Ғұн, сақ жазулары  және тілі мен Атилла есіміне байланысты кейбір мәселелер...

Жәмбек С.Н.

Қазақстан.Көкшетау.

Ш.Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің доценті, филология ғылымдарының кандидаты

         Кейінгі қуатты түркі қоғамы мен мәдениетінің қалыптасуында ғұндардың алатын орны ерекше. Былайша айтқанда ғұндар мен ғұндар қоғамы прототүркі, прототүркі қоғамы болып саналады. Бұл тұжырымды түркітану әлемінде есімдері әйгілі талай беделді түркітанушы ғалымдар мен мамандар мақұлдап келеді. Ғұндар мәдениеті, шаруашылық типі, қоғамдық-саяси құрылымы, мәдениеті мен өнері, болмысы мен діні, тілі кейінгі дәуірлердегі олардың жаңа буыны түркілерге мирасқор ретінде мұра боп қалған. Бірақ осы түркілердің арғы ата-бабасы боп табылатын ғұндардың жазуы мен тіліне келгенде әлі де болса бірізділік жоқ. Кереғар көзқарастар мен тұжырымдар өкінішке орай әлі де болса ара-кідік кездесіп отырады.

   Енді тақырыбымыздың өзегі болып отырған бірер көзқарас, тұжырымдар төңірегіне ойыссақ. Филолог, шығыстанушы, Мажарстан Ғылым академиясының академигі, Сегед университетінің профессоры, академик Андраш Рона-Таш «Ана тілі» газетінің тілшісіне 2008 жылдың 18 желтоқсан күні №51 санында мажарлар тарихы жөнінде сұхбат беріпті. Жалпы академик Андраш Рона-Таш тек қана Мажарстан ғана емес, көптеген шет елдерге мәлім ғалым, көптеген ғылыми сыйлықтардың иегері. Дей тұрсақ та осы ғалымның сұхбатында, Атилла есіміне, ғұндар, сақтар тарихына қатысты тұжырымдарында еуропацентристік көзқарастардың салқыны бар екенін аңғармау мүмкін емес.

                  Ғылымда сақтардың иран тілінде сөйлегені немесе түркі тілінде сөйлеуіне байланысты даулы пікірлер көп. Еуропацентристік  бағыттағы ғалымдар иран тілінде сөйлеген десе, оған қарсы бағыттағы ғалымдар тобы түркі тілінде сөйлеген деген пікір білдіреді. Соңғыларының пікірлері бүгінгі таңда ғылыми уәжі жағынан тиянақты екендігінескеруіміз қажет. Академик Андраш Рона-Таштың тұжырымдары еуропацентристік бағыттағы көзқарастарды қуаттайтыны көрініп-ақ тұр. «Христиандыққа дейінгі 800-300 жылдар арасында Қара теңізден Солтүстікке қарайғы жерлерде өмір сүрген көшпенділерді бір кездегі грек қайнар көздері сақтар деп атайды. Бүгін осы сақтардың көбінің иран тілдерінің бірінде сөйлегенін білеміз. Гректерді сақтардың қай тілде сөйлегендері еш қызықтырмаған, ең маңыздысы, грекше түсінбейтін халық екендігі, сөйлейтіндері «бар-бар», яғни барбарлар. Алайда бүгін сақтар сөйлеген иран  тілін көптеген қайнар көздер арқылы қайта құра аламыз. Сөз байлығымыздың аса бағалы сөздері иран тілінен осы кездерде енген»[1].

         Алматы облысының шегіндегі Есік обасынан Қ.Ақышев бастаған археологтар 26 руналық әрпі бар «күміс тостаған» тапты. Бұл «күміс тостаған» ежелгі Қазақстан дерін мекендеген сақтардікі болып шықты. Оны белгілі түрколог-ғалым А.Аманжолов оқып шықты. Бұл жазу сақтар ирантілдес болды деген тұжырымды мүлдем жоққа шығарып, сақ тайпаларының көне түркі тілінде сөйлегенін айқындап отыр. Бұл жайында тарихшы Әбілғазы Дәулетхан былай жазады: «Профессор А.Аманжолов оқып, анықтап, айдарып берген «күміс тоқтағандағы» 26 руникалық әріптің Орхан- Енисей сына жазуының алғашқы нұсқасы екеніне қарсы қояр дәлелі болмаса да, әлі күнге дейін біреу сенсе, біреу себей келеді. Мұндағы сенім мен күдік тек X-XII ғасырлық алшақтықта да, екі жазу үлгісінің кейбіреуінің кейде ұқсап, кейде ұқсамай тұруында да емес, түрік халықтарының этногезіне, оның елдік, азаматтық тарихына деген еуропацентристік, сыңар жақ, қасаң қағидалардың қиқарлығыда жатса керек деп ойлаймыз»[2, 25].

         Ежелгі гректер иран әлемі, жалпы иран тілдес халықтармен тығыз қарым-қатынаста көрші-қолаң өмір сүрген. Гректер мен ирандықтар бір-бірінен көп нәрсені алған, көп нәрсені берген. Үнемі мәдени алыс-түйісте болған. Грек-парсы соғыстарында Кіші Азиялық грек қала-полистеріндегі гректер парсылар жағында соғысқан. Александр Македонскиймен соғысқан Дарий әскерінде Кіші Азиялық гректер үлесі басым көпшілік болған. Кейін шығысқа келген кезде Александр Македонский әскерлерінде де парсылар мен иран тілдес халықтар мол болды. Сондықтан да гректер мен ирандықтардың арасында ежелгі уақытта ала-бөтен этникалық сана тұрғысындағы қарама-қарсылық (конфронтация) бола қойған жоқ. Ежелгі грек мифологиясындағы Персей парсы этнонимімен тығыз байланысты. Осы себептерден гректер ирандықтарды варварлар қатарына жатқыза қойған жоқ. Олай болса гректердің иран тілдес скифтер мен сақтарды варварлар дей қоюы қиын. Ал егер олар түркітілдес болса әңгіме басқаша. Бізде скифтер мен сақтардың түркітілдес  екендігін қуаттайтын ғалымдардың көзқарастарын құптаймыз.

         Енді мажар ғалымы Андраш Рона-Таштың ғұндар мен ғұн көсемі Аттила туралы пікірлеріне назар салайық. «Христостың тууынан кейінгі 375-ші жылы, ғаламат өзгерістер басталды. Сол кезде Еділді бір халық кешіп өтті, көп ұзамай оларды Еуропада ғұн атымен тани бастады. Сөйтіп, далада иран дәуірі аяқталады, олардан Шығыс Еуропа даласында иран тілді халық аландар және біздің астарымыздың ата-бабалары бүгінгі осетиндер қалды.

         Ғұндардың тілі әлі күнге дейін жұмбақ, ғұн тілінен қалған үш-ақ сөзден sztraba, medosz,  kamon (sztraba – страва, қайтыс болған адамға берілетін ас, яғни medosz – бал сырасы, kamon – тары сырасы) ешқандай байсалды тұжырым жасай алмаймыз. Ғұндар империясының негізгі күшін топтар құрағаныны да білеміз. Аттила деген аттың өзі готтікі» [1].

  Сақ (скиф), ғұн, түркі нәсілдерінің бір тектен тарайтындығын академик Ә.Марғұлан былайша жазады:  «Қытай тарихының суреттеуінше, ғұндардың арғы тегі қола дәуірінің соңғы кезі, Қытайдың Шан-ин, ескі Чжау заманында жасаған елдер, сақтардың (скифтердің) бір үлкен ұлысы. Олардың ерте кезде мекендеген жері теріскей күнгей өлкесі. Бергі кезде олардан түркі тайпалары тарап, тегісімен байтақ сахарада өсіп-өнеді» [3].

   Ғұндар тарихы ежелгі қытай жазбаларында көп кездеседі. Солардың ішіндегі ерекше шығармалардың қатарына жататыны Қытайдың ежелгі замандағы әйгілі тарихшысы Сыма Циянның «Шы Цзи» (тарих), «Цянь хань Шу» (Бірінші хан дәуірінің тарихы»), «Ханыху» ( Екінші хан дәуірінің тарихы), «Тунцзянь-Ганлу» еңбектері.

   Еуропада ғұндар тарихына қатысты қытай, латын, армян тілдерінен аударылған ғылыми материалдар жетерлік. Осылардың ішінде XVIII ғасырда қытай  тілінен аударылған И.Дегиннің еңбегін ерекше атауымыз қажет. Ғұн, үйсін, қаңлы, түркі тайпалары туралы бай мәліметтерді қытайдың ескі тарихи жазба көздерінен орысшаға аударған қажырлы ғалым Н.Я.Бичурин. Ғұндар мен түркілердің бір халық екенін көптеген ғалымдар дәлелдеген. Олардың ішінде Ф.Хирт, С.Паркер, Абел Ремюза, Прай, А.А.Куник, В.В.Радлов, И.Дегин, В.А.Пановтар болды. В.В.Радлов түріктердің ғұндардан шыққандығын сирек фактілермен дәлелдей отырып, осы көзқарасқа қарсы болған ғалымдарды қатты шенейді.

Қытай қайнар көздерін француз тіліне аударған. И.Дегиннің пікірінше, түріктердің шығуы ескі ғұндардан екені айқын. Монғол мен түріктердің шығуында да оншама айырмашылық жоқ. Монғолияда туған Шыңғыс ханның елі – түріктердің бір бөлігі. Ғұндар  - ең ескі түрік. Олардың ізін ала кейін Түрік қағанаты құрылды.

      Абел Ремюза мынадай пікір айтады: «Хун –гун екеуі бір сөз,ескі дәуірдегі ғұндардың  аты, олар тегісімен түріктер, бергі кезде олардың бір бөлігі монғол бола бастаған [4].

        Ғұндардың түркілердің ата  - бабасы екенін ежелгі мажар жазбаларынан жан  -жақты зерттеп, айқын көрсеткен академик А.А.Куник. ол түркілердің Шығыс Еуропаға , Оңтүстік Ресейге келуі ғұндар заманынан бастау алған дейді. Ежелгі ата – баба қонысы, бесігі болған Алтай тауынан тарап шыққан ғұндар батыс Азияны (Арал теңізі,Каспий даласы) қоныс етіп,бірте  -бірте Қара теңізге жетеді. Ғұндардың тегі түркі тайпаларынан екенін айта келіп, олардан кейін бірнеше дәуірден кейін олардың ізін ала түркілердің кейінгі буыны, пешенектер, қыпшақтар, оғыздар  да келіп жетті дейді.

          Түркілердің ғұндардың ұрпағы, мұрагерлері екенін тамаша дәлелдеп айтқан , орыс ғалымы академик  Бартольд. Академиктің ғұндар мен түркілерге қатысты төмендегі пікірлеріне көз жүгіртелік. « Тюркский народ принадлежал к числу составных частей распавшейся к концу первого века н.э. империи хуннов(гуннов). «Китайцы называют тюрков  VI века потомками хуннов» «Часть хуннов оставались в киргизских стипях. Эти хунны живушие в стране к сереру от  усуней носят у китайцев название юебань» «Юебанцы были тюрки, китайцы называют их потомками хуннов и говорят что их обычай и язык были одинаковы с гаогюзскими (уйгурскими)» [4].

         Ғұндардың әдет-ғұрпының, салт-дәстүрінің қазақтармен бірдей екені туралы көп айтып, жазған ғалым Ә.Х.Марғұлан. «Рухани тіршілігі ескі қазақ тайпаларының  ойлауымен бірдей. Олар жаратылыстағы барлық бейнелерді ардақтап, оған бас иген... Аса сүйген дүниелері- көк аспан, жер-су, әдемі зәулім таулар, ұлы орман. Олардың бас иетін тәңірісі, діні- көк аспан, одан ізгі дүние болмаған. Көкке қарап күнге, айға табынған. Ғұндардың басшылары таңертең ерте тұрып, шығыпкеле жатқан күнге бас иіп, қолын көкке көтерген. Жаңа ай туғанда қолын көкке көтеріп, айға табынған. Қазақтар бұл дәстүрді ерекше ардақтап, еш бір өзгерусіз сол қалпында, мынадай тілек айтатын:

Ай көрдік, аман көрдік,

Жаңа айда жарылқа,

Ескі айда есірке...» [3, 56-57].

         Академик Әлкей  Марғұланның  талантты шәкірті, ғалым-тарихшы Самат Өтениязов та ұстазының пікірін құптай отырып, оны әрі қарай былайша өрбітеді: «Шынында да, солай. Ғұндардың әдет-ғұрпының, салт-дәстүрінің бұл күнде тікелей мұрагері қазақ халқы екені сөзсіз. Мысалы, баланы бесікке бөлеу, жылқының етін жеп, сүтін ішуі, қадірлі қонаққа қойдың басын тартуы, құмалақ ашып немесе жауырын сүйекпен жору қазақ халқында ғана сақталған.   Әрине, осы әдет-ғұрыптың барлығы қазақ еліне қыпшақ мәдениеті арқылы жеткен. Мысалы, әлгіндей әдет-ғұрыптар қыпшақтан басқа оғыз немесе қарлұқ мәдениетін жалғастырушы халықтың ешқайсысында жоқ.

Бернштамның археологиялық экспедициясы тапқан ғұндардың бесігі мен қазіргі қазақ бесігінің ешқандай айырмашлығы жоқ» [5.20].

Бұлардан басқа Самат Өтениязов ғұн тілі мен түркі тілінің түп-төркіні, қайнар бұлағы бір екенін Әлкей Марғұлан өз еңбектерінде жан-жақты көрсеткен еді.

Ғұндардың герман тілі мен мадияр тілінде сақталған көне сөздерін зерттеген ғалым Ю.Блеер және басқа ғалымдардың еңбектерін Әлекең жан-жақты пайдаланған.

         Германдардың ғұндар туралы айтылатын көне сөздерін терең зерттеген Ю.Блеер көртеген қызықты мәліметтер береді. Ю.Блеер ғұндардың кейбір ерекше сөздерін мысалға келтіреді, солардың ішінде кісі аттары- Ернақ, Денгиек, Ойварси, Берих, Хелхел т.б. Сондай-ақ, кейбір терминдері! Құл-кіші (құл, кісі, күл), қыз- бала, ал заттардан қынлы (селебе) сөздері. Бұльсөздерді терең зерттеген Ф.Хирт пен В.В.Бартольдке сілтеме жасаған Әлекең: «Бұл ғалымның нықтауынша, ғұндардың тілі- ең ескі түрік тілінің бірі. Қанлық- қынға салып жүретін селебе, қылыш, «пародный меч гуннов»,- деп Әлекең Бартольдке сілтеме беріпті. Шынында, әлі күнге дейін қазақ және көптеген түрік елдерінде қылыштың қалтасын- «қынап», ал пышақтың қалтасын «қын» деп атайды.

Одан ары қарай Бұл сөздің біздің заманымыздан 47 жыл бұрын ғұндар Қытай үкіметімен келісім жасап отырғанда тағы кездеседі. Ғұндардың тілінде «иер», «су», «от» , «тәңірі» , «аәнун» (дүние) сөздері айтылып отырады. Бұларды жақсылап тексерген- Ф.Хирт, К.Ширатори, Л.Базин, О.Меншен-Хелфен, П.Пельо, Ф.Альтхейм,Ю.А.Зуев» [5.21].

         П.Пелье мен В.В.Бартольд ғұндар ұрпағы сянбилердің зерттеулерінде де түрікше сөйлегенін айтқан. Ә.Х.Марғұлан Шираторидің ғұндар мен үйсіндердің ел басқарған кісілерінің қазақ тіліне жақын сөйлегенін, бірақ қытай иероглифі бұл сөздерді  бұзып жазғынын айтады. Мысалға, Унгуйми- қазақша Оңғарбай, Тулехе- қазақша Төлеке, Хулхе-қазақша Күлке (бір тайпаның аты). «Ажа»- бұйрық, заң. Қазақтарда «Айдер ажа, қой дер қожа» дейтін сөздер бар.

         «Біздің заманымыздан екі ғасыр бұрын жазылған Қытай тарихынан ғұндардың он төрт сөзін тапқан зерттеуші В.А.Панов олардың ішінде белгілі сөз- Чэн-ли (тәңірі), тау-ло (таудағы тұрақ), гуту- құтты, цилынь- сілік, таза, қазақша- сілкі т.б. [6].

         Еуропалық түркологтар Г.Дерфер және Дж. Кихон ғұндардың тілі түркі тілі болмағанын үзілді –кесілді тұжырымдарымен байқатады: «Можно с уверенностью сказать, что язык сюнне не был не тюркским, ни монгольским, вероятно, что речь идет о вымершем изолированном языке(как в случае с угортским или шумерском языке»[7].

Ал, Э.Дж.Пуллиблэнг ғұндар тілін алтай тілдік семьясына жатқызбай, оларды: «Сюнну говорили на языке енисейской семьи, что и монлогы, и тюрки, которые после них стали хозяевами восточных степей. Унаследовали от них элементы и политической организации вместе с соответствующий лексикой»,- деп, оларды енисей тілдік семьясына жатқызып, ғұн тілін алтай тілі тобына жататын түрік тілдерінен алыстату ниеті бар[8].

         Орыс қытайтану ғылымының атасы Я.Бигурин ежелгі қытай дерек көздеріне сүйене отырып «сюнну письмен не имеют» деп біржақты тұжырған[9].

         Беделді ғалымның бұл пікірі осындай пікірлердің өрістеуіне жол ашты. Осындай көзқарастар  жөнінде тарих ғылымдарының кандидаты Әлімғазы Дәулетхан өзінің «Хұндар» деген зерттеу мақаласында: «Хұндардың (сюннулердің) тілі мен жазуы түгіл, бұл халықтың өзінің жалпы түрік халықтарына, соның ішінде біздің қазақ халқына қатысы жөнінде мардымды пікірдің әлі айтылмағаны байқалады»[2].

         Тіпті біздің қазіргі қолданыстағы оқулығымыз болып табылатын 1996ж. Шыққан «Қазақстан тарихы» оқулығының өзінде ғұндар тілі жөнінде екіұшты пікір бар. «Сюннулердің тілі әзірге белгісіз. Зерттеушілер қазіргі уақытта сюннулердің тілін ежелгі түрік тіліне бәріне жақын Алтай тобының тіліне жатқызуға бейім»[10].

Қазіргі көрнекті қытай ғалымдары Ли Ган, Ваң жұңхан өз еңбектерінде ғұндардың жазу- сызуы болмаған деп байлам айтады.

         Осындай пікірлерге қарата Ә.Марғұлан былай деп жазады: «Қазақстанның байтақ өлкесінде төрт түрлі жазудың үлгісі сақталған. Ескі ғұн, үйсіндер пайдаланағн руна жазуы. Шығыс Түркістанда ұйғырлар пайдаланған арамен жазуы (Жұбан ана, Батағай), араб жазулары болған»,- дей келе, түркілерге тән бітік жазуға тоқталып былай дейді: «Бітік»    (жазу)- ескі ғұн дәуірінен келе жатқан ескі сөз. Ол орхон жазуларында да айтылып отырады. Көп ғалымдардың зерттеуінше, «Бітік» сөзі хұн заманында  қытайларайтатын «Піт» сөзінен шыққан, ол ашық бетке түсіретін қаламның ұшы. «Бітік» (жазылған сөз), бітмек- жазу-тарихи дәуірлерде Орталық Азияда, Қазақстанда әкімшілік құрған орындардың барлығына белгілі сөз. Олардың жазуында айталған сөз- «ол бітік бітті»- «ол жазу жазылды»[11].

         Осы пікірлерден шығатын түйін, ғұндардың тілі жұмбақ, белгісіз деген академик Андраш  Рона –Таштың  пікірлерінің біржақты екендігін байқататын сияқты. Ғұндардың өз жазуы, әліпбиі де болған.

                «Тап осындай ашық пікірді VIІ ғасырдың 30 жылдары Жетісуды аралап шыққан саяхатшы Сюань –Цян да айтады. Ол кісінің байқауынша Жетісудың мәдениет өркендеуі биік сатыға көтеріліп , халқының жартысы суармалы егін салып ,өзгесі сауда істейді. Жазу түсіретін алфавиті бар, тарихи шежірелерді баяндайтын шығармалары бар (Бартольд)» [5].

                  Енді ғұн жазуына оралайық. Көпке дейін айғақ боларлық заттық деректер табылмаған болатын. Белгілі түркітанушы  -ғалым Қаржаубай Сартқожаұлы ғұн жазуына байланысты мынадай деректерді  -алға тартады: «1982 жылы Монғол археологтары Бұлғын аймағындағы Бабалы (Өвгөнт) бөктеріне жерленген Хунну моласынан қыруар олжа тапты. Олардың ішінде алтынмен аптап, күміспен күптеген ат әбзелдері , сом алтыннан құйылған 39  қапсырма сияқты мүліктерге қоса, дөңгелек үстіндегі алтыннан шеніп жасаған пеңгей (пеңгей –медальон, қаңғай -медаль) де бар еді. Дүние жүзі ғалымдарының зарыға күткені де осы пеңгей сияқты деректі айғақ болатын» -дей келіп , диаметрі дей келіп , диаметрі 3,5 см болатын пеңгейдің ортасында қауметті қоба сақалы , қияқ мұрты бар адамның бейнесі шекілгенін , бейненің екі жағына көне  руниканың 9 әрпінен тұратын 4 сөз жазылғанын айтады. Жазудың транскрипциясында «Ой –Сеңгір» «Елші ынты» деген сөздер бар екен. Қазақша аудармасы:

1.Ой  - Сеңгір.   2.Елшінің найзасы болып шыққан. Осы жазулардан ғалымдар мынадай тұжырымдама жасайды: «1.Хуннулар дыбыс бейнелейтін алфавиттік жазу қолданған.

2. Бұл жазулар хуннулардан бері ұрпақтан -ұрпаққа үзілмей жалғасып, Х ғасырға дейін қолданылады.

3.Монғолия мен Тува,Қазақстан мен Қырғызстан жерлерінен ұшырасатын жүздеген руникалық айғақты бұдан былай тек VIІ –ІХ ғасырдағы түркілерге ғана тән деп емес , енді хунның, Това, Вей, Сяньби, Жуан –жуан қағанатына да қатысты мұра деп қарастыруға болады.

4. Хуннулар байырғы түркі (баба түркі) тілінде сөйлеген  және мемлекеттік тілі түркі тілі болған.

5. Хуннулар тілінің бірден  -бір мұрагері қазіргі түркі халықтары екені де дау тудырмақ емес.» [12.455-456]

        Бұл деректер ғұндардың өзіне тән жазуы болғандығын ғылыми тұрғыдан дәлелдей түседі.

       Енді Атилла есімінің түркілік негізін ескермей , тек гот тіліндегі негізін айту да ғылыми тұрғыдан біржақтылық болып саналады. Ғұн көсемі Атилла есімі этимологиялық әдебиеттерде сан мәрте көп талқылаудан өткен. Ең көп таралғаны және жалпы көпшілік қазіргі таңда қабылдаған ғылыми трактовкасы гот негізіндегі «әкей» (гот.atta «әкенің» кішірейту мағынасындағы жұрнағы болып табылады). Бірақ бұған қарап бұл есімнің түркілік этимологиясын жоққа шығаруға болмайды. Түрколог И.Н.Шервашидзе Атилла есімінің түркілік негізден шыққандығын былайша айқын жазады: «Общетюкское название желчи  - *ö:t отражено  в современном чувашском языке (потомке древнебулгарского) как vat. В древнебулгарском должна была существовать форма *awat с последующейц редукцией начального краткого а (нормальный рефлекс общетюкского*ö: b чувашском -  ava- в инлауте и  va в анлауте...

       Что касается второй части имени Атиллы, то здесь, по наему мнению, можно усматривать общетюкское *däli  ` безумный, безрассудный ` В древнебулгарском эта основа должна была трансформироваться в *tili, ср.: чуваш.tilĕ–r-`беситься; приходить в ярость, свирепеть, неситовствовать, бесосноваться`.

         Итак, если имя Атиллы этимологизировать на тюкской (древнебулгарской) почве, то оно должно было звучать как *Аwat tili и означать дословно `яростно(желчно) бешеный(безумный)`. Подобные имена не редкость среди имен тиранов; ср.: король Наварры Карл ІІ Злой (Carlos II el Malo), турецкий султан Селим І Свирепый (Selim I Yavus) , царь и великий князь вся Руси Иван Грозный (Иван Васильевич ІV Грозный) и т.п.»[12, 80].

          Жоғарыдағы пікірлерден түйгеніміз Атилла есімінің «өт» сөзімен байланыстылығы. Ежелгі түркі тіліндегі «өт» қазіргі қазақ тілінде де «өт» мағынасында қолданылады. Қазақ тілінде «өтің жарылып кетсе де айтайын» -деген сөз тіркесі бар. Яғни «өт» сөзі бұл жерде ашу шақыратын жайттарға байланысты айтылып отыр. Бұқар жыраудың Абылайға қарата айтқан: «Өтіңменен жарылма, өкпеңменен қабынба» -деген әйгілі сөзі бар. Ашулы , ызақор, күйгелек ұғымдарына қатысты «өт» сөзі қолданылған. Ғалым И.Н.Шервашидзе осы айтылғандардан төмендегіше ой қорытады: «1. В ностоящее время имеются серьезные доводы в пользу принадлежности языка сюнну (=гуннов) к тюркским языкам (вовсяком случае, тюркский  компонент  среди гуннов  должен был быть весьма существенным);

2. Булгарское истолкование  имени Атиллы (=*Abat-tili) позволяет  обьяснить эллинизированную передачу этого имени как Авитохол в дунайско  - булгарском именнике. Греческая передача сохранила , по видемому , как общее звучание имени (с некоторыми , вероятно, каламбурными искожениями), так и его значение (желочный,яростный). Более того, трактовка имени Атиллы как слововложения позволяет парировать главный фонетический аргумент противников тюркской этимологии  - нехарактерность иминированных согласных для древнетюркскогог.

        В свете предложенного объяснения толкование Atilla на герменской почве как «батюшка» следует признать народный этимологией результатом приспособления иноязычного (древнебулгарского) имени *Аwat tili к германской языковой среде[13, 81].

         Сөз соңында айтарымыз ғұндар, сақтардың тегіне, тіліне байланысты, Атилла есімінің этимологиясына байланысты еуропацентристік  танымнан туындайтын біржақты  көзқарастардың әлі де болса кездесетіні.  Біздің айтпағымыз мұндай көзқарастарға еуропацентристік  танымнан ада,жан –жақты, объективті, ғылыми талданған отандық және әлемдік түркологиядағы абыройлы да беделді тұлғалардың әбден екшелген, сараланған көзқарас, тұжырымдарын , пікірлерін дәйек етсек.

            

Пайдаланған әдебиеттер:

1.   «Ана тілі» газеті, №51,желтоқсанның 18-і, 2008 жыл

2.   Дәулетхан Әлімғазы.Хұндар // «Жалын журналы», №12, 2004

3.   Марғұлан Ә.Х. Ежелгі жыр, аңыздар. Алматы, 1985

4.    Марғұлан Ә.Х. Аңызбен жеткен ақиқат //«Жалын журналы» №8, 2004//

5.     Өтениязов С. Ғұндар мұрасы. //«Жалын журналы» №8, 2004//

6.   Панов В.А. К истории народов средней Азии.Сюнну(Хунну). Тюркские происхождение народа Сюн-ну (Хунну) китайских летописей. Владивосток, 1916.

7.   Дерфер Г. О языке гунов.Зарубежнаая тюркология.Москва, 1986.Вып. 1.      

8.   Пуллиблэнк Э. Дж. Язык сюнну.

9.   Бичурин Н.Я. Собрание сведений о народах, обитавших в Средней Азии в древние времена. Второе издание. М , 1950-1953

10. /Қазақстан тарихы, 1 т.,Алматы, 1996ж

11. Марғұлан Ә. Тамғалы тас жазуы. Қазақ  тарихынан. Алматы, 1977.

12.  Қаржаубай Сартқожаұлы. Хунну жазуы. //Әлем.Альманах. 1. Алматы, 1991басылым//

13. Советская тюркология. 3,Баку,1989

Аннотация

В статье рассматривается гомогенность языка и обычай, культурной традиции гунских и сакских народов с тюркским народом. Анализируется выводы виднейших отечественных и зарубежных тюркологов. Дается определение  этимологиям  слово «Атилла».