Жаханова Ж.А.

Шанхай Ынтымақтастық Ұйымындағы қауіпсіздік мәселесі

 

    «Шанхай бестігі» тетігінің негізінде 2001 жылы Шанхай ынтымақтастық ұйымы (ШЫҰ) құрылды. Шанхай ынтымақтастық ұйымы – қандай да бір елге қарсы бағытталған әскери блок емес және жабық альянс та емес, ол кең халықаралық ынтымақтастыққа бағытталған құрамы кеңейтілуі мүмкін ашық ұйым. ШЫҰ-ның қазіргі кездегі негізгі мақсаттары: өңірдегі бейбітшілікті, тұрақтылық мен қауіпсіздікті қолдау, сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамыту.

   ШЫҰ-ға мүше мемлекеттерінің министрліктері мен ведомстволары басшыларының кеңесі өзара ықпалдастықтың нақты салаларындағы ынтымақтастық мәселелерін қарайды. Сыртқы экономикалық және сауда қызметі, көлік, білім беру, мәдениет, қорғаныс және төтенше жағдайларға жауапты министрлер жүйелері бойынша үйлестіру тетіктері жұмыс істейді.

   Жыл сайын ШЫҰ-ның кездесу, конференциялар ұйымдастырып тұрады. Кездесу мақсаттары экономиканың әртүрлі салаларына қатысты болуы мүмкін.  Осындай кездесулердің қатарында біз ұйым шеңберінде ұйымдастырылатын қауіпсіздік шараларына қатысты көптеген кездесулерді атап кетуімізге болады. Бұл кездесулер аясында Орта Азиядағы қауіпсіздік шараларына қатысты ШЫҰ-на мүше елдер өз әрекеттерін баяндаумен сипатталады. Сондай кездесулерге тоқталып өтсек 2007 жылы 25-ші мамырда өткен Бішкек қаласында қырғыз жағының төраға етушілігімен Шанхай ынтымақтастық ұйымының мүше-елдерінің Қауіпсіздік кеңесі Хатшыларының үшінші кездесуін атап кетуге болады.   ШЫҰ-ның қызметі туралы мәселелердің кең шеңбері іскерлі және сындарлы түрде талқыланды.    Аймақтық және халықаралық қауіпсіздіктің маңызды мәселелері бойынша ұсыныстарды қарастырды. Сонымен қатар тараптар ШЫҰ-ның мүше елдері арасындағы есірткі дәрілердің, психотроптық заттардың және олардың  заңсыз айналыммен күресу жөніндегі ынтымақтастықтың жағдайын талқылады. Кездесуде  ШЫҰ-ға кіретін мүше-елдерінің мекенінде әрекетіне тыйым салынған террористік, сепараттық және экстремистік ұйымдардың біртұтас тізімі мен ШЫҰ-ның кұрамына кіретін мемлекеттердің арнайы қызметтері мен құқық қорғау органдарымен террористік, сепараттық және экстремистік қылмысты істеу үшін, немесе, аталған қылмысты істеу сезік бойынша  халықаралық ізденіске салынған адамдардың біртұтас іздеу тізімінің дайындалуы бойынша ақпарат тыңдалды.[1]  

Қауіпсіздік саласында ынтымақтастықты көздейтін тағы да бір әрекет Қырғызстанда ШЫҰ-ның мүше елдерінің антитеррорлық оқу-жаттығуларын өткізуі.

  «Ыстықкөл-Антитеррор-2007» оқу-жаттығулары кезінде Шанхай ынтымақтастығы ұйымына мүше елдердің лаңкестік әрекеттердің алдын алу және оларды әшкерелеу, қарулы қарақшылық топтарды жою және мемлекеттік шекара күзетін күшейтуге бағытталған кең ауқымды арнаулы операцияларын өткізуде арнаулы қызметтер, күш құрылымдары мен құқық қорғау органдарының іс-қимылдарын тиімді ұйымдастыру мен етене жақын ықпалдастық орнату мүмкіндіктерін пысықтау жоспарланған. Сонымен қатар, шартты лаңкестерді қоршауға алу және жою, сондай-ақ, шартты кепілдікке алынғандарды босату бағытында әскери шара өткізу межеленген.[2] 

ШЫҰ Орта Азия өңірімен ғана шектеліп қана қоймай  Ауғанстан аумағындағы көптің назарында отырған есірткі ошақтарына қарсы әрекет қарастыру мәселелерінде қолға алып осы мақсатта  Ауғанстан шекарасында БҰҰ-ның мүмкіндіктерімен   қауіпсіздік аймағын құру бағдарламасын  іске асыру үшін шаралар ұйымдастырды.  

 ШЫҰ құрылғаннан бері Орта Азия территориясында бейбітшілікті сақтау мақсатында біршама қызметтер атқарып келеді. Содан бері ұйымға он жыл толып, осыған орай Қазақстанда ел ордасы Астанада 2011ж мүше елдердің кезекті отырысы он жылдық мерейтойға арналып өткізілді. Ұйымның өткен он жыл ішіндегі қызметінің нәтижелеріне талдау жасалды және Ұйымды алдағы кезеңдерде дамытудың перспективалары айқындалды. Сондай-ақ саммит барысында әлемдік және өңірлік өзекті жағдайларға қатысты кең көлемдегі мәселелер де талқыланды. Өңірлік антитеррорлық құрылымның қатысуымен 500-ден астам террорлық актілердің алдын алуға мүмкіндік туды. «Бейбітшілік миссиясы-2010» бірлескен кең көлемдегі антитеррорлық жаттығуы өтті. Ұйымның базалық қызметі негізінен үш қасірет – терроризммен, экстремизммен және сепаратизммен күрес болды.

Елбасының атап өткеніндей, АҚШ-та кибер қауіпсіздік – киберқауіпке және кибертерроризмге қарсы кешенді шаралар жүргізуге бағытталған қатал доктрина қабылданған. Сонымен бірге, Мемлекет басшысы Интернет агрессиясына қарсы «Киберпол» функциясын орындайтын ШЫҰ-ның арнайы органын құру мәселесін ойластырудың қажет екенін білдірді.[3]

Қазіргі таңда интернет қоғамға пайдасын тигізіп қажеттілікке жарағанымен де оның теріс жақтары да кездесіп отыр, жас жеткіншектер осы ғаламтордан өздеріне керетісін ғана  шектелмей теріс жолға сүйрейтін келеңсіз мәліметтерменде хабардар болуда. Сондықтан  болашақта халық игілігі үшін ШЫҰ-ның интернет агрессиясына қарсы «Киберпол» функциясы дұрыс әрекет деп санауға әбден болады.

Он жылдық мерейтойға орай ұйымдастырылған жиында мүше мемлекеттер келешектегі қауіпсіздікмәселесіне жете тоқталып, әр мемлекет өз ұсыныстарымен бөлісті. Атап айтсақ Қытай тарабы есірткі трафигімен, трансшекаралық қылмыс түрлері мен күресті жандандыру мәселелерін ұсынды. Қырғызстан тарабы мұздақтардың еруімен тау ішінде пайда болған соқпақтармен діни экстремистердің, содырлы топтардың өтуіне жол ашылуда.  Сондықтан Ұйымның барлық мүшелері тәрізді Қырғызстанда терроризммен күресуде  орталық ашып,  аймақтағы қауіпсіздік мәселесіне де үлесін қосуда.   Осы маңызды мәселе төңірегінде әр елдегі құқық қорғау органдары ғана емес, азаматтық қоғаммен қатар, халықаралық ұйымдардың бірлесе қимылдауы да оң нәтиже бермек.  Саммит барысында есірткіге қарсы күрес стратегиясының 2011 – 2016 жылдар арасын қамтуы бұл істе бірлесе қимылдаудың құқықтық негізі қаланды.

Қорыта келгенде ШЫҰ қауіпсіздік саласында бірқатар шаралар ұйымдастырып екіжақты, көпжақты келісімдерге отырып, олардың орындалуын қадағалап аймақтағы қауіпсіздікті сақтау мен тұрақтылықты қамтамасыз ету тетіктерін жетілдіру жолында мүше елдер күресу керек екендігін атап кетті.

 

Қолданылған әдебиеттер тізімі:

1.      Г.Б.Хан, Л.С. Суворов, Г.Б. Рахманова Қазақстан Республикасының сыртқы саясаты. Алматы, 2003ж  

2.      ШЫҰ-ның ресми сайтының  www.sectsco.org және Kazakhstan Today  www.kz-today.kz Ақпараттық агенттігінің материалдары  

3.      kz.government.kz  

 

 

Шанхай Ынтымақтастық Ұйымындағы қауіпсіздік мәселесі

 

Проблема безопасности в ШОС

Security problems  of Shanghai Cooperation Organisation

Жаханова Жанар Абусеитовна ст.преподаватель кафедры «Международные отношения»

  «Халықаралық қатынастар» кафедрасының  аға оқытушысы Жаханова Жанар Абусейітовна

 Zhakhanova Zhanar Abuseitovna senior teacher   of department of «İnternational relations»

 

 

Жұмыс тел. 42-57-52

Үй тел. 40-53-49