Уразгалиева Б.Б.

қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі

Батыс Қазақстан облысы, Теректі ауданы, Талпын орта мектебі

 

Б. МАЙЛИН – ПРОЗА ЖАНРЫНЫҢ МАЙТАЛМАНЫ

 

Өнердің қай саласын алсаңыз да, шынайы суреткер өзіндік келбетімен, стилімен, өрнегімен, нақышымен танылады. Стиль туралы әдебиеттану ғылымында бір қатар ғылыми еңбектер жарық көрді. Атап айтсақ, Қ.Жұмалиевтің, З.Қабдоловтың, М.Қаратаевтың, Е.Ысмайыловтың еңбектерінің маңызы ерекше. Стиль проблемасы - әлі күнге дейін өзектілігін жоғалтпаған мәселелердің бірі. Туындының көркемдігін танытатын бірден бір фактор – оның  поэтикалық тілі екендігі анық. Тiл көркемдiлігi – автордың даралық стилiн айқындайтын категориялардың бiрi. Жазушының тiлдiк қолданысы сюжет, композиция, образ жасау  шеберлiгiмен  тамырлас. «Жазушы өзінің сөз қорын молықтыру үшін жалпы халықтық тілдің телегей-теңіз бай қазынасын мүмкіндігінше молырақ игеруі, оның қилы-қилы қиын әрі қызық құбылыстарын жете түсінуі, әр сөздің мәні мен мағынасындағы ұланғайыр өзгерулер мен өңдеулерді, ауысулар мен алмасуларды, құбылулар мен құлпыруларды дәл аңғара білуі қажет... Сонда ғана жазушы әр сөзді таңдап, талғап тауып, ойды анық, сезімді нәзік жеткізер тың және тартымды суреттер жасай алады» [1, 189б].

Ғалым З.Қабдолов: «Жер бетінде қаншама жазушы болса, сонша машық, әрқайсысының өзіне тән жазу мәнері, сөз өрнегі болуға тиіс, болмаса, соған талпыну керек. Өйткені, өзінің шығармашылық бетін белгілей алмаған, суреткерлік қолтаңбасын айқындай алмаған қаламгерді нұсқалы жазушы деу қиын»,- дейді. Олай болатын болса, Бейімбет Майлин өз шығармаларында әдеби тілдің әсем үлгісін берген,  көркем сөзді төгілте қолданған нұсқалы жазушы. Эстетикалық туынды ретінде көркем сөз қорын байытты. Жазушының әңгімелері  мол: «Ұлбосын», «Сары ала тон», «Сот алдында», «Әліштің пырағы», «Қызыл әскердің үйі», «Таңба», «Қара шелек», «Кенес ағасы Қамила», «Арыстанбайдың Мұқышы», «Даудың басы Дайрабайдың көк сиыры», «Биғайшаның хаты», «Қалекеңнің үйінде», «Көктеректің бауырында», «Колхоз қорасында», «Охрана бастығы», «Сары май», «Бейсекеңнің үйінде». Жазушы бұл туындыларында тақырыпты дараламай көп қырлы өмірдің басқа салаларына да ықпал жасарлық жаңа қадам түрінде суреттейді. Оқушы қат-қабат күрделі өмірді көреді. Жетіліп туған шығармаларында өзіндік кескін-кейпімен, қимыл-әрекетімен, мінезімен, жаңа құбылысымен дараланған характерлер бар. Үй шаруасындағы әйел Шарипаның /«Ұлболсын» әңгімесі/ мінезінің тігіндегі, жаңалыққа жатырқай қарайтыны, ешкімнің икеміне көнбейтіндігі оқушының назарын бірден аударады. Жазушы Шарипаның психологиясындағы өзгерісті қапелімде ұсақ көрінетін нәрселермен жасалған етіп, нәзік көрсетеді. Әңгіменің тіл кестесі жатық, шебер. Жазушы әңгімелерінің жалпы көркемділік ерекшелігін мынадай сатыларға бөліп қарастыруға болады: 1. Майлин – шыншыл суреткер. Ол өмірде болғанды, болуға лайықтыны әңгімелеріне арқау етеді. 2. Жазушы күрделі тақырыптарды алсын, ұсақ тақырыптарды алсын, оларда қоғамның ең бірінші іргелі мәселелері тербеледі, идеялық-эстетикалық шешім табады, суреткердің тақырып таңдау мен баяндау жөніндегі бір ерекшелігі - сайып келгенде тұрмыс-салтты, әдет-ғұрыпты суреттеуге басым назар аударуы.   3. Әңгімелері  тікелей өмірді жанды көрінісімен көз алдыңа әкелгендей болады.  Көркем тәсілдердің қолданылуына байланысты жазушы әңгімелерінің көркемдік, стильдік өзгешелігі келіп шығады. 4. Жазушы кейіпкерлердің, оқиғалардың тереңдігін қайшылықтарын ашқанда оны жадағай қалпында бермей, перделеп «қызым, саған айтам, келінім сен тыңда» деген нақтылау жобасымен суреттеуге бейім. 5.  Б.Майлиннің әңгімелерінде әзіл-қалжың, юмор мен улы сықақ сабақтасып отырады. Ескерте кететін жағдай жазушы әңгімелерінде әзіл-қалжың мен сықақтарды сырттан әкеп телімдемейді, олар оқиғаның барысында өзінен-өзі туып өрбиді. Бірсыпыра әңгімелерін түгелдей сатиралық стильде «Зәкіржан молда», «Қадір түнгі керемет», «Айт күндері», «Арыстанбайдың Мұқышы» т.б. жазған. 6. Сөз қорын түрлі тәсілдермен мағынасын ауыстыра, әсерлілігін арттыра суреттеудің де көп мәні бар. Осы жағдайды ескерген жазушы синоним, омонимдерді шебер тәсілмен қолданады. Троптар да әңгімелер мәтінін жандандырып отырады. «Күніне қырық пышақтасып отырса да, дүниеде содан артық тұрмыс бар деп ойламайды». «Күн түнеріп, тұлданып шарасына сыймай тұрған тәрізді», «Бәрекелді сөз – ақ –ау, Сейпенге қайсың тегін еңбек сіңіріп едің?», - деп әлгі шермейген қарын түтіге түсті». Б.Майлин әңгімелерінің құрылысы түрліше болып келетінін шығармаларынан анық байқаймыз. Бірде жазушы сюжеттік оқиғаны қайшылығы асқынған орта тұсынан бастап, оқушыны күнделіктің қат-қабатына тікелей енгізіп жібереді. /«Айранбай», «Даудың басы – Дайрабайдың көк сиыры»/. Кейде әңгіме экспозициядан, кіріспеден басталады, сюжетті оқиға біртіндеп дамып шиіленеседі. /«Көк теректің бауырында», «Ұлбосын»,т.б/. Кейде оқиға бірінші жақтан, көбіне автордың аузынан жол әңгімесі түрінде баяндалып, сюжеттік оқиға біртіндеп асқынып шиеленіседі. /«Бейсекенің үйінде», «Қалекеңнің үйінде»/. Кейбір әңгімелері қылмысты оқиғалармен /детективпен/ байланысты келіп отырады. Мысалы, «Охрана бастығы», «Сары май», «Бір суреттің тарихы» әңгімелерінде сюжет қылмыстылардың ұсталуымен, әшкереленуімен байланысты дамиды. «Бейімбет шығармаларындағы теңеулердің табиғаты да бөлек. Өмір бойы мал баққан елде малдың қасиеттерін, кейбір көріністерін характерге жапсыру бар», - дейді жазушы тілінің ерекшелігі туралы пікір білдіруші І.Омаров [3, 213б].

Қаламгер кейіпкер бейнесін аз сөзбен мүсіндеп, образын ашуға да шебер. Адамның сырт келбетін, түр-тұрпатын ғана емес, тағдырын, мінез-құлқын, жан-дүниесін де ашып береді. Бейімбет туындыларындағы түрлі-түрлі тағдырлармен кездесіп, әр алуан күй кешесіз. Кішкентай көрініс, шағын суретпен кісінің кескін-келбетін, кимыл-әрекетін есте қаларлықтай етіп мүсіндеп, шынайы қалпынша жеткізіп беру Бейімбеттің сөз зергерлерінен үлкен бір ерекшелігі. Шағын штрих, елеусіз көрінетін кішкентай деталь, ой тұнғиығынан төгілген орайлы оралымдар қаншама.   «Тiл байлығын теру, сөз қорын  молайту бiр бар да, сол бай тiл мен мол сөздi әдеби шығармада  суреткерлiк шеберлiкпен қолдану бiр бар»,- деген З. Қабдолов. Дарынды қаламгер туындыларынан осындай суреткерлiк шеберлiктiң озық үлгiсiн  көремiз. Ол ана тiлiнiң айдынында өзiн судағы балықтай еркiн сезiнедi. Кемелденген жазушының көркем тілінде өзіне тән стильдік белгілер болады. Тіл көркемдігін зерттеу шығарманың идеялық мазмұнын, образдар жүйесін, сюжеттік–композициялық құрылымын, яғни туындының идеялық–стетиткалық табиғатын терең түсінуге апарып соғады. Жазушының тілдік қолданысы сюжет, композиция, образ жасау шеберлігімен тамырлас. Әрбір жазушы өмірді өз болмысымен танып, өз дүниетанымы, көзқарасы тұрғысынан бейнелейді. Сондықтан да нағыз талант қаламынан туған шығармалардың көркемдік әлемі бірін-бірі қайталамайды. Көркем туындыда авторлық баяндау – оның көркемдік құрылымын ұйымдастырушы негізгі тәсіл. Алайда шығармалардағы өмір шындығы тек автор атынан ғана баяндалмайды, сонымен бірге алуан түрлі кейіпкерлер көзқарасымен де ашылады.  Сөздің техникасын, халық тілін жақсы білетіндігі, шебер қолданатындығы, жаңа сөздерді де орнымен енгізгендігі. Бұл оның стильдік шеберлігіндегі ерекшеліктерінен туындайды. Монолог, диалог, реплика, теңеу, суреттеу, метафора т. б. тілдің көркемдігін арттыратын тәсілдерді кеңінен қолданған Бейімбеттің бұл жөніндегі қырлары сан-алуан. Оның стилі, тілі жөнінде отызыншы жылдарда-ақ айтылып жүрген. Б. Наурызбаев:«Сыртқы сұлулық үшін сөз тізбегін жоқтан қиыстыруға автор бармайды. Оның әрбір сөзі, сөйлемі жатық, табиғи, қаламынан ешбір кідіріссіз, тау бұлағындай тоқтаусыз төгіліп отырғандай әсер береді» [2, 172б]. Қазақ әдебиетінің алып бәйтерегі болып табылатын Бейімбет Майлиннің шығармашылық шеберлігі әрине, осы айтылғандармен ғана шектелмейді. «Себебі, ол төл әдебиетімізде өзіндік мектебі, мәнері, шәкірттері бар қаламгер. Бұл бақыт – кез келген жазушының маңдайына жазыла беретін қасиет емес. Ал, біздің Бейімбет – сондай бақытты қасиеттің адамы» [3, 213б]. Белгілі әдебиетші-ғалым Б.Кенжебаев жазушы мұрасына қатысты: «Жалпы Бейімбеттің таланты, шығарымпаздық шама-шарқы тереңнен бірқалыпты бұрқылдап қайнап шығып жатқан, ешқашан тартылмайтын көп көзді, төбесі күн сәулелі аспан, төңірегі көкорай шалғын көк бұйра ағаш, солар бетінен айнадағыдай көрініп тұратын үлкен мөлдір бұлақ тәрізді», - деп пікір білдіреді. «Майлин – қазақ кедейінің, жұмсақ юморы, халық даналығы дарыған, еңбекқор және арманшыл қарапайым ауыл қазағының ойы мен мүддесін білдіруші», - деген З.Шашкин пікірі суреткер шығармашылығының негізгі идеялық түйінін, басты ерекшелігін көрсетіп тұрғандай [4, 207б].

Сонымен, әдебиет – ар – иман, инабат құралы.  Бейімбет Майлин қаламынан туған шығармалар қазiр де өзектiлiгiн жоймай, бүгiнгi күн мәселелерiне жауап бере алады. Өйткенi, оның шығармаларының тамыры тереңде, халық  тағдырымен бiте қайнасып жатыр. Қаламгер қандай мәселенi көтерсе де арқауында шындық жатыр. Бейімбет шығармашылығын зерттеушілердің бірі Тоқтар Бейісқұлов қаламгердің  бұл шеберлігінің сыры туралы өзінше ой қорытып: «Әдетте нағыз қаламгер көп жүргенді, елді, жерді аралағанды, өмірді өз көзімен көруді қалайды, барлап, зерттеп ой қорытады. Сондықтан да ол үнемі өмірден өз кейіпкерін іздейді. Жүрген жолында, болған жерінде әрқилы тағдырлы адамдармен кездесіп, олардың мінез-құлқын, іс-әрекетін, тұрмысын бақылап, жүрек түкпіріне түйеді», - дей келе негізгі себеп – жазушылық пен журналистікті ұштастыруда деп түйіндейді. Қаламгердің мазмұны терең, көркемдігі кестелі, ойы ұшқыр туындылары талай ұрпақтың рухани азығына айналып, сан алуан зерттеулердің нысаны болып, өз мәнділігін мәңгілік жоймайтынына, талай оқырманның көкірек көзіне ой салып, көңілінен шыға береріне, сөз өнерінің қиын да күрделі жолына түскен өнер адамдарының бағыт алар темірқазығы болары анық.

 

Әдебиеттер тізімі

1. Қабдолов З. Сөз өнері А., «Қазақ университеті», 1992- 352 б.

2. Наурызбаев Б. Қазақ прозасындағы Б.Майлиннің прозасы А., 1967-255 б.

3. Омаров І. Бейімбет хақында бірер сөз. 1988- 397 б.

4. Би аға. (Бейімбет Майлин туралы естеліктер), Құраст.Бейісқұлов Т, А.,1991- 304 б.