде мәтінде тікелей аталса, кейде
мәтін астарында жасырын тұрады. Осы негізгі бейнелермен
сәйкесетін лексикалық тізбектер де анықталады. Сол
арқылы негізгі бейнелердің мағыналарын тереңдететін не
дәлелдейтін қосымша бейнелер анықталады. Мәтін
мазмұнының тереңіне бастайтын мағыналық
реңктері, олардың түрлі деңгейлерін қамтитын
барлық ассоциялар қатары тізіледі» [3, 279].
Ал енді
шығарманың өзіне көшейік. Мақалада бір-біріне
қарама-қарсы екі кейіпкердің, яғни Бархан мен
Сейтқұл образдарының сырт келбеті мен
мінез-құлықтарын қарастырамыз. Екі кейіпкердің
айырмашылығы байқалатын осы тұстар деуге болады.
Шығармада
Бархан жақсылықтың, ал Сейтқұл
жамандықтың белгісі ретінде алынған. Сонымен қатар
автор бұл екі кейіпкерді қарама-қарсы қойып, антитезаны
немесе
шендестіруді
ерекше қолданған. Енді осы терминді анықтап кеткеніміз
дұрыс болар еді. «Фигураның бір түрі – шендестіру, яки
антитеза (грекше antіthesіs – қарама-қарсылық)
– бір-біріне
кереғар құбылыстарды, мән-мағынасы әр тарап
ұғымдарды, түр-түсі әр бөлек
нәрселерді,
өзара бетпе-бет қою арқылы бұлардан мүлдем
басқа құбылыстың, ұғымның,
нәрсенің
суретін, сыр-сипатын, кескін кейпін анықтау, аңғару, елестету»
[4, 236].
Автор
Барханға арнайы тоқталып, оның сырт бейнесін сипаттамайды,
бірақ шығарманың әр жерінен басты кейіпкердің сыр
келбетіне тән теңеулерді көруімізге болады. Соларды
сұрыптап, жинап ұсынып отырмыз.
«Сексеуілдің
бұтағы секілді тарбиған саусақтары дірілдеп...» [1,
23]. «Замандасының тотыққан тікенек-тікенек жез бетіне аяй
қарады» [1, 22]. «Сейтқұл атын ерттеп тұр екен,
қой қораға бір-бір күрек арқалай жөнелген
самаладай төрт жігіттен тайсақтағандай атының шап тартпасын
тартып бүгежектеп басын көтермеді» [1, 22]. Бұл жердегі
самаладай төрт жігіт дегеніміз Бархан, құдық
қазушы Серік және Серіктің екі көмекші жігіттері. «Ал,
сенде жиырма жыл мал бақсаң да анау есіктей кеудеңе
тағар значок та жоқ [1, 25]. «Бұдаң соң бет аузын
күректей алақанымен құштарлана уқалап
әкелді де, жұдырыққа айналдырып, өз тізесін өзі
нұқыды» [1, 28]. «Иесін жазбай таныған хайуан
сексеуілдің тамыры секілді тарбиған қолын иіскелей бастады»
[1, 46]. «Отағасы десе, құмнан соққан
мүсіндей боп неғып тұрсыз» [1, 47]. «Сіздің анау
түйенің табанындай қолыңыздан бәрі келеді» [1,
53].
Енді осы
мысалдардан Барханның сырт келбетін көруімізге болады. Оның
бойы самаладай немесе құмнан соққан мүсіндей
биік, кеудесі есіктей кең, қолдары көп жұмыс істегендіктен
сексеуілдің бұтағындай тарбиып қалған, ал беті
құмды жердің ыстық желіне қақталып,
тікенектеніп кеткен. Осы қатайып қалған қолы мен
қақталып қалған бет-жүзі ауыр
жұмыстың нәтижесі деуге болады. Бұл – өз ісін
адал атқарып, күні бойы далада қой күзетіп, өз
жұмысымен әуре-сарсаң болып жүрген қойшы
Барханның келбеті.
Ал енді
қоңыстас қойшы, озат шопан Сейтқұлдың
келбетіне назар аударайық.
«...Баяғы
сол көрші Сейтқұлдың сығырайып өзіне
қарап отырған етектей суретін
көреді,
оған жазылған етектей мақаланы оқиды» [1, 16]. «Жастығына
қарамай ерте есейген
кеспелтек
денесі, аласа бойына қонымсыздау іркілдеп, алыстан қарағанда
қорбаңдаған аюға ұқсайтын. Май баса
бастаған соң ба онсыз да қисықтау көзі
шалқамай бетке кіріп, жоғалу сыңайда» [1, 20]. «Су жаңа
кремплин костюмін киіп, жуынып, таранған Сейтқұл
тығыршықтай әп-әдемі жігіт болып шыға келген.
Төртбақ, жұмыр денесі, дөңгелек жүзі,
көзіне міне орналасқан қою қара қасы –
бәрі-бәрі жарасым тауып, ұялмай көрінетін озат
пошымға енген. Әсіресе кеудесінде сылдырлаған орден, медаль,
көркіне көрік қосып, салиқалылық танытқандай
еді» [1, 55]. «Сейтқұл Барханға қарағанда бойы
аласалау, он жас кішілігіне қарамастан денесі тығыршықтай,
көзі қысық, қу әрі жағымпаз адамның
бейнесін береді. Сонымен қатар ол қоңыстасына
қарағанда бет-жүзі сұлу, қою қара
қасты, дөңгелек жүзді екен. Тұла бойында ауыр
жұмыстың ізі де жоқ. Бірақ озат шопан атанып, жыл сайын
марапатқа ұсынылады.
Бархан мен
Сейтқұл екі түрлі адам, біреуі адалдық болса, екіншісі
арамдық, біреуі
еңбеққорлық
болса, екіншісі жалқаулық, біреуі аңғалдық пен
момын мінез болса, екіншісі
қулық
пен бөспе мінез болып отыр.
Шығармада
Барханың момын, адал, кісі бетіне қарсы шығып көрмеген
мінезін
мынадай
үзінділерден көруге болады:
«...жуас
түйе жүндеуге жақсы дегендей мұны қажап,
қайдағы-жайдағыны шұқылап, сұрай беретін
[1, 17]. Жекіп тастамас та еді, өзін майлы шелпек, ит-құс іше
берер жайдақ су көрмесін деген оқыс мінезі-ау» [1, 17-18].
«Анау балаларға біздің қоралардың да қиын
ойғыза сал» дегісі келді-ақ, әттең мінезінде жоқ
бөтендік танытуға дәр шіркін бара алмаған» [1, 19]. «Барханның
міндеті – өз ісіне адал, бүлгек-бүлгек желіп, шаруасын
тиянақты атқару; атақтың, құрметтің;
аяққа тұсау арқаға артық жүк болар
байлықтың, тіпті аспандағы жұлдыздай түнде бар,
күндіз жоқ қылтқып кеп тұрар алдамшы
бақыттың да бұған бес тиындық құны
жоқ» [1, 26]. «Сіз аға, алданбасаңыз алдамайды деп бас
зоотехник айтқан маған» [1, 57].
Ал
қоңыстас көршісі Сейтқұл керісінше өз ісін
жүзеге асырып, Барханның жуастығын пайдаланып, көмекші
шопан дережесінен озат шопан дәрежесіне көтеріледі.
Қулығы әрқашан жүзеге асырып, өз пайдасын
көздеп жүреді.
«Алғашқыда
Барханға көмекші шопан болып жүрді де, кейін келе өз
қолымен үйлендірді де. Қашан қаз тұрып кеткенше
қанатына алған Барханға жалдана, қолдана келе, қорс
етіп мінез көрсететінді шығарды. Бірақ табиғатынан
жуас, кісі бетін қайтарып көрмеген ол кешегі айрандай аптап,
күбідей пісіп, өз үйінде тайраңдап жүрген
жігіттің бұл әбестігіне налып, пәлендей мән
бермеді» [1, 17]. «Кеңкілдеп өп-өтірік күлуі, реті
келгенде кеңірдектеп жеңістік бермей дауласуы, орайы келсе тізеге
салып тізерлеп, омырауға салып опырып жіберер ожарлық
бас-аяғы бес-ақ жылда пайда болды» [1, 20]. «Мына өзіннен он
жас кіші Сейтқұлды қарашы, майға тыққан
күміс қасық секілді, иненің көзінен өтердей
болып, жылпылдап тұр-ау, жылпылдап тұр» [1, 29].
Сонымен екі
шопанның сырт келбеті мінез құлқы, қимыл
әрекетіне дейін өзгешелік
бар екен.
Бұл айырмашылықты автор мына жерінде тұжырымдап кетеді. «Озат
шопан десең де, Сейтітқұл мен Барханның арасында жер
мен көктей өзгешелік бар. Ол
өзгешелік мінез-құлықта да, сырт пошымда да емес шығар. Ол өзгешелік тіпті,
екеуіне ғана тән емес, жер бетінде тырбаңдап
жүрген пенденің бәріне ортақ қасиет пе?» [1, 20].
Екі
кейіпкердің қарама-қарсылығы, бір-біріне
ұқсамайтындығы Оралхан Бөкей шығармаларының
өзгешелігі. Өмірдегі жақсылық пен
жамандықтың күресін шеберлікпен бергендігін көреміз.
Пайдаланған
әдебиеттер тізімі:
1. О.
Бөкей. Екі томдық таңдамалы шығармалар. Бірінші том. Повестер. – Алматы
«Жазушы» 1994. - 496 б.
2. Шерхан Мұртаза. Жеті томдық шығармалар
жинағы - Алматы: Қазығұрт, 2005 . 6-
том.– 432 б.
3. Б. Шалабай. Көркем мәтінді талдау.// КМУ
Хабаршы. Филология сериясы.
Көкшетау № 4 , 2015.
4. З. Қабдолов. Сөз өнері – Алматы:
«Санат», 2002 – 360 б.