Құлабаев Н.Ж.

аға оқытушы

А. Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университеті, Қазақстан, Қостанай қ.

 

ЖҰМЕКЕН НӘЖІМЕДЕНОВТІҢ ТАБИҒАТ ЛИРИКАСЫ

 

XX ғасырдың екінші жартысы қазақ поэзиясының ең бір шоқтығы биік кезеңі. Бұл кезеңде поэзия әлеміне ұлттық өнердің ұлы құбылыстары болып танылған кесек ойлы, кең тынысты таза ұлттық, таза табиғи ақындар келді. Кеңестік дәуірдегі соцреализмнің солақай саясатының салқыны белгілі бір межеде бұларға да тиді. Бірақ бұлардың құдіреттілігі сол – бұл кезеңдегі ақындар шоғыры қазақ өлеңіндегі табиғилық пен ұлттық сипатты сақтап қана қойған жоқ, сонымен бірге ұлттық поэзияны әр қайсысы өз қырынан байытты, өсірді, биікке көтерді, өздері де мәңгілікке сол биіктікте қалды.

Ж. Аймауытов пен М. Әуезов «Абайдан соңғы ақындарға» «табиғаттың әр түрлі түрімен сырласып, мұңдаса алмайды. Өлеңдерін оқып отырғанда көңіл жоғарылап, қиял шарықтап, басқа бір дүниеге кіріп кеткендей болатын қуат аз» [1,79] деген мін артады. Қазақ поэзиясын бұл ауыр міннен аршып алушылардың алдыңғы сапында тұрғандар – осы XX ғасырдың екінші жартысындағы қазақ өлеңінің өкілдері.

Бұл кезеңдегі қазақ поэзиясының көрнекті өкілдерінің бірі – Жұмекен Нәжімеденов. Жұмекен лирикасында адамның ішкі жан дүниесіндегі сезім түйсіктері мен сыртқы табиғаттағы алуан түрлі құбылыстар тығыз байланыста бейнеленеді. Көкжиек қалғыған боп көзін жұмып,//Тау-дағы, тастар-дағы сезімді ұғып.//Ойланған болып жатты.//Аспан аң-таң.//Дей ме әлде: «Бұл неғылған төзімділік!»//Жел ғана шыдай алмай безілдеді,//Ұнамай бар әлемнің көз ілгені//Арқасын қанша құзғын шоқыса да//Сар дала – сары атандай төзімді еді...

  Жұмекен поэзиясындағы лирикалық кейіпкер өзін туған өлкенің табиғатынан іздейді. Кейде жас даланың көктеміндей «жібісе – жібек, қатайса – тас болып» табиғатпен тұтасып, біте-қайнасып кетеді: Көпіріп кеудесінде тасқан ағын,//Көңілім – көктеміндей жас даланың//Жібісем – жібегімін бұл өлкенің,//Қатайсам – қайнап-қайнап тас боламын.// Басы ноқтаға сыймайтын таза далалық асау мінездің бейнесі бұл.

Жұмекендегі ақындық таным табиғаттың ғажайып сұлулығына жай елітіп қана қоймайды. Халықтың ұлттық, философиялық, этикалық, эстетикалық көзқарастары мен таным-түсінігін адам мен табиғат арасындағы мәңгілік сабақтастық заңдылықтарына үлкен мән беріледі: Дала аунайды түгіне қырау қатқан,//Түйедей бір жеріне бұрау батқан//Кемітпе көшпенді деп – түйе мінсем,//Өз елім, өз мекенім мынау жатқан.

Ақын жаратылыс суретімен қатар, заман шындығына терең бойлайды, дала келбетін халық тағдырымен сабақтастыра суреттей отырып, пейзажға қоғамдық-әлеуметтік астар береді. Табиғат көрінісін шебер бедерлей отырып, түбірі тәуелсіздікті аңсаған тектілігін, өрлігі мен далалық мінезін көрсетеді. Кешегі келмеске кеткір кеңестік кезеңнің кертартпа түсінігіне келіспей-тіндігін сол кезде-ақ ашып айтады.

Ақын табиғат құбылыстары мен суреттерінің қандайына болсын ұлттық мінез бен ұлттық сипат дарытады: Бұл аймақ, алтын аймақ – таң арайлы,//Желпиді самалымен қарағайдай//Даланың қақ төрінде паң Алатау//Дүние қол бұлғаса қарамайды.

Табиғат-Ананың кесек те ғажайып туындыларының бірі Алатау қазақ ұғымында асқақтық пен биіктіктің, өрлік пен пандықтың, даналық пен данышпандықтың бейнесі. Алатауға дарыған паңдық пен асқақтық – таза қазақы паңдық, қазақы асқақтық. Қазақ қана бір паңданып кетсе дүние қол бұлғамақ түгіл, аяғының астында жатса да қарамаса керек. Бұлай істеу Алатау мен қазақтың ғана қолынан келеді.

  Ж. Нәжімеденов лирикасына тән ерекшелік – еркін образ жасау шеберлігі. Ақын табиғаттың тек сыртқы сұлулығын ғана жалаң суретке түсірмейді, сол сыртқы сұлулықтың ішкі мазмұнына үңіледі. Ішкі мазмұн арқылы жаратылыс пен адам жанының үйлесімін дәл тауып, суреттейді: Сәуірдің аспанында бұрқыраған,//Бір құлаш//Ақша бұлттан жыртып алам://Үңілем кеудесіне дүниенің,//Түк емес сұлулықтың сырты маған.

Жұмекеннің жүрек жарды шын сыры, ақындық ұстаным, кредосы бұл. Ақын қиялының ұшқырлығына, ой өткірлігіне таң қалмай тұра алмайсың. «Сәуірдің аспанында ақша бұлттан бір құлаш жыртып алып, тылсым дүние кеудесіне үңіліп тұрған» ақынды арзан сыртқы жылтыр сұлулық қанағаттандырмайды.  Жалпы, осы бір-ақ шумақ арқылы үлкен бейнелі образ – лирикалық қаһарманның бейнесі жасалып тұр. 

Ақынның табиғат лирикасынан жалаң, жалпылама, жадағай суреттеулерді кездестіре алмайсың. Ақын нені болса да тамаша образдық қалыпқа салып суреттейді:Тоқтай тұр, екпінді жел, баспалама,//Тілеймін тыныштықты астанама//Емізіп бұлт-емшегін Алатауға//Керіліп жатыр, әне, аспан-ана.//

Жаңа ғана асқақ, паң Алатау енді «аспан-ананың емшегін еміп, алаңсыз жатқан сәби» бейнесіне түседі. Алатаудың бұл кейпіне кәміл сенесіз де. Өйткені, образ нанымды беріліп тұр. Суреткер шеберлігінің бір қыры да осы образды нанымды бере білуінде. Ақын мұнда табиғаттың ғаламат сұлулығын сырттай ғана бақылап тұрған жоқ, табиғаттың сол сұлулығын тірілтіп, жанды кейіпке енгізіп, тілдесіп, сөйлесіп тұр. Табиғат пен адамның арасындағы диалог ұлттық поэзияда ежелден қалыптасқан дәстүр. Дегенмен, Жұмекен қолданысында бейнелеудің тосын, жаңа бір тәсілі секілді әсер қалдырады. Мысалы: Бұлақ, бұлақ... бұлақ біткен//тек биіктен таралады//Алатаудың барлық даңқы//Бұлт үстінен қарғаны//Сонсоң оның Алатау боп//Тұруы ғой – бар керегі!//Ал адамдар аспаннан да// Төмен тұруды ар көреді.//

Табиғат суреттері мен өмір пәлсапасын, табиғат тағдыры мен адам тағдырын бұдан артық дәл беру мүмкін емес. Табиғат пен адам болмысының қасиеттері бірлік пен тұтастықта алынып, үлкен философиялық мәні бар түйін жасалып тұр. Ақын адами амбицияның кейде табиғи өлшем кемерінен де асып кетіп жататынын, осыдан барып адам мен табиғат арасындағы қайшылықтың келіп туындайтынын меңзейді.

Академик З. Қабдолов: «Нағыз пейзаж – поэзия. Мінез! Адам! Неге десеңіз, адамның қабылдауынан, сезіну-түйсінулерінен, көңіл-күйінен тыс табиғат суреті – пейзаж жоқ» [2,137], - дейді.

Жұмекен қабылдауында табиғат – поэзия. Шындық атаулыдан алшақ, абстрактылы поэзия емес, ақыл мен жүректің сарабынан өтіп, өмір шындығының өзегінен суырылып алынған тірі, жанды поэзия. Мысалы: Көк бұлақтар шаш өреді бұралап://Әрбір талын хақ нұрынан құрап ап,//Жыра кернеп, сайға құлап жыламақ//Құлағаны үшін шыңды кінәлап//Ал тау жатыр бұлт арқалап тұралап//Жарты әлемді басып алған етпеттеп//Таулар сондай,//Төбелер көп, көп-көп-көп,//Бірақ менің Алатауым біреу-ақ.//

Ақын мынау өмірдегі ірілік пен ұсақтықтың, аласалық пен биіктіктің арасындағы айырмашылықты табиғат құбылыстарын көркем бейнелеу арқылы астарлап жеткізеді. Бұл жолдардағы «жыра», «сайға» құлағанын биік шыңнан көріп жылайтын «көк бұлақтар» – бес күндік тіршілігін қанағат тұтқан кәдімгі пенделер, ал «бұлт арқалап, жарты әлемді басып етбетінен жатқан» тау - өмірі аңызға айналған халық қаһарманы Бауыржан батырдың бейнесі. Батыр тұлғасын ақын асқақ Алатауға теңеу арқылы басқалардан даралап, биіктетіп көрсетеді. Бұл – образ жасаудағы суреткер шеберлігінің айғағы.

Жұмекен Нәжімеденов – қазақ лирикасындағы адам және табиғат арасындағы тамырластықты ұлттық тұрғыда, ұлттық қалыпта жырлаған ақын. Ақын шығармашылығының жемісті арнасы – лирикадағы табиғат пен адам тіршілігінің сабақтастығына байланысты таным-түсініктерді ұлттық түйсіну мен ұлттық сана ерекшеліктері тұрғысынан көрсете білу.

 

Әдебиеттер:

1. Нұрғали Р. Әдебиет теориясы. Астана, 2003.

2. Қабдолов З. Көзқарас. Талдаулар мен толғаныстар. Алматы, 1996.

3. Серікқалиев З., Серікқалиева Э. Ақыл таразысы. Алматы, 1989.