Б.С. Бегманова

Доцент кафедры казахской литературы

КазГосЖенПУ

 

М.Мақатаев лирикасындағы ұлттық мінез ерекшелігінің бейнеленуі

Қазақ поэзиясына өткен ғасырдың екінші жартысында қадам басқан М.Мақатевтың  ұлттық тақырыпта жырлаған жырлары бүгінгі таңда өз құндылығын арттыра түскендігін атап айтуға болады.

Ақынның «Жігіттер, мақтанбалық» өлеңі ұлттық ерекшелікті тіпті басқа қырынан аша түседі. Қазақ халқының қанына сіңген қасиеті – сырмінезділігі. Қуанышта да, қайғыда да, басына түскен ауыртпалықты қайыспай көтере білетін – қайсарлылығы. Ақын осы қасиетті: 

                          Қашаннан қазақ деген сыр мінезді,

                          Мақтаусыз да, мақтансыз жатқан халық [3, 127 б.]

деп суреттейді.

Қазақ халқы  – мінезге бай халық. Осы ұлттық мінезді де М.Мақатаев өлең жолдарында әдемі суреттей білген.

                          Сабырмен сабақ алып дәуірлерден,

                          Сабырын сары алтыннан тәуір көрген.

                          Қазаққа мақтансын деп жер бермеген,

                          Жерінің кеңдігіндей сабыр берген [3, 127 б.] 

деп қазақы мінезді, ұлттық бейнені аша түседі.

Қай жағынан алып қарасаңыз да ұлттық ерекшелігімен, басқа ұлттардан кем түспейтіндігімен дараланатын атам қазақ мақтануды «әлімсақтан бері қарай жек көрмеген» екен. Өлең бойында бұл көріністі де ақын жеңіл тілмен ұғындыра жырлайды, және ол қасиетін:

                          Дәулет шалқып, ырысы асқанында,

                          Қақысы бар қазақтың мақтануға [3, 128 б.] 

деп түсіндіреді.

Алайда, дарақы боп, асып-тасып кетпегенін қалайтын ақын сабырлыққа үндейді.

                          Дарақы боп қазағым кетпесін деп,

                          Сабыры тұр күзетіп арт жағында [3, 128 б.] 

деп үнемі сабырлықты серік еткен қазақы мінезді суреттейді. Өлеңнің сыртқы түрінен-ақ ұлттық мінез, ұлттық бейне, ұлттық көрініс, ұлттық психология сезіледі. Ақынның ұлтына деген жүрек қағысының дүрсілі естіліп тұрғандай.

Ақын ниетін, адал пейілін «Әттең, шіркін» өлеңінен де байқауға болады. Қазақтың пейіліндей кең жазира даласы, асқар таулары, бетегейлі белдері, бұлаң қаққан бұлақтар мен сыбдыр қаққан құрақтары, бәрі де, ақынның қазақ даласына деген сағынышын оятады. «Әттең, шіркін, құс болып жаралмадым» деген ақын жырында үлкен арман жатыр. Қазақтың атырабын аралау – ақын арманы. Жайған ақ дастарханынан дәм тату – ниетінің де ақ екендігін білдіреді. Бұл ұлттық қасиетінің көрінісі. Қазақтың кең даласын құсша еркіндікте шарлай ұшып аралау-ақын қиялы. Қазақ халқының ұлттық мінезінде құс сияқты еркіндік қасиет бар. Ақын осы көріністі өлең жолында нәзік сезімталдықпен жеткізе білген. Кең пейілділік пен дарқандықты қасиет тұтып, еркіндікті сүйе білген қазақ қашанда «ар-намысын аяққа таптатпайды». Бұл да қазақы, ұлттық қасиетіміздің бірі.

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

 

 

1.Мақатаев М. Жырлайды жүрек. – Алматы: Жазушы, 1989. – 493 б.

2.Шапаев Т. Ой түбінде жатқан сөз. – Алматы: Жазушы, 1989. – 192 б.

3.Бердібаев Р. Сарқылмас қазына. – Алматы: Жазушы, 1983. – 245 б.