Уразгалиева С.Б

аға оқытушы, филология магистрі

А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университеті Қазақстан, Қостанай қ.

 

ЖЫРАУ МЕН АҚЫН ПОЭЗИЯСЫНДА МЕТАФОРАНЫҢ ҚОЛДАНЫЛУ ЕРЕКШЕЛІГІ

 

Тілдің әсемдігі ғана емес, әсерлілігі үшін де орасан қажет тәсіл-құбылту, яки троп (грекше tropos-иін, иірім)-сөздерді тура мағынасында емес, бұрма мағынасында қолдану, шындықты бейнелеп, кейде тіпті перделеп таныту, ойды өзгертіп, кейде тіпті өңін айналдырып айту. Троптың көптеген түрлері бар. Мысалы: метафора,  метонимия, синекдоха,  символ, сарказм, ирония т.б. [1, 218б]. Ақын, жыраулар өмір құбылысын суреттеуде бейнелі де бедерлі, құнарлы да қуатты, мағналы да мәнді, отты да ойлы сөздерді мол қолданған. Солардың бірі-ауыстыру (метафора) [2, 39б]. Әдеби тілдегі ең басты құбылтудың бірі-ауыстыру, яки метафора (грекше metaphora-көшіру)-сөз мәнін өңдендіре өзгертіп айту, суреттеліп отырған затты не құбылысты ақындай, ажарландыра түсу үшін оларды өздеріне ұқсас өзге затқа не құбылысқа балау; сөйтіп, суреттеліп отырған заттың  не құбылыстың мағынасын үстеу мазмұнын тереңдетіп, әсерін күшейту. Метафора жөнінде ғалымдар пікірлері, зерттеулері көп. Олар еңбектерінде метафораның бірнеше түрлерін талдап көрсетеді. Академик Қ. Жұмалиев «Абай поэзиясының тілі» аталатын еңбегінде құрылысы жағынан алғанда Абайға дейінгі қазақ поэзиясында метафораның бес түрі бар екеңдігін жазған [2, 31б]. Бұл негізінен ауыз әдебиеті мен XV-XVIII ғасырлардағы ақын, жыраулар мұрасынан да Қ. Жұмалиев айтқан бес түрлі жолмен жасалатын метафора түрлерін түгел кезіктіреміз. Мысалы: //Иман - қой, ақыл - қойшы, нәпсі - бөрі,//Бөріге қой алдырмас ердің ері.//Таяғын қатты ұстап қойшы тұрса,//Жоламайды ешбір нәрсе шайтан, пері (Шал ақын) [3, 112б].//Тәлебайдың баласы - өңшең сырттан.//Едігесіп ет жейді етті жұрттан  (Көтеш) [3, 108б].//Ашу - пышақ болғанда, ақыл - таяқ, //Сол таяқ кемімей ме жонған сайын?!  (Шал ақын) [3, 114б]. Бұл келтірілген мысалдардың қай-қайсысы да бір нәрсені екінші нәрсеге балау арқылы жасалынған метафораның жалғау, жұрнақсыз жай түрі. Тек жай ғана балау, ұқсас, мәндес кұбылысқа қарапайым ғана ұқсату емес, бұл мысалдарда суреттеліп отырған объектіге ерекше ажар, өзгеше өң беріп мазмұнын терендетіп, мәнін үстей түсу бар. Шал ақын дидактикалық сарындағы өз ғибраттарын тыңдаушы біткенге әсерлі жеткізу үшін иманды қойға, нәпсіні бөріге, т.б. балап, адам мінез-құлқына нақты ажар беріп, бұрынғыдан да гөрі жандандырып жібереді. Немесе адам бойындағы кереғар екі мінезді (ашу, ақыл) шендестіре суреттей отырып, қолма-қол заттандырып, көз   алдымызға елестете салады. Сондай-ақ, Көтеш ақын ел біткеннен Едігесіп ет жейтін Төкебай балаларының алымқорлығы мен айбарын сырттанға балап қанша әсерлей суреттесе де оларды Едігесіп деуінен ақын көзқарасын айқын аңғаруға болады.

Ақын, жыраулар мұрасында Қ. Жұмалиев айтқандай «-мын, -бын, -пын, -сың» жіктік жалғаулары, «не -м, -н, -ы (сы)» тәуелдік жалғауларының көмегімен жасалған метафоралардың бір алуаны кездеседі. Мысалы://Торлаусыз өскен құланмын,//Мезгілсіз жусап өсермін,//Байраққа біткен құрақпын,//Саусағым жерге түсірмен.//Жапанға біткен терекпін, //Еңсемнен жел соқса да теңселмен.//Ой, мен қарағайға қарсы біткен бұтақпын,//Балталаса да айрылман (Ақтамберді) [3, 58б].

XV-XVIII ғасырлардағы ақын, жыраулар мұрасында әсіресе «едім, едің, еді, екен, ем, ең» сияқты көмекші етістіктердің көмегімен жасалған метафораның түрі көбірек. Мысалы://Атығай, Қарауылдық кені едім,//Асқар таумен тең едім.//Жүйкемді құрттың сен тоқал,//Қара жермен теңедің (Шал ақын) [3, 113б].

Қартайған шағында от басындағы ояз күйіне назаланып ызамен айтқан бұл жолдарында Шал ақын қадір-халін-қара жерге, өткенін - асқар тауға, өзін - халықтың кен-қазынасына балаған. Ал, Бұқар жырау Абылайды бірде су бетіндегі сығылып аққан сеңге, бірде алтынды тонның жеңіне әсірелей балап, қазақ ұғымына ежелден таныс нақты, затты суреттер арқылы елестетеді. Жырау ол тебіренісін өзге біреуге емес, Абылайдың өзіне баян етеді. Бұл ретте Бұқар жырларындағы ауыстырулар (метафора) «едің» көмекші етістігі көмегімен жасалады://Отыз бес жасқа келгенде,//Қара судың бетінде,//Сығылып аққан сең едің.//Қырық жасқа келгенде, //Алтынды тонның жеңі едің (Бұқар) [3, 84б].

«Едім» көмекші етістігі көмегімен жасалатын ауыстырулар ақын, жыраулардың өз аттарынан айтылатын толғау, теңеулерде, лирикалық батыр атынан берілетін монологтерде, «едің» көмекші етістігі көмегімен жасалатын ауыстырулар (метафора) әсіресе, арнау өлеңдерде көбірек ұшырасады.//Ойыл көздің жасы еді (Асан).//Құладын құстың қоры еді,//Аққу қүс ару төре еді  (Асан) [3, 24б]. 

Алғашқы тармақтан екі түрлі сыр аңғаруға болар еді. Асан жырау Ойылдың сыртқы қалпын ғана мөлдіреген көз жасы деп суреттеуі мүмкін. Яки, «қызғыштай болған есіл ер» дегендей туған даланың тұтамдай жеріне де селқос қарай алмайтын жырау жүрегінің мөлдір махаббаты, лап еткен жалыны. Екінші мысалда жырау құладын мен аққуды салыстыра шендестіру арқылы аққуды - төреге, құладынды - құстың қорына балап барып, таным-түсінікті тереңдете түседі. «Едім», «едің», «еді» көмекші етістіктері көмегімен жасалған метафора түрлерін талдаған тұста айта кетер жәйт ақын, жыраулар мұрасында «мен едім», «сен едің», «ол еді» дегендей балап отырған, яки балайтын нәрселері түп-түгел келе бермейді, «едім», «едің», «еді» көмекші етістіктеріне қарап, «мен», «сен», «ол» сөздерінің айтылмағанын шамалаймыз, тіпті ол сөздерді керек те етпейсіз, академик Қ. Жұмалиев сөзімен айтқанда: «оларды сөйлемнің мағынасына қарай ұғуға болады» [4,  220б].

Ақын, жыраулардың терме, толғауларында «екен» көмекші етістігі көмегімен жасалған ауыстырулар да (метафора) мол ұшырасады. Мысалы://Жетпіс деген жел екен, //Шала ауырып пір екен...//Сексен деген сор екен, //Шындап ұрған пері екен (Бұқар) [3, 85б].

Академик Қ. Жұмалиевтің «бейне», «бейне бір, (тең)» сөздері арқылы жасалған метафоралар тек ауыз әдебиетінде ғана емес, тарихи әдебиетте де жиі кездеседі» дегеніндей метафоралардың «тең» сөзі кемегімен жасалуы XV-XVIII ғасырлардағы ақын, жыраулардың көркемдік тәсілдерінің бірі ретінде танылады://Үйіңдегі ұлың жаман болса,//Есіктегі құлмен тең.//Қойныңдағы қатының жаман болса,//Қаңтардағы мұзбен тең.//Қей сорлының қатыны//Күндіз ауру, түнде сау//Арқаңа артқан тұзбен тең (Үмбетей) [3, 75б].

Салыстыра суреттеп, мінез-құлқына, кісілік қасиетіне орай нақты адамға, не затқа балау арқылы ұғымды молайтып, әсерді күшейтуде метафоралардың «тең» сөзі көмегімен жасалуы толғау, термелердің дидактикалық-философиялық мазмұнын еркін, жеңіл жеткізерлік ұтымды тәсіл. «Тең» сөзі метафора жасағанда әркез сөйлем соңында келе бермейді, поэзияның инверсиялық тәсіліне тән ілгері-кейінді орын ауыстырып кездесе беруі де мүмкін. //Атығай, Қарауылдың кені едім, //Асқар таумен тең едім (Шал ақын) [3, 113б]. Шал ақын бұл үзіндінің алғашқы тармағында Атығай, Қарауылдың кені едім десе, екінші тармақта Асқар тау едім дейді. Алғашқы тармақтан бір ғана айырмасы таудың жалғаумен және «тау» мен «едім» арасында «тең» сөзінің қыстырыла келуі. Академик Қ. Жұмалиев дәл осы тектес мысалды («Бақытың баста тұрғанда, Асқар таумен тең едік» «тең» сөзі арқылы жасалатын метафора түрі ретінде қарастырған [5, 220б].  Демек, Қ. Жұмалиев мысалы да, біз келтірген тармақ та «тең» сөзі мен «едім», «едің» көмекші етістіктердің тіркесе келуі арқылы жасалған метафоралар. XV-XVIII ғасырлардағы ақын, жыраулар мұрасындағы метафора түрлерін тап басып, айқын тану үшін әркез олардың сыртқы пішініне ғана емес, ішкі мазмұнына назар аударамыз. Қ. Жұмалиев «Олар (еді, едім, т. б.) бір нәрсені екінші нәрсеге балауға—метафора жасауға көмектесіп тұр ма, әлде жай өздерінің грамматикалық қызметін атқара ма, міне, осы жағына қарау керек» дейді [5, 116б]. Шал ақында кездесетін («Асқар таумен тең едім») тармағы метафора жасауға ықпал етіп тұр. Ақын, жыраулар шығармаларындағы метафора түрлері әр алуан. Мысалы, ақын, жырау өзін тура бір нәрсеге, не құбылысқа балау арқылы, сол затқа не құбылысқа тән қасиетті өз бойына дарыта суреттейді.//Мен бір шапқан жүйрік ат, //Бір желіксем басылман (Шал ақын) [3, 114б].//Сыртым-құрыш, жүзім-болат,//Тасқа салсаң майрылман!  (Ақтамберді) [3, 59б].

Ақын, жыраулар мұрасқадағы метафорлардың көбі дәл осы мысалдардағыдай бір нәрсені екінші нәрсеге ғана балау арқылы жасала бермейді, көбінесе бір нәрсені бірнеше нәрсеге құбылта, ауыстыра дамыта, үдете балау арқылы жасалады. Мысалы://Тоқсан бес деген тор екен,//Дүйім жанның қоры екен.//Қарғиын десең екі жағы ор екен. //Найза бойлы жар екен, //Түсіп кетсең түбіне, //Түбі жоқ терең көл екен.//Ел қонбайтын шөл екен, //Келмейтұғын неме екен (Бұқар) [3, 84б]. Бұл үзіндіден Бұқар шығармасындағы ұлғайған метафора түрін кездестіреміз. Қ. Жұмалиев сөзімен айтсақ: «Мұнда «тоқсан бесті» «торға», «қорлыққа», «орға», «жарға», «көлге», «шөлге»-қысқасы бірнеше нәрсеге балап отыр. Өлең сөйлеміндегі «тоқсан бес» барлық сөздің қазығы» [4, 218б].

Сонымен, жоғарыда берілген ақын-жыраулар туындыларында қолданылған құбылтудың түрі-метафораның және оның іштеі түрлерінің өз орнымен, мағынасына сай құбыла рең беріп, көркемдеп тұрғанын аңғарамыз. Бұдан ақын-жыраулар поэзиясында метафораның қолданылу ерекшелігінің кеңдігін көре аламыз.

Әдебиеттер тізімі

1. Қабдолов З. Сөз өнері. -Алматы, 1983. - 454 б.

2. Сыдықов Қ. Көркемдік өрнектер. -Алматы, 1992. -178 б.

3. Бес ғасыр жырлайды. І-ІІ том. М.Мағауин, М.Байділдаев,1989.-383 б.

4. Жұмалиев Қ. Әдебиет теориясы.-  Алматы, 1969. - 243 б.

5. Сыздық Р. Абай шығармаларының тілі.- Алматы, 1968. - 336 б.