Жұбаназар Асанов
филология ғылымдарының докторы
Қазақстан
МӨҢКЕ
Мөңке
өз заманында би, ірі қоғам қайраткері, жырау,
Асанқайғы үрдісін жалғастырушы сәуегей болжампаз
болған адам. Мөңкенің есімін балқы Базар жырау[1,128-б],
Нұрпейіс Байғанин [2,116-б.], Сарышолақ ақын жырға
қосқан.
Ғалымдар
арасында Мөңкеге алғаш назар аударған Ахмет
Байтұрсынұлы еді, ғұлама 1926 жылы өзінің әйгілі «Сауат
ашқыш» дейтін кітабында Мөңкенің бір билігін үлгі
есебінде ұсынады, әрі ол билікті басқа емес, Шекті
Мөңке айтқанына куәлік береді. Мәтіні мынадай: «Шекті
ұлы Мөңке би жеті жасында билік айтып, кісі құны
дауды бітірген екен дейді.
Бір
судың бойына бір бай ауылы келіп қонады. Су бойында бір топ бала
ойнап жүрсе, балаларды келіп ауыл иесі ақсақал
қуалайды. Байдың астындағы асаулау байтал екен.
Балалардың біреуі атын үркітіп қалғанда, байдың
бөркі басынан ұшып, байталдың алдына түскен кезде,
байтал тулап, бай жығылып жан тапсырады.
Байдың
елі балалардан құн алмақ болып жиналады. Үш күн,
төрт күн жатады, бітісе алмайды; бес күн, алты күн
жатады, бітімге келе алмайды. Сөйтіп дағдарып тұрған
уақытта бір тайға мінген жеті жасар бала келеді. Бала қарап
тұрады да, «бұл жұмыстың билігін маған
беріңіздер, мен бітірейін», – дейді. Бала бір айтады, екі айтады,
оның сөзіне баласынып, ешкім құлақ аспайды.
Ақырында ақсақалдар дағдарып: «Осы қой
асығы демеңіз, қолыңа жақса сақадай, жасы
кіші демеңіз, ақылы жақса атадай» деген қайда?
Манағы бала қай бала? Тауып әкеліңдерші!» – деп
іздетіпті. Сұрастырып баланы тауып әкеледі. Баланың аты
Мөңке деген. Бала келіп айтады: «Билікті маған
берсеңіздер, менің айтатын билігім мынау дейді: Ердің
құны жүз жылқы, бұл істе тентек төртеу:
әуелі ойнап жүрген бала тентек, екінші оны қуған бай
тентек, үшінші үріккен байтал тентек, төртінші бастан
ұшқан бөрік тентек. Төрт тентекке жүз
жылқыны бөлу керек», – дейді.
Сонда жүз
жылқының үш бөлімі байдың өзіне
түсіп, бір бөлігін ғана бала жағы төлейді.
Жұрт бала билігіне ырза болады. Сол бала үш жүзге белгілі
Мөңке би атанып, аты аспанға шығады» [3,100-б.].
Оның есімі орыс-қазақ
қатынастарына байланысты құжаттарда таңбаланған,
«Орта жүз және Кіші жүз билері мен батырларының
Нұралы сұлтанды Кіші жүз және Орта жүз
қазақтарына хан етіп тағайындау туралы император Елизавета
ханымға хатына» Шақшақ Жәнібек тархан, Керей Наурыз
билермен қатар қол қойған адамның бірі Шекті
руының Мөңке биі [4]. Демек, Мөңке – ірі
саясаткер. Көрші отырған патшалық Ресейдің даму
тарихын, жүргізіп отырған саясатын, ондағы өндірістік
күштің деңгейін, өндірістік қатынастар сипатын
зерттеген адам. Алда отарлық езгі күтіп тұрғанын біліп:
Көлдің суы кетіп
табаны қалар,
Жылқының
жүйрігі кетіп шабаны қалар.
Жігіттің ақылы
кетіп, амалы қалар,
Әйелдің ұяты
кетіп, ажары қалар.
Сөздің мағызы
кетіп, самалы қалар,
Әулиенің
әруағы кетіп, мазары қалар.
Адамның жақсысы
кетіп, азабы қалар,
Ақылы жоқ,
санасыздың заманы болар, – дейді ойшыл.
Шешендік
өнерді жіті зерттеген ғалым Балтабай Адамбаевтың кітаптарында Мөңкенге
қатысты «Бұл-бұл үйрек, бүл үйрек»
толғауы, «Баланың тапқырлығы», «Құда
мың жылдық», «Түлкім жоғары шық» «Мөңке
мен Сырым бала», «Мөңкенің сұрағына
Сырымның жауабы» дейтін әңгімелер бар. Архив
құжатында Сырым Датұлы сексен жастағы
Мөңкеден бата алыпты деген дерек ұшырасады [5].
Жоғарыда айтқанымыздай, Мөңке
қазақ халқын келешекте не күтіп тұрғанын
болжап бере алды. Ол айтқан «Құрамалы,
қорғанды үйің болады, Айнымалы, төкпелі
биің болады, Халыққа бір тиын пайдасы жоқ, Күнде
бас қосқан жиын болады» деп басталатын шешендік толғауы
профессор Серік Негимовтың «Шешендік өнер» атты оқу
құралына енді. «Алдымен, Мөңке бидің бұл
тақпақтап айтылған толғамы келер заман кейпін кемел
көрегендікпен сипаттаумен ерекшеленеді, – дейді ғалым. – Кесек
ойлар кестелі, ұйқасты тілмен өрнектелген. Болжаудың
әрбір сөзінде суреткерлік сипат бар. Түйінді тұжырым,
бейнелі ой, сұлу сурет, эмоциялық-экспрессивтік қуат бар» [6,125-б.].
Мөңке
– жырау.Төмендегі «Шекті Мөңке би Шеркеш Түрке би, Тана
Нүрке билермен кеңесіп отырып айтты» деген философиялық
толғау Мөңкенің жыраулығын бізге түбегейлі
айқындап бергендей. Өмір тәжірибелерін ойлы түйіндермен
ұштастыра, дәл баламалар тауып суреттеуі жыраулық
өнердің үздік үлгісін аңдатады.
Бұл, бұл
үйрек, бұл үйрек,
Бір тоғайға
қоныңыз.
Қарындаспен,
туғанмен,
Бір туғандай
болыңыз.
Өзіңе кеңес
салғанның,
Өрісі кең болмас
па?
Жатқа кеңес
салғанның,
Жазымға басы кетпес пе?
Жаманнан жесең бір
қамшы,
Ол сүйегіңе жетпес
пе?
Сом, сом жүйрік, сом
жүйрік,
Шұбалаңды шаба
алмас,
Мойнынан жалы кетіп арыса.
Жақсылар жаман болады
Күнінде жасы жетіп
қарыса.
Жамандар жақсы болады,
Дәулеті асып байыса… [7].
Бұл
үзіндіден ескі жыраулық поэзия үлгісін анық
көреміз.
Зар заман
поэзиясының генезис, типология, поэтикасын тұтастай алып зерттеген
белгілі ғалым Бауыржан Омарұлы Мөңке би
шығармашылығының қазақ елі шегінен шығып,
көрші қырғыз елі поэзиясына ықпалы тигендігі жайлы:
«Қырғыз зар заман әдебиетінің көш бастаушысы
Қалығұл Байұлының «Ақыр заман»
толғауы Мөңке бидің өлеңдерімен өте
мазмұндас шығарма. Жердің тақыр болуы,
ағайынның тасбауырлығы, әйелдің ерге
теңелуі хақындағы тұжырымдар екеуіне де ортақ», –
дейді [8,166-б.] .
Қырғыздың
атақты ақыны Арыстанбек Бұйлашұлының (1824-1878)
қазақ Қаңтарбаймен айтысқанда:
Мөңке бий
айтқан кеп эле,
Арыстанбек
кимнен кем эле,
Санат
сөзүм сан эле,
Санжыра
сөзүм қап эле, – [8,166-б.]
деуі, Мөңке би мұраларының қазақтан асып,
қырғыздың әйгілі ақындары
шығармашылығына шоң әсер еткеніне нақты
дәлел. Әрі Мөңкенің шешесі
қырғыздың қызы болғандықтан, бұл
жағдайдың ықтималдығы арта түседі.
Қазіргі күнге
Мөңкенің төрт күйі жеткен. Құрманғазы атындағы мемлекеттік
академиялық халық аспаптары оркестрінің көркемдік
жетекшісі, профессор Тұяқберді Шәмеловтың ол күйлерді нотаға түсіріп,
оркестрдің репертуарына қосқан. Ұрпақтарының
айтуынша, әулие сексен бір жасында дүниеден өткен.
1.
Маданов
Х. Кіші жүз шежіресі. – Алматы: Атамұра, 1994
2. Байғанин Н. Таңдамалы. – Алматы: Жазушы, 1991
3. Байтұрсынов А. Тіл тағылымы. – Алматы: Ана
тілі, 1992.
4. АВПР Ф.122,
5. Білім және ғылым министрлігінің
Орталық Ғылыми кітапханасы, 137-бума, 6-дәптер.
6. Негимов С. Шешендік өнер. – Алматы: Ана тілі, 1997.
7. Адамбаев Б. Шешендік сөздер. – Алматы: Отау, 1992
8.
Б. Омарұлы. Зар заман поэзиясы.
Алматы: Білік, 2000.