Кәрібаев Берекет Бақытжанұлы

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры,

тарих ғылымдарының докторы.

 

Қазақ хандығының құрылу мәселесі және ХV ғасырдың ортасындағы Мауереннахр

 

Қазақ хандығының құрылуына қолайлы саяси жағдай жасаған факторлардың біріне – ХV ғасырдың ортасындағы Темір әулеті мемлекетіндегі саяси жағдайлар  жатады. Бұл мемлекеттің сол тұстағы Моғолстанмен қарым-қатынасы біріншіден, Жетісу жерінде қазақ мемлекетінің ту көтеруіне алып келсе, екіншіден, сол жылдардағы кейбір оқиғалар Қазақ хандығының құрылған уақытын анықтауға жәрдемдеседі. Сондықтанда біз үшін ХV ғасырдың орта тұсындағы Темір әулеті мемлекетінің ішкі және сыртқы саяси жағдайын білудің маңызы зор.

Орта Азиядағы темірлік әулеттің тарихы мәселелері тарих ғылымында жақсы қарастырылған деуге болады. Тіпті, оның ХV ғасырдағы жекелеген мәселелерінің өзіне арналған арнайы зерттеулер бар[1]. Сондықтанда біз ХV ғасырдың 40-50 жылдарындағы Мауереннахрдың ішкі және сыртқы саяси жағдайы мәселелерін қарастырғанымызда бұрыннан белгілі болған мәселелерге жалпылама түрде қарап, ал Қазақ хандығының құрылуына қатысы бар мәселелерге тереңірек тоқталамыз.

Ақсақ Темірдің жаулап алу соғыстары нәтижесінде құрылған оның империясы этносаяси, мәдени, экономикалық дамуы жағынан алғанда біркелкі болмады. Әкеден қалған тақты иеленген Темірдің кіші ұлы Шахрух империяны 40 жылдай басқарса да, империяның әр аймақтарында әлсін-әлсін болып тұратын толқулар мен сепаратистік бағыттағы қимылдар оның негізі берік емес екендігін көрсетіп отырды. Болашақтағы саяси бытыраңқылықтар мен тақ үшін талас-тартыстардың негізі Шахрухтың тірі кезінде-ақ, ХV ғасырдың 40-шы жылдарының басында қалана бастайды. Сол тұста тақ мұрагеріне қатысты мәселе бойынша билеуші әулеттің өз арасында бірнеше үміткерлер пайда болып, олар жасырын түрде болса да болашақ күрестерге даярлана бастайды. В.В. Бартольдың көрсетуі бойынша Шахрух әбден қартайып, кәрі жасқа жетсе де, ол өз ұлдары мен немерелері арасынан ешкімді ресми түрде тақ мұрагері етіп жарияламайды[2]. Соған қарамастан 40-шы жылдардың басында Герат тағынан үміттенген бірнеше үміткерлер пайда болады. Бірінші және ең басты үміткер – Шахрухтың үлкен ұлы, Самарқанның билеушісі Ұлығбек болса, екінші үміткер – Шахрухтың келесі бір ұлы, Балх аймағының билеушісі – Мұхаммед Жөкі болып есептелінді. Империяны іс жүзінде басқарып отырған Шахрухтың әйелі Гаухар-шад билікке немерелерінің бірі – Ала ад-дауланы отырғызуға ниет қылса, Шахрухтың өзі көп немересінің бірі, Ұлығбектің ұлы Абдаллатифті ресми түрде тақ мұрагері етіп жарияламаса да, өзіне жақын тартқан [3]. Шахрухтың тірі кезінде тақтан үміттенгендер өз ойларын жасырын ұстайды. Бірақ та әрбір үміткер тақты қандай жолмен болса да иеленуге даярлана бастайды.

1447 жылы наурыздың 14-де (басқа бір деректер бойынша 12 наурызда) Шахрух Хорасанның батыс аймақтарының бірінде жорықта жүріп ауырады да, көп ұзамай қайтыс болады [4]. Шахрухтың денесі жерге тимей жатып-ақ Герат тағына үміттенушілер арасында күрес басталып кетеді. В.В.Бартольдың еңбегінде бұл күрестер жақсы қарастырылғандықтан, біз оған тоқталып жатпай, тек оның кейбір тұстары мен нәтижелеріне ғана назар аударамыз.

Егерде Шахрух өлгеннен кейінгі Темір әулеті арасындағы тақ үшін күрестерді бірнеше кезеңге бөліп қарасақ, бірінші кезеңге 1447 жылдың наурызы мен сол жылдың соңғы айларына дейінгі аралық жатады. Негізгі оқиғалар Хорасан аймағында өтеді де, Герат тағына басты үміткердің бірі Ала ад-даула иемденеді. Ұлығбек болса Амударияның сол жағалауындағы Балх аймағын иеленіп, онда ұлдарының бірі – Абдаллатифті отырғызады. Ала ад-даула Гератты иеленгенімен, оның билігі бүкіл Хорасанға жүрмейді. Ондағы Мазендаран аймағына Шахрухтың немересі, Байсұңқардың ұлдарының бірі - Әбілқасым Бабырдың билігі орнайды.

1447 жылдың соңында Мауереннахр мен Хорасан билеушілері арасында уақытша болса да бейбіт келісімдерге қол жеткізіліп, тыныштық қалыптасады [6]. Бірақ та бұл тыныштық ұзаққа созылмайды. 1448 жылдың көктемінде Ұлығбек Хорасан аймағына еніп, Темір әулеті арасындағы күрестің екінші кезеңін бастап жібереді.

Екінші кезеңдегі басты оқиғаларға мыналар жатады:

  Ұлығбек пен Абдаллатифтің 90 000 әскері Герат маңындағы Тарнаба қалашығы түбінде Ала ад-даула әскерін жеңіліске ұшыратады; ә) Ала ад-даула қашып, Әбілқасым Бабырды паналауға мәжбүр болады; б) Ұлығбек Герат пен оның төңірегіндегі қалалардың бірін күшпен, бірін ұрыссыз иеленеді де, бүкіл Хорасанды бағындыру үшін батысқа қарай жорығын жалғастырады. Гераттағы әмірлердің бүлігі Ұлығбекті кейін оралуға мәжбүр етеді, сөйтіп ол қарашаның соңында Гератқа қайтып келеді; ал «көшпелі өзбектер» елінің билеушісі Әбілқайыр ханның Самарқанға жорығы оны Хорасаннан Мауереннахрға қайтып оралуға мәжбүрлейді; Ұлығбек ұлдарының бірі Абдаллатифті Гератта қалдырып, өзі Самарқанға қайтып оралады; екі аптадан кейін Әбілқасым Бабыр Абдаллатифті Гераттан қуып шығады [7].

1449 жылдың көктемінде Ұлығбек Хорасанға қайта жорық жасауды жоспарлайды, бірақ ол оны жүзеге асыра алмайды. Өйткені, Ұлығбекке ұлы Абдаллатифке қарсы күресуге тура келеді. Сөйтіп, 1449 жылдың көктемінде Темір әулеті арасындағы күрестің үшінші кезеңі басталып кетеді. Күрес Мауереннахр аумағында әкесі мен ұлы арасында жүреді. Ұлығбек пен Абдаллатифтың арасындағы күрестің себептерін В.В. Бартольд өте жақсы ашып көрсеткен [8]. Әкесі мен ұлы арасындағы күрес 1449 жылдың қазан айының соңында Ұлығбектің жеңіліп, кейіннен өлтірілуімен аяқталады. Осылайша, үшінші кезеңнің соңында Мауереннахр тағын Ұлығбектің ұлы Абдаллатиф иеленеді.

Ұлығбек пен оның ұлы Абдаллатифтың арасындағы күрес кезінде Темірдің басқа ұрпақтары көзге түсе бастайды. Шахрухтың Ибрагим атты ұлынан туған Абдолла мырза мен Мираншахтың Сұлтанмахмуд атты ұлының баласы Әбу Сайд мырза Ұлығбек жағында болып, қолға түсіріледі де, қамауға алынады, бірақ өлтірілмейді.

Жеке дара билікті иеленген Абдаллатиф қатаң шаралар арқылы өзіне қарсы келгендер мен қарсы шыққандарды аяусыз басып отырады. Оның билігіне наразылар көтеріліс жасауға дәті бармайды, дегенменде қастандық арқылы жаңа билеушінің көзін құртуға бел буады. В.В. Бартольдтың дәлелдеуінше, қастандықты ұйымдастырушылар Ұлығбек пен Абд-ал- Азиздың бұрынғы нөкерлері болып, олар өз бектерінің өлімі үшін кек алуды мақсат еткен [9]. 1450 жылдың 8 мамырында Абдаллатиф қастандық арқылы өлтіріліп, оны ұйымдастырушылар билікке қамауда жатқан Абдолланы әкеледі.

Абдолланың билікке келуімен Мауереннахрдың саяси өмірінде тыныштық орнай қоймайды, керісінше билік үшін күрестің оты одан ары қыза түседі. Бұхарада қамауда отырған темір ұрпағы Абу Сайд мырзаны дін басылары мен қала әкімі тұтқыннан босатып, оған ант береді. Абу Сайд мырза бірден Самарқанға аттанады. Бірақ та Абдолла мырзадан жеңіліс тауып, солтүстіктегі көрші «көшпелі өзбектер» еліне қашуға мәжбүр болады.

Осы тұста Хорасан аймағында да Шахрухтың үш немересі – Сұлтан Мұхаммед, Әбілқасым Бабыр және Ала ад-даула арасында Герат тағы үшін күрес қызып, Балх, Хисар және Шапурган аймақтарының билігіне Ала ад-даула келеді де, ол Самарқандағы Абдолла мырзаға қарсы аттанады. Өз кезегінде Абдолла мырза да оған әскермен қарсы шығады. Бірақ екі жақ арасында ашық шайқас болмай, қарсыластардың бірі – Балхқа, екіншісі Самарқанға қайтып оралады. Ала ад-дауланың шайқасқа шықпай, кейін оралуына Әбілқасым Бабырдың Хорасанға қауіп төндіруі жатса, біздің ойымызша, Абдолла мырзаның Самарқанға қайтуына солтүстік аймақтарда қашып жүрген Әбу Сайд мырзадан төнген қауіп-қатерлер себеп болады. Әбу Сайд мырза сол кездерде Темір әулетіне тәуелді Сыр бойының қалаларының бірі Ясыны (Түркістан) басып алған болатын. Қалаға қарсыласының мықтап бекінуіне жол бермеу үшін Абдолла 1450-51 жылдың қыс айларында Сыр бойына әскер жібереді. Бірақ та одан ешқандай нәтиже шықпағандықтан, Абдолла мырзаның өзі аттанады. Әбу Сайд мырза болса, Әбілқайыр ханнан әскери көмек сұрауға мәжбүр болады. «Көшпелі өзбектер» елінің ханы оның бұл ұсынысына қуана келісіп, Дешті Қыпшақтың әскерін өзі бастап шығады. Абраззак Самарканди екі жақ әскерінің шайқасын керемет суреттеп баяндайды [10]. Шайқастың нәтижесі бойынша Мауереннахр әскері жеңіліске ұшырап, Абдолланың өзі қаза табады да, 1451 жылдың маусымының соңы – шілдесінің басында Әбу Саид мырза Самарқан тағының егесіне айналады [11].

Осылайша, Шахрухтың қайтыс болғанынан Әбу Сайд мырзаның билікке келгенге дейінгі 4 жарым жылдай уақыт ішіндегі Темір әулеті билік құрған империяның ішкі саяси жағдайын қысқаша қарастыра келе, төмендегідей тұжырымдар жасауға болады. Біріншіден, империяның негізі берік болмай, орталық биліктің әлсіреуіне байланысты ол бірнеше аймақтарға бөлініп кетеді. Билеуші әулет арасында ортақ мүдденің, бірліктің болмауы тақ үшін күрестердің болуына алып келеді.

Екіншіден, тақ үшін күрестер алғашында Хорасан аймағында Шахрухтың үлкен ұлы Ұлығбек пен Шахрухтың тағы бір баласы Байсұңқар ұлдарының арасында өтсе, күрестің келесі кезеңінде билік үшін тартыстар одан ары шиеленісе түсіп, Хорасандағы күрес Байсұңқардың ұлдары арасында жүреді. Ал Мауереннахрдағы күрестің отын Ұлығбек пен ұлы Абдаллатиф қыздырады. Үшіншіден, Мауереннахрдағы күреске соңғы кезеңде Әмір Темірдің өзге ұлдарынан тараған өкілдер де белсене араласып, аз уақыт болса да, тақты иеленеді.

Төртіншіден, Мауереннахрдағы билікке таласушылар арасында өте беделді, көпшіліктің қолдауына сүйенген дара тұлғаның болмауы талас-тартыстарды үздіксіз етеді де, үміткерлер міндетті түрде сыртқы күштерге арқа сүйеуге мәжбүр болады. Әбу Сайд мырзаның билікке келуін осымен түсіндіруге болады.

Бесіншіден, саяси бытыраңқылықтардың нәтижесінде Мауереннахр аймағында Гератқа бағынбайтын жеке саяси құрылым пайда болып, билік үшін күрестердің тоқтамауы ХV ғасырдың ортасында оны да өте әлсіретіп жібереді. Міне, Шахрух қайтыс болғаннан кейінгі Темір әулеті билеген Мауереннахрдың 4-5 жыл ішіндегі ішкі саяси жағдайы осылай қалыптасады.

Әбу Сайд мырза Мауереннахрды 1451 жылдан бастап 18 жыл бойы билесе де, оған өз билігін, сондай-ақ Мауереннахрдың тұтастығын сақтап қалу үшін үнемі сыртқы күштер мен ішкі күштерге қарсы соғыс жүргізуіне тура келеді. Тек 1457 жылы Гератта Әбілқасым Бабырдың қайтыс болуынан кейін, ол Хорасанды бағындырады, бірақ Гератқа тұрақты билік жүргізу үшін Иранның батысындағы Қара Қойлы, Ақ Қойлы әулеттерімен күрес жүргізуіне тура келеді. Міне, осындай Мауереннахрдың саяси өміріндегі оқиғалардың оның шығысындағы көршісі Моғолстан аумағында Қазақ хандығының құрылуына қалай ықпал еткенін білу үшін, Әбу Сайд мырзаның 1451-1469 жылдардағы билігіне, осы жылдардағы Мауереннахрдың ішкі және сыртқы саяси жағдайына үңілелік.

Әбу Сайд мырзаның 18 жылдық билігінің алғашқы жылдарында Самарқан тағын ұстап қалуына бірнеше факторлар әсер етеді. Оның біріншісіне – Ұлығбектің 40 жылдық билігі түсында саяси биліктен алыс болса да, халық арасында ықпалы күшті болған сопылық бағыттағы нақышбандық топ жетекшілерінің Әбу Сайд мырзаға қолдау көрсетуі жатса, екіншісіне - өзін тікелей билікке отырғызған Әбілқайыр ханның қолдауы болды. Самарқан тағының иесі болған қызметі үшін мол сыйлықтар беріп, Ұлығбектің Рабиға Сұлтан бегім атты қызын ұзатады [12]. Осындай мықты қолдауға ие болған Әбу Сайд мырза алғашқы жылдары өзіне қарсы шыққандар мен бас көтергендерді жеңіліске ұшыратып, қатаң жазалап отырады. Темір әулетінің тарихшыларының бірі – Абраззак Самарканди Әбу Сайд мырзаның тақты иеленуін барынша мадақтай келе, оның алғашқы жасаған әрекеттері туралы былай деп жазады: «Ақылды адамдардың көңілінен шыққан оның бірінші және маңызды ісі Абдаллатиф мырзаны өлтіргендерден кек алу болды. Оларды ұстатып, өлтірткізеді де, Абдаллатифты өлтірген жерде өртетіп жібертті» [13]. Әбу Сайд мырза осы әрекеті арқылы өзінің Ұлығбектің саясатына қарсы саясат жүргізгендігін көрсетеді. Ұлығбектің ұзақ жылдардағы саясатын қолдаушылар мен жақтаушылар алғашқы кезде тым-тырыс қалғандай болады да, бірте-бірте өз қарсылықтарын білдіре бастайды.

Алғашқы бас көтеру 1455 жылы Отырар қаласында болады, бірақ оны Әбу Сайд мырза тез басып тастайды. Бір қызығы, Отырардағы бас көтергендерге Әбілқайыр хан көмек береді. В.В. Бартольдтың пікірінше, бүлікшілерге Бұхарадағы дін басылары қолдау көрсеткен [14].

Осы қарастырып отырған жылдар ішіндегі Мауереннахрдың сыртқы саяси жағдайының барысынан, оның ішінде Моғолстанмен, Хорасанмен және Хорасанның батысындағы Қарақойлылар әулетімен жүргізген саяси қарым-қатынастарының Қазақ хандығының құрылуына қандай дәрежеде қолайлы жағдайлар жасағанын анықтауға болады. Сондай-ақ осы қатынастар шеңберіндегі жазба деректер негізінде нақты анықталған оқиғаларды салыстыру арқылы Керей мен Жәнібек хандардың Моғолстанға көшіп келген мерзімін білуге болады. Олай болса, 1450-ші жылдардың бірінші жартысындағы Мауереннахрдың көршілес елдермен, оның ішінде жоғарыда айтып өткен елдермен қарым-қатынастарын талдап көрелік.

Алдыменен Мауереннахрдың Моғолстанмен жүргізген қарым-қатынастарынан бастайық.

Екі ел арасындағы қатынастардың ұзақ уақыт бойы  ауыспалы болғандығын байқауға болады. ХІV ғасырдың 50-60 жж. қарым-қатынастарда Моғолстан жетекшілік роль атқарса, одан кейінгі кезеңдерде жетекшілік роль Мауереннахрға көшеді. Ұлығбектің билігі тұсында да Мауереннахр бұл жетекші рольді сақтап қалады. Ал Шахрухтың қайтыс болған жылынан бастап, Темір әулеті арасындағы билік үшін болған өзара күрес жылдары екі ел арасындағы саяси қарым-қатынаста белсенділік қайтадан Моғолстан жаққа аудады да, Мауереннахр жағы тек қорғанушы рөлін атқаруға мәжбүр болады.

1451 жылға дейін, яғни Әбу Сайд мырза билікке келгенге дейін Есенбұға ханның Темір әулеті арасындағы билік үшін болған күрестерді пайдаланып, Мауереннахрдың шығыс аймақтарына бірнеше рет тонаушылық сипатта жорықтар жасайды. Есенбұға үшін бұл жорықтар қалай сәтті болса, Мауереннахр үшін керісінше, қайғылы аяқталып отырады. 1447-1451 жылдардағы Темір әулеті арасындағы күрестің қызған кезінде, әсіресе, Ұлығбектің Хорасан аймағы үшін, оның өз ұлымен, сондай-ақ Абдаллатиф мырзаның Абдаллахпен, Абдаллахтың Әбу Сайдпен күрестері кезінде Мауереннахрдың шығыстағы аймақтары ешбір қорғаусыз қалып, Мұхаммед Хайдар Дулатидың айтуынша Есенбұға «Сайрам, Түркістан, Ташкентте жорық жасап, ойрандап қайта оралып» отырады. Мауереннахр тарапынан ешқандай қарсылық болмаған соң Есенбұға хан «сол жерге екінші рет шабуыл жасайды» [15].

1451 жылы Самарқан тағына Әбу Сайд мырзаның келуімен жағдай күрт өзгереді. Мұхаммед Хайдар Дулати Әбу Сайд мырза «Есенбұға ханды қуып, Иангиге дейін тықсырды, моғолдар ұрыссыз қашып кетті», - деп жазса, Бабыр «Сұлтан Әбу Сайд мырза таққа отырғаннан соң, Есенбұға ханға қарсы жорыққа шықты. Янгидың ар жағында Ашпарада, Моғолстанда ол Есенбұға ханның быт-шытын шығарды», - деп баян етеді [16]. Әбу Сайд мырза осылайша Есенбұға ханға алғаш рет тойтарыс берсе де, оның тонаушылық жорықтарына тұрақты тосқауыл қоя алмайды. Самарқан билеушісінің сыртқы саясаттағы басты бағыты – Хорасан аймағын жаулау екендігін білген Моғолстан ханы Мауереннахрдың шығыс аймақтарына жорықтар жасап, үнемі қауіп-қатерде ұстайды, ал егер Самарқан әскері қарсы шықса, шегініп кетеді, олар кейін оралса, тағы да қауіп төндіре бастайды. Міне, Мауереннахр билеушісі үшін Моғолстан ханымен нақты бір принциптерге негізделген саяси қарым-қатынастар жүргізу мүмкін емес болатын.

Мауереннахр билеушілерінің ХV ғасырдың 50-ші жылдарындағы сыртқы саясаттағы басты бағыты – оңтүстік-батыс бағыт, яғни орталығы Герат қаласы болған Хорасан аймағын Әмір Темірдің билігі кезіндегідей Мауереннахрға қайта қосу болды. Сол себепті де ол Моғолстанның тонаушылық жорықтарына қарамастан Хорасаннан айырылып қалмау үшін бар күштерін салады. Әбу Сайд мырзаға бірден бір мезгілде екі майданда күрес жүргізуге тура келеді. Біріншісі – шығыс бағыттағы Моғолстан болса, екіншісі – оңтүстік-батыс бағыттағы Хорасан үшін Темір әулетінің басқа өкілдерімен, сондай-ақ Хорасанға қауіп төндіріп отырған Қарақойлы әулетінің билеушісі Жаханшахпен күрес болды. Осы екі бағыттағы күресте Әбу Сайд мырза басты бағыт ретінде Хорасан бағытын ұстанады да, өзінің негізгі күштерін сонда бағыштайды. Ал шығыс бағытты екінші орынға қояды. Мұны біз 1457-58 жылғы оқиғалар барысынан көреміз.

Ал Хорасанға келсек, онда 1447 жылы Шахрух қайтыс болғаннан кейін саяси билік жиі ауысып отырады. 1448 жылы Ұлығбектің Хорасанға жасаған екінші жорығанан кейін, ондағы билікті Ұлығбектің інісі Байсұңқардың үш ұлы иемденеді де, 1451 жылға дейін билік үшін күрестер Сұлтан Мұхаммед мырза, Әбілқасым Бабыр және Ала ад-даула арасында өршиді. А.Мюллердің жазуынша «ағайынды үш бауырдың арасындағы қатынастар Ұлығбек әулеті арасындағы қатынастарға ұқсайды. Мұхаммед мырза мен Ала ад-даула Бабырға қарсы аттанады. ...Олар өздерін қаншама қарапайым етіп көрсеткенімен, іс насырға шауып, ұрыс болады. Бабыр жеңіске жетіп, екі бауырын да тұтқынға алады. Ол Мұхаммедті өлтіруге бұйрық береді, ал Ала ад-дауланың екі көзін ойып алғызады» [17]. Осылайша, Бабыр 1451 жылы Хорасан билігіне таласқан негізгі қарсыластарын толығымен жеңеді, бірақ оған жаңа қарсыластар пайда болады. Оның бірі – Мауереннахрда билікке келіп, оған Хорасанды қосуды алдына мақсат етіп қойған Әбу Сайд мырза болса, екіншісі – Хорасанның батысындағы Қарақойлы әулетінің билеушісі Жахан шах (1436-1467 ж.) болатын. Мауереннахрдағы Әбу Сайд мырзаға Есенбұға хан мен Бабыр қандай қауіптер туғызып отырса, Хорасанды иеленген Бабырға да Әбу Сайд мырза мен Жахан шах дәл сондай қауіптер туғызады.

1457 жылдың алғашқы айларының бірінде  Герат билеушісі Әбілқасым Бабыр кенеттен қайтыс болып, сол жылдың аяғында, яғни 1457 жылы 2 қазанда Әбу Саид мырза Гератты алғаш рет иеленеді. Бірақ Балх аймағындағы көтерілісті басу үшін қаланы қалдырады да, Балхқа аттанады. Көтерілісті тұншықтырып, ол аймақта өз билігін тұрақты еткенше қыс түсіп кетеді де, ол сол өңірде қыстауға мәжбүр болады. Ал Герат қаласына қарсыластар қайтадан өз биліктерін орнатады. Тек келесі жылы, яғни 1458 жылы 16 желтоқсанда Әбу Саид мырза  Гератты екінші рет иеленіп, онда өз билігін түпкілікті орнатады. Сөйтіп ол 1469 жылға дейін бүкіл Хорасанды Мауереннахрға қосып, уақытша болса да темір империясын қалпына келтіреді. 1457 жылы Хорасан аймағындағы саясатын ойдағыдай жүргізу үшін және Мауереннахрдың шығыс аймақтарын Есен Бұғадан қорғау үшін Шираз қаласынан Есен Бұға ханның ағасы Жүніс ханды шақыртып, оны інісіне қарсы қояды.

Міне, осы оқиғалардың даталары арқылы біз, Қазақ хандығының құрылған уақытын анықтауға мүмкіндік аламыз. Т.И.Сұлтановтың  Керей мен Жәнібек сұлтандардың өз жақтастарымен  Жетісу жеріне келген мерзімі Жүніс ханның Әбу Саид мырзаның қолдауымен Моғолстанға келген кезімен бір мезгілде болған деген тұжырымын негізге ала отырып, Қазақ хандығының құрылу тарихындағы ең маңызды датаны біле аламыз.

Біздің дәлелдеуіміз бойынша, Әбу Сайд мырза Жүніс ханды Гератты алғаш иеленген бойда, яғни 1457 жылы 2 қазаннан кейін бірден Шираз қаласынан алдырған. Ол Гератқа бармас бұрын бұл істі алдын-ала жоспарлаған. Жүністің туған әпкесі Әбу Сайдтың әйелі болғандықтан, Самарқан билеушісі оның қайда жүргенін біліп, Есенбұға ханның жорықтарынан Мауереннахрдың шығыс аймақтарын қорғай алатын күш ретінде пайдалануды көздеген. Жүніс ханның Гератқа келуі, Әбу Сайд мырзамен келіссөздері, Моғолстанға келуі және үйленуі, тұңғышының дүниеге келуі, Есенбұға ханмен алғашқы шайқасы сияқты оқиғалардың 1458 жылдың күзіне дейін болғанын ескерсек, онда Жүніс ханды Әбу Сайд мырза Гератты екінші иеленгенде емес, алғашқы иеленгенде, яғни 1457 жылдың күзінде  алдырған деген пікір дұрыс болып келеді. Олай болса, Керей мен Жәнібек хандар да өз жақтастарымен Жетісуға 1457 жылы келеді.

        Жалпы алғанда, Қазақ хандығының құрылған датасын анықтауда Жүніс ханның Моғолстанға келуі Керей мен Жәнібектің де Моғолстанға көшіп келуімен қатар болғандықтан, бұл оқиғаның Қазақ хандығының құрылуы үшін өзіндік маңызы бар деп есептейміз.

Осылайша, Мәуереннахрдың ХV ғ. орта тұсындағы ішкі саяси жағдайы тұрақсыз болып, ондағы билік үшін саяси күрестер әсіресе, Мәуереннахрдың Моғолстанмен қарым-қатынасы осы кездерде Моғолстанның батыс бөлігінде ұлттық сипаттағы Қазақ хандығының құрылуына қолайлы саяси алғышарттар әзірледі деген қорытындыға келеміз.

Әдебиеттер:

1. Бартольд В.В. Улугбек и его время. Соч., Т.ІІ., Ч.2. – М., 1964. -25-196 бб.; Бартольд В.В. История культурной жизни Туркестана. Соч., - Т.І., Ч.1. – М., 1963. -167-433 бб.; Якубовский А.Ю. Самарканд при Тимуре и Тимуридах. – Л., 1933.; Ахмедов Б.А. Улугбек и политическая жизнь Мавереннахра первой половины ХV в. Мына кітапта: Из истории Улугбека. -5-68 бб.

2. Бартольд В.В. Улугбек и его время. Соч., Т.ІІ., Ч.2. – М., 1964. -147 б.

3. Бартольд В.В. Улугбек и его время. Соч., Т.ІІ. Ч.2. -147-148 бб.; Ахмедов Б.А. Улугбек и политическая жизнь Мавереннахра первой половины ХV в. Мына кітапта: Из истории Улугбека. -58-59 бб.; История Узбекской ССР. Т.І. С древнейших времен до середины ХІХ века. – Ташкент, 1967. - 466 б.

4. Ахмедов Б.А. Из политической истории Хорезма ХV в. Известия АН УзССР, 1960. -№5.

5. Бартольд В.В. Улугбек и его время. Соч., Т.ІІ. Ч.2. -148-156 бб.

6. Бартольд В.В. Улугбек и его время. Соч., - Т.ІІ., Ч.2. -150 б.

7. Бартольд В.В. Улугбек и его время. Соч., - Т.ІІ., Ч.2. -150-156 бб.; Ахмедов Б.А. Улугбек и политическая жизнь Мавереннахра первой половины ХV в. Мына кітапта: Из истории Улугбека. -60-62 бб.

8. Бартольд В.В. Улугбек и его время. Соч., - Т.ІІ., Ч.2. -124-126, 128 бб.

9. Бартольд В.В. Улугбек и его время. Соч., - Т.ІІ., Ч.2. -161 б.

10. СМИЗО. Т.ІІ. - 199-200 бб.

11. СМИЗО. Т.ІІ. - 200-201 бб.; Бартольд В.В. Улугбек и его время. Соч., - Т.ІІ., Ч.2. -164 б.; Мюллер А. История Ислама от основания до новейших времен. Перевод с немецкого Н.А. Медникова. - Т.ІІІ. – СПб., 1896. -350 б.

12. Тарих-и Абул-хайр-хани // МИКХ., - Алма-Ата, 1969. -167 б.; «Места восхода двух счастливых звезд и места слияния двух морей» Абраззака Самарканди // СМИЗО. Т.ІІ. -201 б.

13. Абраззак Самарканди // СМИЗО. Т.ІІ. -201 б.

14. Бартольд В.В. Улугбек и его время. Соч., - Т.ІІ., Ч.2. -169 б.

15 Дулати М.Х. Тарих-и Рашиди. – Алматы, 2003. -109 б.

16 Дулати М.Х. Тарих-и Рашиди. -109 б.; Захир ад-дин Мұхаммед Бабыр. Бабырнама. Толықтырылып екінші басылуы. – Алматы, 1993. -30 б.

17 Мюллер А. История ислама с основания до новейших времен. – Спб., 1896. -350 б.

 

Карибаев Берекет Бакытжанович, профессор КазНУ им аль-Фараби, доктор исторических наук

 

Проблемы образования Казахского ханства и Мавереннахр в середине XV века.

     В данной статье автор, рассматривая вопросы, связанные с внутренней и внешней политической историей Мавераннахра в середине ХV века, обращает внимание на политическую раздробленность внутри Тимуридов после смерти Шахруха. В свою очередь обострение взаимоотношений между Мавераннахром и Моголистаном послужили предпосылками для образования Казахского ханства в западной части Моголистана.