ҚОРШАҒАН ОРТАНЫ ҚОРҒАУ – АДАМЗАТТЫҢ БАҒА ЖЕТПЕС ПАРЫЗЫ

 

Дүйсенбаева С.Т.,  Үйсімбаева Ж.Т., Сарбасова Г.А.

 

Ертедегі қазақ халқы ұлттық тағылымдарға, салт-дәстүрлері ұлттық тәрбие кешені жан-жақты жылдан-жылға сараланып, ғасырлар талқысынан өтіп отырған және де халқының табиғат туралы, оның байлықтары мен оларды қорғау туралы атадан балаға беріліп келе жатқан тізбекті ұлттық насихаты болды. Көшпелі өмір сүрген ата бабаларымыз күндіз-түні, жыл бойы малының жағдайын ойлап, көшіп-жүруінің өзі табиғатты қорғаудың көшпелік үрдісі. Өзі тұрған жерінің құсын, аңын, шөбін үнемдеп пайдаланды. Төрт түлікті бабын ойлап табиғатпен үйлесімді экожүйе ұйымдастыра білді.  Қазақ халқының тұрмысындағы көктеу, жайлау, күздеу, қыстау болуының өзі табиғатты қорғаудың үлгісі. Табиғатты қорғау үлгісі қазақ жерінде өте ертеден бастау алды. Қазақ халқы көктемде аң ауламаған табиғатқа аяушылық көзбен қараған. Жаугершілік заманда жау келіп қалғанда Төле би бабамыз басқа халық көшсе де көшпеген, себебі киіз үйге қарлығаштың ұя салуы екен. Қарлығаш қашан да балапан шығарып кеткенше көшпеймін деуі, айтқанынан жауды қарсы алуы, табиғатқа деген үлкен жанашырлықтың, философиялық көзқарасының белгісі. Сонау заманнан бері ата-бабаларымыздың түсінігінде жер – қазына, су –алтын, мол байлық  деп келген. Ұлтаралық болса да, Ата қоныс, жер қымбат деп туған жерді қорғау әрбір азаматтың борышы екендігін жырлап өткен.

Қазақ халқы ұғымында «Табиғат пен туған жер» деген сөздер мағыналы, мазмұндас «Туған жердің топырағы да киелі», «Жері байдың елі бай», «Қара жер қарыз арқалайды», «Тозған жерде тоқшылық болмайды», «Күте білсең жер жомарт» деген ұлағатты сөздер нақты өмір шындығынан алынған.

Ертедегі қазақ халқының тіршілік барысында мал бағумен айнала суына байланысты жайылым мен шабындығы мол жерлер іздеп, өмірінің болашағы тағдыры жерге байланысты екенін сезінген. Көкті жұлма көктей соласын деген нақыл сөздер көк шөпке деген жанашырлық, қамқорлық, философиялық  терең мағына жатыр. Жерге байланысты бұдан басқа Жер – ырыстың кіндігі, жер байлықтың көзі деп жерге өте жоғары баға берген. Күнкөріс көзі өсімдік шөптер болғандықтан қазақ халқы сан ғасырлар бойы көптеген нақыл сөз, мақал-мәтелдерді өмірге келтірді. «Ағаштың жемісін жеймін десең түбіне балта шаппа, қураған ағаш иілмес, қураған шыбық егілмес, суы көп бақтың жемісі көбейеді» деген сөзден туындады.

Тіршіліктің өзегі суды қорғау туралы суды сабалама, бұлақты лайлама, күлді су басынан аулақ төк, суға түкірме деген нақыл сөздер де тазалығы ғана емес, судағы тіршіліктің қамын, құстар және су жиегіндегі өсімдіктердің де жағдайын ойлағандықтан болып табылады. Қазақ халқының жан-жануар мен табиғатқа деген сүйіспеншілік көзқарасы балаларына атын малдың төлін, әсем құстың, алғыр бүркіттің аттарын қоюдан байқалады. Жануарларға байланысты Құралай, Ботакөз, Қарлығаш, Тоты, Бүркітбай тәрізді аттар болса, өсімдіктерге байланысты Алма, Мейіз, Шырын, Гүлім, Қызғалдақ т.б. аттар бұған себеп табиғатқа деген құштарлық сезімді шығармашылық туындылар арқылы «Ақсақ құлан», «Бозторғай», «Қараторғай», «Аққу», «Жез киік» тәрізді ән-күй жыр, толғау түрінде ұрпақтан-ұрпаққа таратты. Ғасырлар бойы табиғат құшағында көшіп-қонып жүріп оның сырын жақсы білуге дағдыланған. Осының арқасында халқымыз табиғатпен етене біртұтас болып кеткен. Табиғат қамқоршысы бола білген халқымыздың дәстүрін танып білу, олардың ісін әрі қарай жалғастырушы бүгінгі ұрпаққа үлгі, өнеге ету болашақ ұстаздарының басты борышы.

Әрбір халықтың табиғатқа деген сүйіспеншілігі, мейір шапағаты, аялы алақаны сол табиғатқа деген қарым-қатынасы арқылы айқын білінеді. Қазақ халқы өзінің жаратылысынан-ақ эколог болып туылған халық. Біздің өмір салтымыз, табиғатқа көзқарасымыз, айналысқан шаруашылығымыз бойымызға асыл адамгершілік қасиеттеріміздің бәрі де табиғатқа деген жанашырлық сезімді айқын аңғартады. Тек ғана «Табиғат ана» деген сөздің өзінде ғана қаншама сұлулық, ұлағат тағылымы мол тәрбие, дарынды даналықтың үлгі өнегесі өмірмен өзектесіп, тағдырмен тамырласып жатқандығын көкірек көзімен де сезінуге болады. Халқымыздың өз ұрпақтарына қалдырған сан алуан асыл мұраларының ең қомақтысы да, ең бағалысы да табиғатты аялай білуге арналған толыққанды ой-пікірлер, ұтымды ұғымдар, даналық тұжырымдар.

Экология ғылымының зерттеу нысанының бірі тірі ағзалар арасындағы қоректік байланыс заңдылықтары. Қоректік тізбекке қатысы бар ұлттық ұғымдар түрлі ағзалар арасындағы қарым-қатынасы ғылыми тұрғыда дәлме-дәл мысалдар арқылы түсіндіреді.

Мал шаруашылығына қажетті жайылымдарды дұрыс пайдалануға ерекше көңіл  бөлінген. «Жусансыз жерді от деме, көжесіз елді ток деме» деген нақылдағы от сөзі шөбін шүйгін, өсімдік мол өскен жер деген ұғымды білдіреді. Мысалы, бетеге, қаудан, қияқ, бидайын мол өскен алқапты – боз от деп атаған. Мұндай жер жылқы малы үшін өте қолайлы жер. Ал «қара отты» жер түйемен қой түлегіне ыңғайлы жер деп есептелінген. «Өлеңді жерде өгіз семіреді» - деген нақыл сөз көл жағалауында батпақты жерге шығаратын шалғын жайылымды «өленді» жер деп атаған. Мұндай өңір қара мал үшін өте қолайлы деп есептеген.

Табиғатты ойлауға оған қамқорлық жасау қажеттігі жөнінде ұлттық ұғымдардың тек  тәрбиелік мәні ғана емес, сонымен бірге танымдық жақтары да мол. Мысалы, жеті жасар бала асырамайды, жеті жылдық ағаш асырайды. «Арман көп болса, олжаң көп, Бағбан болсаң бақ өсір, балама деп тағы өсір». Мұндай экологиялық ұғымдар табиғаттың әрбір қайталанбас туындыларының да киелі, қасиеті бар екенін, олардың обалы болатынын кейінгі ұрпақтарына ескерту ретінде ерекше айбарлы ұғымдармен аңғартқан.

Ұлттық экологиялық ұғымдарды әрбір ұстазбен тәрбиеші отбасындағы ата-ана күнделікті өздерінің өнегелі істерімен байланыстырып отыруы абзал.

Табиғатты қорғау деген – қазақтың байырғы өзінің ұлттық дәстүріндегі табиғатты аялау, экология қазақ үшін тың нәрсе емес, ол біздің салт-дәстүрімізде бар, бұл ананың ақ сүтімен беріліп келген, туған табиғатын қорғап қастерлеуге негізделген ғылым.

Невада – Семей экологиялық қозғалысы 1989 жылы 28 ақпан айында құрылды. Осы күні Қазақстан жазушылар одағының үйінде алғашқы қоғамдық қозғалыс болып тізімге алынды. Қоғамның жарғысы қабылданды. Мұнда халықаралық Невада-Семей қоғамдық қозғалысы жалпы еріктік қоғамдық ұйым болып өзін-өзі басқару құқығына ие деп көрсетілген.

Мақсаты – адамзат цивилизациясында жаппай қырғын алып келетін ядролық  қаруды тоқтату, полигондардан зардап шеккен аймақтарды, экологиялық, әлеуметтік жақтан тұрғындардың денсаулығын сақтау және сауықтыру шараларын ұйымдастыру, ядролық сынауда болған аймақтардың табиғатын, мәдениетін қалпына келтіру.

Невада-Семей қоғамдық қозғалысының міндеттері:

-   Қазақстан жеріне атом қаруын сынаудан біржола тоқтату;

-   Әскери сынақ полигондарында қоғамдық бақылау орнату;

-   Атом қаруын сынаудан өткен жерлердің экологиялық, экономикалық және әлеуметтік жағдайын қалпына келтіру.

1989 жылы 11 наурызда шетел ақпарат құралдары совет мемлекетінде алғаш қоғамдық ядросыз дүние экологиялық қозғалысының құрылғандығын бүкіл дүниежүзіне хабарлады.

Қазақстан жері 1949-1989 жылдар аралығында 40 жыл бойы ядролық сынақтың полигоны болды. Ол жерлер Семей, Азғыр, Нарын, Тайсойған т.б. жерлер болды. Осы жерлерде ядролық сынақтардың 27-сі атмосферада, 183-і жер бетінде, қалғаны жер астында жасалды. Атом қаруы сыналған елдермен салыстырсақ Ресейде -225, АҚШ-та -1032, Қазақстанда 500-ден астам жарылыс жасалған. Полигондардың ішінде Семей өңірі – ең көп зардап шеккен аймақ.

Қазақстан жерінде атом қаруларын сынау 40 жылға созылып, табиғи экожүйелерді бұзып, жарамсыз етті. Жалпы полигондар көлемі 33,6 млн ға жетті. Полигондарға пайдаланылған жердің ауа, су, топырақ құрамы радионуклидтер мен ластанып, ауа және жер асты сулары арқылы мыңдаған километр жерге тарайтыны белгілі. Қазірдің өзінде Қазақстанда 2,6 млн адам мутагенез ауруымен есепте тұр. Оның басым бөлігі Семей өңірінің тұрғындары. Сол сияқта қатерлі ісік, қан аурулары, сәулелік аурулары және жүйке ауруымен аурғандар санының көрсеткіші бұл аймақта Республика бойынша жоғары орында тұр.

Полигондар аймағындағы жер ресурстары техногендік ластанудың әсерінен бүлініп жарамсызданған. Ен далада тіршілік ететін ақбөкен, қарақұйрық, елік, сілеусін, қабылан, қарақал сияқты андар мен дуадақ, безгелдек, бұлдырық, т.б. құстар сирек немесе жойылып кетуге жақын. Өсімдіктер сиреп, сайраған құстарынан шырылдаған жәндіктерінен айрылған дала тыныштық құшағына енген. Тіршіліктің қайта қалпына келуі жүздеген, тіпті мыңдаған жылдарға созылатыны анық. Полигон аймақтарында халық санының өсуі жыл сайын төмендеп келе жатқаны байқалады. Адамның өмір сүру мерзімі тым қысқарып кеткенін байқауға болады.

Невада-Семей қоғамдық қозғалысы бейбітшілік сүйіншісі бүкіл дүние халықтары мен байланыста болды, солардың ішінде АҚШ, Жапония, Германия, Венгрия, Франция мемлекеттермен 1991 жылы 24-28 мамыр айында Алматы қаласында алғаш Халықаралық Конгресс болып өтті. «Дүние жүзі халықтары ядро қаруына қарсы» деген тақырыпта, осы конгрестен соң қоғамдық қозғалыс, халықаралық деген статус алды. 1990 жылы бүкіл Қазақстан территориясында Халықаралық бейбітшілік маршы болып өтті. 1991 жылы 20 тамыз айында Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаев бұйрығымен Қазақстан жерінде атом қаруын сынау біржола тоқтатылды. Бұл оқиғаны дүниежүзінің қауымдастығы қуана қарсы алды. Халықаралық деңгейдегі бұл шешім Невада-Семей қоғамдық қозғалысы жұмысының жемісі болды.

Жер бетінің түкпір-түкпірінде экологиялық жағдайдың нашарлауы барлық мемлекеттерді одан шығу жолдарын іздеуге мәжбүр етті. Көптеген мемлекеттер қоршаған ортаның санасын жақсартуға бағытталған 5-10 жылдық бағдарламалар қабылдап, іске асыруда. 100-ден астам мемлекеттерде қоршаған ортаны қорғауды басқаратын министрліктер, департаменттер мен агенттіктер құрылған. Олар әртүрлі аталғанымен мақсаттары бір – табиғатты сақтау. Экологиялық проблемалар бір елдің емес, бірнеше елдерге қатысы бар мәселе. 1972 жылы 5-ші маусымда Стокгольм қаласында БҰҰ-ның қоршаған орта жөніндегі конференциясы ашылды. Осы күні Халықаралық ынтымақтастықтың басталу күні болып есептеліп конференция «жер біреу» деген ұранмен өтті. БҰҰ-ның 27-ші Бас Ассамблея сессиясы 5-ші маусымда Дүние жүзілік қоршаған ортаны қорғау күні деп жариялап, ол күн жыл сайын аталып өтеді.

БҰҰ-ның қоршаған орта туралы бағдарламасы (ЮНЕП) топырақты және су қорларын қорғау проблемаларын, мұхиттарды ластаудан сақтау мәселесін зерттейді.

Қоршаған орта мониторингінің ғаламдық жүйесі қоршаған ортаның жағдайын арнаулы бақылау жүйелері, бақылау станциялары – мониторинг, бақылау күзеттері т.б. арқылы біліп отыру үшін құрылған.

Халықаралық табиғат қорғау одағы (МСОП) табиғат байлықтарын ұтымды пайдалану және қорғау мәселелерін зерттейді. 

Дүниежүзілік білім, ғылым және мәдениет мәселелері жөніндегі ұйым. (ЮНЕСКО) табиғат қорғау жөніндегі маман кадрлар оқыту, даярлау мәселелерімен айналысады.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ВОЗ) қоршаған ортаны санитарлық тазалық жөнінен бағалайды және бақылайды.

Дүниежүзілік метеорологиялық ұйым (ВМО) жер шары ауасындағы құбылыстар мен өзгерістерді бақылайды. Халықаралық океанографиялық комитет жер шары мұхиттарының жағдайын бақылайды. Халықаралық азық-түлік және ауыл шаруашылық жөніндегі ұйым топырақтың құнарлылығын, су қорларын үнемді пайдалану және қорғау, жануарлар дүниесін сақтау мәселелерін зерттейді. 1975 жылы шілде айында Хельсинки қаласында еуропалық 33 мемлекет және АҚШ пен Канада елдері басшылары қорытынды актіге қол қойып, ауаның ластануына қарсы күресті, тұщы су мен теңіз суларын, топырақ бетін тірі организмдерді қорғауды, қорықтар құру, елді-мекендерді, қоршаған ортаны жақсарту, зерттеу жұмыстарын халықаралық ынтымақтастық негізінде және халықаралық бағдарламаларға сәйкес жүргізуге келісті.

 

 

Қолданылған әдебиеттер

 

1.                  Бейсенова Ә., Бейсенова Г. «Экология» (бағдарламалар) Алматы. 1998 ж.

2.                  Оспанова Г.  «Экология» (оқулық) Алматы. 2002 ж.

3.                  Жатқанбаев Ж. . «Экология негіздері» Алматы. 2002 ж.

4.                  Сабденалиева Г.М. «Экология тәрбие берудің педагогикалық шарттары» Алматы. 2001 ж.

5.                  Жатқанбаев Ж. . «Биосфера» Алматы. 1978 ж.