УДК 34.06

 

Несіпбай А.Қ., Жақып Б.С., Көшербай А.

Аға оқытушы Н.Ж. Сарсенбеков

ҚарМТУ, Қарағанды қаласы, Қазақстан Республикасы

 

Құқық негіздері пәнін оқытудың негізгі проблемалары

 

 

Еліміз құқықтық демократиялық мемлекет құрып жатқандығын жария етіп, оны Ата заңымыздың бірінші бабында заңдастырғаны бәрімізге белгілі. Құқықтық мемлекет – ұзақ тарихи дамудың жемісі. Ол үрдіс күрделі, қиын, әрі сан – салалы. Мол қаржыны, жалпы мемлекеттік деңгейдегі ұйымдық – құрылымдық шараларды, бүкіл педагогтар, зиялылар қауымының қажыр – қайратын, рухани  ізденістеріне мұқтаж. Демек ел, ұрпақ тағдыры үшін маңызы мен жауапкершілігі айрықша білім беру ісіне барлық деңгейдегі мемлекеттік органдардың бетбұрысы, қамқорлығы керек. Бұл жөнінде Президентіміз Н.Ә. Назарбаев «Қазақстан – 2030» жолдауында негізгі бағыттарды айқындады. Сол бағыттардың бірі – жоғарғы құқықтық сана мен құқықтық мәдениет. Осы екі элементтің іргетасы азаматтарда алдыменен отбасында қаланса, содан кейін мектеп қабырғасында жалғасын табады.

1995 жылы маусым айында елімізде жаппай құқықтық білім беруді жүзеге асыру жөніндегі шаралар туралы қаулы қабылданды. Қаулыда құқықтық оқуды мектептерде бастауыш сыныптардан бастап неғұрлым кең көлемде енгізу қажеттігі аталды. Бұдан шығатын тұжырым не? Ол тәуелсіздік тұғырына көтерілген Қазақстанның алдында білім беру саласында жаңа қажеттіліктердің туындауы. Ғылым мен техниканың тез даму қарқыны, өндіріске шетелдік және отандық озық, жаңа технологиялар мен әдістердің енуі, қоғамның жаңа экономикалық қатынастарға көшуі республикамызда білім беру саласында жүргізіп жатқан реформалық  өзгерістерді жетілдіруді, білім сапасын арттыруды міндеттейді.

Қазіргі «Білім туралы» заңның талаптарын орындау әлі де сан қырлы экономикалық- материалдық, ұйымдық, кадр, құқықтық -–нормативтік шараларды жүзеге асыруды қажет етеді. Бүкіл қоғам, жалпы жұртшылық болып күш салатын істер шаш етектен. Солардың ішіндегі ең күрделісі, ең маңыздысы – құқықтық сауатты азаматтарды дайындау. Құқықтық сауатты адамдар қылмысқа ұрынбауға әрекеттенеді. Өмір сүрудің тиімді жолдарын өз бетімен шешуге үйренеді. Азаматтық құқығын жете меңгергендер ғана қолайсыз көріністерге бой алдырмайды.

Тиімді білім беру жүйесін қабылдау үшін қазіргі білім беру жүйесін қоғамның даму мақсатына сай қалыптастыруға бағыттауымыз тиіс. Құқықтық білім берудің міндеті – дүниеге этикалық жауапкершілікпен қарайтын, шығармашылық ойлауға дағдыланған, дүниетанымдық мәдениеті жетілген, адамгершілігі мол және білікті маман даярлау болып табылады. Осындай мақсаттарға жетуде Қазақстан мемлекеті және құқығы негіздері курсын мектеп қабырғасында оқытудың қажеттігі артуда.

Қазіргі кезде жас оқытушылар тобы өз жұмыстарын жаңа қоғамға, яғни қоғамдық жаңа өзгерістерге лайықтап бастап отыр. Қазақстан Республикасының 2015 жылға дейінгі білім беруді дамытудың тұжырымдамасында: «Қазіргі кезде әлемдік қауымдастықтың Қазақстанды нарықтық  экономика елі ретінде танып отыр. Тәуелсіздік алған қысқа тарихи кезең ішінде Қазақстан тарихи сілкініс жасады, әлемдік өркениетпен ықпалдануда, жаңа прогресшіл технологияларды пайдалануда. Елдің әлеуметтік даму болашағы анықталған.Қоғамдық қарым – қатынастар жүйесіндегі өзгерістер өз кезеңінде білім беру ісіне ықпал етеді және оны жаңа тарихи кезеңнің шақыруына бірлесіп іс жүргізуді, әрі соған сай жауап беруді талап етеді және де тұтастай алғанда экономикалық даму қажеттіліктеріне сай болуы тиіс».

Құқықтық мемлекеттің талабына сай жаңа азаматты және жоғары дәрежелі, білікті мамандарды қалыптастыру мектеп қабырғасында алған білімге байланысты. Мектепте «Құқық және экономика негіздері» пәнін оқытудың сапасын анықтайтын маңызды факторлардың бірі – «Құқық және экономика негіздерін оқыту әдістемесі» пәнінің ғылыми тұжырымдалуы және әрбір мұғалімнің осы теорияны меңгеру дәрежесі болып табылады. Тек қана дұрыс анықталған әдістемелік теория мұғалімді құқықтық – нақты іс –тәжірибе жолына бағыттайды. Сондықтан «Құқық негіздері» курсының пәнін, міндеттерін, қызметтерін анықтап алу қажет.

«Құқық және экономика негіздерін оқыту әдістемесі» пәні өзінің міндеттері етіп мыналарды қояды:

-                     оқытудың тиімді әдістерін пайдалана отырып құқықтық және экономикалық білім беруді жүйелеу;

-                     құқықтық және экономикалық ғылым материалдары негізінде оқушыларды тәрбиелеу.

      Құқық және экономика негіздерін оқыту әдістемесін қай ғылымның қатарына жатқызуған жөн, заңдылық немесе педагогикалық? Құқық және экономика негіздерін оқыту әдістемесін  ғылыми пән ретінде оқытудың сипатын анықтау осы мәселені дұрыс шешуге тығыз байланысты. Құқық және экономика негіздерін оқыту әдістемесі психология және педагогика ғылымдарына сүйене отырып құқық және экономиканың негізгі жағдайларын қолдануда нақты мәселелердің түйінін шешеді. Психология мұғалімге оқушылардың жас ерекшеліктеріне байланысты психикалық ерекшеліктері мен заңдылықтырын ұғынуға көмектеседі. Сонымен бірге психология мұғалімге өте қажетті , негізгі ғылыми мынандай мәселелерге  көңіл бөлуге әсерін тигізеді: оқушылардың ойлауы мен сөйлеуін, есте сақтауы мен елестетуін дамыту. Бұл мәселені шетте қалдыру мұғалімнің оқушылар тарапынан дұрыс жауаптар алуында қиындықтар тудырады. Мысалға алатын болсақ, мұғалімнің оқу материалдарын таңдап алуы, көрнекі құралдарды жасап, қолдануы, заңдылық  актілерді есте сақтауы, сабақ барысында сөйлеуі,оның ұзақтығы т.б.  мәселелер оның жас өспірімдер психологиясының жалпы және ерекше бөлімдерін меңгеріп алмай мүмкін емес.

Құқық және экономика негіздерін оқытудың әдістемесін оқытуда педагогика ғылымының алатын рөлі өте зор. Педагогика психология ғылымына сүйене отырып мектепте тәрбие және  оқыту мәселесін қоғамдық – саяси және ұйымдасу – педагогикалық жағдайға негіздеп қарастырады. Құқықтық және экономикалық тәрбие берудің маңыздылығының артуына мән берілуінің де ерекшелігі бар, сондықтан Құқық және экономика негіздерін оқыту әдістемесі пәні  педагогикасыз өзінің оқыту жүйесін құра алмайды. Ол мектептің негізгі міндеттеріне сәйкес оқу – тәрбие жұмыстарының жалпы қааағидаттары мен жалпы әдістерін жасап береді. Атап айтсақ сабақтың қойылуына, оқу құралдарына талаптар қояды. Бірыңғай жүйе шеңберінде Қазақстан Республикасы мемлекеті және құқығы негізін оқыту әдістемесінің өз орнын, өзінің қызметін анықтайды. Өз алдына құқықтық оқыту мен құқықтық тәрбиені қоя отырып Құқық және экономика негіздерін оқыту әдістемесі өзін педагогика ғылымдарының бір бөлігі ретінде қарастырады.

Құқық негіздерін оқытудың әдістемесі – құқықтық білімдерді игеру арқылы жастарды оқыту және тәрбиелеуді мақсат етіп қойған ғылымдардың мазмұны мен қағидаттарына сүйеніп мемлекет пен құқықтың пайда болып, экономикалық даму заңдылықтарын оқытатын педагогикалық ғылым екені белгілі. Бірақ, Құқық негіздерін оқыту әдістемесі педагогикаға сүйене отырып мемлекет пен құқықтың жалпы мазмұнын зерттеу арқылы өз оқыту үрдісін құрады.

Құқық негіздерін оқытудың әдістемесінің негізгі міндеті – заң ғылымдарының негізінде оқушыларды терең құқықтық біліммен қамтамасыз ету және құқықтық, экономикалық саналы, мәдениетті адамдарды тәрбиелеу. 

Аталмыш мәселелер сәтті шешілу үшін құқық және экономика негіздерін оқытудың әдістемесі заң ғылымдарының мазмұнын талдайды, одан мәнді айғақтарды, ұғымдарды, негізгі заңдылықтарды аталмыш ғылымдардың жинақтылық негізі ретінде қарастырады. Мемлекет көлемінде шығарылып жатқан құқықтық – нормативті актілерді, келеңді көзқарастарды басшылыққа ала отырып құқық және экономика негіздерін оқытудың әдістемесі мектеп оқушыларын ең алдыңғы қатарлы технологиямен, құқықтық біліммен қаруландыруды көздейді. Осы көзқарас бойынша алып қарар болсақ, құқық  негіздерін оқытудың әдістемесін құқықтық және экономикалық пән ретінде де қарастырылады және ол әрқашан қазіргі құқықтық және экономикалық жағдайлардың деңгейінде болады.

«Құқық» ұғымы «мемлекет» ұғымымен әрқашан қатар аталады, себебі олар бір – бірімен  өте тығыз байланыста, біз оларды бір-бірінен бөліп қарастыра алмаймыз. Қоғамдық қатынастардың барлық саласынан «мемлекет», «құқық», «экономика» терминдерін жиі кездестіреміз.

Қазақстан Республикасы мемлекеті және құқығы негіздері әдістемесі курсының атқаратын қызметтері: азаматтылығы жоғары адамды қалыптастыру, оның жалпы құқықтық мәдениеті мен әлеуметтік белсенділігін арттыру, жастарға арнай құқықтық білім беру, құқық бұзушылықтың алдын –алу шараларын жүргізу.

Құқық және экономика негіздерін оқыту әдістемесі пәні  ғылыми - әдістемелік пән болып табылғандықтан педагогика ғылымының дидактика саласымен де тығыз байланысты. Себебі, әрбір әдістемелік пән мектептерде қолданылып жүрген оқытудың көрнекілік, жүйелілік, бірізділік, ғылымилық, түсініктілік қағидаттарын қолданады. Бұл қағидаттарды  негізге ала отырып әдістемелік пән оқытудың барлық нысандарын қарастырады. Дидактика кез келген пәннің оқыту әдістемесінің негізі. Ол оқудың білім мазмұнын, оны ұйымлдастырудың түрлерін, оқытудың заңды ұстанымдарын баяндайды. Демек, әдістеме жеке пәндерді оқытудың ерекшеліктерін баяндайтын болса, дидактика оқытудың барлық пәндерге ортақ жалпы заңдылықтарын ашып береді.

Құқық және экономика негіздерін оқыту әдістемесі (ары қарай ҚжЭНОӘ)  пәнінің  оқушыларға құқықтық  және экономикалық тәрбие беруде маңызы зор. Бұл салада оқушылардың құқықтықжәне экономикалық тәрбиесінің әдіс, тәсілдеріне, оларды қолданудың тиімді жолдарын анықтауға баса назар аударылады. Міне осы саладағы атқарылатын істің бәрі педагогика ғылымын басшылыққа алады.

ҚжЭНОӘ пәні қоғамдық ғылымдардың бірі саясаттану ғылымымен де тығыз байланысты. Бұл екі ғылымның зерттейтін нысандарында ұқсастық бар. Атап айтсақ, мемлекетті  қоғамның саяси жүйесі ретінде саясаттану пәні өз қырларынан қарастырса, оның қоғамдағы саяси жүйесі ретіндегі  саясаттану ғылымы зерттеп, көрсетіп берген теорияларын ҚжЭНОӘ пәні басшылыққа алады.               

Айтылған ойды қорытындылайтын болсақ, ҚжЭНОӘ пәнін оқыту өз алдына жеке жүргізілмейді, оны оқытуда мұғалім жоғарыда аталған ғылымдармен мықтап қарулануы қажет.      

 

 

 

 

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

 

1.       Тәуелсіздіктің ақ таңы. Заң саласының зиялы азаматы.-Астана.: Pride Print,2015., С.92-93.

2.       Сапаргалиев Ғ. Ибраева А. Мемлекет және құқық теориясы. Оқу құқралы. Алматы, 1997жылы. 23 бет

3.       Жамбылова Р. Заң терминдерінің қазақша-орысша, орыша-қазақша анықтамалық сөздігі. Алматы, 2001 жыл 88 бет

4.       Табанов С.А. Салыстырмалы құқықтану негіздері. Т12. Алматы: “Жеті Жарғы”,2003. 25 бет

5.       Сапарғалиев Ғ.С. Мемлекет және құқық теориясы. С21. “Фолиант” баспасы, Астана-2007. 125 бет