Г.Ж.Пралиева ,М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының бас ғылыми қызметкері,ф.ғ.д.

             Қазіргі қасымтану және таныту мәселелері

(Ақынның 100 жылдық мерей тойына арналған мақалалар негізінде)

                  Қазақтың дарынды да дауылпаз ақыны Қасым Аманжоловтың 100 жылдық мерей тойы биыл аталып өтті. Әрбір қазақ баласы мектеп қабырғасынан жырын жаттап өскендіктен оны білмейтін жан жоқ десе де болғандай.Әсіресе,кешегі кеңестік кезеңде мектепте оқып,пионер қатарына қабылданарда міндетті түрде  «Советтік менің өз елім» атты өлеңін жатқа айтқызатын еді.Оны жаттамаған,салтанатты қабылдауда дұрыс айтпаған бала  мойнына алқызыл галстук тағу арманынан айрылатын : « Галстук қызыл мойнымда,мектепке қарай жүгірдім,Қолымды тұңғыш қойдым да,Сапқа да тұрдым,ту алдым.келді де менің кезегім,Әкемдей сонда қуандың,Советтік менің өз елім!» деп, кеңестік кезеңнің идеологиясына шынайы сеніп,соның жолында     шын ниетімен адал да абыройлы қызмет еткен ақын Қасымның қаламгерлік және қайраткерлік өмірі жайлы алғаш арнайы зерттеу жазған қазақтың ақын қызы,көрнекті  әдебиетші ғалымы, филология ғылымдарының докторы Тұрсынхан Әбдірахманова Қасым Аманжоловтың өмірі мен шығармашылығы  жөнінде « Қасым Аманжоловтың поэтикасы» (А.1967 ж) деген тақырыпта докторлық диссертация қорғады.Содан кейін бұл тақырып жылы жабылып,тек ақынның мерей тойы кездерінде еске түсіп,естеліктер мен замандастарының  жылы лебіздерімен,мерзімді баспасөздердегі науқандық іс-шаралармен шектеліп келгені белгілі.Биылғы мерей тойында осы олқылықтардың біразы туралы ойлар ортаға салынып, кейбір кетіктері бітеліп,кемшіліктері көш ілгерілеген сыңайлы.Сондықтан да «ауызды қу шөппен сүрте бермей»барды бар деп,жоқты жоқ деп әділіне көшкен жөн сияқты.Айталық ,Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығы тойланар тұсқа дөп келген ағалы-інілідей,ұстазы-шәкіртіндей болған қазақтың екі бірдей ұлы ақыны-Қасым Аманжоловтың 100 жылдығы мен Мұқағали Мақатаевтың 80 жылдығы жыл басынан бері республикалық басты газет-журналдарының негізгі тақырыбы болғанын көзі қарақты оқырман жақсы білсе керек. Осы басылымдардың санын жібермей қадағалап отырдық демесек те қолға түскендердің өзінен байқағанымыз Қасым Аманжоловтың өмірі мен өлеңі жайлы бір жинаққа жүк боларлық мақалалар жарияланыпты. «Қазақ әдебиеті» газетінде сан аралатып беріп отырды десек те артық айтқандық емес. Осынау мол дүниені қарап, талдау жасар болсақ, осы «Қазақ әдебиеті» газетінде жарияланған қазіргі қазақ әдебиеттануының көшбасшысы болып отырған,академик Серік Қирабаев пен белгілі сыншы,әдебиетші ғалым Бекен Ыбырайымның  мақалалары көбіне орнықты ойлары бар,  ғылыми талдауларға құрылған зерттеулер екені даусыз.Өмірін -өлеңге,өлеңін-өмірге айналдырған ,»Өлең мен күйден жаралған, мен де бір адам ғажайып» деп ақынның өзі айтқандай , Қасымның әдеби мұрасын мұқият зерттеп, әрбір жыр жолдарының бүгінгі ұрпаққа мұрты бұзылмай, мұнтаздай таза қалпында жетуіне жете көңіл бөлген  Серік Қирабаев «Баяғы Қасым-бір Қасым»атты зерттеуінде («Қазақ әдебиеті»газетінің 2011 жылдың №19-20 сандарында жарияланған)  ақын шығармашылығының жарияланымдары мен  әр кезеңдегі басылымдарында кеткен кемшіліктері мен олардың  зерттелуінің кешегісі мен бүгіні, т.б көкейкесті мәселелер турасында кезінде көзі көрген замандас інісі  әрі қазақ әдебиетінің тарихын терең білетін көзі тірі көне көз зерттеуші ретіндегі ақ сөзін ақтарыла айтып,көп ақиқаттың бетін ашады.Енді зерттеушінің  ұлы ақын шығармаларының бүгінгі жай-күйі   турасындағы ойларына тоқталайық. «Бұл жөнінде айтылар да, істелер іс те бірқыдыру.Өйткені,кезінде ақын туындыларының заманының идеологиялық өлшеміне сыймай,онымен қиғаш келіп,қиянат кешкенін бәріміз де білеміз»,-дейді зерттеуші (20.05.2011) .

     Әр адам өз заманының өкілі,Қасым ақын да өзі өмір сүрген,өмірі мен өнерін сеніп тапсырған, соған адал еңбек етуге арнаған азамат ретінде «Советтік менің өз елім» атты атақты жырында : « ..Тауға да шықтым,жер бастым,Аспанға ұштым-көк көрдім;Өмірге құлаш кең аштым,Бәрін де көзден өткердім.Жарқылдап жаһан-кең сарай,Аралап оймен кеземін.Таппадым сенен артық жай,Советтік менің өз елім» ,деп жанын да жырын арнаған, әлемді шарлап өзінен артық әділетті ел таппаған ақын : «Бұлбұлым,сайра кеудемде,Бұлбұлым-менің жүрегім;Көңілдің күйі келгенде ,Ағыл да тегіл жыр едім,Ағылттым ойдан ел үшін,Өлеңнің ерке өзенін;Ақының болдым сен үшін Советтік менің өз елім! «деп өз заманының , туған елінің ақыны боп жаралып, өмірін де өлеңін де арнаған «Советтік өз елінде» қиянат шеккені қандай қасірет-қайғы десеңізші?. Одан артық өмірде қандай опасыздық болуы мүмкін.Ойланарлық жәй көп,әрине.

             Одан әрі ғалым Қасымның 1953 жылы шыққан «Таңдамалы шығармаларынан» бастап, 1955-1957 жылдары басылған 3 томдығы да  одақ,редактор тарапынан «ревизия»жүргізілгені,ал содан бергіжинақтардың бәрі осы 3 томдыққа сүйеніп жасалғаны жөнінде біраз ақиқатты ашады. Қасым ақынның қазақтың батырлығын,адамдық мінез-құлқының дархандығын мадақтаған «Туған жер», «Атамекен»,»Қазақстан», »Ертіс», »Сары-Арқа» т.б жырларынан ұлтшылдық көріп,» редакциялануға» мәжбүр болғанын, «Қорқыт бабам»дегеннің «Қорқыт күйіне»,тіпті «Қайран менің-туып-өскен өз елім» деген жолдың «байтақ Отан-туып-өскен өз елім» болып өрескел өзертілгенін,т.б шығармаларының осылай аяусыз шимайланып, ақынның көркемдік қуатына қиянат жасалғаны жөнінде қинала отырып,нақты мәтіндермен дәлелдер келтіреді.Оны кезінде түпнұсқамен оқыған сол кезеңнің тірі куәгері  болмаса оны кейінгі толқындар байқамасы анық . Айталық,  «Ертіс» өлеңіндегі :»... Тербеліп толқыныңда ән сап өскен, Қайтып та сорлы болсын қазақ ұлы! «деген жолдар жаңа әлсіз жолдармен ауыстырылып, «Қазақ ұлы» «совет ұлы»болып кетті»,-дейді зерттеуші С.Қирабаев. Сол секілді сұлу да сырлы ақынның көркем әлемі әлем-жәлем болып,жамау-жасқау,жалынсыз,жәй сөздерге,ауыстырылғаны  бірнеше мәтіндер арқылы мәлім болады.Бірақ,бір мақала көлемінде оның бүкіл шығармашылығына жасалған қиянатты қамту мүмкін емес-ті.Бұл жөнінде сол кезеңнің тарихи шындығының куәгері болған С.Қирабаев «Әдебиетіміздің ақтаңдақ беттері» (1995) деген еңбегінде де кеңінен тоқталған болатын.Бұл бұрмалаушылықтың қазақ поэзиясының көркемдік әлеміне әкелер зияны көп екендігі жөнінде ақын шығармашылығын үнемі назарға алып,зерттеп жүрген Бекен Ыбырайым да жазып жүр.

           Сондай-ақ, зерттеуші ақын өлеңдерінің бүтіндей түсіп қалған тұстары мен басылымға басы бүтін бір шығарманың бірнеше жолдары түгелдей түсіп қалғаны жөнінде де жан шошырлық    әдеби деректер келтіреді.1938 жылы Қазақстан Комсомлы сыйлығын алған поэманың бірі Қасымның «Құпия қызы» атты поэмасының 1939 жылы «Поэмалар жинағына»енгені, онда толғаудың 9-10,15-16 жолдарының жоқтығы және 32 жолдан тұратын (газеттте берілген Г.П) үзіндінің түгелдей кітапқа енбегенін  айта келіп: «Қасым шығармаларының тексін қайта қарау қажеттігін дәлелдеу үшін осы мысалдар да жетер деп ойлаймын.Ауысып жүрген жолдар,грамматикалық қате жазылған сөздер,түсіп қалған тармақтар мен шумақтар аз емес.Бұл жоғарыда айтқандай,менің оқи отырып,өзім жатқа білетін шығармалардан тапқан бұрмалаушылықтар.Оны әлі де салыстыру,зерттеу арқылы анықтай түсуге болады.Қазақ поэзиясының «найзағайлы қара бұлттан от алған» жауынгері (ақынның өз сөзі) Қасым Аманжоловтың әдеби мұрасына ықтияттылықпен қарау-баршамыздың міндетіміз. Қасым шығармаларын ақынның өзінің қолжазбасымен,бұрынғы-соңғы басылымдарымен салыстырып зерттеу,оның ғылыми тексін жасау-келешектің,ғылымның ісі деп білемін»,-дейді.

               Егер де    «Егеменді Қазақстан»газетінің 2011 жылдың 13 тамызында жарияланған Аманғали Қалжановтың (Қарағанды облысы) «Естеліктер не дейді?! » деген мақаласында келтірілген Қазақ радиосының «Алтын қорынан»алынған ақынның жары Сақыпжамалдың сөзіне сенер болсақ, ақын өз өлеңдерінің бәрін жатқа білетін,жазғандарын сол мезетте жыртып тастайды екен: «..менің өлеңімді бүкіл СССР біледі, халқым да жатқа біледі, солардан жинап аласың», - дейді екен. Олай болса, осы кезге дейін замандастарынан,жатқа білетін жұрттан жинап,жарыққа шығарғаннан басқа да мұраларын түгендеуге, оларды ғылыми түсініктемелермен толықтырып,жүйелеуге осындай ірі мерей тойларда  мемлекет қаржы бөлгенінін тиімді пайдаланып, алдын-ала жасалған жоспарлармен неге жұмыс жүргізбеске?. Ақынның мұрасы елдің мәңгілік рухани мұрасы емес пе?.Ол әлі талай жас ұрпақты ұлтжандылыққа тәрбиелеп,әлі талай Қасымның өмірге келуіне себеп болмай ма?.»Дүниеге келер әлі талай Қасым,Олар да бұл Қасымды бір байқасын,Өртке тиген дауылдай өлеңімді ,Қасымның өзі емес деп кім айтасың»,-деп ақынның өзі айтқандай ,бір Қасым емес-бүткіл қазақтың қазақ болуына дәнекер болар дәмді жырларымен, ұлттық рух сыйлар сұлу сөз өнерімен өнеге болар үлкен өнер иесінің әдеби мұрасын жинау бүгінгі ұрпаққа да,  елге де үлкен сын емес пе?. Және әттеген-айларымыз да азайар еді.Сөйтіп: «...Арманда кеттік демейік,Бәрін де беріп,ел,жұртқа,Қарыздар болмай өлейік»деп Қасым ақын айтқандай бәріміз де көзіміз көрген кемшілікті,көңілімізді күпті еткен олқылықтарды жойып, көп болып, кемшілікті түземеске?. Осы орайда, Қарағанды қаласында  биылдан бастап шығарыла бастаған «Қасым»атты әдеби-қоғамдық журналдың болашақта  атқарар шаруасы шаш –етектен болса керек деп ойлаймыз («ҚӘ» 2.09.2011) . Осы орайда, қарағандылық автор Ерсін Мұсабековтің  «Жас Алаш»газетінің 2011ж,30 тамызындағы санында жарияланған «Қасымтанудың қазығы Қарқаралыда қағылмақ» деген мақаласында  «Қасымтану-мүлгіп кеткен ұлттық рухқа қамшы басу» болғанына баса мән берген.

     Академик Серік Қирабаевтан кейін Қасым Аманжоловтың шығармашылығын жүйелі түрде зерттеп,жазып жүрген әдебиетші ғалымның бірі-Бекен Ыбырайым.Ол  ақын мерей тойына белсенді атсалысып, «Қазақ әдебиеті» газетінде (№11-12.18.03.2011) «Олар да бұл Қасымды бір байқасын...» атты газет тілшісі Айнара Ашановамен болған сұхбаты  және «Қазақ поэзиясының алтын тәжі» деген көлемді мақаласын жариялады.Бұрын да «Қасым Аманжолов. (Өңімде ме еді,түсімде ме еді.).» деген тақырыпта (Павлодар:ПМПИ,2007.-44 б) жоғары оқу орындарының студенттеріне арналған оқу құралы жарияланған ғалымның ақын шығармашылықтарын зерттеуі заңды да. Аталған оқулығында Қасымның қазақ поэзиясы тарихында алар орны,оның сөз өнеріне әкелген өрісі мен көркемдік әлемі қандай,өзге ақындардан өзгешелігі мен ерекшелігі неде деген сауалдар төңірегінде ой толғайтын ғалым көркемдік талғам мәселесіне көп жүк артса, кейінгі  зерттеу мақалаларында бүгінгі қасымтану  саласы жөніндегі толғақты ойларын ортаға салады.Мәселен,»Олар да бұл Қасымды байқасын..»деген сұхбатында : «Қасымды ешкімге ұқсата алмайсыз.Дәлірек айтқанда, Қасым ешкімге ұқсамайды,ешкім де Қасымға әлі күнге «ұқсай» алмай келеді.Қасымның асау рухы,бейнелік әлеміндегі қадам басқан сайын әрі өр,әрі «кішіпейіл», әрі дана,әрі бала» сөз саптау, бейнелеу үлгілері-бұған дейінгі қазақ поэзиясында ұшыраспаған қисапсыз жаңалықтар.»,-дей келіп : «Мұның бәрі-ақындық шеберліктің ғана емес,ең алдымен,ақындық табиғаттың,интеллектуалдық тереңдіктің нәтижесі.»,-дейді.Ғалым ақынның «болмысты сезіну мен бейнелеудің,көркемдік тәжірибенің адамзатты байытатын жаңа типін тарту еткендігін», оған осы күнге дейін бас имеген,тағзым етпеген ешкімнің болмағанын» ерекше атап көрсетеді. Әлгіндегі біздің ойымызды ғалым өз сұхбатында нақтылап кетіпті: «...Әзірге жаңаша қамқорлық үрдісін көріп жүрген жоқпыз...Жамбыл, Қасым сияқты айтулы тұлғалардың мүшелтойларынан  бірнеше жыл бұрын министрліктер тиісті шараларды ойластыруды қолға алғаны мақұл.Осы орайда бірнеше шаруа тындырылар еді.Біріншіден,шығармашыл тұлғаның айтылмаған немесе жөнді зерттелмеген қырларын айқындар едік.Екіншіден, үздік зерттеулерді  шет тілдеріне аударсақ, халқымыздың рухани-шығармашылық әлеуетінің деңгейін әлемге танытар едік»,-деп бірнеше нақты ұсыныстар жасайды.Алайда,осындай мерей тойлардың асығыс жасалатынын,оларға бөлінетін мол қаржының берекесіз жұмсалатыны, олардың еңбектері мен шығармашылығын зерттеуге ешқандай қамқорлықтар жасалмайтыны, ол  туралы зерттеу   еңбектерге конкурс жарияланбайтыны, басқаны былай қойғанда Қасымның 100 жылдығы қарсаңында да ең болмағанда академиялық басылымы жарық көрмеуі т.б жөніндегі  ащы шындықтар айтылады. Әрине,»тойдың болғанынан боладысы қызық»дегендей, тойға тарту ең алдымен сол академиялық жинақ пен  Қасым жайлы зерттеулерден неге бастамас қа?

       Бекен Ыбырайымның «Қазақ поэмасының алтын тәжі»деген мақаласында Қасымның «Ақын өлімі туралы аңыз»атты атақты поэмасының көркемдік әлеміне көз салып, «Майдан етіп дүние төрін, Темір гұрзі қақтап отқа, Жекпе-жек кеп өмір,өлім,соққыласып жатқан жоқ па?..» деген бір шумақты алып, осындағы әрбір сөздің астарындағы тарихи- философиялық нышандарды , өмір мен өлім арасындағы бітіспес қақтығыстарды ашатын сөз өнерінің құндылығы зерделенеді. «Қазақ поэзиясының алтын тәжіне»айналған бұл поэманың көркемдік қабаттары мен құпиялары ақынның шығармашылық қабілетімен қабаттастырыла, дарындық деңгейінің өнерлік өрістегі өзіндік өлшемдерімен өріліп,тың тыныс танытады.  Мерей тойдағы құрғақ мадақ пен ақынды емес көбіне өзін насихаттайтын естелік  мақалалардан гөрі осындай ойлы, әдеби талдауларымен ерекшеленетін бұл еңбекте поэзия поэтикасының парасаттылық пайымы мен рухани мазмұнына  ғылыми сараптама жасалады: «Бейтарап өмірлік мазмұн көркемдік мазмұнға айналып,еслелене құйылып,эстетикалық екпін тудырады.Осы екпін-поэманың көзге көрінбейтін ,ықыласты көңіл ғана түйсінетін ұлы сарыны шығарманың басынан аяғына дейін бір үзілмейді».Елдік пен ерлікті жырлауда алдына жан салмаған жауынгер ақын досы Абдолла Жұмағұловқа арналған «Ақын өлімі туралы аңыз» поэмасында соғыстың қаһарлы бейнесін шынайы суреттегені жөнінде орнықты ой айтылады . Өзі де өлім мен өмірдің арасында жүріп,соғыс ауыртпалығын жүрегімен өткізгендіктен болар, «Үстімде сұр шинелім,Ақсаңдай басып келемін,Қанды қырғын,қызыл от,Қаптап жүр ажал дегенің» деп ажал образын да оймақтай оймен түйіндеп ,шебер бейнелеп берген ақынның философиялық ой-толғауға құрылған жыр дестелері ұлттық рухтың ұраны болғаны белгілі. Поэманың көркемдік ерекшелігін осынау шыншылдығы мен кәсіби шеберліктен іздеген зерттеуші :» ...ақындық қиялдың қарабайыр шындықты «тірілтіп» өмірлік-философиялық процеске айналдырған сиқыры, соғыс философиясын байыптап, әдебиет тарихында бұған дейін кездеспеген өз концепциясын ұсынуы»деп әділ бағасын береді.

   Тарих ғылымының докторы Дархан Қыдырәлінің « Мағжанның мұрагері» атты мақаласы да («Егеменді Қазақстан».31 тамыз,2011)   қазақ поэзиясында тұтас поэтикалық мектеп қалыптастырған санаулы ақын қатарына Қасымды қосып, оған мынадай ғылыми мәні зор баға береді: «Мұқағали айтқандай «жанартау ақынның» отты жырлары қазақ поэзиясын мүлде жаңа сапалық деңгейге көтерген феномен болды». Жауынгер ақын поэзиясындағы отты жырлар мен терең ойдан туған тосын теңеулер, екпіні сойқан сұлу сөзбен сомдалған тәкаппар да  бейтаныс бейнелер ,бітімі бөтен көркемдік құбылыстар зерттеушінің назарын ерекше аударады. «Қазақпын»деген сөзді айтуға жасқанып қалған жұрттың еңсесін тіктетіп, ел иесі өзі екенін еске салатын ұлттық рухты жырлары жайлы да автор жылы жазады. Ақынның «Ей,тәкаппар дүние,Маған да бір қарашы! Естимісің сен мені,Мен-қазақтың баласы!» ,-деп қазақтың сөз өнеріне өзінің өршіл даусымен  жар сала келген , өзінің ешкімге ұқсамайтын өрнегін ала келген ұлт ақыны Қасымның өз тақырыбы бар ақын екендігін тарихшы маман ретінде де ғылыми тұрғыдан айқындап береді: «Расында, қазақтың ХХ ғасырдағы  поэзиясында Мағжаннан соң ақындық қуаты дәл сондай деңгейде жарқырай көрініп, халықты дүр еткізген Қасымнан өзге есім сол аралықта болған жоқ»,-деп бағасын береді.

     Жазушы Жұмабай Шаштайұлының 2011 ж, 18 қарашадағы №46 санында жарияланған «Қасым-жүрек,Қасым-тағдыр» деген (Алматы қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен Қазақтың Абай атындағы Опера және балет театрында өткен мерей тойға арналған салтанатты кеште жасаған) баяндамасы мен «Айқын» апталығында (№170,15.09.2011) жарияланған «Қазақ өлеңінің ғажайып құбылысы» атты мақаласында Қасым ақынның шығармашылық ізденісі мен ұлт поэзиясына әкелген ұлы жаңалықтарына әдеби талдаулар жасайды.Қазақ поэзиясына өзіндік өрнегі мен үнін ала келген адуынды,өршіл рухты ақынның ерліктің бейнелі болмысына айналғанын автор көркем мәтін арқылы ақиқатқа айналдырады.:»Өз уақыты ұстанымының жалаңтөс жыршысы Қасым Аманжоловтың Екінші дүние-жүзілік соғыстағы ұлттық сезіністі өлең кестесіне төгіп,ешкім жасай қоймаған өзіндік өрнегін салуы-ұлттық мақтанышқа татитын құбылыс»,-десе,енді бірде :»              поэзиядағы Қасым Аманжоловтың ерлігі Бауыржан Момышұлының соғыстағы қаһармандығына бара-бар құбылыс.Өйткені,ол тәуелсіз халықтың ақыны қозғайтын тақырыпқа барудан жүрексінбеді.»,-дей келіп,ол ойына дәлел ретінде ақынның: «Білмеймін қайда жоғалттым,сескену,қорқу дегенді.Есігін қақтым дозақтың,Өлеңмен келіп мен енді» ,-деген өлең жолдарын келтіреді. Қазақтың қашаннан табиғатына тән өрлік пен ерлікті өмірлік ұстанымына айналдырған ақынның  «сөз тоғысы, ұйқас өрімі, әр бір сөз саптауының оқушысын селт еткізер сонылығы  »  мен ақынның ұлттық сөз өнеріне ендірген «нұрлы дүние» нысанасы мен «қазақ даласында сағыныштар мен реквиемдер кеңістігіне ұласқан Дариға музасы» ,»Хан Тәңірісі» т.б  тың теңеу,көркем ұғымдардың ұлттық поэзияға  жаңа мазмұн, әдемі де әсерлі сезім сыйлағанын «Суреткер құдіретінің хас шеберлігі бүгінгінің бет-бедерін жаңылмай танытып,өткенннің өлшемін ендігінің пиғыл-ниетімен жанамалата өрбітуінде жатқан шығар» деген түйінімен тұжырымдайды.

  Жазушы Сарбас Ақтаевтың  «Ана тілі»газетіндегі (№36,8-14 қыркүйек,2011) «Тәкаппар талант» , «Ана тілінің»осы санындағы  тарих ғылымының кандидаты,профессор Қайсар Құсайынұлының «Әлемдік деңгейде насихатталса...»деген мақалалары және ақын Жүрсін Ерманның («Қазақ әдебиеті»,№34,26.08.2011) «Қасымның шыңы және шындығы» атты естелік әңгімелерінде, сондай-ақ  «Қасым деген жанартау-жанды да кетті өртеніп» деген жалпы тақырыппен берілген «Түркістан»газетіндегі (№35.1.09.2011) топтама мен  «Қасым-аударманың қырғиы еді « деген Қазақстанның халық жазушысы Мұзафар Әлімбаевтың мақалалары (дайындаған К.Адырбеков) сөз жоқ бүгінгі қасымтануға қосылған қомақты үлес.  «Мен-қазақпын!»деп таңба салған ақын» деген  мақала авторы –жазушы Мамытбек Қалдыбай, «Қос ақынды табыстырған-қара домбыра»  деген мақала авторы Таңсұлу Алдабергенқызы  Қасым ақынның шығармашылығы мен өміріне қатысты кейпкерлерінің  естеліктеріне ерік береді.Сондай-ақ, «Қазақ әдебиеті» газетінің №35,2.09.2011) санында да бір қатар естеліктер берілген. «Сақсыры қанға толса да,сағы сынбаған Қасым еді...» соғыс ардагері,Қасымның қандыкөйлек досы болған Ізгілік Нұрмағамбетұлының  Ырысбек Дәбеймен сұхбаты,ақын Ақұштап Бақтыгерееваның «Орал жылдары мен жырлары» естеліктері мен  Айтбай Кәріпбековтің «Өлең мен де бар,болады да...» деген  мақаласы, «»Алматы ақшамы» газетінде (№17.12.02.2011)  Өтеш Қырғызбайдың «Сайраған жолы жатыр Алматыда» деген топтамасы т.б жарияланған. Бұл естеліктерде ақын өміріне қатысты қызғылықты өмір штрихтары,жеке басына қатысты біраз сырлар шертіледі.Енді мұндай естеліктер мен ақын өмірі мен шығармашылығына қатысты дүниелер барлық мерзімді баспасөздерде жыл бойына беріліп отырды десек артық айтқандық емес. Одан облыстық,аудандық газеттерде құр қалған жоқ. Қасымның ұлы қазақтың ақынының 100 жылдығы ел болып,жер-жерлерде тойланды.      

    Егеменді ел екендігімізді танытып,  еңсемізді көтеріп, халық болып тойлаған Қасым Аманжоловтың мерей тойының өткізілуі жайлы  сыншы,журналист  Әмірхан Меңдеке  «Жас Алаш»  газетіндегі ( №74.15.09.2011) «Қасымның тойы қалай өтті?» атты мақаласында  Қасымды тану мен танытудағы тағлымдық,тәрбиелік мәні жөнінде ой толғайды.  Ал,біз өз тарапымыздан баспасөздерде жарияланған мақалаларға шолу жасай отырып, осындай мерей тойды ұйымдастыру шараларын алдын-ала жасауды және   той иесінің ұлттық құндылыққа қосылар рухани ,әдеби мұраларын ғылыми тұрғыдан зерттеу,таныту,тану жүйелі ұйымдастырылса ұлт ұтар еді деген ойды ортаға салғымыз  келеді . Өйткені, Қасым «..Өзіммен бірге өлмесін өлеңім деп..» армандап кетті емес пе?.

                             

 

                                                                                             Г.Пірәлиева,

М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының бас ғылыми қызметкері,ф.ғ.д.,профессор