Педагогические  науки/ 5.Современные методы преподавания

Омаров Б.С.

 

Международный казахско-турецкий университет им. Х.А.Ясави

г. Туркестан, Южно-Казахстанский обл., Казахстан.

 

ЖАСӨСПІРІМ БАЛУАНДАРДЫҢ ДЕНЕ САПАЛАРЫН ДАМЫТУДАҒЫ ҚАЗАҚ КҮРЕСІНІҢ  ЕРЕКШЕЛІКТКЕРІ

 

Дана халқымыз: «Дені саудың – жаны сау», «Басты байлық – денсаулық», «Тазалық – саулық негізі, саулық – байлық негізі», - деп тегін айтпаса керек. Медицина ғылымының атасы Ибн - Сина: «Күнделікті дене шынықтырумен  шұғылданып жүрген адам ешбір емді қажет етпейді»,, - деп айтқан болса, шығыстың ғұлама ғалымы Әбунасыр Әл-Фараби: «Жас жеткіншектеріңізді көрсетіңіз,  мен сіздердің болашақтарыңызды айтып берейін» десе, болашақ ұрпақ қамы жайында Елбасымыздың Қазақстан халқына жолдауында: «Қазіргі заманда кез келген мемлекеттің жоғары тыныс-тіршілігін қалыпты ұстап тұрудың аса маңызды шарты – адамдардың өздері, олардың ерік-жігері, қажыры, білімі болып табылады», - деп атап көрсетеді.

«Қазақстан – 2030» мемлекеттік стратегиясында дене тәрбиесі туралы: «салауатты өмір салтын ынталандыру әрқайсымыздың дене тәрбиесімен шұғылдануымызға, дұрыс тамақтануымызға, есірткілерді, темекі мен ішімдікті тұтынуды қойып, тазалық пен санитария шараларын сақтауымызға бағытталған»,- делінген. Сонымен қатар, «Салауатты өмір салтын теріс әдеттерден алшақтатудың бірден-бір жолы жастарды  спортқа бейімдеу болып табылады», - деп атап айтылған [1].  Осыған орай ғылыми жұмысымыздың негізгі мәселесі де қазақ күресіндегі күш жылдамдық  сияқты дене сапаларын дамытудағы негізгі ерекшеліктері жайлы болып отыр. 

Жылдымдық күш және қозғалыс реакциясының жылдамдық сипатын анықтайтын кешенді қызметтік қасиеті, яғни өте аз уақытта қозғалыс әркетін орындауды қамтамасыз ететін сапа. Жылдамдық қабілетінің қарапайым және кешенді түрлері айырмаланады. Қарапайым, майда түрі мыналарда көрінеді:

- қозғалыс реакциясы уақытының латентінде (жасырын);

- жеке спортшының қозғалыс жылдамдығында;

- қозғалыс жиілігінде;

Бұл жылдамдықтың көрінуі барынша автономиялық, яғыни спорттық күрестің барлық түрлерінде спортшының қимылы әртүрлі, бірақ барлығында ауыспалы қуатпен орындалады. Сайыс кезінде динамикалық жылдамдық күш, кей жағдайда өз қарсы күшімен орындалатын жұмыс көлемі бұлшық ет топтарының статикалық кернеуімен ауысып отырады. Күрестің әр түрінде бұлшық еттердің динамикалық және статикалық ара қатынасы әр түрлі [2]. Қазақ күресіндегі жылдамдық, бір сөзбен айтқанда спортшының әдісті қас-қағым сәтте орындай алу қабілеті. Жылдамдық - күш сияқты дене қасиетін арттырмайынша балуанның қазақша күресте жоғары нәтижеге жетуі мүмкін емес. Спортшы аса қайратты, қимылы оңтайлы, бұлшық етері ойнап тұратын болса ғана жылдамдығын арттыра алады.

         Қажет кезінде бұлшық еттерін босаңсыта алмайтын спортшылар ешуақытта айла-әдісін жылдам орындай алмайды. Спортшы үшін қимыл аппаратының арнайы дайындығы қажет. Олармен орындалатын жұмыс, жылдамдық-күш жұмысы болып табылады. Ұзақ уақыт шаршамай жылдам қимылдай алу, балуанның бүкіл айқас бойына дәл әрі тез әрекет етуінің негізі болып саналады.

         Спортшының қимыл қызметінің нәтижесін арттыру үшін дененің көптеген жүйке рецепторларынан түсетін ақпарат өте маңызды.

Балуанның жақсы қызметі үшін проприорецептивтік сезімталдықтың дамуы қажет. Жоғары дәрежелі балуандардың денесінің барлық бөліктерінде ол жоғары дамыған. Балуандардың жаттығуы күштің, жылдамдықтың, арнайы төзімділіктің және ептілік сияқты дене сапаларының дамуына көмектеседі. Сонымен қатар балуанның барлық бұлшық еттері жуандайды. Бұлшық еттер жаттығу процесі кезіндегі ең алдымен анаэробты жағдайдағы жұмысқа бейімделеді. Жылдамдық сияқты қасиет салмағы аз екінші спортшымен әдісті сан рет әрі барынша жылдам қайталағанда немесе ойға қарай жүгіргенде, т.б. жағдайда дамытылады. Жарыс жағдайында жылдамдықты салмағы ауыр балуандармен барынша тез күресіп немесе жұмсақ кілемде айқас өткізіп тәрбиелеуге болады. Әдісті баяу бастап, бірте-бірте жылдамдата отырып 4-5 рет орындағаннан кейін барып оны барынша тез орындауға кірісу керек. Жылдамдықты арттыру үшін орындалып жатқан әдісті шаршай бастағанда тоқтатады. Әдістік-тәсілдік әрекеттерді барынша тез орындай отырып жылдамдықты жетілдірген жағдайда әдістің тиімді құрылымын бұзуға болмайды. Қазақ күресіне даярланған кезде жаттықтырушы күтпеген жерден тапсырма беріп әдісті орындату арқылы да балуанды жылдамдыққа үйрете алады. Мұндайда ысқырып, дауыстап немесе алақан соғып белгі беруге болады.

         Балуанның көру  түйсігіне әсер ету үшін оның қолының, аяғының немесе денесінің шартты түрдегі бір күйінде жылдамдық әрекетін жақсартудың бір белгісі ретінде алуға болады. Мысалы, балуан қарсы қарап тік тұрған болса, алға немесе артқа лақтыру керек, егер еңкейіп тұрса, көтеріп лақтыру, сол немесе оң аяғын алға қойып тұрса, тобықтан қағу қажет, т.с.с.

         Жылдамдық сапасын сабақтың дайындық немесе негізгі бөлімінің басында дамытып отырады. Бір аптаға арналған жаттығудың микроциклында жылдамдықты арттыру жаттығуларын спортшылар жақсылап демалғаннан кейін немесе күші азайып шаршай бастағанда, жүктеме мөлшері орташа жаттығулардан соң өткізуді жоспарлауы тиіс. Дайындық кезеңінде жылдамдық қасиетін негізінен жалпы (жақын, 20-30 метр қашықтыққа жүгіру, жылдамдатып баскетбол ойнау) және арнайы (қарақшы немесе жаттығудағы қарсыласын жылдам лақтыру) жаттығулардың көмегімен дамытады: жарыс кезінде мұндай қасиет жалпы, арнайы жаттығулардың және айқастың көмегімен, өтпелі кезеңде жалпы жаттығулар арқылы дамытылады [3].

Күрес кезінде тыныс алу жиілігі минутына 40-45 ретке дейін өседі. Тыныс алу жиілігі белдесу кезінде тұрақсыз. Жаттыққан балуандардың тыныс алуын жақсы реттей алады. Оларда тыныс алудың тоқтауы қысқа мерзімді. Ол орындалатын жұмыстың қуатына байланысты. Балуандарда арнайы жұмыс қабілеттілігінің жоғары деңгейін ұстау үшін анаэробты мүмкіншіліктің дамуымен қатар, оттегі тұтыну шегінің жоғарылауы маңызды [4]. Жылдамдық қабілетінің негізгі алғышарттарының бірі жүйкелік жұмыс жүйесінің қозғалмалылығы (жүйке жүйесінің әр түрлі бөліктеріндегі қоздыру және тоқтату қызметтерінің ағынын жетілдіруді түсіндіретін) және жүйке-бұлшық ет  үйлесімділігі деңгейі, сонымен бірге бұлшық ет ұлпаларының ерекшелігі (әр түрлі бұлшық ет талшықтарының арақатынасы, олардың созылғыштығы) болып табылады.

         Қорыта айтқанда қазақ күресіндегі жылдамдық сапасын дамыту ерекшеліктері басқа дене сапаларының деңгейімен, әдістерді жетілдірумен, ерік-жігер  сапалары мүмкіндіктерімен және т.б. тығыз байланыста болады. Жылдамдықты дамыту күрделі жұмыс тәртібі. Жылдамдық мүмкіндігін арттырудың барынша ұтымды, үйлесімді кезеңі балалық және жасөспірім шақ. Бұдан кейінгі ересек жастарда жылдамдық қабілеттерін дамыту күш және үйлесімділік сапалары арқылы мүмкін болады және баланың ерте жас кезінде жылдамдықты дамытуға назар аударылмаса, көп тер төгуді талап етеді. Студенттік шақта дене тәрбиесімен шұғылданушылар үшін бұл сапаны белгілі бір деңгейде басқа дене сапаларын арттыру арқылы бірқалыпты ұстап тұруға болады. Сондықтан да қазақ күресіндегі жылдамдық бір сөзбен айтқанда спортшының әдісті қас-қағым сәтте шапшаң орындай алу қабілеті болып табылады. Спортшы жылдамдық сияқты дене қасиетін арттырмайынша балуанның қазақ күресінде жоғары нәтижеге жетуі мүмкін емес. Спортшы аса қайратты, қимылы оңтайлы, бұлшық етерінің күші дамыған болса ғана жылдамдығын арттыра алады.

ӘДЕБИЕТТЕР

1. Қазақстан Республикасы Президентінің Қазақстан халқына жолдауы. 2004-Б. 1-2.

2. Дене мәдениетінің ілімі және әдістемесі. Ә.К.Әбділлаев., Ж.К.Олңалбеек.  – Түркістан, 2006ж.

3. Қазақтың ұлттық СПОРТ түрлері. М.Болғанбаев. – Алматы1985ж.

4. Спорт түрлерінің физиологиясы (оқу құралы) Г.Ильясова,–Түркістан    2004ж.