Ш.Уәлиханов атындағы                                                                                                                                                              

                                                                       Көкшетау мемлекеттік университеті

                                                                   Аға оқытушы Б.С. Шукуманова

 

                  

 

                  Мерзімді баспасөз және ауыз екі сөйлеу тілі.

 

   Адамзат баласы үшінші мыңжылдықта өркениеттің барлық салаларын жаһандандыру кезеңін бастады. Жаһандану заманында ақпараттар басқыншылық жасап, соның салдарынан ұлттық өмір сүру салты бұзылады, ұлттық рухани құндылықтар сыртқы әсерге тәуелді болады деген қауіп туындауда.  Алайда біздің еліміздің, жоғарыда аталып өткендей, ғасырлар бойы жаһандануға бейім болып келгендігін еске алсақ, әлгіндей қауіптену орынсыз дей аламыз. Біздің бабаларымыз ірі екі державаның ортасында отырып-ақ тіліміз бен ділімізді, ұлттық тарихи-мәдени қазыналарымызды сақтай білді. Ұлы Жібек жолының өзі біздің еліміздің жаһанданудың нағыз аймағы болғанын дәлелдейді. Біз ұлттық болмысымызды жоғалтпадық, әлі күнге ұрпағымызға бергенімізден береріміз көп. Осы орайда Мұхтар Құл-мұхаммедтің: «... біз жаһандануға қызмет етпейміз, керісінше, ол өзінің жетілдірілген техникасы, ғылымы мен технологиялары арқылы біздің мәдениетімізді бойына сіңіреді»,- деген ойына қосыламыз .Жаһандану – қоғамдық өмірдің барлық саласын яғнм саяси, әлеуметтік, мәдени өмірді ғылыми-техникалық прогрестің түгел қамтуы, оған екпінді ықпал етуі. Адамдар алғашқы қаруды ойлап тапқаннан бастап өзін қоршаған ортаға барынша үстемдік жасауға ұмтылады. Адамдар бірте-бірте небір ажал құралдарын да ойлап табуы немесе табиғаттағы тепе-теңдікті бұзып, экологиялық апат қаупін туғызуы да мүмкін. Сондықтан да адамзат жаңаша ойлап, өркениеттің жаңа сатысына аяқ басудың қажеттігін түсінді. Бұл - әлемдік ұжымдық интеллектіні қалыптастыратын информациялық қоғам жасау деген сөз. Мұндай қоғамды қалыптастыру үшін жеке адамдар бір мезгілде, өзара хабар алмасуын қамтамасыз етулері керек. Ал информациялық қоғам ждаһанжданумен тығыз байланысты. Информацияның әлемдік деңгейде үстемдік етуі – жаһандану болып табылады. Бүгінгі баспасөз жаһандануға бейімделе бастады, яғни бұрынғыдай ұран салып, жақсылықты ғана айтудан гөрі шындықты боямасыз жеткізуге, оқырманның пікірімен санасуға бет бұрды. Осылайша сөз бостандығы өмірге еркін енді. Алайда осындай үдерістегі ақпараттар тасқынында рухани құндылықтар жойылып, ұлттық өмір сүру қалпы сыртқы әсердің кесіріне ұшырайды деп қауіптенудің қажеті болмас. Біздің ата-бабамыздың ғасырлар бойы, қанша қуғын-сүргін, шапқыншылық көрсе де, мемлекеттігін, мәдениетін сақтап келгенін білеміз. Демек, қазіргі жаһандану дәуірінде де өзіміздің ұлттық келбетімізді берік ұстану мүмкіндігіміз барҚоғам даму үстіндегі үрдіс десек, баспасөз сол үрдісті жеделдетуге қызмет етеді. Газет тарихтың тамырына терең бойлап, халықтық рухты, оның азаматтық санасын жаңа сатыға көтеру мақсатында жұмыс істейді. А.Байтұрсынов: «Көсемсөз шешенсөз сияқты әлеуметке айтқанын істету мақсатымен шығарылған сөз. Шешенсөзден мұның айырмашылығы – шешенсөз ауызбен айтылады. Көсемсөз жазумен айтылады. Көсемсөз әлеумет ісіне басшылық пікір жүргізетін сөз болғандықтан да көсемсөз деп аталады. Көсемсөз кезіндегі әлеуметке керек іске мұрындық болып, істеу ыждаһатымен айтылады.»,- деген. Елімізде болып жатқан саяси-әлеуметтік, қоғамдық, экономикалық, мәдени өзгерістерге байланысты кірген жаңа ұғымдарды дәл атап, баламалаудан болсын, сөз тудыру, термин жасам амалдарын жетілдіруде болсын, мерзімді баспасөздің рөлі ерекше. Бұл ерекшеліктер баспасөз тілінің лексикалық құрамы мен грамматикалық құрылысынан айқын аңғарылды. Мысалы, газет-журнал, сынау-тәжірибе, мектеп-медресе, низам-бұйрық, заң-закон, жол-жоспар сияқты қос сөздер бұдан бұрынғы жазбаларда кездеспейді. Газет-журнал кейінгі баспасөз тілінде орнығып қалса, кейбіреуі жазба әдеби тілден шығып, бір кездегі архаизмдер болып қалуына әкеп соқтырды.Аз ғана өмір сүруіне қарамастан, баспасөз саласы, әсіресе, «Айқап» журналы қазақтың жазба әдеби тілін, оның жақсы дәстүрлерін әрі қарай дамытуда, жалпы халықтық тілдің кейбір стильдік тармақтарын қалыптастыруда, оның терминологиялық лексикасын жасауда орасан зор қызмет атқарды.Орыс пен қазақ халықтарының арасындағы байланыс, қарым-қатынас, сондай-ақ, сөз ауысу процесі сонау  ерте замандардан бастау алғаны анық. Орыс тілінен көптеген сөздері бір жағынан тікелей қарым-қатынас нәтижесінде  ауызекі сөйлеу арқылы үнемі еніп жатса, екінші жағынан жазба тілі де көптеп қолданылып отырды. Мысалы, оқу-ағарту құралдары, ғылым мен техника, мәдениет істеріне байланысты: студент, школ, микроскоп, доктор, музыка, газет, журнал, электр, т.б.Әкімшілік, ел басқару ісіне байланысты: облыс, член, комиссия, министр, советник, начальник, т.б. Сонымен қатар, статья, председатель,комиссия, доход сөздерінің де сөйлеу тіліндегі қолданысынан гөрі ресми мәні сақталған.Орыс тілінен енген сөздердің фонетика-грамматикалық тұлғасы біркелкі болып келе бермейді. Кейбір орыс сөздері қазақтың сөйлеу тіліндегі түр-тұлғасында, яғни түпнұсқа қалпынан біршама фонетикалық өзгешеліктерде қолданылған. Бұған тауар, несие, камесие, ыстатие, бөтелке, бөшке, күрешке, кәлөш, кәртішке, кілөнке, өтек, ләмпішке, панар, пәнер, пәртпел, рөмке, сарапан, тәрелке, шәпке, шәшке, шамадан, шәйнек, ішкәп, үнқағаз, үнжария секілді т.б.көптеген сөздер дәлел. Қоғамдық пікірдің айнасы саналатын баспасөз қазақ тіліне енген көптеген кірме сөздерді ұлттық ұғыммен беруге талыпынып келеді. Зауыт, тауар сөздері еуропалық «в» дыбысынан құтылу салдарынан емес, табиғи айтылу тұрғысында қалыптасқан. Зауыт, фабрика алғашқы қазақ жұмысшылары, патшалы Ресей заманындағылар айтқан сөздер. Ал тауар сөзінің тегі өзіміздікі екені белгілі. Біз, бүгінгі буын тек соларды еске қайыра түсіріп отырмыз. Минөт, нөмір, сөтке, сөмке, үстел, шопыр, шенеунік дегендей бірқатар сөздер де ауызша қолданыс аясында жүріп барып, жазбашаға орнықты.ХХ ғасырдың бас кезі қазақ елі үшін рухани оянуға жетелеген сәт еді. Осы кезеңде болған алуан түрлі әлеуметтік-саяси өзгерістер қоғамдық өмірде көптеген жаңалықтар алып келді. Халықтың  сана сезімі оянып арта түсуімен байланысты баспа ісі де ілгері дамыды. Ол процесс қазақтың баспасөз тарихынан анық аңғарылады. «Тіл – қоғам өмірінде адамдармен өзара пікірлесу, түсінісу қызметін атқарады. Сондықтан тілді оймен байланысты өткір құрал ретінде жұмсай білу үшін оның даму заңдылығына, қазіргі жағдайына, байлығына, негізгі қағидаларына қанық болу керек»,-дейді ғалымдар .Сол себепті баспасөз тілінің қалыптасу, даму процесін толық әрі жан-жақты талдау барысында сол тілдің лексикалық құрамы мен сөз тудыру процесіндегі грамматикалық құрылысының дамуы сияқты баспасөз тілінен белгілі  орын алып келген немесе онымен тікелей қатысы болып отыратын басты-басты мәселелерді сырт қалдыруға болмайды. Еліміз егемендік алып, «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» жаңа заң қабылданғаннан кейін, қазақ басылымдары қайта түлеп, тың тақырып игеріп, соны соқпақтарға түсті. Газет тілі мен стиліне жете мән берілді. Аудитория сұранысын қанағаттандыруға көп көңіл бөлінді. Қазақ тілінің дыбыстары мен грамматикалық құрылысы нақтыланды, сөз байлығы зерттеліп, ол әдеби тіл ретінде толысты. Дегенмен  оны рухани мәдениеттің мағыналық белгісі ретінде ажыратып тану әлі де көп зерттеуді керек етеді. Осы ретте ең өзекті мәселе болып тұратын – адамдардың өзара қарым-қатынас жасау табиғатын анықтау, яғни тіл мен сөйлеудің ара жігін ажырату болып табылады. Адам лексиконындағы сөздердің нормалылығы мен нормадан тыс болатыны, әдебилігі мен тым қарапайымдылығы тіл мен оны қолдану мәдениетінің орнын айқындайды. Тіл мәдениеті оны пайдаланып отырған адамның мәдени деңгейін көрсетеді. Демек ауызша немесе жазбаша сөйлеу мәдениетінің көрсеткіштері әдеби тілдің мәдениетін байытады. баспасөз тілінің әдеби тілді қалыптастырудағы рөлі айрықша. Б.Момынова тіл мәдениетін баспасөз мәдениеті және ауызекі сөйлеу мәдениеті деп екіге бөледі. «Баспасөз тілінің мәдениеті басылымдардың тілдік элементтерді орын-орнымен, талғампаздықпен, нормаға сай қолданылуын тексереді»,-дейді ғалым .

 

                                Қолданылған әдебиеттер.

 

1.     С.Исаев. Қазақ әдеби тілінің тарихы. Алматы: Ана тілі, 1996. 304б.

2.     М.Балақаев, М.Серғалиев. Қазақ тілінің мәдениеті. Алматы. – 2004ж.

3.     Б.Момынова.Газет лексикасы  (жүйесі мен құрылымы). –Алматы: «Арыс». 2003.- 228 бет.

4.     Л.Н.Толстой. Шығармаларының толық жинағы. 43 том.

5.     Жазушы және сөз мәдениеті. Алматы: Ғылым, 1983. – 152б.

6.      Р.Әмір. Қазақ лингвистикасы және лингводидактика мәселелері. Алматы: Қазақ университеті, 2006. – 287б.