Көркем шығармалардағы окказионализмдердің ерекшеліктері

        

А. Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетінің доценті, ф.ғ.к. Қайыпбаева А.

 

Түйін

Бұл мақалада поэзия тіліндегі окказионализмдер қарастырылған.

 

Аннотация

В этой статье рассматривается окказионализмы поэтического языка.

 

Summary

In this clause is considered nonce words of poetic language.

 

Тілде дағдылы қолданыстан тыс құбылысты,  көркем шығармадағы  авторлық  қолданысты даралайтын, стиль табиғатын тануға көмектесетін, негіз болатын ерекше мәнді бір заңдылық бар. Ол – окказионализм құбылысы. Бұл көптеген зерттеу жұмыстарының  негізгі арқауларының бірі. Қазақ тілі білімінде де оған көңіл бөлініп қарастырылуда. Атап айтқанда, Ғ.Тұрабаеваның «Окказиональные преобразования пословиц и поговорок» (А., 1989), Г.Мұратованың «Қазақ көркем әдебиетіндегі окказионал сөздер» (А.,1991), Л.Еспекованың «Қ.Мырзалиев поэзиясындағы окказионализмдер» (А.,1998) т.б. кандидаттық диссертациялар.Сонымен, окказионализм дегеніміз не? Окказионализмдер белгілі бір шығармада пайдаланылып, контекст арқылы анықталатын, әдеби тілімізге кіру қабілеті шектеулі сөздер, немесе Р.Сыздық т.б. қазақ ғалымдарының айтуы бойынша тосын сөздер, бір қолданар сөздер. Г.Мұратова окказионал сөздердің ерекшеліктерін былай анықтайды: «Окказионализмдердің мағынасы контекспен тығыз бірлікте әрі үнемі экспрессивті бояу – реңкте болады. Сыртқы формасына, жасалу тәсіліне қарай тіл нормасына үйлеспей жасалады» [1, 15]. Ғ.Тұрабаева мақал-мәтелдерге қатысты окказионализм құбылысын кең ұғымда анықтап, оның құрамына контекстік қолданыста кездесетін барлық құрылымдық-семантикалық өзгерістер мен варианттарды кіргізеді. Олар: Мақал-мәтелдер құрамындағы лексемалық ауыстыру, мақал-мәтелдердің құрылымын окказионалдық кеңейту және тарылту т.б. Осыған орай, автордың мына пікірін атап өтелік: «Основой любого окказионального преобразования служит общность фоновых знаний коммуникантов, конкретно – знание традиционно-языкового варианта ПП.

Создание и исследование окказиональных вариантов, как уже отмечалось, преследует несколько целей: оживить потускневшие ассоциативно-образные предствления, избежать трафарета, шаблонности, серости повествования; придать повествованию динамичность, свежесть, образность, эмоциональность». [2, 11] Көріп отырғанымыздай, жоғарыда окказионалдық өзгерістерге байланысты айтылған тұжырымдардың ФТ-ға немесе поэзиядағы ТТ-ның окказионалдық қолданысына тікелей қатысы бар. Қазақ көркем әдебиетінде окказионал сөздермен қатар окказионал фразеологизмдер де жиі кездесетіні қарастырылып анықталған. Окказионал фразеологизмдер белгілі бір жағдайды сипаттау үшін бір-ақ рет қолданылады. [2, 122]

Бір қарағанда окказионализмдерді дәстүр мәселесімен сабақтастыру мүмкін емес сияқты, себебі ол – белгілі бір авторға меншікті бола тұрып, оның қолтаңбасындағы, сөз саптау мәнеріндегі, сөз өрнегіндегі ерекшелігін танытады да, даралық мәселесімен сабақтасады. Бірақ, ақын, не жазушының даралығы оның өзіне дейінгі дәстүрді бойына сіңіріп барып қалыптасатыны. Сондықтан, Қ.Мырзалиев поэзиясындағы окказионализмдерді зерттеген Л.Еспекова былай деп анықтайды: «Окказионализмдердің пайда болу себептері автордың «мақсатты ойына» негізделген. Жаңа сөз, тың тіркестердің жасалу тәсілі ХІІ ғасырдан басталса, қазіргі өлеңдердегі окказионализмдер сол тәсілдің жалғасы. Сол дәстүр жалғасы болса да әрбір қолданыстың өзіндік жаңалығы - авторлық ізденістердің жемісі болып табылады.» [3, 152].

Ал, бұл құбылыстың XV-XIX ғасырлардағы қазақ поэзиясының тіліндегі көріністерін көрнекті тілші ғалым Қ.Өмірәлиевтің еңбегінен көреміз. [4, 103-126]. Тілші-ғалым Н.Уәлиұлы фразеологиялық тіркестердің нормадан мақсатты ауытқуының мынадай түрлерін көрсетеді: ықшамдап қолдану (эллипсис, кейбір компоненттерді, ия дыбыстарды түсіріп қолдану т.б), жаймалап қолдану (контоминация, сиыстыру, дистакт – сынамалап сөз ендіру), болымсыз мәндегі фразеологизмдерді болымды мәнде немесе керісінше қолдану, фразеологиялық орамдардың орнын алмастырып қолдану, фразеологизмдердің лексикалық құрамын ауыстырып қолдану, стильдік контраст (дағдылы стильдік ортадан бөтен жерге жерсіндіру), семантика-стилистикалық қайталау, эвфониялық үйлесім т.б. [5, 51-65]

Осы арада жоғарыда атап өтілген, жұмыстың өн бойында да кездесіп отыратын ФТ-ның жаймалап қолданылу тәсілінің тағы бір түрін атап өткен жөн. Ол – қазақ тіл біліміндегі фразеолог-маман ғалымдардың бірі Г.Смағұлованың еңбегінде сипатталған амплификация деп аталатын ФТ-ның стильдік қолданысының,яғни, айшықтаудың бір түрі. Ол мәтін ішінде мағыналас троптың түрлерін немесе бір тектес конструкциямен жасалған сөздер тізбегін қайталау. Ол – градация, плеоназм сияқты мағыналас сөздермен сөз тіркестеріне тән стильдік құрал. [6, 121]

Сонымен бірге, фразеологиялық, ТТ-ның окказионалдық түрлерін анықтауда фразеологизмдердің варианттылық мәселесіне арналған еңбектердің ерекше мәні бар. Окказионализмдерді қолдануда ақындардың өз таңдау, талғамы болғанын айқындайтын нақты деректер лингвостилистикалық,лингвопоэтикалық талдау негізінде байқалды.Ақындар өз шығармаларында тілдің көріктеу құралдары мен айшықтау тәсілдерін сан құбылтып,пайдалану  арқылы фразеологиялық тіркестердің варианттылық  мүмкіншілігін арттыра түскен.С.Сейфуллин өлең жолдарын ырғақты ,іштей үйлесімді құру үшін бірнеше тәсілдерді  жұмсаған. С.Сейфуллин адамның сезіміне әсер ету, шынайылық,табиғилық,сурет айқындығы,  кемелдену үлгілерін білдіруге арналған бірнеше окказионалды фразеологиялық тіркестер құрған. М.Жұмабаевтың поэтикалық тілін алсақ, троптың түрлері мағыналық реңкте алуан сипатта қолданыс тапқан. Адамның ой-сезім, таным әрекеттеріне қозғау салуда көріктеу құралдарын жаңаша мазмұнға, әдемі стильге ыңғайластыра отырып, авторлық фразеологиялық тіркестер құрған. І.Жансүгіров сөзді түйдек-түйдегімен төгіп отырады және үнемі сөйлемнің бірыңғай мүшелерін қатар алып, екпіндетіп, желпіндіріп, кейде баяу шымырлатып, қолданыста бар мақалдың негізімен жаңа авторлық фразеологиялық тіркестерді құрған. Осы орайда  нысанаға алынған ақындар шығармасындағы  ТТ-ның табиғатын тануда теориялық-әдістемелік негіз ретінде сүйенген еңбектің мына сияқты тұжырымдары арқылы қорытынды жасауға болады: мұндай еркіндік пен мүмкіндіктің көрінісі – бұрыннан қалыптасқан фразеологизмдерді өзінше творчестволықпен өңдеу, қабілетіне, біліміне қарай қолданысқа түсіру, белгілі бір жазушы  тіліндегі мағыналас фразеологизмдерге талдау жасау – оның тұрақты тіркестерді талғап, таңдап пайдалану принциптері мен өзіндік стиліне тән қолдану ерекшеліктеріне көп мағлұмат береді.

 

Әдебиеттер:

1)      Мұратова Г. Қазақ көркем әдебиетіндегі окказионал сөздер: Филол.ғыл. канд. ... диссертация. – Алматы, 1991.-145б.

2)      Тұрабаева Г.К. Окказиональные преобразования пословиц и поговорок: Автореферат дисс. канд. филол. наук – Алма-ата, 1989.-224б.

3)      Еспекова Л.Ә. Қадыр Мырзалиев поэзиясындағы окказионализмдер: Филол. ғыл. канд. ... диссертация. – Алматы, 1998.-164б.

4)      Өміралиев Қ. XV-XIX ғасыр қазақ поэзиясының тілі. – Алматы, 1976.-270б.

5)      Уәлиұлы Н. Фразеология және тілдік норма. – Алматы, 1998.-127б.

6)      Смағұлова Г. Мағыналас фразеологизмдердің ұлттық-мәдени аспектілері. – Алматы, 1998.-196б.

7)      Қайдаров Ә.Т. Қазақ тілінің өзекті мәселелері. – Алматы, 1998.-304б.