Байырова Ш.Р.

М.Ауезов атындағы орта мектеп, Қазақстан

 

ЛАТЫН ӘЛІПБИІНЕ КӨШУДІҢ МӘСЕЛЕЛЕРІ

 

Латын әліпбиіне негізделген қазақ жазуы қазаққа керек пе, жоқ па? Көше қалсақ, бізге не береді? Бүкіл қазақ халқының көкейіндегі сұрақ осы. Ұтамыз ба, ұтыламыз ба? Шыққан қаражат орны тола ма, әлде толмай ма? Ең бастысы, өзін ғана емес, елін де, ұлтын да ойлайтын зияткерлік ұлтты қалыптастыруға бұл әліпбидің титімдей болса да септігі тие ме? Міне, осы сұрақтан келетін болсақ,  күні бүгінге дейін шешілмей жатқан біраз жайттарға тап болатынымыз анық. Бірнеше ғасыр бойы қазақ халқы араб графикасына негізделген әліпби жүйесін пайдаланып келген. 1929-40 жылдар аралығында латын графикасына негізделген әліпбиді жазу жүйесіне енгізіп, 1940 жылдан бері қарай кирил графикасы әліпбиін қолданып келеді.

Еліміздің президенті Н.Ә. Назарбаев өз жолдауында латын әліпбиіне көшу мәселесін айтып өтті. Шын мәнінде, бұл мәселе өз шарықтау шегіне жеткен болатын. Латын әліпбиіне көшу мәселесінің айтылып келе жатқанына біраз уақыт болғанын көпшілік жақсы біледі. Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін қазақ тілшілері осы мәселені қозғап, орыс жазуына негізделген қазақ жазуының әліпбиінен латын әліпбиіне көшу туралы жазған еді. Сол кезде кей ғалымдар көне түрік жазуын қолдаса, кейбіреулері Қытай, Монғолия, Иран, Түркия, Ауғанстан мемлекеттерінде тұрып жатқан қандас бауырларымыздың араб жазуына негізделген қазақ жазуын қолданып жүргенін ескеріп, араб графикасына негізделген қазақ жазуын қолдаған болатын. Дегенмен де, сол кездің өзінде-ақ, латын жазуына негізделген әліпбиді қолдағандар басымырақ болғаны жасырын емес. Бүгінде бұлардың қатары көбеймесе азаймағаны анық.

К.Хұсайын, Ә.Жүнісбек бастаған арнайы комиссия латынға көшу бағдарламасын әзірлегені көптеген тілшілерге белгілі. Латын әліпбиіне көшуді қолға алатын уақыт жеткенін «Ана тілі» үнжариясында №53 саны 27 желтоқсанда жарық көрген профессор Ә.Жүнісбектің «Латын қарпіне көшуден ұтарымыз көп» атты мақаласын оқып шыққан өзін қазақпын деп санайтын әр адамның түсінуі керек(1).

Кейінгі тарихқа көз салсақ, латыннан бұрын қазақ тілінің таңбалық жүйесін жасауды шетелдік ғалымдар кириллицадан бастағаны белгілі.  «Қазақ жазуының теориялық негіздері» атты  2010 жылы жарық көрген зерттеуінде Қ.Күдеринова қазіргі кириллицаға негізделген әліпбидің жобалары 19-ғасырдың соңына қарай жасала бастағанын жазады(2

Бүгінде тіліміздің сөйлеу жүйесін бұзып отырған орыс қаріптерін Н.И.Ильминскийдің қолданбауы қазақ дыбыстарының орыс дыбыстарынан мүлде бөлек екенін аңғаруында жатса керек. Қ. Күдеринова ол туралы: «Оқымысты тарапынан осындай сынға ұшырағанмен Н.Ильминскийдің орыс графикасымен берген қазақ әліпбиінің қазақ тілі дыбыстар жүйесін белгілеуде артықшылығы бар», – деп жазады. Ал елімізде 1927 жылы әуелі Ташкентте, сосын Қызылордада өткен конференцияларда араб графикасын жақтағандар: А. Байтұрсынов, І. Ахметов, Е. Омаров, Ә. Байтасов, ал Ә.Байділдаұлы, Т.Шонанұлы, Ә.Ермеков тағы басқа оқығандар латын әліпбиін қолдады.

Болашақта латын әліпбиіне көшкенде 26 әріппен көшсек қана біз тілімізді өзінің үндесік заңы негізінде сақтап қала аламыз. Ал 42 әріпті ауыстыра салу, «бір адым алға, екі артқа жүру» дегенге алып барары сөзсіз. Зияткерлік ұлтты қалыптастыруда латын әліпбиіне тек осылай ғана көшу өзінің игі нәтижесін берері сөзсіз. Басында латын әліпбиіне 26 әріп бойынша көшу мынадай қиындықтар туғызатыны анық:

1) өз қазағымыздың өзі бір күнде «сауатсыз» болып қалатындай жағдай туындайды;

2) басқа ұлттардың түсінбестігі туатыны анық;

3) орфографиялық нормалар тұтасымен өзгеретіні барлық халыққа қиындық туғызады;

4) қаражат жұмсалады;

5) жер-су атауларын қайта жазу мәселесі дау-дамай тудырады;

6) бұрынғы тарихымыз, мәдениетіміздің мол мұрасы, кітаптар болашақ ұрпаққа түсініксіз болып қалуы ықтимал.

Дегенмен де латын әліпбиіне 26 әріп бойынша көшсек қазақтың болашақ таза қазақтық ұлтын қалыптастыратынымыз айдан анық. Латын әліпбиіне осылай көшсек мынадай жақсылықтарға жетеміз:

1) қазақ тілінің басты үш дыбыстық заңы, атап айтқанда, буын үндестік заңы, дыбыс үндестік заңы, ерін үндестік заңы бұзылудан сақталады;

2) акцент пайда болып, дұрыс интонация нығая бастайды;

3) кірме лексика, термин сөздер үндестік заңдарына бағынады, мәселен: стартер – сартер.

4) бірінші кластан бастап балалардың басын ауыртып келе жатқан, емлетануда қиындық туғызып жүрген, қазақ сөздерінде ешқашан дыбысталмайтын және болмайтын басы артық 16 әріптен құтыламыз.

5) сөйлеу мәдениеті көтеріліп, орфоэпиялық нормалар орфографиялық нормаларды ығыстыра бастайды, соның негізінде зияткерлік ұлт негізі қалыптаса бастайды.

6) латын әліпбиін меңгеру ақпараттық кеңістікке шығуды жеңілдетеді, яғни ғаламтор жүйесін халқымызға ана тілінде меңгеруге жол ашады.

7) басқа елде тұратын қандастарымызға өз тілінде ақпарат алуды жеңілдетеді.

Жалпы әлемдік елдермен бәсекеге түсуде елімізге керек басты қарудың бірі – латын әліпбиіне негізделген қазақ жазуы болса керек. Әлемдегі басқа ұлттармен бәсекеге түсуде қазақ ұлтына қажетті нәрсе жалпы зияткерлік мен әлемдік деңгейдегі білім.

 

Әдебиеттер:

1.Ә.Жүнісбектің «Латын қарпіне көшуден ұтарымыз көп» атты мақала. «Ана тілі» үнжариясыа № 53 саны 27 желтоқсан

2.Күдеринова Қ. Қазақ жазуының теориялық негіздері. – Алматы, 2010, 115 б.]