Қазақ  этнониміндегі  эколингвистикалық элементтердің көрінісі туралы бірер сөз

 (Қазақстанның батыс өңірі этнонимдері материалдары негізінде)

 

М. Қожанұлы

филология ғылымдарының кандидаты, доцент

Астана қаласы

 

Тірек сөздер: эколингвистика, этноним, анатомиялық терминдердің метафоралану процесі

 

Қазіргі кезде әлемдік және отандық тіл білімінің зерттеулері антропоөзектік талдауға бағытталған кезде, «әлемді тану», «әлемнің тілдік көрінісін» тануда пәнаралық (немесе ғылымаралық) зерттеулер үлкен рөл атқаруда. Сондай бағыттардың бірі – эколингвистикалық бағыт.

Ғылымда ономастика –  тарих, география және тіл ғылымдарының тоғысқан жерінен пайда болса, ал эколингвистика термині ұғымын алғаш рет 1970 жылы американдық тілші Айнар Хауген әлеуметтік лингвистика және психологиялық лингвистика ғылымдарының өзара әсерінен, яғни экологиялық  [қоршаған орта (кеңістік)], әлеуметтік, психологиялық және тіл ғылымдарының негізінде пайда болғанын сөз етеді.

XX-ғасырда шетелдік және отандық  тіл білімінде ғалымдар арнайы эколингвистика мәселесін сөз етпесе де, ономастика ғылымы аясында тілдік тұрғыдан  қоршаған ортамен байланысына  басты назар аударып келді. Ал соңғы кезде орыс тіл білімінде эколингвистика мәселесі туралы Е.В. Иванова, И.П. Кулясов, А.А. Кулясова т.б. ғалымдардың ғылыми зерттеулері пайда болды.

Эколингвистикалық зерттеудің қайнар бұлақтарының бірі – метафора болып табылса, ал метафоралық көріністер этнонимдерде сақталған.  Олай болса, этноэкологиялық дүниеге ұлттық көзқараспен қарау проблемалары – сонау ықылым заманынан бері қалыптасқанын ру, тайпа атауларының өн бойынан көруге болады.

Этноним - халықтың, ру, тайпаның шығу тегін, таралуын баяндайтын, ұрпақтан-ұрпаққа мұра болып сөзбен таңбаланған, ғасырлар қойнауынан бізге жеткен тарихи атаулар. Сондықтан да тіліміздегі кездесетін ру, тайпа атауларын тілдік тұрғыдан талдауда, оны ұлттық және этноэкологиялық таныммен тығыз байланыстыра отырып қараудың  маңызы зор.

Этнонимді тарихи және шежіре, тілдік деректерімен байланыстыра отырып, оның ұлттық  танымды айқындауда халықтың тарихы мен салт-дәстүрі, мінез-құлқы,  наным-сенімі, шаруашылығы мен тыныс-тіршілігінен  аса құнды мәліметтер береді. Егер, әр дәуір өзіне тән атауды тек атап қана қоймай, оны таниды десек, онда атауды тану, игеру процесі одан әрі тілде жалғасады деген сөз. Демек, кез келген атаудың тілдік көрінісі сол атауды қойған адамның, этностың, ру-тайпаның танымдық-когнитивтік болмысына қатысты басты фактордың бірі - өзі өмір сүріп отырған қоршаған ортаны (кеңістікті) танып-білуде, яғни ру, тайпа атаулары адамның (халықтың) материалды және рухани мәдени дүниетанымының  қалыптасуына атау (номинация) жетекші рөл атқарғаны белгілі.

Кез-келген  атау белгілі бір ақпараттық мазмұнды білдіреді.

Атау немесе аталым (номинация) ең алдымен, шындық өмірдегі, болмыстағы заттар мен құбылыстардың атауы болуымен, сол мақсатқа жұмсалуымен ғана шектелмей, сонымен бірге адамның объективті «шындық болмысты», оның бейнесін өзінің субъективті ішкі әлемі арқылы бейнелеу мақсатына да қызмет етеді.

Отандық [1] және ресейлік ғалымдар [2] топонимдер заңдылықтарын зерттей келіп, олардың ортақ номинациялық белгілерін, ең алдымен, айналаны қоршаған ортаның сыртқы және ішкі жағдайларымен тығыз байланысты атап көрсеткен болатын.

Жалпы тілімізде сөздің номинативтік мағынасын айқындауда ішкі  (тілдік) жағдайдан гөрі, сол сөзге сыртқы жағдайдың әсері көбірек сөз етіледі. Сондықтан да номинатив (негізгі) мағына жасаудағы негізі рөлінің бірі - ауыспалы мағына десек, онда бұл арада ауыспалы мағынаның бір түрі метафоралық мағына (ұқсастыру, ұқсату) негізінде жасалған өңір этнонимдерінен де анық көруге болады.

Бұл жерде ескеретін нәрсе: атауға ат қоюда халықтың әлеуметтік-психологиялық, мәдени, тұрмыстық, дүниетанымдық тәжірибесі, салт-дәстүрі, наным – сенімі, т.б. белгілеріне (уәж) негізделсе, ал балаға ат қоюда белгілі қасиеттерден  гөрі (кейде болады немесе болмайды), көбінесе ата-анасының түрлі субъектілік жағдайларына байланысты. Дейтұрғанмен, кейде адам аттары белгілі бір нақты атауды білдіреді. Бұдан географиялық атау (топоним) мен адам аттарының (антропоним), сондай-ақ кейбір этнонимдік атаудың аталуындағы айырмашылығын көреміз.

Тіліміздегі сөздің тура (немесе номинативті) мағынасы заттар мен құбылыстардың әр түрлі белгілерінің бейнесімен тікелей байланысты болса, ал келтірінді (немесе ауыспалы) мағынаның бір түрі – метафора туралы  ғалым
Ә. Болғанбаев: «Өмірдегі зат пен құбылыстың сыртқы не ішкі бір ұқсастық белгілеріне қарай сөздің бірнеше мағынада ауысып қолданылуын» [3,29],- деп, метафоралық мағынаны заттар мен құбылыстардың сыртқы не ішкі ұқсастық белгілеріне қатысты екенін орынды көрсетеді. Бір сөзбен айтқанда, ең басты белгілері - айналаны қоршаған ортаның сыртқы және ішкі жағдайларымен тығыз байланыстылығы және тілімізде сөздің  атау (номинатив) мағынасын айқындауда ішкі  (тілдік) жағдайдан гөрі, сол сөзге сыртқы жағдайдың әсерімен қатар, ұлттық-мәдени менталитетке, дүниені қабылдауға негізделгені.

Қазақтың классик жазушысы М.О. Әуезов қазақ жерінің тауы мен тасы, өзені мен көліне, т.б. ат қоюда үлкен мән жатқанын айта келіп: «Біздің қазақ – жер аты, тау атын әманда сол ортаның сыр-сипатына қарай қоя білген жұрт. Қайда, қандай бір өлкеге барсаң да, жер-су, жаһан дүзде кездескен кішкене бұлақ атының өзінде қаншама мән-мағына, шешілмеген құпия сыр жатады.» [4,51],- дегендей, адамдардың  табиғаттағы әр түрлі құбылыстарды бақылап, оны өз іс-әрекеттерімен, тәжірибесімен салыстырып, адам санасында қалыптасқан оймен байланысқан бейнелер түрінде әр түрлі нәрселердің ұқсас жақтарын табуы (ұқсастыруы), яғни метафоралық мағынаның немесе метафоралық когнитивтік проблемасы ру, тайпа атаулары (этноним) аясында жетекші рөл атқарғанын көруге болады.

Өйткені, метафора – басқа сөз мағына түрлеріне қарағанда беретін мағынасы мен қолдану аясы әрі кең және әр түрлі. Бұл туралы ғалым
А.А. Реформатский: «Метафоралық ауыспалы мағынадағы атаулар түр, форма, қозғалыс сипаттарына және т.б. ұқсас заттарға қарап қойылуы мүмкін.» [5],- десе, ал география мен топонимика ғылымында метафоралық-терминдердің алатын орны туралы Э.М. Мурзаев [6,126-136], Ғ. Қоңқашпаев [7,176],
Н.И. Толстой [8]
және О.Т. Молчанова [9] т.б. ғалымдар жазды.
О.Т. Молчанова [9,15] Алтай топонимінің
құрамындағы анатомиялық терминдер негізінде жасалған метафоралық мағынадағы топонимдердің пайда болуы туралы адам қоршаған ортамен танысып болған соң, ұқсастық белгілеріне көңіл аударып ат қойған десе, ал Ғ. Қоңқашпаев: «…метафора – терминдер жер бедерінің белгілерін нақты беруге  белсене қатысады.» [7,176],- деп жазады. Соңғы кезде ономастикалық кеңістік аясында қазақи метафоралану әрекетін ғылымның жаңа бағыты когнитивтік сипаты мен концептуалдық тұрғыда қарастырылуда. Бұл тұрғыда, ғалым Қ. Рысберген [10, 26-28] отандық және шетелдік ғалымдардың пікіріне сүйеніп, өз зерттеуінде қазақ топонимиясындағы «метафораланған ғалам бейнесін» этномәдени кеңістікте орналасқан заттық, геофизикалық нысана тұрғысында қарауды ұсынады.

Адам өзі қоршаған ортаны, ең алдымен, экологиялық жүйені сол ортаны, кеңістікті тануда, игеруде, жан-жағындағы географиялық нысандарын бағыт-бағдарлай және оларды ұқсату, теңеу, балау және салыстыру арқылы танымдық ұғымдарына жете көңіл бөле отырып ат қоя білген. Мұның өзі адамдардың кеңістікте, сол ортада орналасқан географиялық нысандарды тануда, белгілеуде (таңбалауда) өзінің немесе жануарлардың дене мүшелеріне қатысты танымдық түсінікті (ұғымды) шебер пайдалана білген.

Ғалым К. Аханов: «Метафора құбылысында заттардың тұлға (форма), түр-түс ұқсастығы негізге алынса, функциональды ауысуда (функциональный перенос) заттар мен құбылыстың атқаратын қызметінің бірлігі мен ұқсастығы негізге алынады. Бұл ретте аталатын заттар тұлға, түр-түс т.б. жағынан мүлдем басқа – басқа болуы мүмкін; ең бастысы – олардың қызметінде бірлік немесе ұқсастық болса болғаны.» [11,111]),- деп жазса, ал қазіргі қазақ тіл білімінде жаңадан қалыптасып келе жатқан жаңа бағыт – когнитивтік лингвистика аясында тіліміздегі метафоралар мен метафоралану процесі туралы қазақ ғалымдарының көзқарастарына талдау жасай келіп, Э.Н. Оразалиеваның: «Бір объектіні екінші объектімен салыстыру, салыстыра ұқсату, сөйтіп бұрыннан таныс сөз мағынасына жаңа семантикалық кеңістік үстеу негізінде  дүниеге келетін бұл ұғымдар, бір жағынан, когнитивтік лингвистиканың ментальды-танымдық нысанын құраса (астын сызған-біз), екінші жағынан, лексикология мен семасиологияның бірлігі ретінде айқындалады.» [12,220],- деген пікірі назар аударуды қажет етеді.

Әдетте, кез-келген нәрселер емес, тұрмыста жиі қолданылатын адамға етене жақын нәрселер, құбылыстар ұқсастырылады да, адам санасының ойында қорытылып, қалыптасып жүйеленген бейне арқылы, сол мақсатта оларды мал, құс, өсімдік, т.б. параллель жасалады. Олай болса,  тіл мен ойлау немесе тіл мен таным бір-бірімен тығыз органикалық бірлік өмір сүріп, ұқсату, теңеу, балау және салыстыру т.б. арқылы сипатталушы әлемнің (нәрсенің) бейне суреттерінің бір-біріне ұқсас болуынан, яғни метафоралық мағына, әсіресе, адамдар мен хайуандардың дене мүшелері арқылы жасалған атаулар әлемді танудағы экожүйесінің бір факторы ретінде этнонимдерде айқын көрініс табуы да заңды құбылыс.

Зерттеу барысында анатомиялық (соматикалық) терминдердің қатысуымен жасалған өңір этнонимдерін Адам, Қоғам және Табиғат  тұрғысында тұтас экологиялық жүйе ұғымында алып, оларды анатомия ғылымы негізінде адам денесін үш бөлікке: жоғары, алдыңғы және артқы (соңғы) жаққа бөліп қарастырдық.

Әлемді тануда экожүйені тілдік код ретінде қарастырғанымызда,  өңір этнонимдері құрамындағы соматикалық атаулардан жасалған этно,- және геноатаулардың  жоғары, алдыңғы жаққа қатысты сөздерге қарағанда артқы (соңғы) жаққа қатысты сөздердің қатысуымен жасалған этно,- геноатаулар сан жағынан аз екенін байқадық және соматикалық (анатомиялық) терминдердің қатысуымен жасалған өңір этнонимдерін төмендегі кестемен берумен шектедік.

 

р/с

Анато

миялық термин

дер

Геогра-фиялық мағынасы

 

Мысалдар

Кіші жүз құрамындағы ру-тайпа атауы·

Байұлы

Әлімұлы

Жетіру

Жоғары жақ

1.

Айдар

конус тәрізді немесе үйілген тас сияқты тебе

 

Айдарлы – төбе., Құрм. ауд.

Алтын –Сарым –Ораз – Айдар

Өріс – Айдарбек

Табын- Жалайыр – Төртұл – Айдар

2.

Бас

қырат, төбе, су, өзеннің ең бірінші бастау жері, басы

Басшымы

рау - құд., Маңқ. ауд.

Беріш-Байбақты - Әсілбас, Күсілбас (кейде Түсілбас); Алаша – Құдайберді – Сарбас

 

Айнық (Сарбас Қарасақал); Шөмекей – Тоқа –Айбас;

Жағалбайлы – Ілез –Қарабас; Табын – Жалайыр –Екібас, т.б.

Алдыңғы жақ

3.

Көз

су, бұлақ-тың ең бірінші бастау жері, басы

Көздіойық – жер аты., Мұн. ауд.

Жаппас – Жансары -Қаракөз; Алтын –Сарым – Көзала;

Алтын-Жаппас-Көздалас

 

Өріс-Бәубек- Алакөз

Табын – Жалайыр – Төртұл –Алакөз

4.

Қабақ

төбешік, қырқа, тік жаға, құз

Қабақ

құдық – құд.,

Қ.-қоға ауд.

 

Шекті (Жаманақ)-Мәку- Айт-Қабақ; Бозғұл – Қайқы (Балқы) –Қабақ

 

 

5.

Қас

таудың, құздың, төбенің жиегі

 

 

Алтын-Алтынбай - Қасқұл

 

 

6.

Құлақ

арықтың, не судың екінші бір жерге ағызатын тұсы, не басы

 

Құлақ – жер аты., Жылой ауд.

Келімберді-Мұғал - Жаулы - Қосқұлақ

 

 

7.

Мұрын

мүйістің сүйірле

ніп алға шығып тұрған жері

 

Қарамұрын – жер аты., Мах. ауд.

Жаппас – Тонаша (Сумұрын)

 

Жағалбайлы – Мырза – Біліс – Шоңмұрын

8.

Сақал

төбенің үсіндегі оқшаулау орналас

қан нәрсе (не өсімдік)

 

 

 

Әлімұлы – Қарасақал (Сарбаз)

Керейіт – Ақсақал;

Тама – Бұрмақ –Айырсақал, Бұйрасақал (Баянды)

Артқы (соңғы) жақ

9.

Аяқ

өзеннің сағасы немесе бөлініп қалған судың төменгі бөлігі, соңы

Бөлекаяқ- жер аты., Мах. ауд.

Жаппас – Қаракөз –Сұлтангелді (Сарыаяқ)

 

 

10.

Бақай

таудың, төбенің ең төменгі бөлігі, соңы

Бақай – жер аты., Құрм. ауд.

Таз – Ес – Бақай

 

 

11.

Сирақ

бір жер екінші жерді байланыс

тырушы бөлік (аралық)

Сирақ – жер аты., Маңқ. ауд.

 

 

Жағалбайлы – Мырза – Сирақты

12.

Табан, т.б.

1. таудың төменгі бөлігі, етегі;

2. өзен, көлдің түбі

Қолтабан – жер аты., Бейн. ауд.

Таздар – Жастабан

 

Керейіт – Ақсақал –Жастабан

 

Жоғарыдағы мысалдардан өңір этнонимдері құрамындағы соматикалық (анатомиялық) атаулардың метафоралық мағынасын о бастағы номинативті мағынасы арасындағы табиғи байланысы мен ортақ жақтарына  семантикалық тұрғыдан көңіл бөлу және оның «экологиялық жүйеде» халықтың әлеуметтік, психологиялық, мәдени, тұрмыстық, т.б. белгілерін тығыз бірлікте алып, эколингвистикалық ғылымына басты назар аудару керектігі ескерілді.

 

РЕЗЮМЕ

 

В статье рассматриваются некоторых эколингвистических элементов в аспекте казахского этнонимов на материале основы этнонимы западного региона Казахстана.

 

 

 

Пайдаланған әдебиеттер:

1. Әбдiрахманов Ә. Қазақстанның жер-су аттары. А., 1959.; Койчубаев Е. Основные типы топонимов Семиречья. АКД.А-Ата.,1966.; Орталық Қазақстанның жер-су  аттары.А., 1989.

2. Никонов В.А. Введение в топонимику. М.,1965.;  Суперанская А.В. Что такое топонимика? М.,1985.

3. Болғанбаев Ә. Қазақ тілі лексикологиясы. А., 1979.

4. Әбдiрахманов Ә. Топонимика және этимология. А., 1975.

5. Реформатский А.А. Введение в языкознания.  М.,1960.

6. Мурзаев Э.М. Очерки топонимики. М.,1974.

7. Конкашпаев Г. Общие особенности тюркоязычной географической терминологии Средней Азии и Казахстана // Местные географические термины. Сер. Вопросы географии. М.,1970. № 81.

8. Толстой Н.И. Славянская географическая терминология. Семасиологические этюды. М.,1969.

9. Молчанова О.Т. Гидронимы и оронимы Горно-Алтайской автономной области (лингвистический анализ). АКД. Томск,1968.

10. Рысберген Қ. Қазақ топонимиясының лингвокогнитивтік және этномәдени негіздері. АДД. А., 2010.

11. Аханов К.  Тіл білімінің негіздері. А.,1978.

12. Оразалиева Э. Когнитивтік лингвистика: қалыптасуы мен дамуы.
А., 2007.

 

 

Кожанулы Манасбай

кандидат филологических наук, доцент

 

010000 г. Астана, мкр. 2-А, дом. 8, кв.5.

дом. тел: 8-717-2-36-50-38

сот. тел:  8-701-444-57-57

 

электронный почта: m_kozhanuly@mail.ru.

 



· Ескерту: анатомиялық терминмен  келген  ру атауын  курсивпен бердік.