Көкеева  Роза Тұрсынқызы

Қарағанды қаласы, «Erfolg» ОО, МЕМ

                                         қазақ  тілі мен  әдебиеті   пәнінің  мұғалімі

Қазақ тілі сабақтарында оқушылардың сөздік қорын байытуды оқу-танымдық әрекет арқылы жүзеге асыру жолдары

«Мемлекeттік тілді үйрету

балабақшадан басталуы тиіс.

Бұл заман талабы»

Н.Ә. Назарбаев.

Замануи білім беру жүйесінің басты мақсаты – бәсекеге қабілетті маман дайындау. Елбасымыз Н.Ә. Назарбаев « Болашақта еңбек етіп , өмір сүретіндер- бүгінгі мектеп оқушылары, мұғалім оларды қалай тәрбиелесе Қазақстан сол деңгейде болады. Сондықтан ұстазға жүктелетін міндеттер ауыр» деп атап өткендей, ХХІ ғасырдың жан-жақты зерделі, дарынды, талантты адамын қалыптастыру бағытындағы білім беру мәселесі мемлекетіміздің басты мақсаты.

Танымдық әрекет – шәкірттің ізденіп, білім алуына бағытталған белсенді ақыл-ой қызметі. Оқушылардың оқу-танымдық іс-әрекет белсенділігі оның жеке бас ерекшелігіне ғана қатысты емес, сонымен қатар мұғалімнің теориялық сауаттылығы мен шеберлігіне байланысты. Мектеп оқушыларының оқу-танымдық іс-әрекеттерін жетілдіру проблемасына көптеген педагогтардың, психологтардың еңбектері арналған. Психологтардың зерттеулеріне қарағанда, оқу-танымдық құзіреттіліктің қалыптасуы әлеуметтік ортамен және жеке тұлғаның танымдық қажеттілігін оятуға ынталандыратын оқу және тәрбие үрдісі, сондай-ақ оның жеке басының белсенділігімен, ұжымдық іс-әрекет рөлімен, оның ұстаған мақсат – мүддесімен үндесе жүретін күрделі үрдіс.

Профессор Ж.Қараев танымдық белсенділікке мынандай анықтама берген. Танымдық іс-әрекет белсенділігі деп, мотивациялық – тұлғалық, мазмұндық-амалдық және процессуалды-жігерлік бөліктерінен тұратын тұлғаның интегралдық құрылымын, сипаттамасын айтамыз [1].

Еліміздің білім беру саласындағы түбірлі өзгерістер мектеп мұғалімдерінің, жалпы оқытушы қауымының шығармашылықпен жұмыс істеуіне үлкен жол ашуда. Олар өздерінің іс-тәжрибелерінде сабақтың көптеген тиімді түрлерін кеңінен пайдалануда. Демек, қазіргі заманғы оқытудың және шығармашылық еңбектің басты нышаны-сабақты түрлендіріп өткізу.

Оқушының оқу-танымдық іс-әрекеттерін, құзыреттілігін қалыптастыру үшін әр оқушының өзіндік қабілетін, танымдық үрдісін білу қажет. Таным – бір-бірінен ажырамас, тығыз байланыстағы екі компоненттің қатынасын көрсететін күрделі үрдіс.

Бірінші компонентке- баланың қабылдаған мәліметтері, қоршаған ортадағы болып жатқан құбылыстар және әлі де алынатын, талданатын, қорытындыланатын ақпараттар жатады.

Яғни:

-Баланы не қызықтырады, ол қоршаған ортадан нені танығысы келеді;

- Бала ақпаратты қалай алады: таным түрлері (ойлау, есту, көру т.б.) құралдары туралы айтылады.

- Бала ақпаратты қалай қорытады: жас ерекшелігіне байланысты жүйелеу, жинақтау, реттеу және т.б.

Екінші компонент – адамның ақпаратты қатынасы.

Мұнда оқушыда кез-келген ақпаратты алғаннан кейін немесе мәтінді алғаннан кейін сол мәліметке қатысты өзіндік көзқарас туындайды. Яғни, адамның ішкі жан дүниесінде сезімдік, эмоционалдық із қалдырады, сол себепті мұғалім берілетін ақпараттарға жағымды қатынас туындатып, білімнің негізін қалайды. Мұғалім оқушының оқу-танымдық құзыреттілігін қалыптастыру үшін, танымдық үрдіс (ойлау, есту, зейін, қиял) деңгейлерін анықтауы қажет. Оқу –танымдық құзыреттіліктерін мұғалімнің шеберлігіне байланысты бірнеше деңгейде қалыптастыруға болады.

Жалпы оқу-танымдық құзіреттілік – бұл жеке басына маңызы бар және әлеуметті қажетті танымдық мәселелерді шешудегі оқушының өзі басқара алатын, сол мәселені шешу барысында оқушы белгілі бір білім, білік дағдыларға ие болу. Оқушы оқу-танымдық іс-әрекеттің субъектісі болады, себебі оқушы үшін бұл іс-әрекет маңызды, оның қажеттілігін және әлеуметтік маңызды танымдық мәселелерін шешеді. Қазақ тілін өзге ұлтқа оқытудың сапасын арттыру мұғалімнің оқыту әдісін ұтымды таңдауына байланысты. Мақсаттар жүйесі жеке тұлғаны танымдық, ойлау, эмоциялық, қатысымдық әрекеттерге дайындауға және оны жүзеге асыруға, сондай-ақ өзін-өзі тануға бағытталған.

Қазақ тілі сабағында оқушының оқу-танымдық құзіреттілігін қалыптастыру үшін, ең алдымен қазақ тіліне деген қызығушылығын артырудың жолдарын іздестіруіміз керек. Сондықтан, тіл үйренушілердің тілге қызығушылығын, олардың ойлау, есте сақтау қабілеттерін дамыту негізіне бағытталған, яғни оқу-танымдық құзіреттіліктерін қалыптастыруда қазақ тілінде сөздік қорды байытуға байланысты жұмыс түрлерін дұрыс пайдалану маңызды рөл атқармақ. Оқушылардың сөздік қорын байыту мақсатында көптеген әдіс тәсілдерді ұтымды пайдалану – осы бағытта жүргізілген жұмыстың нәтижелілігінің кепілі. Сабақ барысында, тақырып аясында тек жаңа сөздермен таныстырып, олардың суретін көрсетіп, оқушылардың санасында бекітіп қана қоюмен шектелмеу керек, сонымен қатар басқа да шығармашылық бағыттағы , сыныптан тыс іс шаралар жұмыстарын ұйымдастыру қажет. Жаңа таныстырылған сөзді оқушының белсенді сөздік қорында бекіту үшін, оның лексикалық мағынасы, көп мағыналылығына тоқтала отырып, ол сөздің синонимдерін мысалға келтіріп, дәптерлеріне жазғызу, омонимдерін, антонимдерін тапқызу және оларды сөйлем ішінде дұрыс қолдануға бағытталған әр түрлі жаттығулар жиынтығын да ойластыру қажет. Өз тәжірибемде жиі пайдаланып жүрген бірнеше жаттығулар мен тапсырмаларға тоқтала кетейін. Бастауыш сыныптарда қазақ тілі сабақтарында оқушылардың оқу-танымдық қызығушылығын арттыру және сөздік қорларын байыту мақсатында жиі заттық және сюжеттік суреттерді жиі пайдаланамын. Бұл оқушылардың көру мүшелері, есту мүшелерінің бірігуі арқасында есте сақтауына, сөздің санасында бекуіне мүмкіндік туғызады. Белгілі бір тақырып аясында заттық суреттер, мысалы «Оқу құралдары» тақырыбы аясында олардың суреттерімен жеке-жеке таныстырып, естеріне сақтағаннан кейін барып, келесі сабақта оқу-құралдары бейнеленген сюжеттік сурет көрсетемін. Сурет бойынша сұрақтар қою арқылы оқушылар жаңа танысқан сөздерін сөйлем ішінде қолдануды тәжірибеге енгізеді.

Лексикалық материалды еске сақтауға арналған тәсілдің бірі – сөздерді мағынасына қарай топтастыру. Топтастыру заттардың сипаты мен сынына қарай асырылады. Алдымен сөздерді тақырыпқа сай бөлеміз, тапсырма әрине оңайдан қиынға қарай жүйеленеді. Мысалы: «Мектеп», «Отбасы», «Ойыншықтар», «Жан-жануарлар», «Құстар», «Киімдер», «Жыл мезгілдері» тағы басқа да тақырыптарға байланысты сөздерді жазғызу немесе сөздерді бере отырып, оларды жалпы тақырып аясында жинақтау сияқты тапсырмаларды орындатамын.

1-тапсырма: «Отбасы» тақырыбына байланысты сөздерді жаз.

2-тапсырма: Төмендегі сөздерді «Ойыншықтар», «Құстар», «Киімдер» тақырыптары бойынша жинақтап жаз.

Жейде, тауық, тон, қолғап, үйрек, қуыршақ, сиыр, лақ, көгершін, лото, текше, құлақшын, бота;

3- тапсырма: Берілген сөздердің қатарындағы артық сөзді тап.

1. қалам, сызғыш, кітап,дәптер,шалбар;

2. тақта, бор, қалам, қарындаш, ұшақ;

3. әже, ата, әке, ана, түйе.

Бұл жаттығулар оқушылардың назарын сөздердің лексикалық мағынасына аудартып қана қоймай, олардың қолданылу ерекшеліктері мен талдау-жинақтау дағдыларын да қалыптастырады.

Сонымен қатар қазіргі таңда Елбасының үш тұғырлы тіл мәдени бағдарламасына байланысты сөздердің орыс, ағылшын тілдеріндегі баламаларын да қатар беріп есте сақтатқызу оқушылардың пәнге деген және танымдық қызығушылығын арттырары сөзсіз.

Қазақ тілі-өз ішінде салаларға бөлінетін,өзіндік сыры мен қыры көп, күрделі және бай тіл. Оның барлық сыр-сипатын, салаларын бірден тану, білдіру мүмкін емес, сол себепті тілдік материалдар өз жүйесі бойынша жеңілден ауырға, белгіліден белгісізге деген ұстанымдарды есепке ала отырып үйретіледі.

Қазіргі таңда қазақ тілі мемлекеттік тіл мәртебесін алып отырғанда, басқа ұлт өкілдерін қазақ тіліне үйрету екі бағытта жүргізілуі тиіс, біріншісі- олардың ауызекі байланыстырып сөйлеу тілін дамыту бағытында, екіншісі-осы ауызекі сөйлеу тілін сауатты жаза білу бағытында. Оқушылардың сауаттылығын дамыту мақсатында көптеген жұмыс түрлерін өзімнің іс-тәжірибемде кеңінен қолданып келемін. Ондағы мақсатым-оқушыларды сауатты жаза білуге үйрету. Қазақ тілінде сауатты, жақсы жетік сөйлеу үшін сөздерді бір-бірімен байланыстырып қана қоймай, сауатты жаза білу де міндет. Сауатты жаза білуге үйрету арқылы мұғалім оқушыға жазу,жазбаша тіл мәдениетін қалыптастырумен қатар, жазылым арқылы ауызекі сөйлеу тілін де дамытады (2).

Оқушыларды сауатты, көркем жазу мәдениетіне үйрету үшін оқулықта берілген жаттығу, тапсырмаларды орындап қана қоймай, оқушының жас ерекшелігіне сәйкес түрлі жазылым жұмыстарын түрлендіре жүргізіп отыру қажет. Ол үшін мұғалім ең алдымен сөздікпен жұмыс түрлерін жүйелі және қызықтыра меңгерте білуі шарт. Күнделікті сабақта қолданып, үйретілетін жаңа сөздерді ауызша қайталап, түсіндіріп, аудармасын айтқан соң, сөздік дәптерлеріне жазғызып, келесі сабақта сол сөздерді сұрау керек. Жаңа сөздерге байланысты мәтінді оқытып, сол сөздердің жанына синонимін, ононимін, антонимін көрсетіп жаздыру қажет. Бұндай әдісті қолдану кезінде әрбір оқушының мәтінді оқуға қызығушылығы артып, орындауға деген ынта-жігері байқалады және танымдық белсенділіктері артады. Өйткені сөздік жұмысын жүргізу арқылы оқушы жаңа сөздерді естеріне сақтайды, ұтымды жерінде пайдаланды осы арқылы олардың сөздік қорлары молайады.

Сабақ барысында және сабақтан тыс кездерде әр түрлі қызықты материалдарды жиі пайдаланамын. Оқушылардың сөздік қорын толықтыру мақсатында әр түрлі тақпақтар, жұмбақтар, жаңылтпаштар қолданамын. Сонымен бірге тәжірибемде жиі қолданылатын лексикалық кестелер сөздің мағынасын түсіндіруге, оқушының сөздік қорын дамытуға, лексикадан ауызша және жазбаша жаттығу жұмыстарын жүргізу үшін қолданылады. Лексикалық кестелер мазмұны жағынан әр түрлі болады. Өрнектелуі және жасалуы жағынан кейде сөздің тізімі болуы да мүмкін. Мысалы, сөз және оның мағынасы, сөздің тура және ауыспалы мағынасы, омонимдер, синонимдер, антонимдер, қазақ тілінің сөз байлығы туралы, басқа тілден енген сөздер, көнерген сөздер (архаизмдер) мен жаңа сөздер (неологизмдер), жалпылама қолданылатын сөздер, мақалдар мен мәтелдерге, сөздіктер.

Осындай мақсатта жасалған кестелер оқушылардың сөздік қорын молайтумен бірге, грамматикадан, орфоэпиядан, орфографиядан тіл дамыту жұмыстарын ұйымдастыруға мүмкіндік береді.

Фонетикалық және орфографиялық кестелер жазылуы және айтылуы қиын сөздерді меңгерту үшін қолданылады [2]. Әсіресе фонетика тарауын өткен кезде дыбыстар жүйесін саналы меңгерту көптеген ұйымдастыру және шығармашылық жұмыстарды қажет етеді. Сөздерді фонетикалық талдау жасау, дыбыстарды дауысты, дауыссыз дыбысқа бөліп, сөздерді жуан, жіңішке, кірме сөз екенін ажырата алады. Дыбыстардың реттік санын, қазақ тіліндегі төрт жалғауды, жалғаулар қай дыбыстан соң жалғанатынын біледі. Оқушылар сөздерді буынға бөліп, буындарды ажырата алады. Әрбір оқушыға ереже таратылып, ережені қолдана алады.

Оқу орыс тілінде жүретін мектептерде оқушыларға қазақ тілінен үйретілетін сөздер біріншіден, белгілі бір лексикалық тақырыптарға, екіншіден грамматикалық материалға қатысты болады, сол себептен қазақ тілі сабағы әрі тілдік, әрі әдебиеттік оқу материалдарын қамтиды. Қазақ тілі сабағындағы сөздік қорды дамыту  жұмыстары көптеген әдіс – тәсілдер арқылы жүзеге асады. Олардың қатарына – сұрақ- жауап, сөйлесу, әңгімелесу, әңгіме, түсінігін айтқызу, көрнекілік, аударма, кітаппен жұмыс, мәтінмен жұмыс әдістері, сурет бойынша әңгімелеу. Өздеріңіз көріп отырғандай, атқарылған жұмыстардың нәтижесінде оқушылардың қазақ тілі пәніне деген ынтасы көтерілді және танымдық белсендіктері артты.

Сабақтың қызықты өтуі-мұғалім жұмысының нәтижелі болуының алғы шарты. Сөз соңында айтарым, оқушының ауызекі сөйлеу тілін болсын, жазбаша сөйлеу тілін дамыту болсын мұғалім ұйымдастырылған жұмыс түрлерін жан-жақты ойластырып, оларды түрлендіріп жүргізу қажет.

 

Әдебиеттер тізімі:

1. Қазақ тілін оқыту әдістемесі: авторы Б.Құлмағамбетова, А.Исанова, М.Исинғарина, М.Көккөзова, Р.Құрманғалиева, П.Айтжанова. Алматы: «Білім» 2000.

2. Турмаханова С.Ә. Оқушылардың сөздік қорын байытудың теориялық, әдістемелік негіздері. Алматы:  Жания-Полиграфия 2006.