Мырзатаева Забира Балабекқызы

 

«Бодандық» проблемасы: ғылыми-теориялық анализ және  ұсыныстар

(Қазақстанның Ресейге қосылуы туралы проблемалары)

         Қазақстанды Ресей империясының жаулап алу тарихы бүгінге дейін тарих сахнасынан түспей өзіндік пікірлер, ой-тұжырымдар, көзқарастармен, түрліше баяндалып келеді. Еліміз 20 жылдық егемендігі жағдайында мемлекеттің «бодандық» туралы проблемасын қалай танып қорыттық. Бұл проблема жоғары оқу орындары мен мектеп оқушыларына қалай оқытылуы тиіс? Ресей империясының қазақ жерін жаулап алу саясаты қалай іске асырылып, ел тағдырына қаншалықты ықпал етті? 

Тарихтан белгілі, кез келген империя өзінің ішкі экономикасының, әсіресе, өнеркәсіптің дамуына қажет шикізат көздерін, сондай-ақ өз тауарларын шығарып сататын рынок іздеді. Қашан да болсын бұл шараларды империялистер өзге әлсіз мемлекеттер аймағын басып алу арқылы іске асырды. Ресей империясы да осындай мақсатта болды. «Бұл көзделген мақсат, орыстарды ежелден қызықтырды. Әсіресе, Орта Азияға тиіп тұрған Қазақстанның екі аймағы арқылы (Батыс Сібір және Орынбор өлкесі арқылы) отарлау қимылын жасаудың тиімділігі  зор»[1] болды. Өлкетанушы Завалишин атап көрсеткеніндей қазақ жері байлыққа тұнып тұрған «алтын дала» еді.

Қазақ елі өз еркімен қосылмағаны туралы тарихнамалық талдауға назар аударайық. Қазақ интеллигенциясы өкілдерінің бірі, тарихшы (ХХ ғ. 20-30 жылдарындағы тарихнама) С.Асфендияров: ««Өз еркіндігімен қосылу»  деген секілді қате тұжырымдар қазақ тарихын тануда үлкен адасушылықтарға әкелетіні сөзсіз, өз еркімен қосылу болған жоқ»[2], - десе, О.Исаев «Киркрай был завоеванной колонией русской буржуазией. Еще и сейчас существуют люди и статьи которые считают, что казахи когда-то совершенно добровольно пришли русское поддонство. Это неверно и не соответствует исторической действительности» /Исаев У. «Десять лет Казахстану», доклад на ІІІ сессии КазЦИКА, Алма-Ата, 1931, С.15./ - деген болатын. Ал, ағылшын тарихшысы Краусс: «Ресейдің азиялық отарларындағы жүргізіп отырған саясаты – барып тұрған басқыншылық империя саясаты болды. Ресей басқа елдерді тек жаулап алып, орыстандырып жіберуді мақсат тұтты [2,33б.], – деп, көрсетеді. Империялизм саясатына мұндай баға беруді профессор Григорьев те қолдайды. Өз еңбегінде, Ресейдің қазақ жүздеріне жүргізген дөрекіліктердің болғанын тарихи шындық ретінде мойындай отырып, «Қай европалық мемлекет тарихшысы болмасын, мұны көзге елестете алмас еді.  Ресей бұл әлсіз елді күшті әскери бекіністермен қоршап, отарлық езгінің астына алды. Ресей патшаларының бұл саясаты адамзат баласына жат, сорақылық еді»[3], - деп көрсеткен. Расында, патшалықтың  әрекеттерін өз көзімен көрген француз саяхатшысы және әдебиетшісі Маркиз де Кюстин: «Ресей атты түрмеде еш тыным жоқ. Қандай билік жүйесі болмасын, Европаның басқа елдеріндегі халықтар өзінің табиғи бостандығын сезіну үшін, Ресейге барып қайтқан соң білер еді. Патшалық Ресеймен жақын танысқан әрбір европалық, қандай болса да басқа жерде тұрғанына өте қуанады»[4] – деп босқа айтпаған.

Міне, байқап отырғанымыздай жоғарыда келтірілген ұлт зиялылары, Ресей және шетел ғалымдары «жаулап алудың» объективті тұжырымдарын береді. Бұл келтірілген сарындас деректер легі көп-ақ, Ресей царизмі Қазақстанды жаулап алғаны ешқандай дау туғызбасы анық. Бірақ Қазақстан тарихының бұл кезеңін оқытқанда кейбір авторлық оқу құрлдарында  «Қазақстанның Ресейге қосылуы» деп  көп айтылады.

Ресей әкімшілігінің отарға алу әрекеті: «Шеп бойына жақын орналасқан Азия халықтарын зәре-құтын қашырып әрдайым үрейде ұстаңдар. Орыс әкімшілігіне қарсылық көрсеткендерін аяусыз жазалаңдар, ал қалғандарын қауіптеніп, қорқып отыратын жағдайға түсіріңдер. Егер, біз бұл жерде саяси-хұқықтық тұрғыдан мықтап тұрып бекінсек, болашақта орасан зор байлыққа кенелеміз» [5] - делінген инструкциямен басталатынын естен шығармаған жөн. Патшалықтың жерімізді жаулау саясаты осыншалықты қатаң ұстаныммен және басқа да әдіс-тәсілдермен басталды. Жоғарыда айтылған мазмұндас деректерді құпия инструкциялардан және әскери шенеуніктердің жазған естелік еңбектерінен көптеп келтіріп дәлелдей беруге болады.

Орынбор бекінісінің салыну тарихы Әбілқайыр хан есімімен тікелей байланысты. Өйткені тарих тылсымында белгілі орын алатын Әбілқайырдың өз еркімен қабылдаған бодандық шаралары бүгінгі күні тарихшылардың ойларын шатастырып, түрлі қайшы көзқарасты дүниеге әкелді. Расында тарихтағы қателіктерге әділ сын айтып, шындыққа бас ию тарихшыға жүктелетін игі іс (қараңыз М Блок [13], Карамзин [14] т.б.).

Егерде өткенг екөз жүгіртсек, сонау ХҮ ғасырда қазақтың көріпкел, данышпан ақыны Асан ата өлеңдері батыстан төнетін қауіпті баяндайды. Абылай ханның кеңесшісі - Бұқар жырау және ХҮІІІ ғасырдың басында өмір сүрген Қожаберген жырау өлеңдерінде Ресей патшаларынан жаугершіліктің төніп келетінін баса көрсеткен. Қараңыз: 1.Асан Қайғы: «Ұлың, қызың орысқа бодан болып, Қайран ел, есіл жұртым сонда не етер  [15].; 2.Қожаберген жырау: «Мылтығын орыс, қытай, қалмақ сатты, Айдап сап малғұндарды қоқаңдатты, Қырғызып қазақтарды қалмақтарға, Орыстар қамалдарын салып жатты; 3.Бұқар жырау. «Қарашы мынау ойда жатқан орысты,  Дін мұсылман  жұртынан, Шіркін, алған екен қонысты, Аяғыңнан шалысты, Күндердің күнінде Басыңызға салып жүрмесін зор істі... ; «Күн батыстан бір дұшпан,  Ақырда шығар сол тұстан, Өзі сары, көзі көк, Бастығының аты поп, Күн шығысқа қарайды…[16].

Алысты көре білген,  данышпан аталар мұрасы ел басшыларына өнеге болуы тиіс еді. Өкінішке орай соған қарамастан хан Әбілқайыр елден билік үшін күрескен Кіші жүз атынан аз ғана  өзінің айналасына жиналған   кісілермен /10.10 1731ж. бес адам, 10.10 1732ж 54 адам сүйеніп/ бодандықты қабылдады.

         Сөйтіп, 1734 жылы Әбілхайыр хан,  ұлы - Ералы арқылы орыс патшасынан Орь мен Орал қиылысында бекініс тұрғызуды сұранады. Егер орыс патшасы бекініс тұрғызатын болса, мынадай шарттарды орындайтынын айтып уәде береді: Орыс шекараларын қазақтар шапқыншылығынан қорғау;

бұл жерден өтетін орыс керуендерін қорғау; өз қол астынан орыстарға башқұрттар мен қалмақтар қақтығысы  болған жағдайда әскер беріп, оларды талқандауға қатысу; бағалы аң терілерімен салық төлеп тұру [17].

Онсыз да дендеп еніп келе жатқан Ресейдің отаршылдық дертіне Әбілқайыр ханның осылайша дем беруі, сөйтіп оны күшейте түсуі қателік болды. Әбілқайырмен сыбайлас болған Тевкелев өзінің күнделік жазбасында патша нұсқауымен қызмет еткенін, келешекте мұнда бекініс қамал тұрғызуды көздейтінін және оның қазақтар үшін құрылатын тұзақ (қақпан) болатындығын ашық  жазған еді. Тағы айтатын мәселе, ол ел ішіне ақшалай, заттай силық таратып,  осы іс сапарында сыртқы істер министрлігінен небәрі 2900 рубль ғана шығын болып, оны дұрыс орындап шыққанын масаттана баяндайды[18].

Сөйтіп, Әбілхайыр хан армандаған бекініс 1733 жылдан бастап қолға алынды. Сол жылы құпия кеңесші И.Кириллов бастап, Орынбор бекінісінің жобасын жасады. Сөйтіп қазақ даласына арналған орыс оккупациялық  Орынбор экспедициясы құрылады. Кириллов бастаған әскери оккупациялық экспедиция Орь бекінісінен бастап жоғарғы Оралға дейін, сосын бұл жерден Есет провинциясынан Челябинскіге дейін және жоғарғы Оралдан Уйскі бекінісіне дейін тартылған әскери сызықты құрайды. Бекініске толтырылған орыс-казактары қазақ мекендерінің тыныштығын бұза бастады. Қазақтардың бұрынғы мамыражай өмірі енді ылғи қорқып-үрейленіп отыратын жағдайға түсті. Күн сайын ауыл арасынан мал ұрланып, мыңдаған (үш мың қазақты қырып кеткен-авт) кісі өлетін болды [20]. Тіпті қазақтың тұтас ауылдарының күлі көкке ұшты, қиратылды. Дүние-мүлік қарақшылықпен  тоналды, алып кетуге шамасы жетпеген жағдайларда отқа өртелді [21]. Мұндай қоқан-лоққы орыс-казактарынаң күнделікті ісіне, әдетіне айналды.

Осындай тартыстар қақтығыстар әр жерлерде жиі болып тұрды. Бір сөзбен айтқанда бекіністермен белдеуленген қазақ даласы тыныш өмір сүруден қалды.

Сонымен  «бодандық қабылдау»  уақытына дейін  орыс басқыншылары тарапынан зор қысым көрген қазақ ауылдары отаршыл әкімшілігіне өз еркімен құлдыққа түсуге ынталы бола қойған жоқ еді. Сол себепті «Қазақстанның Ресейге қосылу» сөз тіркестерін біржолата қолданбағанымыз  дұрыс.

Деректер:

1.       Об отношениях России к среднеазиятским владениям и об устройстве киргизской степи. Спб., 1865, С.19-20.

2.       Прошлое Казахстана в источниках и материалах. Сб.2. С. 24.

3.       Веселовский В.В. Григорьев по его письмам и трудам, 1816-1881 гг. –Спб. 1887. 308 с.

4.       Маркиз де Кюстин. Николаевская Россия. –Терра; 1990. С.8.

5.       Басин В.Я. Политика царизма в Младшем и Среднем жузах в конце 50-х годах ХҮІІІ в. //Известия АНКазССР. Серия общественная 3. 1968. 47с.

6.       Леденев М.В. История Семиреченского казачьего войска. –Верный, 1908. 97. 118 с.

7.       Памятка Семиреченского казака с кратким очерком завоевания средней Азий. –Спб. 1909г.

8.       Путинцев Н.Г. Хронологический перечень событий из истории Сибирского Казачьего войска со времени водворения западносибирских казаков на занимаемой ими ныне территории. –Омск. 1891. 256с-92с.

9.       Войска до переписи полковника Захарова/1550-1725/. С. 320,324,332-333,406

10.   Сибирское казачье войско. Список населенных мест по сведениям за 1876 г. –Омск. 1877, 3с.

11.   Словцов П.А. Историческое обозрение Сибири. Кн. 1. СПб. 1875, 12с.

12.   Жуковский И. Краткое обозрение достопамятных событий Оренбургского края расположенных хронологический с 1246 до 1832 г. СПб., 1832.

13.   Блок М. Апология истории или ремесло материка. М., 1986. С. 79.

14.   Карамзин Н.М. Предания веков. М., 1987. С. 62.

15.   Жақыпбек С.Қ. Қазақ елін Ресейдің жаулауы: басталуы, жүруі. //ҚазҰУ хабаршысы. №2 (29). 36-40 б.

16.   Бұқар жырау Қалқаманұлы шығармалары. Алматы, 1992. 32 б.

17.   Разные бумаги ген-майора Тевкелева об Оренбургском крае и о киргиз-кайсацких ордах. СПб., 1762. С.8.

18.   Кенжеахметов С. Даланың әділет, хұқық және білім заңдары. //Ақиқат. 1998. №10. 70-77 б.

19.   Қозыбаев М. Қазақстан Ресейге өз еркімен қосылды ма? //Ақиқат. 1998. № 7. 21 б.

20.   ҚРОМА. 4 қор, 1 тізбе, 2003 іс, 15 п, 231 п, 233 п.

21.   Быт поселенцев Оренбургского края вообще и уральских тогда яицких казахов в частности за 100 лет назад. //Уральские войсковые ведомости. 1876. 20 июня, №24.

Түйін

Мақалада автор Қазақстан тарихының отарлық кезеңін оқыту проблемасын көтерген. «Бодандық» мәселесіне өз көзқарасын ұсынып, оған ғылыми-теориялық тұрғыдан бағасын береді.

Резюме

В статье рассматриваются проблемы изучения истории колониального периода Казахстана, где излагается свои взгляды  на процесс «подданства» и  свои научно-теоретические  оценки.

Summary

In this article the study of the colonial period of history of Kazakhstan is considered.  The author offers his sights on a problem "citizenship" and gives scientific-theoretical estimations.